Келісу комиссиясының кейбір мәселелері туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 2023 жылғы 1 маусымдағы № 137/НҚ бұйрығы

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 5 қазандағы № 428 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі туралы ереженің 15-тармағының 22) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Келісу комиссиясы туралы ереже;

      2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Келісу комиссиясының регламенті бекітілсін.

      2. "Келісу комиссиясының ережесі мен регламентін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі төрағасының 2022 жылғы 4 мамырдағы № 125/НҚ бұйрығының күші жойылсын.

      3. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Тергеп-тексерулер департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Агенттіктің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Агенттік төрағасының орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Төраға М. Омаров

  Қазақстан Республикасының
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігі төрағасының
2023 жылғы " " № бұйрығына
1-қосымша

Келісу комиссиясы туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, осы Ережені, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерін басшылыққа алады.

      2. Комиссия монополияға қарсы орган жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

2-тарау. Комиссияның функциялары

      3. Комиссияның функциялары:

      1) қарау:

      Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу фактілерінің толықтығы мен оларда келтірілген дәлелдемелерінің сапасы тұрғысынан тергеп-тексеру нәтижесі бойынша қорытынды жобасын;

      тергеп-тексеруді жүргізетін (жүргізетін) лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) дәлелді қорытындысын;

      2) тергеп-тексеруді жүргізетін (жүргізетін) лауазымды адамға (лауазымды адамдарға) ескертулер мен ұсынымдар енгізу:

      Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижесі бойынша қорытынды жобасы бойынша;

      дәлелді қорытындыны қарау нәтижелері бойынша.

3-тарау. Комиссияның құқықтары

      4. Комиссия өз құзыреті шегінде:

      1) Комиссия құзыретінің мәселелері бойынша мемлекеттік органдардан, қоғамдық бірлестіктерден, қауымдастықтардан (одақтардан) сарапшыларды, тиісті бейіндегі мамандарды өтеусіз негізде тартуға;

      2) Комиссияға жүктелген функцияларды жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

4-тарау. Комиссияның қызметі

      5. Монополияға қарсы орган басшысының шешімі бойынша монополияға қарсы орган басшысының басшысы, орынбасары не монополияға қарсы органның құрылымдық бөлімшесінің басшысы Комиссия Төрағасы бола алады.

      6. Комиссияның құрамын құрылымдық бөлімше (бұдан әрі - жұмыс органы) қалыптастырады және монополияға қарсы орган басшысының шешімімен бекітіледі.

      7. Комиссия құрамы Төрағасынан, басшысының орынбасарынан, жұмыс органының басшысынан, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру жүргізілудегі тауар нарығына байланысты монополияға қарсы органның құрылымдық бөлімшесінің басшысынан, тергеп-тексеру объекттісінен тәуелсіз сарапшыдан (бар болған жағдайда) тұрады.

      8. Комиссия хатшысы комиссия мүшесі болып табылмайды.

      9. Комиссия мүшелерінің саны тоғыз адамнан аспауға тиіс.

      10. Комиссия мүшесінің бір ғана дауысы болады.

      11. Комиссия мүшелерінің дауыстары тең болған кезде Төрағаның дауысы шешуші болып табылады.

      12. Комиссияның шешімі жай көпшілік дауыспен қабылданады.

      13. Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі болған кезде комиссия отырысы өтті деп есептеледі.

      14. Комиссия хатшысы дауыстарды есептеуді жүзеге асырады және дауыс беру нәтижесін комиссия отырысының хаттамасына енгізеді.

      15. Комиссиясының Төрағасы Комиссия отырысының уақыты мен күнін белгілейді.

      16. Комиссияның шешімі комиссия отырысының хаттамасымен ресімделеді.

      17. Комиссияның отырысының хаттамасында Комиссияның құрамы, тергеп-тексеру объектісі (лері), шақырылған адамдар, оның отырысының орны, уақыты мен күні, Комиссия мүшелерінің айтылған ұстанымдары, сондай-ақ шақырылған сарапшылар болған кезде олардың пікірлері көрсетіледі.

      18. Комиссия отырысының хаттамасында Комиссия мүшелерінің ескертулері мен ұсынымдары нақты және әртүрлі түсіндіруге жатпайтын мағынаны қамтуы тиіс.

      19. Комиссия отырысының хаттамасына Төраға мен комиссия хатшысы қол қояды.

      20. Комиссияның әрбір мүшесінің, лауазымды адамның және тергеп-тексеру объектісінің (сондай-ақ олардың өкілдерінің) сөйлеуіне бес минуттан аспайтын уақыт беріледі. Төраға сөз сөйлеушінің өтініші бойынша сөз сөйлеу уақытын екі минуттан аспайтын мерзімге ұзартуға құқылы.

      21. Комиссия хатшысы Комиссия мүшелерін, тергеп-тексеру жүргізетін лауазымды адамды (лауазымды адамдарды), монополияға қарсы органның заң қызметінің өкілін, тергеп-тексеру объектісінің (объектілерінің) өкілдерін, сарапшыларды отырысқа шақырады.

      22. Комиссияның материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасының
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігі төрағасының
2023 жылғы " " № бұйрығына
2-қосымша

Келісу комиссиясының регламенті

      1. Келісу комиссиясы (бұдан әрі - Комиссия) өз қызметін Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне, Келісу комиссиясы туралы ережеге және осы Регламентке сәйкес жүзеге асырады.

      2. Тергеп-тексеру объектісі тергеп-тексеру аяқталғанға дейін кемінде күнтізбелік жиырма күн бұрын мерзімде жүгінген жағдайда, Комиссия хатшысы мұндай өтінішті алған күннен бастап күнтізбелік жиырма бес күннен кешіктірмей Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындының жобасын Комиссияның қарауына шығарады.

      3. Тергеп-тексеру жүргізетін (жүргізетін) лауазымды адамның (лауазымды адамдардың) анықтамасы, тергеп-тексеру объектісі (лері) өтінішінің көшірмесі, Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытындының жобасы Комиссия мүшелеріне, монополияға қарсы органның заң қызметі өкіліне комиссия отырысы өтетін күнге дейін кемінде екі жұмыс күніне кешіктірмей жеткізіледі.

      4. Комиссия Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша енгізілген қорытындының жобасын тергеп-тексеруді жүргізетін (жүргізетін) лауазымды адамды (лауазымды адамдарды), монополияға қарсы органның заң қызметі өкілін, тергеп-тексеру объектісі (лері) өкілдерін отырысқа шақыра отырып, онда келтірілген дәлелдемелердің толықтығы мен сапасы мәніне Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзу фактілері енгізілген күннен бастап күнтізбелік бес күннен аспайтын мерзімде қарайды.

      5. Комиссия төрағасы Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасын бұзушылықтарды тергеп-тексеру нәтижелері бойынша қорытынды жобасын қарау нәтижелері бойынша ескертулер және (немесе) ұсынымдар шығару не қорытынды жобасымен келісу туралы дауыс беруді жариялайды.

      6. Комиссия хатшысы комиссия отырысы өткізілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде Комиссия төрағасы мен хатшысы қол қойған хаттаманың көшірмесін Комиссия мүшелеріне, тергеп-тексеруді жүргізетін (жүргізетін) лауазымды адамға (лауазымды адамдарға), монополияға қарсы органның заң қызметінің өкіліне, тергеп-тексеру объектісіне (объектілеріне) қолма-қол не электрондық поштаға немесе өзге де байланыс құралдары арқылы ресімдейді және жібереді.

      7. Комиссияның ескертулерімен және ұсынымдарымен келіспеген жағдайда тергеп-тексеру жүргізетін (жүргізетін) лауазымды адам (лауазымды адамдар) ескертулер мен ұсынымдарды алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде дәлелді қорытынды қалыптастырады (қалыптастырады).

      8. Дәлелді қорытындыны қарау нәтижелері бойынша Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді және Комиссия мүшелеріне, тергеп-тексеру жүргізетін (жүргізетін) лауазымды адамға (лауазымды адамдарға), монополияға қарсы органның заң қызметінің өкіліне, тергеп-тексеру объектісіне (объектілеріне) осындай шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жеткізіледі.

      9. Тергеп-тексеру қорытындылары бойынша түпкілікті шешімді тергеп-тексеруді жүргізетін лауазымды адам (адамдар) дербес қабылдайды.

      10. Комиссия тергеп-тексеру объектісінің монополияға қарсы органға немесе оның аумақтық бөлімшесіне тергеп-тексеруді аяқтау күніне дейін күнтізбелік жиырма күннен бұрын берген өтініштерін қарамайды.

      11. Коммерциялық, қызметтік және заңмен қорғалатын өзге де құпияны құрайтын ақпаратты жария еткені үшін комиссия мүшелері Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жауаптылықта болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады