Алматы облысы Алатау қаласының жергілікті өзін-өзі басқару аумақтық кеңесінің Ережесін бекіту туралы

Жаңа

Алматы облысы Алатау қалалық мәслихатының 2024 жылғы 19 шілдедегі № 6-15 шешімі

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6 бабының 2-5 тармағына, "Жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері туралы үлгілік ережені бекіту" туралы Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес, Алатау қаласының мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Алатау қаласының жергілікті өзін-өзі басқару аумақтық кеңесінің Ережесін осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім қабылданған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Алатау қаласы мәслихатының төрағасы Р. Абилова

  Алатау қаласы мәслихатының 2024 жылғы 19 шілдедегі № 6-15 шешіміне қосымша

Алматы облысы Алатау қаласының жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері туралы ереже

1. Негізгі ережелер

      1. Осы Алматы облысы Алатау қаласының жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестері туралы үлгілік ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 19 қарашадағы № 703 бұйрығына сәйкес әзірленді және республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық маңызы бар қала әкімдігі (бұдан әрі – Әкімдік) жанындағы жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңестерінің негізгі міндеттерін, құру және қызметін тоқтату тәртібін, өкілеттіктерін, қызмет нысанын, қабылданатын шешімдерінің мәртебесін, басшыларын сайлау тәртібін айқындайды.

      2. Жергілікті өзін-өзі басқарудың аумақтық кеңесі (бұдан әрі – Кеңес) қалалық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша бір немесе бірнеше сайлау округінің шекараларындағы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың жұмыс істеуі, аумақтың санитариялық жай-күйі (бұдан әрі – аумақтық маңызы бар мәселелер) және құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелері бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық маңызы бар қала әкімінің (бұдан әрі – Әкім) халықпен өзара іс-қимыл мәселелері бойынша республикалық маңызы бар қала, астана, облыстық маңызы бар қала мәслихатының (бұдан әрі – Мәслихат) шешімдері негізінде құрылатын әкімдік жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

2. Кеңестің негізі міндеттері, қызмет нысаны және өкілеттіктері

      3. Кеңестің негізгі міндеттері:

      аумақтық маңызы бар мәселелерді шешу және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша азаматтардың құқықтарын іске асыруға жәрдемдесу; азаматтармен жұмыс істеуде өкілді және атқарушы органдарға көмек көрсету болып табылады.

      4. Кеңестің өкілеттіктері:

      мемлекеттік органдарға аумақтық маңызы бар мәселелер және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ұсыныстар енгізу;

      мемлекеттік органдардан Кеңестің міндеттерін іске асыру үшін қажетті ақпаратты, материалдарды сұрату және алу, аумағына кіру шектелген мекемелер мен ұйымдарды қоспағанда, Кеңес шекарасы шегіндегі аумақтық маңызы бар мәселелерді шешумен байланысты мекемелер мен ұйымдарға бару; кеңес шекарасы шегінде абаттандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, санитариялық жағдай және құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелері бойынша азаматтардың пікірлерін зерделеу, талдау және ескеру; азаматтарды тұрғын үй және үй маңы аумақтарының сақталуын, пайдаланылуын, жөнделуін, абаттандырылуын жақсарту мәселелерін шешуге тарту;

      кеңес шекарасы шегінде құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша қызметті жүзеге асыруға жәрдемдесу;

      кеңес шекарасы шегінде полицияның учаскелік инспекторларының жұмысын жақсарту бойынша уәкілетті органдарға ұсыныстар енгізу болып табылады.

      5.Кеңес қызметінің нысандары:

      аумақтық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтарды қабылдау;

      Алатау қаласының әкіммен, депутаттармен және басқа лауазымды тұлғалармен азаматтардың өтініштері бойынша жергілікті маңызы бар мәселелерді талқылау;

      аумақтық маңызы бар мәселелер бойынша азаматтардың Әкіммен, мәслихат депутаттарымен және басқа лауазымды тұлғалармен кездесулерін ұйымдастыру;

      құқық бұзушылықтарды жасауға төзбеушілікті насихаттауды жүзеге асыру; азаматтармен құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған түсініктемелік-құқықтық жұмыстарды жүргізу;

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметтің басқа да нысандары болып табылады.

3. Кеңесті құру тәртібі

      6. Кеңес Мәслихаттың шешімі негізінде қалалық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша бір немесе бірнеше сайлау округтерінің шекарасында Әкім ұсынған құрамда құрылады;

      қалада құрылатын Кеңестің саны туралы, олардың шекаралары және сандық құрамы туралы ұсыныстарды тиісті Әкімдік Мәслихатқа ұсынады.

      7. Кеңестің дербес құрамын еңбек ұжымдары, қоғамдық ұйымдар, пәтер иелері кооперативтерінің ұсынымы бойынша қалалық мәслихат депутаттарын сайлау бойынша бір немесе бірнеше сайлау округтерінің тұрғындары арасынан Алату қаласының әкімі айқындайды және Алатау қаласының мәслихатымен бекітіледі;

      кеңестің құрамына Кеңестің шекарасына кіретін сайлау округтері бойынша сайланған қалалық мәслихаттың депутаттары кіре алады;

      кеңестің құрамына кәмелетке толмаған адамдар, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдар, сондай-ақ сот үкімімен бас бостандығынан айыру орындарындағы адамдар кірмейді;

      кеңес құрамының саны тақ сан;

      кеңестің дербес құрамы әрбір бес жыл сайын Алатау қаласының әкімнің ұсынысы бойынша жаңартылады.

      8. Кеңес туралы ережені осы Үлгілік ереженің негізінде Алатау қаласының әкімдігі әзірлейді және Алатау қаласының мәслихатымен бекітеді.

4. Кеңестің төрағасы

      9. Кеңестің төрағасын Кеңес құрамы арасынан Алатау қаласының әкімі ұсынған кандидатуралар арасынан қоғамдық бастамада Кеңес мүшелері сайлайды.

      Кеңестің төрағасы:

      кеңеске жүктелген жұмысты ұйымдастырады және міндеттер мен функциялардың уақтылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етеді;

      кеңестің отырыстарын дайындайды және жүргізеді, шешімдерге, отырыс хаттамаларына және басқа да құжаттарға қол қояды;

      кеңестің аумағында тұратын халыққа Кеңестің шешімдерін жеткізеді және олардың орындалуын бақылауды ұйымдастырады;

      кеңес аумағындағы аумақтық маңызы бар мәселелерді қарайтын мемлекеттік билік органдарында, ұйымдар мен мекемелерде Кеңестің мүдделерін білдіреді;

      кеңестің тапсырмасы бойынша өзге де мәселелерді шешеді.

5. Кеңестің қызметін ұйымдастыру

      10. Кеңестің бірінші отырысын Алатау қаласының әкімі немесе ол уәкілеттік берген адам ашады;

      кеңестің бірінші отырысында ашық дауыс берумен Кеңестің төрағасы және хатшысы сайланады;

      хатшы жұмыс жоспарын әзірлеуді қамтамасыз етеді, отырысқа материалдарды дайындауды ұйымдастырады, отырыстың өтетін орны, уақыты және күн тәртібі туралы Кеңес мүшелеріне хабарлайды, отырыстың хаттамасын ресімдейді және іс жүргізеді.

      11. Кеңес жұмысының негізгі нысаны отырыстар болып табылады. Кеңес отырыстары оның жалпы құрамының кемінде үштен екісі қатысқан жағдайда заңды деп саналады.

      Кеңес отырыстары ашық болып табылады.

      12. Кеңес шешімі ашық дауыс берумен қабылданады және егер оған Кеңестің қатысып отырған мүшелерінің көпшілік дауысы берілсе, қабылданды деп саналады. Дауыс тең болған жағдайда төрағаның дауысы шешуші болып табылады. 13.Кеңестің шешімі ұсынымдық сипатқа ие.

      14. Кеңес отырыстарына Алатау қаласының әкімі немесе ол уәкілеттік берген адам қатыса алады.

      15. Кеңестің шешімі хаттама түрінде ресімделеді және Алатау қаласының әкім аппараты мен тиісті мекемелер мен ұйымдарға жолданады.

6. Кеңес қызметінің тоқтатылуы.

      16. Кеңес қызметі тиісті Мәслихаттың шешімі бойынша тоқтатылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады