Ғылыми-техникалық кеңес туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 333 бұйрығы

      "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ғылыми-техникалық кеңес туралы ереже бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық ғылым және білім департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың электрондық көшірмесін Қазақстан Респбуликасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін оның Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберілуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрықтан туындайтын өзге де шаралардың қабылдануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр А. Сапаров

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ғылым және жоғары білім

      министрлігі

  бұйрығымен бекітілген

Ғылыми-техникалық кеңес туралы ереже

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ғылыми-техникалық кеңес туралы ереже (бұдан әрі – Ереже) "Ғылым және технологиялық саясат туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Ереже ғылыми-техникалық кеңес (бұдан әрі – ҒТК) қызметінің құқықтық және ұйымдарстырушылық негіздерін айқындайды.

      3. ҒТК Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – салалық уәкілетті орган) жанындағы консультативтік-кеңесші және ұсынушы орган болып табылады. ҒТК шешімдері ұсынымдық сипатта болады.

      ҒТК ғылыми-зерттеу жұмыстары мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың (бұдан әрі – ҒЗТКЖ) басым бағыттары бойынша ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу, сондай-ақ ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды бағалау мақсатында құрылады.

      4. ҒТК өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілерін, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

2-тарау. ҒТК-ның негізгі міндеттері мен функциялары

      5. ҒТК-ның қызметі мынадай негізгі міндеттерді орындауға бағытталған:

      1) ғылым және ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызмет саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруға, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыруға ұсыныстар әзірлеу және жәрдемдесу;

      2) ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды іске асыруды қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      3) Қазақстан Республикасының ғылыми және ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызмет саласындағы заңнамалық актілерін жетілдіру, ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      4) ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың жобаларын қарау;

      5) жер қойнауын пайдаланушылар ғылыми-зерттеу, ғылыми-техникалық және (немесе) тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды қаржыландыруға бағытталатын қаражатты аудару мен бөлудің ашықтығын қамтамасыз ету жөнінде ұсыныстар әзірлеу және шараларды іске асыру;

      6) салалық ғылыми ұйымдар мен технологиялық және инновациялық қызмет ұйымдарын дамытуға ұсыныстар әзірлеу және қатысу.

      6. ҒТК өзіне жүктелген міндеттерге сәйкес мынадай функцияларды орындайды:

      Мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ғылыми зерттеулерді, ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламаларды, ҒЗТКЖ, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін (бұдан әрі – ҒҒТҚН) коммерцияландыру жобаларын қаржыландыру мәселелері бойынша:

      1) Жоғары ғылыми-техникалық комиссияның күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша ұсыныстарды қарайды және әзірлейді;

      2) салалық уәкілетті органның ғылыми-техникалық және ғылыми-технологиялық міндеттері мен бағдарламаларын қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      3) салада ғылыми, ғылыми-техникалық қызметтің басым бағыттарын іске асыру мақсатында мамандандырылған бағыттарды қалыптастыру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      4) жобалар мен бағдарламаларды, сондай-ақ ҒҒТҚН коммерцияландыру жобаларын гранттық және бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру бойынша конкурстық құжаттаманы әзірлеу кезінде ұсыныстар әзірлейді;

      5) бағдарламалық-нысаналы қаржыландыруға арналған техникалық шарттарды әзірлеу кезінде ұсыныстар әзірлейді;

      6) жобалар мен бағдарламаларды іске асыруға бөлінетін қаржыландыру нысандары мен көлемдерін айқындау үшін ғылым саласындағы уәкілетті органға жіберілген өтініштерді қарайды;

      7) ұсынылатын ғылыми, ғылыми-техникалық жобалар мен бағдарламалардың ғылыми жаңалығы, ғылыми-техникалық деңгейі, перспективалары, даму дәрежесі, қаржыландырудың сұралатын көлемінің экономикалық орындылығы жөніндегі ұсынымдарды қарайды және әзірлейді;

      8) Заңға сәйкес Ұлттық ғылыми кеңестердің отырыстарына енгізілген мәселелер бойынша ұсынымдарды қарайды және әзірлейді.

      Мемлекеттік технологиялық саясат мәселелері және инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау шаралары бойынша:

      1) мемлекеттік технологиялық саясаттың негізгі бағыттары бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      2) технологиялық дамудың басымдықтарын және мемлекеттік технологиялық саясаттың негізгі бағыттарын айқындау бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      3) елді инновациялық-технологиялық дамыту мәселелері бойынша ұсынымдар әзірлейді;

      4) инновациялық жүйені және инновацияларды мемлекеттік қолдауға қатысатын инновациялық жүйе субъектілерінің қызметін жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      5) салалық бағыттар бойынша мемлекеттік технологиялық саясат жөніндегі ұсыныстарды қарайды және әзірлейді;

      6) негізгі (басымдық) технологияларды, технологиялық құзыреттің салалық орталықтарын, мақсатты технологиялық бағдарламаларды және салалардағы технологиялық платформаларды ұйымдастыруды айқындау бойынша ұсыныстар әзірлейді.

      7) технологияларды іздеу жүйесін қалыптастыру және дамыту, оларды анықтау және нарыққа ілгерілетуге жәрдемдесу бойынша ұсыныстар әзірлейді;

      8) инновациялық гранттар берудің басым бағыттарын айқындау, одан әрі инновациялық қызметті мемлекеттік қолдау саласындағы уәкілетті органға енгізу үшін ұсыныстар әзірлейді.

      Салалық уәкілетті органның міндеттерін орындау шеңберінде:

      1) ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдардың стратегиялық және бағдарламалық құжаттарын қарайды және келіседі;

      2) ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдардың ғылыми, ғылыми-техникалық және өндірістік қызметі туралы есептерді тыңдайды;

      3) ведомстволық бағынысты ғылыми ұйымдар басшылығының бос лауазымына кандидаттарды қарайды және келіседі;

      4) жоғары технологиялық өнім шығаруды және (немесе) жаңа технологияларды енгізуді жүзеге асыратын бірлескен өндірістер құру мақсатында ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен, ғылыми ұйымдармен және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарымен (бұдан әрі - ЖЖОКБҰ), жер қойнауын пайдаланушылармен, кәсіпкерлік субъектілерімен, квазимемлекеттік сектор суюъектілерімен ынтымақтастық мәселелерін қарайды;

      5) Қазақстан Республикасының ғылыми және ғылыми-техникалық, технологиялық және инновациялық қызмет, ҒҒТҚН коммерцияландыру саласындағы, сондай-ақ жер қойнауын пайдалану саласындағы нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі ұсыныстарды қарайды және әзірлейді;

      6) салалық уәкілетті органның бірінші басшысының тапсырмасы бойынша тиісті ұсынымдар әзірлей отырып, мәселелерді қарайды.

      ҒТК мүшелері комиссияның жұмысы барысында алынған ақпараттың құпиялылығын сақтауға міндетті.

      ҒТК мүшелері өздері қабылдайтын шешімдердің негізділігі мен заңдылығына жауапты болады.

      Өз міндеттері бұзылған жағдайда ҒТК мүшелері өз іс-әрекеттерімен немесе шешімдерімен үшінші тұлғаларға зиян келтіргені үшін азаматтық-құқықтық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.

3-тарау. ҒТК қызметін ұйымдастыру

      7. ҒТК құрамын салалық уәкілетті орган ғылыми қоғамдастықтың және жекеше кәсіпкерлік субъектілерінің, сондай-ақ заңды тұлғалардың, оның ішінде жер қойнауын пайдаланушылардың ұсыныстары мен ұсынымдарын ескере отырып қалыптастырады және салалық уәкілетті органның бірінші басшысы бекітеді.

      8. ҒТК Төрағадан және тұрақты мүшелерден тұрады. ҒТК құрамына салалық жетекші ғалымдар, мемлекеттік органдар, "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, ұлттық ғылыми кеңестің мүшелері, жекеше кәсіпкерлік субъектілерінің салалық қауымдастықтарының, сондай-ақ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілері болып табылатын бейінді ғылыми ұйымдардың өкілдері кіреді.

      9. ҒТК құрамына:

      1) Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын;

      2) ҒТК құрамы қалыптасқан күнге дейін 3 (үш) жыл бойы ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметтің аккредиттелген субъектілерінің жұмыскерлері болып табылатын немесе шетелдік ғылыми ұйымдарда немесе ЖООКББҰ ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызметпен айналысатын, ғылым докторы (PhD), бейіні бойынша доктор, ғылым докторы немесе ғылым кандидаты дәрежесі бар;

      3) салалық уәкілетті органның реттелетін салаларында кемінде 5 (бес) жыл ғылыми-зерттеу және (немесе) ғылыми-педагогикалық жұмыс өтілі бар ғалымдар сайланады.

      Кандидатурасын ұсынған күні кандидатта Web of Science (Веб оф Сайенс) және (немесе) Scopus (Скопус) халықаралық базаларына сәйкес Хирш индексінің болуы (3 және одан көп) құпталады.

      10. ҒТҚ құрамының 70%-тен (жетпіс процент) астамы:

      1) тиісті мемлекеттік органдар ұсынған мемлекеттік органдарда;

      2) уәкілетті органның реттелетін салаларындағы тиісті ұйымдар ұсынған ұлттық басқарушы холдингтерде, ұлттық даму институттарында, ұлттық холдингтерде, ұлттық компанияларда;

      3) "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасы ұсынған жекеше кәсіпкерлік субъектілерде және олардың бірлестіктерінде кемінде 5 (бес) жыл жұмыс өтілі бар жұмыскерлермен мен (немесе) сарапшылардан қалыптастырылады.

      11. ҒТҚ құрамына осы ұйым негізгі жұмыс орны болып табылатын бір ұйымнан бір қызметкер ғана кіреді.

      12. ҒТК төрағасын және төрағаның орынбасарын ҒТК мүшелері бірінші отырыста ашық дауыс беруі арқылы ҒТК мүшелері арасынан сайлайды.

      13. ҒТК төрағасы:

      1) отырыстарда төрағалық етеді және оның қызметіне басшылық жасайды;

      2) даулы мәселелерді талқылауда алқалылықты қамтамасыз етеді,

      3) ҒТК отырыстарын өткізудің күн тәртібін, күнін, уақытын, орнын және нысанын айқындайды;

      4) ҒТК отырыстарының хаттамаларына қол қояды;

      5) ҒТК шешімдерінің іске асырылуын жалпы үйлестіруді жүзеге асырады.

      14. Төраға болмаған кезде оның функцияларын төраға орынбасары атқарады.

      15. ҒТК жанынан ғылыми қамтамасыз етуді ұйымдастыру және ҒТК отырысына шығарылатын бейіндік мәселелерді қарау бойынша өз қызметін жүзеге асыратын мамандырылған секциялар (бұдан әрі – Секциялар), яғни мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы, қайта өңдеу және механизация, цифрландыру мен инновациялық технология саласы, ветеринария секциясы, фитосанитария саласы, экономика секциясы құрылады.

      16. ҒТК құрамы 3 (үш) жыл мерзімге бекітіледі және әрбір Секция бойынша саны 7 (жеті) адамнан аспайтын мүшелердің тақ санынан тұрады.

      17. ҒТК жұмысы бетпе-бет отырыстар нысанында жүзеге асырылады, қажет болған жағдайда ақпараттық-коммуникациялық технологиялар мен салалық уәкілетті органның байланыс жүйелерін пайдалана отырып өтеді. Отырыстың хаттамалары, күн тәртібіндегі мәселелер бойынша материалдар, есептер, актілер салалық уәкілетті органға беріледі және "Мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдарда құжаттама жасау, құжаттаманы басқару және электрондық құжат айналымы жүйелерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2023 жылғы 25 тамыздағы № 236 бұйрығына сәйкес сақталады.

      18. ҒТК қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде екі рет жиналады. ҒТК отырысқа оның құрамының кемінде үштен екі бөлігі қатысқанда, шешімдер қабылдайды.

      19. ҒТК жұмыс органының лауазымды адамы болып табылатын хатшы:

      1) Отырыстарға материалдарды дайындауды, жинауды және жүйелеуді;

      2) ҒТК мүшелеріне және шақырылған адамдарға ҒТК отырыстарын өткізу туралы хабарламаларды уақтылы жіберуді;

      3) отырыстардың күн тәртібін әзірлеуді, отырыстарды хаттамалауды;

      4) Отырыстардан кейін ҒТК шешімдерінің жобаларын дайындауды және отырыстардан кейін хаттамаларды рәсімдеуді жүзеге асырады.

      20. Салалық уәкілетті органның құрылымдық бөлімшесі немесе квазимемлекеттік сектор субъектісі ҒТК жұмыс органы (бұдан әрі – Жұмыс органы) болып табылады.

      21. Жұмыс органы ҒТК қызметін қамтамасыз ету мақсатында:

      1) ҒТК-ның ұйымдастырушылық-техникалық жұмысын қамтамасыз етуді;

      2) жыл сайынғы негізде ҒТК мүшелерінен Тізбені қалыптастыру бойынша ұсыныстарды жинауды;

      3) отырыс өткізілгенге дейін 5 (бес) жұмыс күні бұрын ҒТК мүшелеріне жіберілетін материалдарды дайындауды;

      4) ҒТК жұмысы туралы жоспарлар мен есептер жасалуын және орындалуын үйлестіруді жүзеге асырады.

      22. ҒТК шешімдері ашық дауыс беру арқылы қабылданады және ҒТК отырысына қатысып отырған мүшелердің жалпы санының кемінде үштен бір бөлігі дауыс берсе, қабылданған болып есептеледі. Дауыстар тең болған кезде төрағаның дауысы шешуші болып табылады. Хатшы ҒТК мүшесі болып табылмайды және шешім қабылдау кезінде дауыс бермейді. ҒТК мүшелерінің дауыс беруге шығарылған мәселе бойынша ерекше пікірі болған кезде хатшы хаттамаға тиісті жазба енгізеді. ҒТК мүшесінің шешім қабылдаудан және дауыс беруден жалтаруына жол берілмейді.

      23. ҒТК шешімі хаттамамен рәсімделеді және оған Төраға, ҒТК мүшелері мен Хатшы қол қояды. Хаттамалардың көшірмелері ҒТК мүшелеріне жіберіледі.

      24. ҒТК жұмыс органы жыл сайын есепті жылдан кейінгі айдың 20-күнінен кешіктірмей салалық уәкілетті органға есепті кезеңнің қорытындылары бойынша ҒТК жұмысы туралы ақпарат (есеп) ұсынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады