Маңғыстау облысы әкімдігінің 2005 жылғы 7 қаңтардағы № 1 "Мемлекеттік мекемелердің ережелерін бекіту туралы" қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Маңғыстау облысы Маңғыстау ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 30 желтоқсандағы № 266 қаулысы

      Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Құқықтық актілер туралы", "Мемлекеттік мүлік туралы" заңдарына сәйкес, Маңғыстау облысы әкімдігінің 2023 жылғы 3 қазандағы № 158 "№ 4 арнаулы әлеуметтік қызметтерді көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесін құру туралы" қаулысына сәйкес, Маңғыстау облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Маңғыстау облысы әкімдігінің 2005 жылғы 7 қаңтардағы № 1 "Мемлекеттік мекемелердің ережелерін бекіту туралы" қаулысына мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулының 12-қосымшасы осы қаулыдағы қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      2. Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы (Н. А. Телегенов) заңнамамен белгіленген тәртіппен Ережеге енгізілген өзгерістерді Маңғыстау облысының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін және осы қаулыдан туындайтын өзге де шараларды қабылдасын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Маңғыстау облыс әкімінің орынбасары Т.А.Әбішевқа жүктелсін.

      4. Осы қаулы қол қойылған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Маңғыстау облысының әкімі Н. Қилыбай

  қосымша
  Маңғыстау облысы әкімдігінің
  2024 жылғы " 30 " желтоқсандағы
  № 266 қаулысымен бекітілген
  12 қосымша
  Маңғыстау облысы әкімдігінің
  2013 жылғы "7"қаңтардағы № 1
  қаулысымен бекітілген

"Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттiк мeкeмeci туралы Е Р Е Ж Е

Ұйымдық-құқықтық нысаны:

мемлекеттік мекеме (ММ)

Мемлекеттік меншік түрі:

коммуналдық

Құрылтайшысы:

Маңғыстау облысының әкімдігі

Орналасқан жері:

Қазақстан Республикасы, Маңғыстау облысы, 130000, Ақтау қаласы, 24 шағын аудан, 15 ғимарат

      2024 жыл

1. Жалпы ережелер

      1. "Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Басқарма) халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және өз құзыреті шегінде көші-қон саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.

      3. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлер және өз атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болып табылады.

      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.

      6. Басқарма, егер оған Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Басқарма құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына және "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бекітіледі.

      9. Басқарманың орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Маңғыстау облысы, Ақтау қаласы, 24 шығынаудан, 15 ғимарат, пошталық индексі 130000.

      10. Басқарманың құрылтайшысы Маңғыстау облысы әкімдігі болып табылады.

      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Басқарманың қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасына сәйкес республикалық және жергілікті бюджеттерден жүзеге асырылады.

      13. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілерімен Басқарманың өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер заңнамалық актілерді басқаруға кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері

      14. Басқарманың негізгі мақсаттары гендерлік аспектіні есепке ала отырып, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік қорғау және өз құзыреті шегінде халықтың көші-қоны салаларындағы мемлекеттік саясатты іске асыру және салааралық үйлестіруді жүзеге асыру болып табылады.

      15. Басқарманың өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдардан және азаматтардан өз функцияларын орындауға қажетті ақпараттарды белгіленген тәртіппен сұратуға және алуға;

      Басқарма құзыретіне жататын мәселелер бойынша мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл жасауға;

      Басқарманың құзыретіне жататын мәселелер бойынша мәжілістер, семинарлар, конференциялар, дөңгелек үстелдер, кездесулер және отырыстар өткізуге.

      2) міндеттері:

      халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін іс-шараларды ұйымдастыру;

      ішкі еңбек нарығын қорғау, кедейлікті төмендету, халықтың өмірлік дейгейін, табысын көтеру;

      өз құзіреті шегінде халықтың көші-қон саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      әлеуметтік қорғау саласындағы нысаналы индикаторларды жоспарлау мен болжамдауды қамтамасыз ету;

      аз қамтамасыз етілген азаматтарға атаулы әлеуметтік көмек көрсету, мүгедектігі бар адамдардың және азаматтардың басқа да санаттарына әлеуметтік қолдау көрсету жөніндегі шараларды үйлестіру;

      арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      Басқарманың құзырындағы мәселелер бойынша аудандық, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімдерінің, жұмыспен қамту орталықтарының қызметін үйлестіру, оларға ұйымдық-әдістемелік және іс-тәжірибелік көмек көрсету, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу.

      16. Басқарманың функциялары:

      1) халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесуді қамтамасыз ететін Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Еңбек мобильдігі орталығы" өткізетін іс-шаралардың мониторингі

      2) жұмыс орындарын босату және қысқарту тәуекелдері бар ұйымдардың мониторингі;

      3) халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша Еңбек мобильдігі орталығына әдістемелік басшылықты үйлестіреді және жүзеге асырады;

      4) кәсіпкерлік бастаманы дамыту арқылы жұмыс орындарын құруды қолдау;

      5) халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган бөлген квота шегінде не квотадан тыс корпоративішілік ауыстыру шеңберінде Маңғыстау облысы аумағында еңбек қызметін жүзеге асыру үшін жұмыс берушілерге шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсаттар береді және (немесе) ұзартады, сондай-ақ көрсетілген рұқсаттарды тоқтата тұрады және кері қайтарып алады;

      6) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi уәкiлеттi органға шетелдiк жұмыс күшiн тартуға арналған квотаны қалыптастыру жөнiнде ұсыныстар енгiзедi;

      7) "Шетелдік жұмыс күші" автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қалыптастырады;

      8) ауыр жұмыстардағы, еңбек жағдайлары зиянды, қауіпті жұмыстардағы жұмыс орындарын есепке алмағанда, жұмыс орындары санының екі-төрт пайызы мөлшерінде мүгедектігі бар адамдар үшін жұмыс орындарына квота белгілеу үшін Маңғыстау облысының әкімдігіне әзірлейді және ұсынады;

      9) Ұлттық жобалар, Маңғыстау облыстарын дамыту жоспарлары, өңірлік жұмыспен қамту карталары шеңберінде жұмыс орындарын құру мониторингін жүзеге асыру;

      10) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну мәселелері бойынша жеке және заңды тұлғалармен және мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылды жүзеге асырады;

      11) өздерінің қарауындағы арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілерді құру және олардың қызметі;

      12) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсынатын субъектілердің арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілген көлемін ұсынуы;

      13) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну жүйесін дамыту жөнінде шаралар қабылдау;

      14) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтердің кепілдік берілгеннен тыс көлемінің тізбесін және оларды ұсыну тәртібін әзірлеу және облыстардың жергілікті өкілді органдарына бекітуге ұсыну;

      15) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді ұсыну және арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерге деген қажеттілікті бағалау мен айқындау жөніндегі көрсетілетін қызметтер бойынша мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру, сондай-ақ мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру;

      16) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мүгедектігі бар адамдарға әлеуметтік көмектің қосымша шараларын ұсыну;

      17) мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарға санаторий-курорттық емдеуді қамтамасыз ету;

      18) мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасына сәйкес мүгедектігі бар адамдарды техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдармен және (немесе) арнаулы жүріп-тұру құралдарымен қамтамасыз ету;

      19) әлеуметтік қызметтер порталы арқылы мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін тауарлардың және (немесе) көрсетілетін қызметтердің техникалық көмекші (компенсаторлық) құралдардың, арнаулы жүріп-тұру құралдарының және мүгедектігі бар адамдарға көрсетілетін қызметтердің сыныптауышына сәйкестігіне өнім беруші мәлімдеген сипаттамаларының мониторингі;

      20) мүгедектігі бар адамдарды оңалтуды жүзеге асыратын мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар құру;

      21) "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінің деректер қорын қалыптастырады;

      22) "Әлеуметтік көмек" автоматтандырылған ақпараттық жүйесінде ведомстволық есептілікті қалыптастырады;

      23) "Отбасының цифрлық картасы" ақпараттық жүйесінде есептілікті қалыптастырады;

      24) өз құзыреті шегінде халықтың көші қоны саласындағы мемлекеттік саясатты іске асырады;

      25) "Қандас мәртебесін беру" мемлекеттік қызметін көрсетеді: этникалық қазақтардан қандас мәртебесін беруге өтінішін қажетті құжаттарымен қоса қабылдайды, қандас мәртебесін беру туралы шешім қабылдайды, қандас куәлігін береді;

      26) "Қандас" деректер қоры автоматтандырылған ақпараттық жүйесін қалыптастырады;

      27) босқын мәртебесін беру, ұзарту, айыру және тоқтату рәсімін жүзеге асырады;

      28) жұмыспен қамтуды үйлестіру, әлеуметтік бағдарламалар және халықтың көші-қоны саласындағы құқықтық актілердің жобаларын әзірлейді;

      29) өңірлік деңгейде әлеуметтік әріптестікті ұйымдастыру;

      30) өңірлік (облыстық) келісімнің жобасын дайындау, өңірлік (облыстық) келісімді әзірлеу және жасасу бойынша әлеуметтік әріптестік тараптарының келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру;

      31) әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның дербес құрамын қалыптастыру;

      32) әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастары мен жұмыс топтарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның жұмысын, хаттамаларды жүргізуді, шешімдер жобаларын дайындауды және олардың орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді;

      33) қалалық, аудандық деңгейде жасалған салалық және өңірлік келісімдерді тіркеуді жүзеге асырады;

      34) өңірлік (облыстық) келісім жасасуға қатыспаған бірлестіктерге, жұмыс берушілерге, қызметкерлер бірлестіктеріне өңірлік (облыстық) келісімге қосылуға ұсыныс енгізу;

      35) өңірлік (облыстық) келісімнің орындалу мониторингін жүзеге асырады;

      36) "Парыз" бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі республикалық конкурсқа үміткерлердің материалдарын дайындау бойынша жәрдем көрсету;

      37) Басқарманы цифрландыру бойынша тиісті шаралар қабылдайды;

      38) Қазақстан Республикасының заңнамасымен Басқармаға жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

3. Басқарма басшысының мәртебесі және өкілеттіктері

      17. Басқарманы басқаруды бірінші басшы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның өз өкілеттіктерін жүзеге асыруына дербес жауапты болады.

      18. Басқарманың басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      19. Басқарма басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын орынбасарлары болады.

      20. Басқарманың бірінші басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың қызметін ұйымдастырады және басқарады;

      2) Басқармаға жүктелген міндеттер мен қызметтердің, облыс әкімі мен жетекшілік ететін облыс әкімі орынбасарының тапсырмаларының орындалуына дербес жауапты болады;

      3) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшылары мен орынбасарларын жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      4) Басқарманың атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      5) барлық мемлекеттік органдар мен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      6) келісімшарттар жасасады;

      7) сенімхаттар береді;

      8) банктік шоттар ашады;

      9) өз уәкілеттігі шегінде Басқарманың барлық қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің бірінші басшыларына орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      10) Басқарманың қызметкерлеріне, сондай-ақ Басқарманың қарамағындағы мекемелердің басшыларына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте мадақтау шараларын және тәртіптік жаза қолданады;

      11) сыбайлас жемқорлықтың көріністеріне қарсы әрекеттерді күшейту бойынша шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнаманың бұзылуына дербес жауапты болады;

      12) бюджеттік бағдарламаларды жоспарлауға, негіздеуге, іске асыруға және нәтижелерге қол жеткізуге жауапты болады;

      13) қаржылық-шаруашылық қызметіне және оған берілген мүліктің сақталуына дербес жауапты болады;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасымен, осы Ережемен және облыс әкімдігімен оған жүктелген басқа да функцияларды жүзеге асырады;

      15) Басқарманың бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      21. Бірінші басшы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Мемлекеттік мүлік туралы заңнамада көзделген жағдайларда басқарманың жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарманың мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер бюджет заңнамасында және "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгіленбесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

      5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Басқарма қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдардың тізбесі:

      1) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№ 1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      2) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№ 2 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      3) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№ 3 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      4) "№ 4 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      5) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "№ 5 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      6) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Оңалту орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;

      7) Маңғыстау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының "Маңғыстау облысының еңбек мобилдігі орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады