Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның ережесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2024 жылғы 2 тамыздағы № 606 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 2 тамыздағы № 294 бірлескен бұйрығы

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Қолданысқа енгізілу тәртібін 5-тармақтан қараңыз

      "Адам саудасына қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі -Комиссия) туралы ереже;

      2) Комиссияның құрамы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрық қабылданған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оның көшірмесін электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      2) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметті ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарларына және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. "Адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге және сатуға қарсы күрес мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссия құру туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2022 жылғы 1 шілдедегі № 550 және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2022 жылғы 1 шілдедегі № 235 бірлескен бұйрығының күші жойылды деп танылсын.

      5. Осы бірлескен бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін, бірақ 2024 жылғы 5 қыркүйектен ерте емес қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
_______________С. Жақыпова
      Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
______________Е. Саденов

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің
2024 жылғы 2 тамыздағы № 606
және
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2024 жылғы 2 тамыздағы
№ 294 бірлескен бұйрығымен
бекітілген

Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссия (бұдан әрі-Комиссия) Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      2. Комиссия қызметінің мақсаты адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

      3. Комиссия өз қызметiнде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентiнің және Yкiметiнiң актілерiн, өзге де нормативтiк құқықтық актілердi, сондай-ақ осы Ереженi басшылыққа алады.

      4. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаменті екі жыл кезеңділікпен ротация негізінде Комиссияның жұмыс органы болып табылады.

2-тарау. Комиссияның негізгі мiндеттерi

      5. Комиссияның негізгі міндеттері:

      1) адам саудасына қарсы іс-қимыл саласындағы қазіргі жағдайды талдау;

      2) мыналар:

      адамдарды заңсыз әкетуге, әкелуге, адам саудасына қарсы күрес және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелері;

      адам саудасының жағдайы және осы құбылыстың қауіптілігі, аталған саладағы құқық қорғау шаралары мен көмекке жүгіну мүмкіндіктері туралы халықты хабардар ету;

      адам саудасының алдын алу және жолын кесу, сондай-ақ адам саудасының құрбандарын қорғау және оларға көмек көрсету саласында қабылданған халықаралық құқықтық құжаттарға сәйкес Қазақстан Республикасының заңнамасын жетілдіру;

      адам саудасына ықпал ететін себептер мен жағдайларды анықтауға және жоюға және оларға көмек көрсетуге бағытталған жұмыстың тиімділігін арттыру жөнінде ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу болып табылады.

3-тарау. Комиссияның құқықтары

      6. Комиссия өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру мақсатында заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінен өз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті материалдар мен ақпаратты сұратуға;

      2) адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялардың қызметін үйлестіруге;

      3) адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі өңірлік комиссиялардың және адам саудасына қарсы іс-қимыл субъектілерінің заңсыз әкетуге, әкелуге, адам саудасына қарсы күрес және адам саудасы құрбандарына көмек көрсету мәселелерімен айналысатын есептерін тыңдауға, олар жүргізетін жұмыс туралы және олардың қызметін жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірлеуге;

      4) тәуелсіз сарапшыларды, мамандарды және ғалымдарды тартуға;

      5) адам саудасына қарсы күрес және адам саудасының құрбандарына көмек көрсету мәселелерін шешуде мемлекеттік органдармен, қоғамдық бірлестіктермен және ұйымдармен, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара іс-қимыл жасауға;

      6) адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша тиісті бағдарламалар мен жоспарларды әзірлеу бойынша ұсыныстар әзірлеу.

4-тарау. Комиссия қызметінің ұйымдастырылуы мен тәртібі

      7. Комиссияға басшылық етуді оның төрағалары болып табылатын Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі екі жылдық кезеңділікпен ротация негізінде жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары және Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі ротация негізінде Комиссия төрағаларының орынбасарлары болып табылады.

      Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасары атқарады.

      8. Комиссияның лауазымдық құрамы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің және Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің бірлескен бұйрығымен бекітіледі. Комиссия мүшелері отырыстарға алмастыру құқығынсыз қатысады. Комиссия отырыстарына шақырылған адамдар қатыса алады.

      9. Комиссия жұмысы жылдық жоспар негiзiнде жүзеге асырылады.

      10. Комиссия отырыстары қажеттілігіне қарай, бірақ жартыжылда кемінде бір рет өткізіледі және егер оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының кемінде үштен екісі қатысатын болса, заңды болып саналады.

      11. Комиссияның шешiмi ұсынымдық сипатта болады.

      12. Комиссияның жұмыс органы Комиссия жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның ішінде Комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстарды, қажетті құжаттарды, материалдарды дайындайды, олар Комиссия отырысы өткізілгенге дейін үш жұмыс күні бұрын хаттама жобасымен қоса Комиссия мүшелеріне жолдануы тиіс.

      13. Комиссияның отырысы өткізілгеннен кейін Комиссияның хатшысы хаттама ресімдейді.

      14. Комиссия шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және оларға Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берген жағдайда қабылданды деп есептеледі. Дауыс беру Комиссия отырысында осы Ережеге қосымшаға сәйкес нысан бойынша дауыс беру парағын толтыру жолымен өткізіледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төраға дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.

      Комиссия мүшелерінің ерекше пікір білдіруге құқығы бар, олай болған жағдайда, ол жазбаша түрде баяндалуы және осы Ереженің қосымшасына сәйкес көзделген Комиссияның есеп-хатына қоса тіркелуі тиіс.

      Комиссияның отырыстарын өткізу нәтижелері бойынша және дауыс беру парақтарының негізінде үш жұмыс күні ішінде хаттама жасалады, оған Комиссияның төрағасы мен хатшысы қол қояды.

      Дауыс беру қорытындысы бойынша хаттама жобасының мазмұны өзгерген жағдайда, Комиссия хатшысы қабылданған шешімнің нақтыланған редакциясы бар дауыс беру парағын Комиссия мүшелеріне келісу үшін жолдайды.

      Комиссия мүшелері дауыс беру парағын алғаннан кейін бір жұмыс күні ішінде келісу не себептерін негіздей отырып, келіспеу туралы жауап жолдайды

      15. Дауыс беру парақтарын қоса бере отырып, Комиссияның материалдары мен хаттамалық шешімдерін есепке алуды және сақтауды Комиссияның жұмыс органы жүзеге асырады.

  Адам саудасына қарсы іс-қимыл
жөніндегі ведомствоаралық
комиссия туралы ережеге
қосымша

Комиссия/жұмыс тобы мүшелерінің

КЕЛІСУ ПАРАҒЫ

___________________________________ Т.А.Ә., лауазымы

      Отырыстың №_____, күні_____:

Сұрақ тың

Сұрақтың мазмұны

Шешім жобасы

Комиссия/жұмыс тобы мүшесінің шешімі

қолдаймын

қолдамаймын

пысықтау

күн тәртібінен алу

ескертпе (егер шешім қолдау тапса толтырылмайды)

1.








      Қолы

      Ескертпе: комиссияның/жұмыс тобының отырысында тікелей толтырылады және дауыс беру нәтижелерін есепке алу үшін жұмыс органының қызметкерлеріне беріледі.

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрінің
2024 жылғы 2 тамыздағы № 606
және
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2024 жылғы 2 тамыздағы
№ 294 бірлескен бұйрығымен
бекітілген

Адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі ведомствоаралық комиссияның құрамы

      Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрі, төраға;

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі, төраға;

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары, төрағаның орынбасары;

      Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі, төрағаның орынбасары;

      Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті үшінші басқармасының бастығы, хатшы;

      Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Арнаулы әлеуметтік қызметтер департаментінің директоры, хатшы;

      Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторинг агенттігі төрағасының бірінші орынбасары (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министрі (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасының Туризм және спорт вице-министрі (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министрі (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасы Әділет вице-министрі (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі директорының орынбасары (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның хатшысы (келісім бойынша);

      Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы Бағдарламалар офисі адам өлшемдері бөлімінің басшысы (келісім бойынша);

      Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) Астанадағы Бағдарламалар офисі адам өлшемдері бөлімінің аға бағдарламалық ассистенті (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасындағы Халықаралық көші-қон ұйымының адам саудасына қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарламаларының ұлттық үйлестірушісі (келісім бойынша);

      Қазақстан Республикасындағы Халықаралық көші-қон ұйымының аға бағдарламалық маманы (келісім бойынша);

      "Сана сезім" әйелдер бастамаларының құқықтық орталығы" қоғамдық бірлестігінің директоры;

      "Әйелдерді қолдау орталығы" қоғамдық бірлестігінің төрағасы (келісім бойынша);

      "Родник" әйелдер мен балаларға арналған әлеуметтік-психологиялық оңалту және бейімдеу орталығы" қоғамдық қорының директоры (келісім бойынша);

      "Мейірім" қоғамдық бірлестігінің төрағасы, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюроның Маңғыстаудағы филиалының директоры (келісім бойынша);

      "Дәріс-2016" қоғамдық қорының директоры (келісім бойынша).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады