"Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені бекіту туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 11 қаңтардағы № 94 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабының 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 124-бабына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" қаулысына сәйкес, Өскемен қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережесі бекітілсін.

      2. "Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі:

      1) осы қаулыға қол қойылған күннен бастап күнтізбелік жиырма күн ішінде оның көшірмесін электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес осы қаулыдан туындайтын шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Өскемен қаласы әкімдігігінің келесі қаулыларының күші жойылсын:

      1) Өскемен қаласы әкімдігігінің 2019 жылғы 25 шілдедегі № 3151 "Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені және табыстау актісін бекіту туралы" қаулысы;

      2) Өскемен қаласы әкімдігігінің 2021 жылғы 27 қазандағы № 4343 "Өскемен қаласы әкімдігінің 2019 жылғы 25 шілдедегі № 3151 "Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережені және табыстау актісін бекіту туралы" қаулысына өзгерістер енгізу туралы" қаулысы.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау жетекшілік ететін Өскемен қаласы әкімінің орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Өскемен қаласының әкімі Ж. Омар

  Өскемен қаласы әкімдігінің
2023 жылғы 11 қаңтар
№ 94 қаулысымен бекітілген

"Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі туралы Ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. "Өскемен қаласының жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Бөлім) қаланың жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Бөлім өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Бөлім мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, оның Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ тілінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Бөлім азаматтық-құқықтық қатынастарға өзінің атынан түседі.

      5. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, егер, оған уәкілеттік берілген болса, Бөлім ол мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Бөлім өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Бөлім басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Бөлімнің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Шығыс Қазақстан облысы, Өскемен қаласы, Антон Чехов көшесі, 33, индекс 070004.

      9. Осы Ереже Бөлімнің құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Бөлім қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.

      11. Бөлім кәсіпкерлік субъектілерімен Бөлімнің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.

      Егер Бөлімге заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      12. Мақсаттары:

      1) қаланың аумағын кешенді әлеуметтік - экономикалық және сәулет - қала құрылысын дамытудың ағымдағы және перспективалық міндеттерін шешуге бағытталған жер қатынастары, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласында мемлекеттік саясатты жүргізу, толыққанды мекен ету ортасын қалыптастыру мақсатында сәулет және қала құрылысы шешімдерін әзірлеу мен іске асыруды қамтамасыз ету;

      2) жер қатынастарын, жерлерді пайдалану және қорғау, сәулет және қала құрылысы қызметін реттеу мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен өзара әрекет жасау;

      3) жерді ұтымды пайдалану мен қорғауды, топырақтың құнарлылығын молайтуды, табиғи ортаны сақтау мен жақсартуды қамтамасыз ету мақсатында жер қатынастарын реттеу;

      4) шаруашылық жүргiзудiң барлық нысандарын тең құқықпен дамыту үшiн жағдайлар жасау;

      5) жер қатынастарын, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметін реттеу саласындағы заңдылықты нығайту;

      6) қаланың сәулеттік келбетін сақтауды ескере отырып, жаңа құрылысты жобалау және ескі құрылысты қайта жаңарту кезінде кешенділікті қамтамасыз ету;

      7) жерлерді, табиғи және материалдық ресурстарды тиімді және ұтымды пайдалануды, қоршаған ортаны қорғауды қамтамасыз ететін жаңа қала құрылысы қағидаттары мен әдістерін енгізу;

      8) қоғамдық орталықтардың, алаңдардың, көшелердің, жаяу жүргіншілер аймақтарының, тұрғын, мәдени-тұрмыстық кешендердің аяқталған сәулеттік ансамбльдерін құру.

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының заңнамалық актілердің талаптарын сақтаумен мекемеге жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін мемлекеттік органдар мен басқа ұйымдардан заңнамамен белгіленген мерзімде қажетті ақпарат сұрау және алу;

      мекеменің қызмет саласына қатысты ұсынымдар беру және олардың Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегінде орындалуын бақылау;

      мекеменің құзыретіне қатысты мәселелерді, ұсыныстарды, ақпараттарды, шешімдерді, жобаларын әкімдіктің қарауына енгізу;

      мемлекеттік органдармен өткізілетін мекеме құзыретінің мәселелеріне қатысты отырыстарға, жиналыстарға, кеңестерге қатысу, облыс және қала әкімдерінің, облыс және қала әкімдері орынбасарларының тапсырмалары мен өкімдерін орындау;

      нормативтік, сәулет-қала құрылысы және басқа да талаптарға жауап бермейтін жобаларды, сәулет-жоспарлау тапсырмаларын бұза отырып орындалған, сондай-ақ, тиісті лицензиялары жоқ ұйымдар мен тұлғалар әзірлеген жобаларды келісуден кері қайтару;

      үздік сәулет және қала құрылысы жоспарын айқындау үшін кемінде екі нұсқаны әзірлей отырып, тұрғын аудандар мен қала орталықтарын, маңызды сәулеттік маңызы бар жекелеген ғимараттар мен құрылыстарды жоспарлаудың, салудың, абаттандырудың эскиздік жобаларын орындау қажеттілігін айқындау;

      әрбір нақты жағдайда эскиздік жобаларды әзірлеу кезеңділігін, маңызды сәулет, қала құрылысы маңызы бар объектілерді вариантты және конкурстық жобалауды, жеке жобаларды әзірлеудің орындылығын немесе үлгілік жобаларды қолдануды, қажет болған жағдайда, оларға өзгерістер енгізуді айқындау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған басқа да құқықтарды жүзеге асыру.

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының заңнамасы мен Конституциясын сақтау;

      мемлекеттік қызметтерді тұтынушылардың шағымдары мен өтініштерін қарау;

      Қазақстан Республикасының жер заңнамасын бұзу бойынша өз құзыреті шеңберінде шаралар қолдану;

      белгіленген тәртіпте әзірленген және бекітілген жобалау-жоспарлау құжаттамаларын бұзумен орындалған кез келген құрылыс, реконструкциялау, қалпына келтіру және күрделі жөндеу түрлері мен жұмыс өндірісін тоқтату туралы заңнамасымен белгіленген тәртіппен сәулет - құрылысты бақылау және қадағалау бойынша уәкілетті мемлекеттік органдарға ұсыныс енгізу;

      сәулет, қала құрылысы және құрылысы қызметін жүзеге асырған кезде мекендейтін және тіршілік ететін қолайлы ортаны қамтамасыз ету;

      Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған басқа да міндеттерді жүзеге асыру.

      14. Функциялары:

      1) иесі жоқ жер учаскелерін анықтау және оларды есепке алу жөніндегі жұмысты ұйымдастыру;

      2) жер қатынастарын реттеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру:

      жерге орналастыруды жүргізуді ұйымдастыру;

      Шығыс Қазақстан облысы бойынша "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамының филиалының Өскемен қаласының жер кадастры және жылжымайтын мүлік бойынша бөлімімен бірлесіп жерді аймақтарға бөлу жобаларын (схемаларын), жерді ұтымды пайдалану жөніндегі жобалар мен схемаларды әзірлеуді ұйымдастыру;

      жерді резервке қалдыру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      жер учаскелерiн елдi мекендер жерлерiндегi ортақ пайдаланудағы жерлерге жатқызу, сондай-ақ олардың нысаналы мақсаты өзгеруiне байланысты ортақ пайдаланудағы жерлердiң құрамынан шығару бойынша жергілікті атқарушы органға ұсыныстар дайындау;

      3) жер учаскелерін беру, жер учаскесіне құқығын беруден бас тарту, қауымдық сервитуттарды белгілеу, жою жөніндегі жергілікті атқарушы органның ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

      4) жер қатынастары және сәулет саласындағы мәселелер бойынша мемлекеттік көрсетілетін қызметтер:

      жер учаскелерін қалыптастыру жөніндегі жерге орналастыру жобаларын бекіту;

      сұратылған нысаналы мақсаты бойынша жер учаскесін пайдалану мүмкіндігін айқындау және жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім жобасын дайындау;

      іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жер учаскесін пайдалануға рұқсат беру туралы шешім жобасын дайындау және материалды көрсетілетін қызметті берушіге жолдау;

      ауыл шаруашылығы алқаптарын бір түрден екінші түрге ауыстыру бойынша ұсыныстар дайындау;

      жер учаскесін алдын ала таңдау, жер - кадастрлық жоспарын және елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беруге шешім жобасын дайындау;

      сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтарды алу;

      жер учаскелерінің бөлінетіндігі мен бөлінбейтіндігін айқындау;

      жер учаскесін жеке меншікке ақысын бірден төлеп не бөліп төлеу арқылы сату;

      жер учаскесін алу үшін кезекке қою;

      бүлінген жерлерді қалпына келтіру жобасын келісу және беру;

      Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүлік объектілерінің мекенжайын анықтау бойынша анықтама беру;

      құрылыс және реконструкция (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау) жобаларын әзірлеу кезінде бастапқы материалдарды ұсыну;

      эскизді (эскиздік жобаны) келісуден өткізу;

      объектілерді кейіннен кәдеге жарату (ғимараттар мен құрылыстарды бұзу) жөніндегі жұмыстар кешенін жүргізуге рұқсат беру;

      5) пайдалы қазбаларды геологиялық зерттеуге және барлауға байланысты жер қойнауын пайдалану мақсаттары үшін қауымдық сервитуттарды белгілеу бойынша жергілікті атқарушы органның ұсыныстары мен шешімдерінің жобаларын дайындау;

      6) мемлекет мұқтажы үшін жер учаскелерін мәжбүрлеп иеліктен шығару жөнінде ұсыныстар дайындау;

      7) қаланың жергілікті өкілді органының бекітуі үшін қала аумағының жер-шаруашылық құрылысы жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру және олардың орындалуын қамтамасыз ету;

      8) жер сауда-саттығын (аукциондарын) жүргізуді ұйымдастыру;

      9) шаруа немесе фермер қожалығын, ауыл шаруашылығы өндірісін жүргізу үшін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) құқығын беру бойынша конкурс өткізуді ұйымдастыру;

      10) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерде жер пайдалану құқығын иеліктен шығарған жағдайда, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерін уақытша өтеулі жер пайдалану (жалға алу) шартын қайта ресімдеу;

      11) жерді пайдалану және қорғау мәселелерін қозғайтын жобалар мен схемаларға сараптама жүргізу;

      12) қаланың жер балансын жасау;

      13) жер учаскелерінің меншік иелері мен жер пайдаланушылардың, сондай-ақ жер құқықтық қатынастарының басқа да субъектілерінің есебін жүргізу;

      14) ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер учаскелерінің паспорттарын беру;

      15) пайдаланылмай жатқан және Қазақстан Республикасының заңнамасын бұза отырып пайдаланылып жатқан жерлерді анықтау;

      16) жер учаскелерін беру жөніндегі комиссияны құру бойынша ұсыныстар дайындау және оның жұмысын ұйымдастыру;

      17) қаланың жергілікті атқарушы органына арнайы жер қорын құру жөнінде ұсыныс енгізу;

      18) мемлекет меншігіндегі және жер пайдалануға берілмеген жер құрамынан өз бетінше иеленіп алынған жер учаскесін талап ету жөнінде жергілікті атқарушы органға ұсыныстар дайындау;

      19) жер учаскесін сатып алу-сату шарттары мен жалға алу және жерді уақытша өтеусіз пайдалану шарттарын жасасу және жасалған шарттар талаптарының орындалуын бақылауды жүзеге асыру;

      20) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жер учаскелерін пайдаланғаны үшін жыл сайынғы төлем сомаларының есебін жасау;

      21) жер учаскесін алған адамдардың тізімдері бар ақпаратты тұрғындар үшін қолжетімді орындарда арнайы ақпараттық стендтерде орналастыру, бөліп беруге арналған алаңшалардардың дайындығы туралы және жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алуға кезектілік тізімдері туралы ақпаратқа қолжетімділікті оларды кемінде тоқсанына бір рет қазақ және орыс тілдерінде арнайы ақпараттық стендтерде орналастыру арқылы және (немесе) бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау жолымен қамтамасыз ету;

      22) заңнамада белгіленген тәртіппен бекітілген қаланың бас жоспарын, заңнамада белгіленген тәртіппен қалаға ықпал ететін аймаққа жатқызылған іргелес жатқан аумақтарда қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемасын (аудандық жоспарлау жобасын) іске асыру жөніндегі қызметті үйлестіру;

      23) қаланың бас жоспарының жобасын, қала шегі мен қала маңы аймағының шекараларын, сондай-ақ ведомстволық бағынысты әкімшілік аудандар мен елді мекендердің-спутниктердің шекараларын белгілеу және өзгерту жобаларын әзірлеуді ұйымдастыру және қалалық мәслихатқа мақұлдауға енгізу;

      24) заңнамаға сәйкес тиісті мәслихаттың бекітуіне қала құрылысы құжаттамасын, сондай-ақ қала аумағын абаттандыру және инженерлік қамтамасыз ету қағидаларын ұсыну бойынша жұмысты ұйымдастыру;

      25) жергілікті маңызы бар ғимараттар мен құрылыстарды бұзу туралы актілерді есепке алуды жүргізу және тіркеу;

      26) қала тұрғындарын жоспарланып отырған құрылыс не өзге де қала құрылысы өзгерістері туралы хабардар ету;

      27) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының дерек- қорына енгізу үшін белгіленген тәртіппен ақпарат және (немесе) мәліметтер беру;

      28) қала және қала маңы аймағының қала құрылысы жобаларын, егжей-тегжейлi жоспарлау және құрылыс салу жобаларын бекiту және iске асыру;

      29) ведомстволық бағынысты аумақта құрылыс салуға немесе өзге де қала құрылысын игеруге арналған жер учаскелерiн таңдау жөнінде шешім қабылдау, беру, ал заңнамалық актiлерде көзделген жағдайларда, мемлекет мұқтажы үшiн алып қою жөнiнде шешiмдер жобаларын дайындау;

      30) аумаққа құрылыс салу, құрылыстарды, ғимараттарды, құрылысжайларды, инженерлiк және көлiктік коммуникацияларды кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, реконструкциялау (қайта жоспарлау, қайта жабдықтау, қайта бейіндеу), қалпына келтiру және күрделi жөндеу туралы, сондай-ақ аумақты инженерлiк жағынан дайындау, абаттандыру және көгалдандыру, аяқталмаған құрылыс объектілерін консервациялау, жергілікті маңызы бар объектілерді кейiннен кәдеге жарату жөнiндегі жұмыстар кешенiн жүргiзу туралы шешiмдер қабылдау;

      31) объектiлердi пайдалануға қабылдап алу актiлерiн, сондай-ақ пайдалануға берiлетiн объектiлердi (кешендердi) есепке алуды жүргiзу;

      32) тұрғын үй қорын, коммуникацияларды, тарих және мәдениет ескерткіштерін, мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін сақтауды және оларды нормативтік күтіп-ұстауға (қолдануға, пайдалануға) бақылау жүргізуді ұйымдастыру;

      33) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен салынып жатқан (салынуға жоспарланған) объектілер мен кешендердің мониторингін жүргізу;

      34) жарнама таратушылардан сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру туралы хабарламаларды қабылдау, сыртқы (көрнекі) жарнаманы орналастыру туралы хабарламаға ескертулер беру, өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асыру;

      35) Қазақстан Республикасының жарнама туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамаларды жасау:

      Қазақстан Республикасының заңдарымен жарнамалауға тыйым салынған тауарлардың (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің) жарнамасын шығару, тарату, орналастыру және пайдалану;

      бекітілген жобалау құжаттамасында тұрғын үйлердің (тұрғын ғимараттардың) сыныптамасына сәйкес келмейтін салынып жатқан немесе пайдалануға берілген тұрғын үйдің (тұрғын ғимараттың) жарнамасы;

      36) жеке және заңды тұлғалардың сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы азаматтық құқықтарды жүзеге асыру мәселелері бойынша өтініштері мен арыздарын қарау және олардың құзыреті шегінде шешімдер қабылдау;

      37) сәулет-қала құрылысы кеңесін ұйымдастыру және өткізу;

      38) қаланың кезекші топографиялық жоспарын (коммуникациялар, топографиялық ізденістер, ғимараттар, құрылыстар) жүргізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      39) қаланы сәулеттік-көркемдік безендіру, абаттандыру және көгалдандырудың кешенді бағдарламаларын әзірлеу;

      40) қаланың жергілікті өкілді органына тұрғын үй қорын, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы өзге де ғимараттар мен құрылыстарды, инженерлік коммуникацияларды, жергілікті маңызы бар мемлекеттік табиғи-қорық қоры объектілерін сақтау және күтіп-ұстау қағидаларын белгілеу жөнінде ұсыныстар енгізу;

      41) қала аумағының бекітілген жер-шаруашылық орналастырудың жобаларын тұрғындар үшін қолжетімді орындардағы арнаулы ақпараттық стендтерде орналастыру;

      42) жерді аймақтарға бөлу жобаларын (схемаларын) қаланың өкілді органына бекітуге табыс ету;

      43) Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды әзірлеу, қаланың жергілікті өкілді органына бекітуге енгізу;

      44) Жайылымдарды басқару және оларды пайдалану жөніндегі жоспарды іске асыруды қамтамасыз ету және қаланың жергілікті өкілді органына оның іске асырылу қорытындылары туралы жыл сайынғы есепті ұсыну;

      45) Бөлімнің құзыреті шегінде қала әкімі және әкімдігінің құқықтық және нормативтік құқықтық актілерінің жобаларын дайындау;

      46) Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша сот және басқа ұйымдарда Бөлімнің, жергілікті атқарушы органның мүдделерін ұсыну;

      47) мемлекеттік құпияларды құрайтын мәліметтерді қорғау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;

      48) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiнде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.

3-тарау. Мемлекеттік органның бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      15. Бөлімге басшылықты Бөлімге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      16. Бөлімнің бірінші басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      17. Бөлімнің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасары болады.

      18. Бөлімнің бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Ережеде айқындалған Бөлім қызметінің мәселелерін, оның құзіретіне сәйкес шешеді;

      2) Бөлім құрылымын дербес айқындайды;

      3) Бөлімнің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша белгіленген тәртіпте кеңестер шақырады;

      4) Бөлім қызметкерлерінің өкілеттігін анықтайды;

      5) барлық ұйымдарда Бөлімнің мүдделерін ұсынады;

      6) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша қажетті шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапкершілікте болады;

      7) заңнамамен қарастырылған басқа да өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Бөлімнің Бірінші басшысы болмаған кезеңде, оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      19. Бірінші басшы өз орынбасарының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Бөлімнің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Бөлімнің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Бөлімге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Бөлімді қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады