Еңбек мобильділігі орталықтары мен мансап орталықтары жұмыскерлерінің үздіксіз кәсіптік даму қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 14 қазандағы № 397 бұйрығы

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 98-2) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Еңбек мобильділігі орталықтары мен мансап орталықтары жұмыскерлерінің үздіксіз кәсіптік даму қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
С. Жакупова

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты
әлеуметтік қорғау министрі
2024 жылғы 14 қазандағы
№ 397 бұйрығына
қосымша

Еңбек мобильділігі орталықтары мен мансап орталықтары жұмыскерлерінің үздіксіз кәсіптік даму қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Еңбек мобильділігі орталықтары мен мансап орталықтары жұмыскерлерінің үздіксіз кәсіптік даму қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 98-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және еңбек мобильділігі орталықтары мен мансап орталықтары жұмыскерлерінің үздіксіз кәсіптік даму тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) еңбек мобильділігі орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын әзірлеу және іске асыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;

      2) еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскері (бұдан әрі – жұмыскер) – "Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту ұйымдарының басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 25 қазандағы № 360 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16057 болып тіркелген) айқындалған қажетті біліктілігі бар, еңбек мобильділігі орталығында (мансап орталығында) кәсіптік қызметті жүзеге асыратын маман не басшы;

      3) еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің біліктілігін арттыру – жаңа білім алып, бұрын алған кәсіптік білімдерін, біліктерін, дағдыларын қолдауға, кеңейтуге, тереңдетуге және жетілдіруге мүмкіндік беретін кәсіптік оқыту нысаны;

      4) еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің үздіксіз кәсіптік дамуының онлайн-платформасы (бұдан әрі – платформа) – еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерінің біліктілігін арттыру және оны онлайн режимде аттестаттау мүмкіндігін қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе.

      5) еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің біліктілігін арттыру ұйымы (бұдан әрі – біліктілікті арттыру ұйымы) – Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 16-бабының 2-тармақшасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар мен еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) мамандарының біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын Еңбек ресурстарын дамыту орталығының құрылымдық бөлімшесі;

      6) жеке оқу жоспары – міндетті түрде өту керек оқу курстары (модульдері) стандартын қамтитын күнтізбелік жылға арналған еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерінің құзыреттерін дамыту жоспары;

      7) кәсіптік-бейімдеу даярлығы – еңбек мобильділігі орталығына (мансап орталығына) алғаш қабылданған немесе жаңадан қызметке кірген жұмыскерлерді бейімдеуге және оқытуға бағытталған даярлау процесі;

      8) мансап орталығы – аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада өз функцияларын орындауды жүзеге асыратын еңбек мобильділігі орталығының филиалы;

      9) Еңбек ресурстарын дамыту орталығы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша уәкілетті мемлекеттік органның жанынан құрылатын, еңбек нарығын ақпараттық-талдамалық жағынан сүйемелдеуді, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын, жұмыспен қамту қызметтерін әдіснамалық жағынан қолдауды, әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамыту мен қолдап отыруды қамтамасыз ететін заңды тұлға;

      10) оқу курсының (модульдің) стандарты – оқу курсы (модуль) туралы ақпаратты, оқуға қатысу үшін қажетті біліктіліктерді, оқу нәтижелерін, оқу курсының құрылымы мен мазмұнын қамтитын құжат;

      11) үздіксіз кәсіптік даму – еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) функцияларын іске асырудың жоғары сапасын қамтамасыз ету үшін кәсіптік құзыреттер мен шеберлікті мақсатқа сай қолдау және дамыту, сондай-ақ біліктілікті арттыру және аттестаттау, кәсіптік-бейімдеу даярлығы және еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерін дамытудың басқа да түрлері;

      12) ішкі жаттықтырушы – халықты жұмыспен қамту саласында кемінде екі жыл жұмыс өтілі бар, жоғары кәсіптік қасиеттері бар, сондай-ақ жаттықтырушыларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өткен және еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлерін оқытуды жүзеге асыратын басқарушылық және негізгі персонал қатарындағы еңбек мобильділігі орталығының жұмыскері.

      13) тәлімгер – еңбек мобильділігі орталығына (мансап орталығына) алғаш қабылданған немесе жаңадан қызметке кірген, оған кәсіптік бейімделуіне практикалық көмек көрсететін жұмыскерге бекітіліп берілетін еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскері.

      3. Еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерінің үздіксіз кәсіптік дамуы осы Қағидаларға сәйкес оны жұмысқа қабылдау туралы еңбек мобильділігі орталығының уәкілетті тұлғасының бұйрығы шыққан сәттен бастап тұрақты негізде жүргізіледі.

      4. Еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің үздіксіз кәсіптік дамуы мыналарды қамтиды:

      1) еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерін кәсіптік-бейімдеу даярлығы;

      2) еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерін оқытудың жеке жоспарын қалыптастыру;

      3) еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлерін үздіксіз кәсіптік оқыту;

      4) ішкі жаттықтырушылармен оқытуды ұйымдастыру.

      5. Еңбек мобильділігі орталығы Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 20-бабы 1-тармағының 13) тармақшасына сәйкес (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің кәсіптік дамуы мен біліктілігін арттыруды қамтамасыз етеді.

2-тарау. Еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің үздіксіз кәсіптік даму тәртібі

1-параграф. Кәсіптік-бейімдеу даярлығы

      6. Еңбек мобильділігі орталығына (мансап орталығына) алғаш рет қабылданған немесе жаңадан қызметке кірген басқарушы немесе негізгі персонал қатарындағы жұмыскер сынақ мерзімінен өту кезеңінде бір айдан үш айға дейінгі мерзімде кәсіптік-бейімдеу даярлығынан өтеді.

      7. Кәсіптік-бейімдеу даярлығынан өту кезеңінде еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскеріне тәлімгер бекітіледі.

      Тәлімгерді еңбек мобильділігі орталығына (мансап орталығына) алғаш қабылданған немесе жаңадан қызметке кірген жұмыскерге бекіту еңбек мобильділігі орталығының уәкілетті тұлғасының оны жұмысқа қабылдау туралы бұйрығы негізінде жүргізіледі.

      8. Тәлімгер оны тәлімгер етіп бекіткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша кәсіптік-бейімдеу даярлығынан өтіп жатқан жұмыскерді бейімдеу жоспарын әзірлейді.

      9. Кәсіптік-бейімделу даярлығынан өтіп жатқан жұмыскер жұмысқа қабылданған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде біліктілікті арттыру ұйымы әзірлеген бағдарлама бойынша бейімдік оқытудан өтеді.

      10. Бейімдік оқыту Платформа арқылы қашықтықтан оқыту тәсілімен жалақыны сақтай отырып, еңбек қызметінен ішінара қол үзіп ұйымдастырылады.

      11. Кәсіптік-бейімдеу даярлығынан өтетін жұмыскер еңбек мобильділігі орталығында (мансап орталығында) жұмыс ортасында зерделенген тақырыптар бойынша міндетті практикамен тәлімгердің басшылығымен дербес бейімдік оқытудан өтеді.

      12. Кәсіптік-бейімдеу даярлығынан өткеннен кейін еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскері Платформа арқылы бейімделу жоспарының орындалуы туралы есеп дайындайды.

      13. Тәлімгерлік аяқталғаннан кейін тәлімгер кәсіптік-бейімдеу даярлығынан өткен жұмыскердің бейімделу жоспарының орындалуын бағалайды.

      14. Бейімделу жоспарының орындалуы туралы ақпаратты қарау қорытындысы бойынша тәлімгер үш жұмыс күні ішінде жұмыскердің сынақ мерзімінен өтуі не өтпеуі туралы шешім шығарады.

2-параграф. Жеке оқу жоспарын қалыптастыру тәртібі

      15. Еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскерін оқытудың жеке жоспарында күнтізбелік жыл ішінде өтуге міндетті оқу курсының (модульдің) стандарты бойынша кемінде 40 (қырық) академиялық оқу сағаты белгіленеді.

      Академиялық сағат 60 (алпыс) минутты құрайды.

      16. Еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерін оқытудың жеке жоспары еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің құзыреттерін дамыту деңгейін бағалау негізінде қалыптастырылады.

      17. Жыл сайын ағымдағы жылдың 15 қарашасынан кешіктірмей еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлері келесі нысандарда құзыреттердің даму деңгейін бағалаудан өтеді:

      1) біліктілікті арттыру ұйымы әлеуметтік қорғау, жұмыспен қамту және еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) қызметі мәселелері бойынша ведомстволық және әкімшілік есептілікті жинау және талдау жолымен жүргізетін құзыреттердің даму деңгейін сырттай бағалау.

      2) Платформа арқылы сауалнамадан өту арқылы құзыреттіліктің даму деңгейін дербес бағалау.

      18. Еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің құзыреттерін дамыту деңгейін бағалау нәтижелерін жалпылау қорытындылары бойынша біліктілікті арттыру ұйымы Платформа арқылы келесі жылға еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерін оқытудың жеке жоспарын қалыптастырады;

      19. Еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскеріне Платформадағы жеке кабинетте оқу курстарының (модульдерінің) тізбесі, оқытуды өткізу кестесі, сондай-ақ жеке оқыту жоспарының орындалу мәртебесі көрсетілген жеке оқу жоспары көрсетіледі.

      20. Еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерін оқытудың жеке жоспары:

      1) еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерінің қосымша оқу курстарын (модульдерін) өз бетінше таңдауы кезінде;

      2) жұмыскердің құзыреттерінің даму деңгейін сыртқы бағалау қорытындылары бойынша лауазымдық міндеттерді орындау үшін кәсіптік құзыреттердің болмауына байланысты еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскері оқу курсынан (модульден) өту не қайта өту қажет болған кезде түзетіледі немесе толықтырылады.

      21. Егер еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскері күнтізбелік жыл ішінде оқу курстарының (модульдерінің) кемінде 40 (қырық) академиялық сағатын аяқтамаған жағдайда, онда жеке оқу жоспары орындалмаған болып есептеледі.

3-параграф. Үздіксіз кәсіптік оқыту тәртібі

      22. Еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскерін үздіксіз кәсіптік оқыту оның жеке оқу жоспарына сәйкес лауазымдық міндеттеріне сай келетін және құзыреттерін дамытуға бағытталған бағыттар бойынша еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскерінің біліктілігін арттыру жолымен жүзеге асырылады.

      Еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің біліктілігін арттыруды біліктілікті арттыру ұйымы, сондай-ақ еңбек мобильділігі орталықтары жұмыскерлерінің ішінен ішкі жаттықтырушылар жүзеге асыра алады.

      Еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің біліктілігін арттыру осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес оқу курсының (модулінің) стандартына сәйкес біліктілікті арттыру ұйымы әзірлеген оқу курстары (модульдері) бойынша жүргізіледі.

      23. Еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскерін үздіксіз кәсіптік оқыту мынадай оқыту нысандарын пайдалана отырып, жалақысын сақтай отырып, еңбек қызметінен қол үзбей не қол үзіп ұйымдастырылады:

      1) ішкі жаттықтырушыларды, біліктілікті арттыру ұйымының жаттықтырушыларын, жұмыспен қамту және (немесе) құзыреттерді дамыту саласындағы ұлттық және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, Платформа арқылы қашықтықтан форматта өткізілетін вебинар;

      2) ішкі жаттықтырушыларды, біліктілікті арттыру ұйымының жаттықтырушыларын, жұмыспен қамту және (немесе) құзыреттерді дамыту саласындағы ұлттық және халықаралық сарапшыларды тарта отырып, аудиторияда өткізілетін күндізгі семинар;

      3) Платформа арқылы қолжетімді онлайн оқу курсы (модуль).

      24. Оқыту еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерінің таңдауы бойынша мемлекеттік және орыс тілдерінде жүргізіледі.

      25. Оқу курсы (модуль) еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскерінің толық оқу курсын (модулін) өтуі және тестілеуді сәтті тапсыруы бойынша аяқталған болып есептеледі.

      Өткен оқу курсының (модульдің) уақыты мен нәтижелерін есепке алу платформадағы еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерінің жеке кабинеті арқылы жүзеге асырылады.

      26. Оқу курсын сәтті аяқтаған еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлеріне Платформа арқылы оқу курсының электрондық түрде аяқталғанын растайтын сертификат беріледі.

      Сертификатта оқу курсынан өткен еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскері туралы мәліметтер (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)), оқу курсының атауы, академиялық сағат саны, Платформада автоматты түрде жасалатын QR-код түріндегі сертификаттың бірегей нөмірі (машинамен оқылатын оптикалық белгі) және сертификаттың берілген күні көрсетіледі.

      27. Үздіксіз кәсіптік оқыту нәтижелері Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында жарамды.

4-параграф. Ішкі жаттықтырушыларды оқытуды ұйымдастыру

      28. Еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің кәсіптік дамуын және біліктілігін арттыруды қамтамасыз ету үшін оларды еңбек мобильділігі орталықтарының ішкі жаттықтырушыларының оқытуы ұйымдастырады.

      28. Ішкі жаттықтырушыларды тағайындау оны жұмысқа қабылдау туралы Еңбек мобильділігі орталығының уәкілетті тұлғасының бұйрығы негізінде жүргізіледі.

      29. Ішкі жаттықтырушы біліктілікті арттыру ұйымы әзірлеген жаттықтырушыларды даярлау бағдарламасы бойынша оқытудан өтеді.

      30. Біліктілікті арттыру ұйымы ішкі жаттықтырушыларының жұмысын үйлестіреді.

      31. Ішкі жаттықтырушы еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің оқыту қажеттілігіне сәйкес жұмыс жоспарын жасайды және жұмыс жоспарына сәйкес оқытуды жүргізеді.

  Еңбек мобильділігі орталықтары
мен мансап орталықтары
  жұмыскерлерінің үздіксіз
  кәсіптік даму қағидаларына
1-қосымша
  Нысан
  "БЕКІТІЛГЕН"
  ___________________________
  20__ж. "___"______________

Кәсіптік-бейімдеу даярлығынан өту кезеңіне еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерін бейімдеу жоспары

Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

______________________________

Құрылымдық бөлімше

______________________________

Лауазымы

______________________________

Жұмысқа шығу күні

______________________________

Сынақ мерзімінің аяқталу күні

______________________________

Тәлімгердің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы
 

______________________________



р/с

Іс-шараның атауы

Жоспарланған нәтиже

Іс-шараның аяқталу уақыты

Орындалған іс-шараның бағасы
(2-ден 5-ке дейін)

Тәлімгердің қолы

I. Еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) қызметін зерделеуге бағытталған іс-шаралар

1






2











II. Бейімдік оқытудан өтуге бағытталған іс-шаралар

1






2











III. Атқаратын лауазымының кәсіптік ерекшелігін зерделеуге бағытталған іс-шаралар

1






2











      Бейімделу жоспарымен таныстым __________ ___________________________

      (қолы) (қолының толық жазылуы)

      Күні: 20__ж. "___" ______________

  Еңбек мобильділігі орталықтары
мен мансап орталықтары
жұмыскерлерінің үздіксіз
кәсіптік даму қағидаларына
2-қосымша
  Нысан

Оқу курсының (модулінің) стандарты

Атауы


Сәйкестендіргіш


Оқыту нысаны


Сағат саны


Бизнес-процестердің функционалдық карталары


Құзыреттер


Лауазымы


Біліктіліктің ең төменгі деңгейі


      Оқу курсының соңында тыңдаушылар мыналарды біліп шығады:

      _________________________________________________________________

      _________________________________________________________________

      _________________________________________________________________

      _________________________________________________________________

      Оқу курсының құрылымы:

Модульдер

Атауы

Ұзақтығы, сағ



















      Оқу курсының мазмұны:

      _________________________________________________________________

      _________________________________________________________________

      _________________________________________________________________

      _________________________________________________________________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады