Қарағанды қаласының бюджетінен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеудің тәртібі мен шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қарағанды қаласының әкімдігінің 2024 жылғы 27 маусымдағы № 36/04 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Бюджет кодексіне, Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Құқықтық актілер туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкес Қарағанды қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қарағанды қаласының бюджетінен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттары бекітілсін.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау Қарағанды қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған қатынастарға қолданылады.

      Қарағанды қаласының әкімі М. Кожухов

  Қарағанды қаласы әкімдігінің
2024 жылғы "27" маусымдағы №36/04
қаулысына 1-қосымша

Қарағанды қаласының бюджетінен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттары

1 тарау. Осы нормативтік құқықтық актіде пайдаланылатын негізгі ұғымдар

      1. Осы нормативтік-құқықтық актіде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) Мәслихат – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың немесе ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын жергілікті өкілді орган.

      2) Дербес құрылымдық бөлімшелер – функционалдық және салалық негізде құрылады және бөлімдер, секторларды құрады. Олар жергілікті атқарушы органдардың белгілі бір бағыттарының іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      3) Ынталандыру үстемақы – бұл қызметкерлерге жұмыстағы жетістіктері мен жақсы көрсеткіштері үшін жалақыға қосып төленетін үстеме. Қызметкерлерді кәсіби қызметте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізуге ынталандыруға бағытталған.

      4) Қала бюджеті – жергілікті өзін-өзі басқарудың міндеттері мен функцияларын қаржылық қамтамасыз етуге арналған ақшалай қаражаттарды қалыптастыру және жұмсау нысаны.

      5) KPI көрсеткіші – бұл қызметкерлердің тиімділігінің немесе қызметінің негізгі көрсеткіштері. Сандық түрдегі KPI сапаны және белгілі бір уақыт кезеңіндегі әрекеттердің нәтижесін көрсетеді

      6) Жекелеген қызметкерлер – дербес құрылымдық бөлімшелердің құрамына кірмейтін ұйымның қызметкерлері. Мысалы: бухгалтер, заңгер, психолог, мемлекеттік сатып алу жөніндегі менеджер, іс жүргізуші және т. б.

2 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қарағанды қаласының бюджетінен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақылар белгілеудің тәртібі мен шарттары (бұдан әрі - Ұйымдар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің нормаларына, "Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысына сәйкес ұйымдардың қызметкерлерін лауазымдық (қызметтік) міндеттерін тиісінше орындағаны үшін көтермелеу, сондай-ақ олардың функциялары мен міндеттерін уақтылы және сапалы орындауға материалдық мүдделілігін арттыру мақсатында әзірленді.

      2. Қалалық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақылар Қарағанды қалалық мәслихатының (бұдан әрі – мәслихат) шешімі бойынша қалалық бюджет қаражаты есебінен белгіленеді.

3 тарау. Қалалық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақылар белгілеу тәртібі

      1. Ынталандыру үстемеақы мөлшері Қарағанды қаласы мәслихатының келісімі бойынша қалалық бюджеттен қаржыландырылатын дербес құрылымдық бөлімшелердің ұйымдардың барлық штаттық қызметкерлеріне айқындалады.

      2. Қалалық бюджеттен қаржыландырылатын ұйымдар қызметкерлерінің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақылар ай сайын жұмыс істелген алдыңғы айға сәйкес (01-ден 10-шы күнге дейін) 10%-дан 100%-ға дейінгі мөлшерде жүргізілетін болады. Тәртіптік және өзге де жазалар болмаған кезде қызметкерге 10%-дан 100%-ға дейінгі мөлшердегі ынталандыру үстемеақы есептелетін болады.

      3. Ынталандыру үстемеақы мөлшерін мәслихатпен келісілген кезде ұйымдар дербес құрылымдық бөлімшелердің немесе жекелеген қызметкердің KPI-көрсеткіштерін ұйым басшысының бұйрығымен қалыптастырады.

      4. Лауазымдық жалақыға ынталандыру үстемеақылар белгілеу Қарағанды қаласының бюджетінен (бұдан әрі – қалалық бюджет) қаржыландырылатын ұйымдардың дербес құрылымдық бөлімшелері басшыларының жазбаша ұсынысы негізінде ұйым басшысының не оны алмастыратын тұлғаның бұйрығымен жүргізіледі.

      5. Жазбаша ұсынысты дербес құрылымдық бөлімшелер қызметкерінің тікелей басшысы ұйымның KPI-көрсеткіштері негізінде мемлекеттік органның бірінші басшысына ұсынады.

      6. Ұсыныcта қызметкердің тегі мен лауазымы, белгіленетін үстемеақының негіздері мен мөлшері көрсетіледі.

      7. Ұсынысты ұйым басшысы 5 жұмыс күнінен аспайтын мерзімде қарастырады.

