"Ғылыми-техникалық кеңес туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 333 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2024 жылғы 23 желтоқсандағы № 409 бұйрығы

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Ғылыми-техникалық кеңес туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 333 бұйрығына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ғылыми-техникалық кеңес туралы ереже осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық ғылым және білім департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың электрондық көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін оның Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Министрдің м.а. А. Сұлтанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ғылым және жоғары білім

      министрлігі

  бұйрығымен бекітілген
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2024 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 333 бұйрығымен
бекітілген

Ғылыми-техникалық кеңес туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ғылыми-техникалық кеңес туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Ереже ғылыми-техникалық кеңес (бұдан әрі – ҒТК) қызметінің құқықтық және ұйымдастырушылық негіздерін айқындайды.

      3. ҒТК Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – салалық уәкілетті орган), ғылыми ұйымдар мен жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) жанындағы консультативтік-кеңесші орган болып табылады.

      ҒТК ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) басым бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу, сондай-ақ ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды бағалау мақсатында құрылады.

      4. ҒТК өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. ҒТК-ның негізгі міндеттері мен функциялары

      5. ҒТК-ның қызметі мынадай негізгі міндеттерді орындауға бағытталған:

      1) ғылым және ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға ұсыныстар әзірлеу және жәрдемдесу;

      2) ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруды қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      3) Қазақстан Республикасының ғылыми және ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызмет саласындағы заңнамалық актілерін жетілдіру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      4) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларын қарау;

      5) салалық ғылыми ұйымдар мен технологиялық және инновациялық қызмет ұйымдарын дамытуға ұсыныстар әзірлеу және қатысу.

      6. ҒТК өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды орындайды:

      Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ғылыми зерттеулерді, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ҒЗТКЖ, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін (бұдан әрі – ҒҒТҚН) коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру мәселелері бойынша:

      1) салалық уәкілетті органдардың ғылыми-техникалық және ғылыми-технологиялық міндеттері мен бағдарламаларын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      2) салада ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттарын іске асыру мақсатында мамандандырылған бағыттарды қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      3) жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша конкурстық құжаттаманы әзірлеу кезінде ұсыныстар әзірлейді;

      4) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша техникалық тапсырмаларды әзірлеу кезінде ұсыныстар әзірлейді;

      5) жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға бөлінетін қаржыландыру нысандары мен көлемдерін айқындау үшін ғылым саласындағы уәкілетті органға жіберілген өтініштерді қарайды;

      6) ұсынылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың ғылыми жаңалығы, ғылыми-техникалық деңгейі, перспективалары, даму дәрежесі, қаржыландырудың сұралатын көлемінің экономикалық орындылығы жөніндегі ұсынымдарды қарайды және әзірлейді;

      Мемлекеттік технологиялық саясат мәселелері және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша:

      1) мемлекеттік технологиялық саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      2) технологиялық дамудың басымдықтарын және мемлекеттік технологиялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындау бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      3) елді инновациялық және технологиялық дамыту мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлейді;

      4) инновациялық жүйені және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдауға қатысатын инновациялық жүйе субъектілерінің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      5) салалық бағыттар бойынша мемлекеттік технологиялық саясат жөніндегі ұсыныстарды қарайды және әзірлейді;

      6) негізгі (басым) технологияларды, технологиялық құзыреттің салалық орталықтарын, мақсатты технологиялық бағдарламаларды және салалардағы технологиялық платформаларды ұйымдастыруды айқындау бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      7) технологияларды іздеу жүйесін қалыптастыру және дамыту, оларды бірдейлендіру және нарыққа ілгерілетуге жәрдемдесу бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      8) инновациялық гранттар берудің басым бағыттарын айқындау бойынша, одан әрі инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұсыныстар әзірлейді.

      Салалық уәкілетті органның міндеттерін орындау шеңберінде:

      1) ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын қарайды және келіседі;

      2) ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдардың ғылыми, ғылыми-техникалық және өндірістік қызметі туралы есептерді тыңдайды;

      3) ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен, ЖЖОКБҰ, кәсіпкерлік субъектілерімен, квазимемлекеттік сектор субъектілерімен жоғары технологиялық өнімдерді шығаруды және (немесе) жаңа технологияларды енгізуді жүзеге асыратын бірлескен өндірістерді құру мақсатында ынтымақтастық мәселелерін қарайды;

      4) Қазақстан Республикасының ғылыми және ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызмет, ҒҒТҚН коммерцияландыру саласындағы, салалық уәкілетті органдардың реттелетін салаларындағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және әзірлейді;

      5) салалық уәкілетті органның бірінші басшысының тапсырмасы бойынша тиісті ұсынымдар әзірлей отырып, мәселелерді қарайды.

3-тарау. ҒТК қызметін ұйымдастыру

      7. ҒТК құрамын салалық уәкілетті орган ғылыми қоғамдастықтың және жекеше кәсіпкерлік субъектілерінің, сондай-ақ заңды тұлғалардың ұсыныстары мен ұсынымдарын ескере отырып қалыптастырады және салалық уәкілетті органның бірінші басшысы бекітеді.

      8. ҒТК Төрағадан және тұрақты мүшелерден тұрады. ҒТК құрамына салалық жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдар мен даму институттарының, "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері, жекеше кәсіпкерлік субъектілерінің салалық қауымдастықтарының, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері болып табылатын бейінді ғылыми ұйымдардың өкілдері кіреді.

      9. ҒТК құрамына:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын;

      2) ҒТК құрамы қалыптасқан күнге дейін 3 (үш) жыл ішінде ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілерінің жұмыскерлері болып табылатын немесе шетелдік ғылыми ұйымдарда немесе ЖООКББҰ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын ғылым докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым докторы немесе ғылым кандидаты дәрежесі бар;

      3) уәкілетті органның реттелетін салаларында ғылыми-зерттеу және (немесе) ғылыми-педагогикалық 5 (бес) жыл жұмыс өтілі бар ғалымдар сайланады.

      10. ҒТҚ құрамының жетпіс пайызы (70%) мыналарда 5 (бес) жыл жұмыс өтілі бар жұмыскерлер мен сарапшылардан тұрады:

      1) тиісті мемлекеттік органдар ұсынған мемлекеттік органдар;

      2) уәкілетті органның реттелетін салаларында тиісті ұйымдар ұсынған ұлттық басқарушы холдингтер, ұлттық даму институттары, ұлттық холдингтер, ұлттық компаниялар;

      3) ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері, жеке кәсіпкерлік субъектілерінің салалық қауымдастықтарының, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері болып табылатын бейінді ғылыми ұйымдардың өкілдері;

      4) "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған жеке кәсіпкерлік субъектілері мен олардың бірлестіктері.

      11. ҒТК төрағасын және төрағаның орынбасарын ҒТК мүшелері ҒТК мүшелері арасынан бірінші отырыста ашық дауыс беру арқылы сайлайды.

      12. ҒТК төрағасы:

      1) отырыстарда төрағалық етеді және оның қызметіне басшылық жасайды;

      2) даулы мәселелерді талқылауда алқалылықты қамтамасыз етеді;

      3) ҒТК отырыстарын өткізудің күн тәртібін, күнін, уақытын, орнын және нысанын айқындайды;

      4) ҒТК отырыстарының хаттамаларына қол қояды;

      5) ҒТК шешімдерінің іске асырылуын жалпы үйлестіруді жүзеге асырады.

      13. Төраға болмаған кезде оның функцияларын орынбасар атқарады.

      14. ҒТК жанынан ғылыми қамтамасыз етуді ұйымдастыру және ҒТК отырысына шығарылатын бейіндік мәселелерді қарау бойынша өз қызметін жүзеге асыратын мамандырылған секциялар құрылады.

      15. ҒТК құрамы 3 (үш) жыл мерзімге бекітіледі және мүшелерінің саны 9 (тоғыз) және 25 (жиырма бес) адамнан тақ саннан тұрады.

      16. ҒТК жұмысы бетпе-бет отырыстар нысанында жүзеге асырылады.

      ҒТК отырыстары салалық уәкілетті органның инфокоммуникациялық технологиялары мен байланыс жүйелерін пайдалана отырып өткізілуі мүмкін. Отырыстың хаттамалары, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдар, есептер, актілер салалық уәкілетті органға беріледі және "Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33339 болып тіркелген) сәйкес сақталады.

      17. ҒТК жұмыс органы салалық уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі немесе квазимемлекеттік сектор субъектісі (бұдан әрі – Жұмыс органы) болып табылады.

      18. Жұмыс органы ҒТК қызметін қамтамасыз ету мақсатында мыналарды жүзеге асырады:

      1) ҒТК жұмысын ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз ету;

      2) отырыс өткізілгенге дейін 5 (бес) жұмыс күні бұрын ҒТК мүшелеріне жіберілетін материалдарды дайындау;

      3) ҒТК жұмысы туралы жоспарлар мен есептер жасауды және орындалуын үйлестіру.

      19. Жұмыс органының лауазымды адамы болып табылатын ҒТК хатшысы:

      1) ҒТК отырыстарға материалдарды дайындауды, жинауды және жүйелеуді;

      2) ҒТК мүшелеріне және шақырылған адамдарға ҒТК отырыстарын өткізу туралы хабарламаларды уақтылы жіберуді;

      3) отырыстардың күн тәртібін әзірлеуді, отырыстарды хаттамалауды;

      4) ҒТК шешімдерінің жобаларын дайындауды және отырыстардан кейін хаттамаларды ресімдеуді жүзеге асырады.

      20. ҒТК шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және ҒТК отырысына қатысып отырған мүшелердің жалпы санының 2/3-і дауыс бергенде, қабылданған болып есептеледі. Дауыстар тең болған кезде Төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Хатшы ҒТК мүшесі болып табылмайды және шешім қабылдау кезінде дауыс бермейді. ҒТК мүшелерінің дауыс беруге шығарылған мәселе бойынша ерекше пікірі болған кезде Хатшы хаттамаға тиісті жазба енгізеді. ҒТК мүшесінің шешім қабылдаудан және дауыс беруден жалтаруына жол берілмейді.

      21. ҒТК шешімі хаттамамен рәсімделеді және оған Төраға, ҒТК мүшелері мен Хатшы қол қояды. Хаттамалардың көшірмелері ҒТК мүшелеріне жіберіледі.

      22. ҒТК Жұмыс органы жыл сайын есепті жылдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей салалық уәкілетті органға және ғылым саласындағы уәкілетті органға есепті кезеңнің қорытындылары бойынша ҒТК жұмысы туралы ақпарат (есеп) ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады