"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысына, "Қазақстан Республикасының әлеуметтік кодексі" Қазақстан Республикасының 2023 жылғы 20 сәуірдегі Кодексін іске асыру мақсатында, Мақтаарал ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ереже бекітілсін.
2. "Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыны Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялауға жіберуін;
2) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Мақтаарал ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2018 жылғы 25 тамыздағы №6 қаулысының 7-қосымшасы жойылды деп танылсын.
4. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудан әкімі | Б.Асанов |
Мақтаарал ауданы әкімдігінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 485 қаулысына қосымша |
"Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы
ЕРЕЖЕ
1. Жалпы ережелер
1. "Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мекеме) жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту, және кері қайтарып алу салаларындағы басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Мекеменің мынадай ведомстволары бар.
1) Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің "Мейірім-Шапағат" күндіз болу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
2) Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің "Замандастар және Ten Qogam" әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
3) "Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Белсенді ұзақ өмір – Ардагерлерді ардақтайық" әлеуметтік қызыметтер көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
3. Мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Мекеме мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.
5. Мекеме азаматтық құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.
6. Мекеме Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Мекеме өз құзіретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Мекеме басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген басқа да актілер қабылдайды.
8. Мекеменің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғанының орналасқан жері: индекс 160547, Қазақстан Республикасы, Түркістан облысы, Мақтаарал ауданы, Мырзакент кенті, Жастар көшесі № 6 үй.
10. Осы ереже Мекеменің құрылтай құжаты болып табылады. Мекеменің құрылтайшысы Мақтаарал ауданының әкімдігі болып табылады.
11. Мекеменің қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Мекеме кәсіпкерлік субъектілерімен Мекеменің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қарым - қатынас жасауға тыйым салынады. Егер Мекемеге заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
- Халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау, еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету және әлеуметтік бағдарламалар саласында мемлекеттік саясатты іске асыру;
- Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де міндеттерді жүзеге асыру.
14. Өкілеттіктері:
1) Құқықтары:
- мемлекеттік органдар мен ұйымдарда мүдделерін білдіру;
- өз құзыреті шегінде мемлекеттік органдардан және басқа да ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды және басқа да материалдарды сұрату және алу;
- Мекеменің қарамағындағы мекемелердің қызметін үйлестіру;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де құқықтар;
2) Міндеттері:
- Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;
- Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімінің және әкімдігінің, аудан әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау;
- мемлекеттік қызметтерді сапалы және уақытылы көрсетуді қамтамасыз ету;
- мекемелерге қатысты мемлекеттік басқару органының функцияларын жүзеге асыру;
- Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де міндеттер.
15. Функциялары:
1) аудан аумағында тұратын нысаналы топтарды және оларды қорғау жөніндегі әлеуметтік шараларды жыл сайын анықтап отырады;
2) мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастырады;
3) жазаларды және өзге де қылмыстық - құқықтық ықпал ету шараларын орындайтын мекемелер мен органдардың қызметіне жәрдемдеседі;
4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік - құқықтық және өзге де көмек көрсетуді үйлестіреді;
5) мекемелерден босатылған, пробация қызметінің есебінде тұрған, өмірлік қиын жағдайда деп танылған адамдарға Қазақстан Республикасының арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы заңнамасына сәйкес арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуді қамтамасыз етеді;
6) мекемелерден босатылған, сондай-ақ пробация қызметінің есебінде тұрған адамдардың жұмыспен қамтылуына жәрдемдесу жөніндегі шараларды қамтамасыз етеді;
7) құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық нысанда көрсетілетін мемлекеттік қызметтер көрсетеді;
8) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесетін басқа да іс шараларды жүзеге асырады.
9) мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
10) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін, өз қарамағындағы субьектілерді құруды және олардың қызметін қамтамасыз етеді;
11) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсететін субьектілерді кадрмен қамтамасыз етуді, әлеуметтік қызметкерлерді кәсіптік даярлауды, қайта даярлауды және олардың біліктілігін арттыруды ұйымдастырады;
12) халықтың арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттіліктеріне талдау жүргізуді қамтамасыз етеді;
13) арнаулы әлеуметтік қызметтерді және арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі қызметтерді көрсету бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастырады;
14) арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін дамыту жөнінде шараларды қабылдайды
15) жеке және заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету мәселелері бойынша өзара іс-қимыл жасайды;
16) Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітетін үлгілік қағидалар негізінде әлеуметтік көмек көрсету, оның мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын әзірлейді;
17) өз құзіреті шегінде халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;
18) бюджет қаражаты есебінен тұрғын үй көмегін көрсетеді;
19) әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың профилактикасына, сондай-ақ аудан аумағында олардың зардаптарын барынша азайтуға және (немесе) жоюға қатысады;
20) әлеуметтік шиеленіске және еңбек жанжалдарының туындау тәуекелдеріне мониторингті жүзеге асырады;
21) интернаттық ұйымдарды бітіруші кәмелетке толмағандар үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы аудан әкімдігінің қаулысын әзірлейді;
22) еңбекші көшіп келушілерге рұқсаттар беру, ұзарту және кері қайтарып алу функцияларын жүзеге асырады.
23) қылмыстық - атқару инспекциясы пробация қызметінің есебінде тұрған адамдар үшін, сондай-ақ бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілеу туралы аудан әкімдігінің қаулысын әзірлейді
3. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Мекемені басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруға дербес жауапты болады.
17. Мекеменің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымынан босатылады.
18. Мекеменің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасары болады.
19. Мекеменің бірінші басшысының өкілеттіктері:
1) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, Мекеме қызметкерлерін, бөлімге бағынысты мекемелердің басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
2) заңнамада белгіленген тәртіппен көтермелеу, материалдық көмек көрсету, тәртіптік жаза қолдану мәселелерін шешеді;
3) бұйрықтар шығарады және Мекеменің барлық қызметкерлері үшін міндетті нұсқаулар береді;
4) қызметтік құжаттарға қол қояды;
5) Мекеме атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
6) Мекеме қызметкерлерінің белгіленген саны және еңбекке ақы төлеу қоры шегінде штат кестелерін бекітеді;
7) бюджеттік бағдарламалар әкімшісін және мекеменің міндеттемелер мен төлемдер бойынша қаржыландыру жоспарларын бекітеді;
8) өз құзыреті шегінде Мекеменің қаражаты мен мүлкіне иелік етеді;
9) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;
10) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Мекеменің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.
20. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
21. Мекеменің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.
Мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
22. Мекемеге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
23. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мекеме өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату.
24. Мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Мекеменің қарамағындағы ведомстволық ұйымдардың тізбесі:
1) Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің "Мейірім-Шапағат" күндіз болу орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
2) Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің "Замандастар және Ten Qogam" әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.
3) "Мақтаарал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Белсенді ұзақ өмір – Ардагерлерді ардақтайық" әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы коммуналдық мемлекеттік мекемесі.