"Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ғылыми-техникалық кеңесі туралы ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2023 жылғы 11 шілдедегі № 472 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33059 болып тіркелген) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімін, Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкін жүргізу қағидалары 10-тармағының талаптарына сәйкес қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде қазақ және орыс тілдерінде электрондық түрде Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларының орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жіберуді қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық мүдделі лауазымды адамдарға және құрылымдық бөлімшелерге жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі генерал-полковник |
Р. Жақсылықов |
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 1102 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ғылыми-техникалық кеңесі туралы ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ғылыми-техникалық кеңесі туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Ереже Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ғылыми-техникалық кеңесі (бұдан әрі – ҒТК) қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негізін айқындайды.
3. ҒТК Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады және ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстың (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) басым бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды пысықтау, сондай-ақ ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды бағалау мақсатында құрылады.
4. ҒТК өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.
2-тарау. ҒТК-ның негізгі міндеттері мен функциялары
5. ҒТК-ның қызметі мынадай негізгі міндеттерді шешуге бағытталған:
1) ғылым және ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижесін коммерцияландыру (бұдан әрі – ҒҒТҚН) бойынша ұсыныстар әзірлеу және оған жәрдемдесу;
2) ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруды қалыптастыру жөнінде ұсыныстар дайындау;
3) ғылыми және ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызмет, ҒҒТҚН коммерцияландыру саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау;
4) әскери саладағы ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс жобаларын қарау;
5) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмысты қаржыландыруға бағытталатын қаражатты аудару және бөлу ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеу және шараларды іске асыру;
6) ұсыныстар дайындау және ғылыми ұйымдарды дамытуға және технологиялық және инновациялық қызметті ұйымдастыруға қатысу.
6. ҒТК өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды орындайды:
1) мемлекеттік бюджет қаражатынан ғылыми зерттеуді, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ҒЗТКЖ-ны, сондай-ақ ҒҒТҚН коммерцияландыру жобасын қаржыландыру мәселелері бойынша:
Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның күн тәртібіне шығарылатын мәселелер бойынша ұсыныстарды қарайды және дайындайды;
ғылыми-техникалық және ғылыми-технологиялық міндеттер мен бағдарламаларды қалыптастыру бойынша ұсыныстар дайындайды;
ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттарын іске асыру мақсатында арнайы бағыттарды қалыптастыру жөнінде ұсыныстар дайындайды;
жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша конкурстық құжаттаманы әзірлеу кезінде ұсыныстар дайындайды;
бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша техникалық тапсырмаларды әзірлеу кезінде ұсыныстар дайындайды;
ұсынылып отырған ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың ғылыми жаңалығы, ғылыми-техникалық деңгейі, перспективалылығы, әзірлену дәрежесі, сұратылатын қаржыландыру көлемінің экономикалық негізделуі ұсынымдарын қарайды және дайындайды;
Заңға сәйкес "Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс, биологиялық қауіпсіздік" басым бағыты бойынша Ұлттық ғылыми кеңестің (бұдан әрі – ҰҒК) отырысына шығарылатын мәселелер бойынша ұсынымдарды қарайды және дайындайды;
2) технологиялық саясат мәселелері және инновациялық қызметті қолдау шаралары бойынша:
технологиялық саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді;
технологиялық даму басымдығын және технологиялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындау бойынша ұсыныстар дайындайды;
Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің инновациялық және технологиялық дамуы мәселелері бойынша ұсынымдар дайындайды;
инновациялық жүйені және инновациялық қызметті қолдауға қатысатын инновациялық жүйе субъектісінің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар дайындайды;
әскери саладағы технологиялық саясат бойынша ұсыныстарды қарайды және дайындайды;
негізгі (басым) технологияны, технологиялық құзырет орталықтарын, нысаналы технологиялық бағдарламаларды айқындау және әскери саладағы технологиялық платформаны ұйымдастыру бойынша ұсыныстар дайындайды;
технологияны іздеу жүйесін қалыптастыру және дамыту, оны сәйкестендіру және оны нарыққа ілгерілетуде жәрдемдесу бойынша ұсыныстар дайындайды;
одан әрі инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға ұсыну үшін инновациялық грант берудің басым бағыттарын айқындау бойынша ұсыныстар дайындайды;
3) Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің міндеттерін орындау шеңберіндегі мәселелер бойынша:
ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдардың ғылыми, ғылыми-техникалық және өндірістік қызметі туралы есептерді тыңдайды;
жоғары технологиялық өнім шығаруды және (немесе) жаңа технологияны ендіруді жүзеге асыратын бірлескен өндіріс құру мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен, жоғары оқу орындарымен, кәсіпкерлік субъектілерімен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен ынтымақтастық жасау мәселелерін қарайды;
ғылыми және ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызмет, ҒҒТҚН коммерцияландыру саласындағы Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру бойынша ұсыныстарды қарайды және дайындайды;
Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің тапсырмасы бойынша тиісті ұсынымдар дайындап, мәселелерді қарайды.
3-тарау. ҒТК қызметін ұйымдастыру
7. ҒТК құрамын ғылыми қоғамдастықтың ұсыныстары мен ұсынымдарын ескеріп, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қалыптастырады және Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі бекітеді.
8. ҒТК төраға мен тұрақты мүшелерден тұрады. ҒТК құрамына Әскери білім және ғылым, Әскери-техникалық саясат, Экономика және қаржы, Жедел жоспарлау, Жауынгерлік даярлық, Ақпараттық технологиялар департаменттерінің өкілдері (ғалымдары), ҰҒК, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері болып табылатын ғылыми ұйымдардың мүшелері кіреді.
9. ҒТК құрамына:
1) Қазақстан Республикасының азаматы болып табылатын;
2) ҒТК құрамы қалыптасқан күнге дейін 3 (үш) жыл ішінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектісінің қызметкері болып табылатын немесе әскери оқу орындарында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын доктор (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым докторы немесе ғылым кандидаты дәрежесі бар;
3) ғылыми-зерттеу және (немесе) ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі кемінде 5 (бес) жыл болатын ғалымдар сайланады.
Кандидатура ұсынылған күні кандидатта Web of Science (Веб оф Сайенс) және (немесе) Scopus (Скопус) халықаралық базаларына сәйкес Хирш индексінің болуы (3 (үш) және одан астам) мақұлданады.
10. ҒТҚ құрамының кемінде 70 %-ы (жетпіс пайызы) жұмыс өтілі кемінде 5 (бес) жыл болатын қызметкерлерден және (немесе) сарапшылардан құрылады.
11. ҒТҚ құрамына осы ұйым негізгі жұмыс орны болып табылатын бір ұйымнан бірнеше қызметкер кірмейді.
12. ҒТК төрағасын және төраға орынбасарын ҒТК мүшелері арасынан ҒТК-ның бірінші отырысында ашық дауыс беру арқылы ҒТК мүшелері сайлайды.
13. ҒТК төрағасы:
1) отырыста төрағалық етеді және оның қызметіне басшылық жасайды;
2) даулы мәселелерді талқылауда алқалылықты қамтамасыз етеді;
3) ҒТК отырыстарын өткізудің күн тәртібін, күнін, уақытын, орнын және нысанын айқындайды;
4) ҒТК отырысының хаттамаларына қол қояды;
5) ҒТК шешімдерінің іске асырылуын жалпы үйлестіруді жүзеге асырады.
14. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары орындайды.
15. ҒТК жанынан ғылыми қамтамасыз етуді ұйымдастыру және ҒТК отырысына шығарылатын бейіндік мәселелерді қарау бойынша өз қызметін жүзеге асыратын мамандандырылған секциялар (бұдан әрі – секция) құрылады.
16. ҒТК құрамы 3 (үш) жыл мерзімге бекітіледі және әрбір секция бойынша саны 7 (жеті) адамнан аспайтын мүшелердің тақ санынан тұрады.
17. ҒТК жұмысы тікелей және сырттай отырыс өткізу нысанында жүзеге асырылады. Қажет болған кезде ҒТК отырысы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-коммуникациялық технологиясы мен байланыс жүйесін пайдаланып өткізіледі. Отырыс хаттамалары, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материал, есептер, актілер Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Әскери білім және ғылым департаментіне (бұдан әрі – жұмыс органы) беріледі және "Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығына сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелген) сақталады.
18. ҒТК қажеттілігіне қарай, бірақ жылына екі реттен сиретпей жиналады. Егер отырысқа оның құрамының кемінде 2/3 бөлігі қатысса, ҒТК шешім қабылдайды.
19. Жұмыс органының лауазымды адамы болып табылатын ҒТК хатшысы:
1) отырысқа материалды дайындауды, жинауды және жүйелендіруді;
2) ҒТК мүшелеріне және шақырылған адамдарға ҒТК отырыстарын өткізу туралы хабарламаны уақтылы жіберуді;
3) отырыстың күн тәртібін жасауды, отырыс хаттамаларын жасауды;
4) ҒТК шешімінің жобаларын дайындауды және отырыстан кейін хаттамаларды ресімдеуді жүзеге асырады.
20. Жұмыс органы ҒТК қызметін қамтамасыз ету мақсатында:
1) ҒТК жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді;
2) жыл сайынғы негізде ҒТК мүшелерінен Тізбені қалыптастыру бойынша ұсыныстарды жинауды;
3) отырыс өткізілгенге дейін 5 (бес) жұмыс күні бұрын ҒТК мүшелеріне жіберілетін материалды жинауды;
4) ҒТК жұмысы туралы жоспарлар мен есептер жасауды және орындалуын үйлестіруді жүзеге асырады.
21. ҒТК шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және ҒТК отырысына қатысқан мүшелердің жалпы санының кемінде 2/3-і дауыс берсе, қабылданды деп саналады. Дауыстар тең болған кезде Төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Хатшы ҒТК мүшесі болып табылмайды және шешім қабылдау кезінде дауыс бермейді. Дауыс беруге шығарылған мәселе бойынша ҒТК мүшелерінің ерекше пікірі болған кезде хатшы хаттамаға тиісті жазба енгізеді. ҒТК мүшесі шешім қабылдаудан және дауыс беруден бас тарта алмайды.
22. ҒТК шешімі хаттамамен ресімделеді және оған ҒТК төрағасы, мүшелері мен хатшы қол қояды. Хаттамалардың көшірмесі ҒТК мүшелеріне жіберіледі.
23. ҒТК жұмыс органы жыл сайын есепті жылдан кейінгі айдың 20-сы күнінен кешіктірмей ғылым саласындағы уәкілетті органға есепті кезең қорытындысы бойынша ҒТК жұмысы туралы ақпарат береді.