      8. Ұйымның басшысы алқалы қарау нәтижесінде (сыйлықақы төлеу жөніндегі комиссияның құрамы ұйым қызметкерлерінен 3 адамнан құралады) тиісті растайтын құжаттар болған кезде қолданыстағы заңнама шеңберінде қолданыстағы нормативтік-құқықтық актілер шеңберінде бұйрық шығаруға және ынталандыру үстемеақы төлеуге хаттамалық тапсырма қалыптастырады.

      9. Бағалауға байланысты құжаттар бағалау аяқталған күннен бастап үш жыл бойы бас есепшіде және кадрлар жөніндегі инспекторда сақталады.

      10. Ұйым басшысы алқалы қарау нәтижесінде қызметкерлер ынталандыру үстемеақыларды белгілеу шарттарын орындамаған жағдайда ынталандыру үстемеақыны төлеуден бас тартуы мүмкін (4-тарауды қарау)

      11. Ынталандыру үстемеақылар еңбекақының негізгі көрсеткіштерін, бюджет мүмкіндіктерін талдауға негізделе отырып және Қазақстан Республикасының заңнамасы өзгерген жағдайда жыл сайынғы негізде қайта қаралуы мүмкін.

4 тарау. Ынталандыру үстемеақыларды белгілеу шарттары

      1. Ынталандыру үстемеақыларды белгілеу құқығын беретін қызметкер қызметінің нәтижелерін сипаттайтын негізгі көрсеткіштер:

      1.1. Қалалық бюджеттен қаржыландырылатын дербес құрылымдық бөлімшелердің бірінші басшысы бекіткен KPI-көрсеткіштердің орындалуы;

      1.2. Орындаушылық және еңбек тәртібін сақтау;

      1.3. Белгілі бір кезеңдегі жұмыс нәтижелеріне қол жеткізу;

      1.4. Лауазымдық міндеттерді үлгілі және мінсіз орындау, ерекше маңызды және күрделі тапсырмаларды орындау және жұмыстағы басқа да жетістіктер;

      1.5. Болашақта Ұйымның қалыпты (үзіліссіз) жұмыс істеуі үшін шұғыл орындалуына байланысты шұғыл және күтпеген жұмыстарды жүргізу;

      1.6. Жұмыстан босатылған және/немесе уақытша болмаған қызметкерлердің функцияларын, егер уақытша болмаған қызметкерді ауыстыру ауыстыратын қызметкердің лауазымдық міндеттеріне кірмейтін болса, негізгі жұмысынан босатпай орындау;

      1.7. Жауапкершіліктің кеңейтілген ауқымын, жеткілікті тәжірибесін (өтіл) және жұмыс дағдыларын жоғары кәсіби деңгеймен және құзыреттілікпен үйлестіру, оларды тәжірибеде сәтті қолданумен, сондай-ақ басқа көрсеткіштерді тағайындау;

      1.8. Сонымен қатар, мемлекеттiк құпияларды құрайтын мәлiметтерi бар құжаттармен жұмыс iстейтiн қызметкерге олардың орындалу шеңберiне қарай, сондай-ақ оның кейбiр құқықтарын шектеу және қосымша жауапкершiлiгi үшiн лауазымдық жалақысын арттыру белгiленуi мүмкiн;

      1.9. Сондай-ақ, қызметкерді объективті жағдайларға байланысты жалақысы төмен лауазымға (неғұрлым жеңіл жұмысқа) ауыстыру (тағайындау) кезінде үстемеақылар белгіленуі мүмкін: еңбекке жарамсыздық, кәсіптік зақымдану немесе осы органда еңбек міндеттерін орындауға байланысты алынған денсаулықтың өзге де зақымдануы, еңбекке қабілеттілігі қалпына келтірілгенге не мүгедектік белгіленгенге дейін.

      2. Қызметкерлердің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақы белгіленбейтін жағдайлар тізбесі:

      2.1. Алынбаған тәртіптік жаза болған кезде;

      2.2. Ұйымда бір айдан аз жұмыс істегендерге;

      2.3. Сынақ мерзімінен өту кезеңіне;

      2.4. Лауазымның тиісті санатының функциялары уақытша орындалған жағдайда;

      2.5. Қызметкерді материалдық жауапкершілікке тарту кезеңінде;

      2.6. Қызметкердің еңбекке уақытша жарамсыздығы кезеңінде;

      2.7. Жалақысы сақталмайтын демалыс кезеңінде;

      2.8. Оқу демалысы кезеңінде;

      2.9. Жүктілікке және баланың (балалардың) туылуына, жаңа туған баланы (балаларды) асырап алуға байланысты демалыс кезеңінде;

      2.10. Бала үш жасқа толғанға дейін оның күтімі бойынша жалақысы сақталмайтын демалыс кезеңінде.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады