"Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Түркістан облысы әкiмдiгiнiң 2023 жылғы 30 қаңтардағы № 14 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 27-бабына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына сәйкес, Түркістан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже осы қаулының қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. "Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасы" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Ережені әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Түркістан облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Түркістан облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Түркістан облысы әкімінің орынбасары Н.О.Көшеровке жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі Д. Сатыбалды
      А.Ш.Жетпісбай
      Е.А.Әлімқұлов
      Е.Кенжеханұлы
      Б.Д.Тәжібаев
      Қ.Ә.Қайыпбек
      А.Б.Тасыбаев

  Түркістан облысы әкімдігінің
2023 жылғы 30 қаңтардағы
№ 14 қаулысына қосымша

"Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. "Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы" мемлекеттік мекемесі (әрі қарай – Басқарма) Қазақстан Республикасының Түркістан облысы аумағында Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, стратегиялық, экономикалық және бюджеттік салаларда басшылық жүргізетін мемлекеттік орган болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, басқа да нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы мемлекеттік тілде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқарма Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіпте басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Түркістан қаласы, Жаңа қала шағын ауданы, 32 көшесі, ғимарат 20, индексі 161200.

      10. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Басқарманың құрылтайшысы Түркістан облысы әкімдігі болып табылады.

      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      14. Мақсаттары:

      1) облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық мақсаттары мен басымдықтарын, негізгі бағыттарын қалыптастыру;

      2) облыстың әлеуметтік-экономикалық даму басымдықтары негізінде бюджеттік саясатты жүзеге асыру;

      3) өңірлік даму саласында мемлекеттік саясатты жүзеге асыру.

      15. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалардан заңнамада белгіленген тәртіппен қажетті ақпараттар мен материалдарды сұрату және алу;

      консалтингтік қызметтерді жүзеге асыру үшін заңды және жеке тұлғаларды жұмысқа тарту;

      басқарма қызметін жетілдіру, облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты мәселелерді шешу жөнінде тиісті мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізу;

      басқарманың мүддесі үшін сотқа талап-арыз жазу, сот отырыстарына қатысу.

      2) міндеттері:

      жоғары органдарға облыстың негізгі даму бағыттары бойынша ұсыныстар енгізуге;

      өз құзыреті шегінде ақпараттық-талдау материалдарын дайындау және оларды орталық мемлекеттік органдарға және облыс әкіміне ұсыну;

      Басқарманың алдына қойған міндеттері мен функцияларын толық көлемде орындауды қамтамасыз ету;

      өз құзыреті шегінде жеке және заңды тұлғалардың арыз-шағымдарына заң аясында жауап беру;

      16. Функциялары:

      1) облыстың даму Жоспарын және оны жүзеге асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеу, түзету, жүзеге асырылуын мониторинг жүргізу мен есепті дайындау;

      2) "Мақсаттарға қол жеткізу" блогы бойынша жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалауда уәкілетті орғандарға көмек көрсету;

      3) облыстың облыстың бес жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу;

      4) облыстың, оның өңірлерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына мониторинг жүргізу;

      5) "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасын жүзеге асыру, сондай-ақ моно және шағын қалалар жөнінде мониторинг жүргізу;

      6) ауылдық елді мекендердің әлеуметтік-экономикалық дамуының мониторингі мен талдауын жүргізу;

      7) "2025 жылға дейінгі халықтың табысын арттыру" кешенді жоспарының жүзеге асырылуы бойынша мониторинг жүргізу;

      8) үш жылдық кезеңге арналған бюджеттік параметрлер негізінде жергілікті бюджетке түсетін түсімдер көлемінің болжамын ескере отырып, облыстық бюджетке түсетін түсімдерді болжау;

      9) облыстың даму жоспары негізінде жоспарлы қаржы кезеңіне арналған бюжеттік бағдарлама әкімшілерінің шығыстар лимитін айқындау және жеткізу;

      10) жоспарлы қаржы кезеңіне арналған облыстық бюджет жобасын әзірлеу, ағымдағы қаржы кезеңіне арналған облыстық бюджетті нақтылау, түзету енгізу, облыстық мәслихат шешімінің жобасын әзірлеу, оны іске асыру жөніндегі облыс әкімдігінің қаулысын дайындау;

      11) үш жылдық кезеңге облыстық және аудандық (қалалық) бюджеттер арасындағы жалпы сипаттағы трансферттердің болжамды көлемін анықтау, облыстық мәслихат шешімінің жобасын әзірлеу;

      12) облыстық бюджетті жоспарлау, сондай-ақ, заңнамада көзделген басқа да мәселелер бойынша тиісті материалдарды жұмыс органы ретінде облыстық бюджет комиссияның қарауына енгізу;

      13) облыстық бюджетті қалыптастыру, нақтылау және түзету енгізу бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшілері ұсынған бюджеттік өтінімдері мен бюджеттік бағдарлама жобаларын бюджет заңнамасына сәйкестігін қарап, қорытынды дайындау;

      14) облыстық бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес бағдарлама әкімшілерінің бюджеттік бағдарламасын қарап, келісу;

      15) аудандық (қалалық) бюджеттердің негізгі параметрлеріне талдау жүргізу, нәтижесімен тиісті ұсыныстар енгізу;

      16) жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай-ақ республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер есебінен қаржыландыру жоспарланатын бюджеттік инвестициялық жобалар мен техникалық-экономикалық негіздемелерге және заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы жүзеге асыру көзделетін бюджеттік инвестицияларға, мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының инвестициялық ұсыныстары мен бизнес-жоспарларына (экономикалық сараптама негізінде) экономикалық қорытынды дайындау;

      17) облыс әкімідігінің жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобалары шеңберінде жекеше әріптесті айқындау жөніндегі тікелей келіссөздер кезінде жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларына бизнес-жоспарларға, жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының конкурстық (аукциондық) құжаттамасына сараптама жүргізетін заңды тұлғаны айқындау бойынша ұсыныс енгізу;

      18) жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының конкурстық құжаттамасына келісу;

      19) іске асырылуы жоспарланатын жергілікті мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобаларының тізбесін қалыптастыру, бекіту туралы облыстық мәслихат шешімінің жобасын әзірлеу;

      20) жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын инвестициялық жобалардың іске асырылуын, заңды тұлғалардың жарғылық капиталына мемлекеттің қатысуы арқылы жергілікті бюджеттік инвестициялардың іске асырылуна мониторинг және оны бағалауды жүргізу;

      21) ауылдық елді мекендерге жұмыс істеу және тұру үшін келген денсаулық сақтау, білім, әлеуметтік қамсызданыру, мәдениет, спорт, агроөнеркәсіп кешен саласындағы мамандарға, ауылдар, кенттер, ауылдық округтер әкімдері аппараттарының мемлекеттік қызметшілеріне әлеуметтік қолдау шараларын ұсынуға қажеттілікті анықтау, іске асырылуына мониторинг жүргізу;

      22) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, "Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексіне) (нормативтік құқықтық актілер) сәйкес көзделген функцияларды жүзеге асырады.

3. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      17. Басқарманы басқаруды басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      18. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      19. Басқарманың басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      20. Басқарманың басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарма атынан сенімхатсыз әрекет жасайды және барлық ұйымдарда Басқарма мүдделерін білдіреді;

      2) заңнамада белгіленген жағдайларда және шектерде Басқарма мүлігіне билік жасайды;

      3) шарттар жасасады, сенімхаттар береді, Басқарманың жұмыс тәртібі мен жоспарларын бекітеді;

      4) заңда белгіленген тәртіппен меморандумдарға қол қояды;

      5) банктерде есеп-шоттар ашады, Басқарманың барлық қызметкерлеріне міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      6) Басқарма қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады, басқарма қызметкерлерін көтермелейді және тәртіптік жазаға тарту шараларын қолданады, басқарма қызметкерлерінің міндеттерін белгілейді;

      7) Қазақстан Республикасының Бюджет Кодексі, "Салық және бюджетке төленетін басқада міндетті төлемдер туралы" (Салық кодексі), Қазақстан Республикасының Азаматтық процестік кодексі, Қазақстан Республикасының әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі (нормативтік құқықтық актілер), осы Ережемен және облыс әкімдігімен оған жүктелген функцияларды жүзеге атқарады.

      Басқарманың басшысы болмаған кезеңде, оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      21. Басқарманың басшысы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгілейді.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Басқармаға бекітілген мүлік облыстық коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады