Еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің кәсіптік құзыреттілігін аттестаттаудан өткізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 5 қарашадағы № 422 бұйрығы

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы №81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 98-1) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің кәсіптік құзыреттілігін аттестаттаудан өткізу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты жұмыспен қамту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрыққа қол қойылған күннен бастап күнтізбелік бес күн ішінде оны қазақ және орыс тілдерінде ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
С. Жакупова

  Қазақстан Республикасы
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрі
2024 жылғы 5 қарашадағы
№ 422 бұйрығына
қосымша

Еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің кәсіптік құзыреттілігін аттестаттаудан өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Еңбек мобильділігі орталықтары мен мансап орталықтары жұмыскерлерінің құзыреттілігін аттестаттауды өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 18 ақпандағы № 81 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 98-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және еңбек мобильділігі орталықтары мен мансап орталықтары жұмыскерлерін аттесттаудан өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) аттестатталушы – осы Қағидаларға сәйкес аттестаттауға қатысатын еңбек мобильділігі орталығының немесе мансап орталығының жұмыскері;

      2) аттестаттау – еңбек мобильділігі орталығы немесе мансап орталығы жұмыскерінің кәсіптік құзыреттілік деңгейін, оның ішінде біліктілік санатын беру (растау) немесе атқаратын лауазымына сәйкестігін растау мақсатында біліктілікті арттыру қорытындылары бойынша айқындау рәсімі;

      3) біліктілік санаты – орындалатын жұмыстардың күрделілігін көрсететін, жұмыскердің біліктілігіне қойылатын талаптар деңгейі;

      4) еңбек мобильділігі орталығы – жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларын әзірлеу және іске асыру мақсатында облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы құратын заңды тұлға;

      5) еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскері (бұдан әрі – жұмыскер) – "Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту ұйымдарының басшылары, мамандары және басқа да қызметшілері лауазымдарының үлгілік біліктілік сипаттамаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушының 2017 жылғы 25 қазандағы № 360 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16057 болып тіркелген) сәйкес біліктілік талаптарына (бұдан әрі – біліктілік сипаттамалары) сәйкес келетін еңбек мобильділігі орталығында (мансап орталығында) кәсіптік қызметті жүзеге асыратын маман не басшы;

      6) еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің біліктілігін арттыру ұйымы (бұдан әрі – біліктілікті арттыру ұйымы) – Қазақстан Республикасы Әлеуметтік кодексінің 16-бабының 2-тармақшасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар мен еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) мамандарының біліктілігін арттыруды жүзеге асыратын Еңбек ресурстарын дамыту орталығының құрылымдық бөлімшесі;

      7) еңбек мобильділігі орталықтары (мансап орталықтары) жұмыскерлерінің үздіксіз кәсіптік дамуының онлайн-платформасы (бұдан әрі – Платформа) – еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерінің біліктілігін арттыру және оны онлайн режимде аттестаттау мүмкіндігін қамтамасыз ететін ақпараттық жүйе;

      8) Еңбек ресурстарын дамыту орталығы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша уәкілетті мемлекеттік органның жанынан құрылатын, еңбек нарығын ақпараттық-талдамалық сүйемелдеуді, жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларын, жұмыспен қамту қызметтерін әдіснамалық қолдауды, әлеуметтік-еңбек саласының бірыңғай ақпараттық жүйесін дамытуды және сүйемелдеуді қамтамасыз ететін заңды тұлға;

      9) жеке оқу жоспары – міндетті түрде өту керек оқу курстарын (модульдерін) қамтитын күнтізбелік жылға арналған еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерінің құзыреттерін дамыту жоспары;

      10) кәсіптік стандарт – "Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу" кәсіптік стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2024 жылғы 19 маусымдағы № 200 бұйрығымен бекітілген "Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу" кәсіптік қызмет саласында білімге, машыққа, дағдыларға, формалды және (немесе) формалды емес және (немесе) информалды білім беруді ескере отырып, жұмыс тәжірибесіне, біліктілік пен құзыреттілік деңгейіне, мазмұнға, сапа мен еңбек жағдайларына қойылатын жалпы талаптарды белгілейтін жазбаша ресми құжат;

      11) мансап орталығы – аудандарда, облыстық және республикалық маңызы бар қалаларда, астанада өз функцияларын орындауды жүзеге асыратын еңбек мобильділігі орталығының филиалы;

      12) уәкілетті мемлекеттік орган – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес халықты әлеуметтік қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының қызметін реттеуді, бақылау функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      13) халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы орган – облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту саласындағы бағыттарды айқындайтын жергілікті атқарушы органы.

      3. Еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлерін аттестаттау кемінде үш жылда бір рет өткізіледі.

      4. Еңбек мобильділігі орталығына және мансап орталығына алғаш рет қызметке кірген жұмыскерлер атқаратын лауазымына сәйкестігі бойынша бастапқы аттестаттаудан бір жыл ішінде, бірақ лауазымға орналасқанынан бастап 6 (алты) айдан ерте емес мерзімде өтеді.

      5. Еңбек мобильділігі орталығына (мансап орталығына) алғаш рет қызметке кірген мамандарға бастапқы аттестаттаудан өткенге дейін "санатсыз" біліктілік санаты беріледі.

      6. Еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталықтарының) келесі жұмыскерлері аттестаттауға жатпайды:

      1) атқаратын лауазымында алты айдан аз жұмыс істегендер;

      2) жүкті әйелдер;

      3) жүктілігі және босануы бойынша демалыста немесе бала күтімі бойынша демалыста немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлер үшін демалыста жүргендер жұмысқа шыққаннан кейін он екі айдан ерте емес;

      4) оқу демалысындағылар.

      7. Еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) құрылымдық бөлімшелерінің (бөлімдерінің, секторларының, топтарының) мамандарына біліктілік санаттары үш жыл мерзімге беріледі.

2-тарау. Еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлерін аттестаттаудан өткізу тәртібі

1-параграф. Аттестаттауды өткізу бойынша жұмысты ұйымдастыру

      8. Аттестаттау еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлерін тестілеуді қамтиды.

      9. Еңбек мобильділігі орталығы жыл сайын 15 қарашадан кешіктірмей Платформада осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша алдағы күнтізбелік жылға аттестатталушылардың тізімін қалыптастырады.

      10. Қажет болған жағдайда еңбек мобильділігі орталығы аттестатталушылардың тізімін түзетеді:

      1) жұмыскердің ұзақ уақытқа (екі айдан аспайтын) еңбекке қабілеттілігін жоғалтуы;

      2) жұмыскердің жүктілігі және босануы бойынша демалыста немесе бала күтімі бойынша демалыста немесе жаңа туған баланы (балаларды) асырап алған жұмыскерлер үшін демалыста болуы;

      3) жұмыскердің шетелде қызметтік іссапарда болуы.

      11. Тестілеу мерзімдерін қамтитын еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлерін алдағы аттестаттау туралы хабарландыру уәкілетті мемлекеттік органның және біліктілікті арттыру ұйымының ресми интернет-ресурстарында жарияланады.

      12. Еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскеріне Платформадағы жеке кабинетінде аттестаттаудан өту мерзімі, қолжетімділігі, мәртебесі көрсетіледі.

2-параграф. Тестілеуді өткізу тәртібі

      13. Еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлерін тестілеу пайдаланушылардың мінез-құлқын бақылау, хаттамалау және бағалау үшін бағдарламалық қамтуды (прокторинг жүйесін) ақылы негізде пайдалана отырып, Платформада электрондық форматта жүргізіледі.

      14. Тестілеуге Платформада оқытудың жеке жоспарында айқындалған сағат санында біліктілікті арттыру курстарынан өткен еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскері жіберіледі.

      15. Тестілеуге тапсырмаларды (сұрақтарды) әзірлеуді және Платформада орналастыруды біліктілікті арттыру ұйымы жүзеге асырады.

      16. Тестілеу 100 (жүз) тапсырмадан (сұрақтан) тұрады, оның ішінде:

      50 (елу) сұрақ – біліктілік сипаттамалары мен кәсіптік стандартта көзделген нормативтік құқықтық актілерді білуге арналған;

      50 (елу) сұрақ – біліктілік сипаттамалары мен кәсіптік стандартқа сәйкес еңбек функциялары мен лауазымдық міндеттерін орындау үшін қажетті білім, дағдылар мен машықтарды меңгеруге арналған.

      17. Тестілеу нәтижесі шекті деңгейге жеткенде оң деп саналады:

      1) алғашқы аттестаттау кезінде еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскері үшін – 70%;

      2) біліктілік санатына өтініш берген кезде маман үшін – 70%;

      3) құрылымдық бөлімше басшысы, директордың орынбасары, директор үшін – 85%.

      18. Қағидалармен танысу уақытын есепке алмағанда тестілеуден өту ұзақтығы 120 (жүз жиырма) минутты құрайды.

      19. Тестілеуді тапсыру мерзіміне қарамастан аттестатталушылардың мінез-құлқын бақылау, хаттамалау және бағалау үшін бағдарламалық қамтумен анықталған қағидаларды бұзу фактісі анықталған жағдайда нәтижелердің күші жойылады.

      20. Тестілеу нәтижесі аяқталғаннан кейін компьютер экранында және Платформадағы еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерінің жеке кабинетінде көрсетіледі.

      21. Тестілеу нәтижесімен келіспеген жағдайда еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскері Платформадағы тестілеуден шықпай-ақ әрбір тапсырма (сұрақ) бойынша дәлелді негіздемесімен (толық түсіндірмесімен) Платформа арқылы апелляцияға өтініш береді. Еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскері тестілеуден шыққаннан кейін апелляцияға өтініштер Платформада қабылданбайды.

      Дәлелді негіздемені көрсетпей тапсырмаларды (сұрақтарды) қайта қарау бойынша апелляцияға берілген өтініштер қарауға жатпайды.

      22. Апелляциялық комиссия құрамын ұйым дербес қалыптастыратын және айқындайтын біліктілікті арттыру ұйымы басшысының бұйрығымен құрылады.

      23. Апелляциялық комиссия дауыс беру құқығы жоқ хатшыны қоспағанда, Комиссия төрағасын, комиссия мүшелерін қоса алғанда, мамандардың тақ санынан тұрады.

      24. Апелляциялық комиссияның шешімі өтініш келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күннен кешіктірілмей еркін нысанда хаттамамен ресімделеді және платформада орналастырылады.

      25. Апелляция келесі жағдайларда қаралады:

      1) тест тапсырмаларының мазмұны бойынша:

      дұрыс жауаппен келіспегенде;

      дұрыс жауап жоқ болғанда;

      тапсырма қате болғанда;

      2) техникалық себептер бойынша:

      тапсырмаларда фрагмент немесе мәтін жоқ болғанда;

      бағдарламалық қамту қатесі пайда болғанда.

      26. Апелляция нәтижелері бойынша Платформада еңбек мобильділігі орталығы (мансап орталығы) жұмыскерінің жеке кабинетінде апелляцияны ескере отырып тестілеу нәтижелері көрсетіледі.

      27. Тестілеу нәтижелері бойынша осы Қағидалардың 20-тармағында белгіленген шекті деңгейден төмен балл жинаған аттестатталушы:

      1) "санатсыз" біліктілік санаты бар мамандарды қоспағанда, біліктілік санатына өтініш берген кезде қолданыстағы біліктілік санатынан бір деңгейге төмен біліктілік санаты беріледі;

      2) он екі айдан кешіктірмей қайта аттестаттауға жатады.

      28. Қайта аттестаттауға қатысатын және тестілеу нәтижелері бойынша белгіленген шекті деңгейден төмен балл жинаған аттестатталушы:

      1) "екінші санат", "бірінші санат", "жоғары санат" біліктілік санаты бар мамандарды қоспағанда, біліктілік санатына өтініш берген кезде не еңбек ұтқырлығы орталығына (мансаптық орталығына) алғаш рет қызметке кірген қызметкерлер, құрылымдық бөлімшелердің басшылары, директорлардың орынбасарлары, директорлар атқаратын лауазымына сәйкестігін растаған кезде жұмыстан шығаруға жатады;

      2) "санатсыз" біліктілік санаты бар мамандарды қоспағанда, біліктілік санатына өтініш берген кезде қолданыстағы біліктілік санатынан бір деңгейге төмен біліктілік санаты берілуге тиіс.

3-параграф. Біліктілік санатын беру (растау) және атқаратын лауазымына сәйкестігін растау тәртібі

      29. Біліктілік санатын беру (растау) немесе атқаратын лауазымына сәйкестігін растау біліктілік сипаттамаларына сәйкес біліктілік санатының өту мерзімдері мен реттілік қағидатын сақтай отырып жүзеге асырылады.

      30. Тестілеу нәтижелері бойынша Платформада келесі шешімдердің бірі қалыптастырылады:

      1) алғашқы аттестаттау кезінде еңбек мобильділігі орталығының және мансап орталығының жұмыскері бойынша:

      атқаратын лауазымына сәйкес келеді – 70 және одан жоғары балл;

      атқаратын лауазымына сәйкес келмейді – 69 және одан аз балл;

      2) біліктілік санатына өтініш берген кезде маман бойынша:

      мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келеді – 85 және одан жоғары балл;

      мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келмейді – қолданыстағы біліктілік санатына сәйкес келеді – 70-тен 84 баллға дейін;

      мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келмейді – мәлімделген деңгейден төмен біліктілік санатына сәйкес келеді – 69 және одан төмен балл;

      3) құрылымдық бөлімше басшысы, директордың орынбасары, директор бойынша:

      атқаратын лауазымына сәйкес келеді – 85 және одан жоғары балл;

      атқаратын лауазымына сәйкес келмейді – 84 және одан аз балл.

      31. Біліктілікті арттыру ұйымы тестілеу аяқталған күннен кейін 5 (бес) жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органдарына еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлерін тестілеу нәтижелері туралы мәліметтерді жібереді.

      32. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органы еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлерін тестілеу нәтижелері туралы мәліметтерді алғаннан кейін 3 (үш) жұмыс күні ішінде:

      1) еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлерін тестілеу нәтижелері туралы мәліметтер негізінде біліктілік санатын беру (растау) немесе атқаратын лауазымының сәйкестігі туралы шешім қабылдайды;

      2) еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскеріне осы Қағидаларға 3-қосымшаға немесе 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша куәлік береді;

      3) осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес нысан бойынша еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлеріне біліктілік санатын беру (растау) немесе атқаратын лауазымының сәйкестігі туралы ақпаратты уәкілетті мемлекеттік органға жібереді.

      33. "Мәлімделген біліктілік санатына сәйкес келмейді" деген шешім қабылданған кезде аттестатталушы үшін қолданыстағы біліктілік санаты оның қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.

      34. Біліктіліктің орта деңгейінен біліктіліктің жоғары деңгейіне өту кезінде еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) маманы қолданылу мерзімі аяқталғанға дейін "санатсыз", "екінші санат", "бірінші санат", "жоғары санат" біліктілік санатын сақтайды.

  Еңбек мобильділігі орталықтары
(мансап орталықтары)
жұмыскерлерінің кәсіптік
құзыреттілігін аттестаттаудан
өткізу қағидаларына
1-қосымша
  Нысан

Еңбек мобильділігі орталықтарының және/немесе мансап орталықтарының аттестатталатын жұмыскерлерінің тізімі

Т.А.Ә. (бар болса)

Аттестаттау рәсімі

Жұмыс орны

Лауазымы

Халықты әлеуметтік қорғау немесе жұмыспен қамту жүйесіндегі жұмыс өтілі

Қолданыстағы біліктілік санаты (бар болса)






















  Еңбек мобильділігі орталықтары
(мансап орталықтары)
жұмыскерлерінің кәсіптік
құзыреттілігін аттестаттаудан
өткізу қағидаларына
2-қосымша

Еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлерін тестілеу нәтижелері туралы мәлімет

Облыс (республикалық маңызы бар қала, астана)

Жұмыс орны

Т.А.Ә. (бар болса)

Лауазымы

1

2

3

4

5











      кестенің жалғасы

Аттестаттау рәсімі

Тестілеу баллы

Тестілеу нәтижелері бойынша шешім

6

7

8







  Еңбек мобильділігі орталықтары
(мансап орталықтары)
жұмыскерлерінің кәсіптік
құзыреттілігін аттестаттаудан
өткізу қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Біліктілік санатын беру туралы куәлік

      __________________________________________________________________

      (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың халықты

      әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органы)

      20___ жылғы "__" "________" шешімімен

      ______________________________________________________________

      Т.А.Ә. (бар болса)

      20___ жылғы "____" "_________" дейінгі мерзіммен

      _____________________________ біліктілік санаты берілді (санат атауы)

      Басшы ______________________________________________________

      Т.А.Ә. (бар болса), қолы

      М.О.

      Берілген орны _________________________________________________

      (қала, облыс)

      Күні 20__ жылғы "____" "________"

  Еңбек мобильділігі орталықтары
(мансап орталықтары)
жұмыскерлерінің кәсіптік
құзыреттілігін аттестаттаудан
өткізу қағидаларына
4-қосымша
  Нысан

Атқаратын лауазымына сәйкестігі туралы куәлік

      __________________________________________________________________

      (облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі жергілікті атқарушы органы)

      20___ жылғы "____" "__________" шешімімен

      _____________________________________________________________

      Т.А.Ә. (бар болса)

      _______________________________ атқаратын лауазымына сәйкес келеді.

      (лауазымның атауы)

      Куәліктің қолданылу мерзімі 20___ жылғы "____" "_______".

      Басшы ______________________________________________________

      Т.А.Ә. (бар болса), қолы

      М.О.

      Берілген орны _________________________________________________

      (қала, облыс)

      Күні 20__ жылғы "___" "_________"

  Еңбек мобильділігі орталықтары
(мансап орталықтары)
жұмыскерлерінің кәсіптік
құзыреттілігін аттестаттаудан
өткізу қағидаларына
5-қосымша
  Нысан

Еңбек мобильділігі орталықтарының (мансап орталықтарының) жұмыскерлеріне біліктілік санатын беру (растау) немесе атқаратын лауазымының сәйкестігі туралы ақпарат

ЖСН

Аттестатталушының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса)

Білімі

Лауазымы

1

2

3

4

5











      кестенің жалғасы

Біліктілік санатын беру туралы куәліктің деректері*

Атқаратын лауазымына сәйкестігі туралы куәліктің деректері*

Біліктілік санаты

Берілген күні

Атқаратын лауазымына сәйкестігі

Растау күні

6

7

8

9









      *Ескертпелер: еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығының) жұмыскері алған куәліктің түріне сәйкес толтырылады

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады