Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2024 жылғы 5 тамыздағы № 129-НҚ бұйрығы

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 10 шілдедегі № 540 "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің" кейбір мәселелері" қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті туралы ереже осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу және ресми жариялау үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықтан туындайтын өзге де шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      3. Келесі бұйрықтардың күші жойылсын:

      1) "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті туралы ережені бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2023 жылғы 6 қазандағы № 4-Ө бұйрығы;;

      2) "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті туралы ережені бекіту туралы "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2023 жылғы 6 қазандағы № 4-Ө бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрінің 2024 жылғы 7 ақпандағы № 26-НҚ бұйрығы.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Су ресурстары және ирригация вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық қол қойылған күнінен бастап күшіне енеді.

      Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және ирригация министрі
Н. Нұржігітов

  Қазақстан Республикасының
Су ресурстары және
ирригация министрінің
2024 жылғы 5 тамыздағы
№ 129-НҚ бұйрығына
қосымша

Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті туралы ереже

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Комитет) Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) құзыреті шегінде су шаруашылығы реттеуші және іске асыру функцияларын жүзеге асыратын ведомство болып табылады.

      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, қазақ тілінде өз атауы бар мөрлері мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарға түседі.

      5. Комитет, егер оған заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Комитеттің құрылымы мен штат санының лимиті Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес бекітіледі.

      8. Комитеттің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, 010000, Астана қаласы, Есіл ауданы, Мәңгілік ел даңғылы, 8, "Министрліктер Үйі" Әкімшілік ғимараты.

      9. Мемлекеттік органның толық атауы – "Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігінің Су шаруашылығы комитеті" республикалық мемлекеттік мекемесі.

      10. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Комитет қызметін қаржыландыру республикалық бюджеттен жүзеге асырылады.

      12. Комитетке кәсіпкерлік субъектілерімен Министрліктің өкілеттігі болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Комитетке заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2 тарау. Комитеттің міндеттері, құқықтары және міндеттілігі

      13. Міндеті - су шаруашылығы саласында мемлекеттік саясатты іске асыру, реттеуші және іске асыру функцияларын орындау мәселелері бойынша үйлестіруді қамтамасыз ету.

      14. Комитет құқықтары:

      1) Комитеттің құзыретіне кіретін өндірістік қызмет мәселелерін жедел шешуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация Министрлігінің құрылымдық бөлімшелерімен өзара қарым-қатынасқа түсуге;

      2) мемлекеттік және мемлекеттік емес органдар мен ұйымдардан, лауазымды адамдардан Комитеттің құзыретіне жатқызылған мәселелерді шешу үшін қажетті ақпаратты, құжаттар мен материалдарды сұратуға және алуға;

      3) Комитет реттейтін қызметті жетілдіру жөнінде ұсыныстар енгізуге;

      4) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өзге де құқықтарды жүзеге асыруға құқылы.

      Комитеттің міндеттілігі:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасын, жеке және заңды тұлғалардың құқықтары мен заңмен қорғалатын мүдделерін сақтауға, оның ішінде:

      заңнамада белгіленген тәртіппен қоғамдық мониторинг жүргізетін коммерциялық емес ұйымдарға тиісті ақпарат беруге қатысу;

      жеке және заңды тұлғалардың шағымдары мен өтініштерін қарау;

      жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде белгіленген тәртіпте және мерзімдерде қабылдау және қарау;

      өтініш берушілер көтеретін жүйелік проблемаларды талдау және анықтау;

      2) осы Ережеге сәйкес Комитетке жүктелген функцияларды уақтылы және сапалы орындауға міндетті.

      15. Функциялары:

      1) тікелей су объектілерінде орналасқан су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану қағидаларын әзірлеуге қатысады;

      2) су шаруашылығы, гидромелиорациялық жүйелер мен құрылыстарды пайдалану қағидаларын әзірлеуге қатысады;

      3) елді мекендер шегінен тыс жерлерде су қорын пайдалану мен қорғау, сумен жабдықтау және су бұру саласындағы жобалау, iзденiс, ғылыми-зерттеу және конструкторлық жұмыстарды ұйымдастырады;

      4) су шаруашылығында инвестициялық жобаларды дайындайды және іске асырады;

      5) су шаруашылығы құрылыстарын жалға беру және сенімгерлік басқару тәртібін айқындауға қатысады;

      6) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарайды;

      7) мемлекеттік сатып алуларды өткізуді ұйымдастыруды жүзеге асырады;

      8) заңнамалық актілерде, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерінде көзделген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

3-тарау. Комитет төрағасының жұмысты ұйымдастырудағы мәртебесі, өкілеттігі

      16. Комитет басшылығын Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын Комитет төрағасы жүзеге асырады.

      17. Комитет төрағасы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      18. Комитет төрағасының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      19. Комитет төрағасының өкілеттіктері:

      1) өз құзыреті шегінде бұйрықтарға қол қояды;

      2) Министрлікке Комитеттің құрылымы мен штат саны бойынша ұсыныстар береді;

      3) еңбек қатынастары мәселелері заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерді қоспағанда, Комитет қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      4) еңбек қатынастары мәселелері заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа Комитет қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      5) өз құзыреті шегінде Комитетте сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөнінде шаралар қабылдайды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар ұйымдастырады және Комитетке дербес жауапты болады;

      6) Комитетте қаржы-шаруашылық қызметке және мемлекеттік сатып алуды жүргізуге жалпы басшылықты жүзеге асырады;

      7) Еңбек қатынастары мәселелері заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың, сондай-ақ ведомстволық бағынысты ұйымдардың басшылары мен олардың орынбасарларының құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа Комитет қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жаза қолданады;

      8) еңбек қатынастары мәселелері заңнамалық актілерге сәйкес жоғары тұрған мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдардың құзыретіне жатқызылған қызметкерлерден басқа Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу, демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстемеақылар төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;

      9) Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің ережелерін бекітеді;

      10) заңнамада белгіленген тәртіппен нысаналы бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын объектілерді салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелерді немесе жобалау-сметалық құжаттамаларды бекітеді;

      11) реттелетін салада мемлекеттік саясатты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлейді;

      12) комитетті мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда сенімхатсыз ұсынады;

      13) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес мемлекеттік органдар мен өзге де ұйымдарда Комитеттің мүдделерін білдіру үшін сенімхат береді;

      14) Қазақстан Республикасы Президентінің заңдары мен актілеріне сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.

      Комитет төрағасы болмаған кезеңде өкілеттіктерін орындауды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

      20. Комитет төрағасы өз орынбасарларының өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес айқындайды.

4-тарау. Комитеттің мүлкі

      21. Комитеттің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Комитеттің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      22. Комитетке бекітілген мүлік республикалық меншікке жатады

      23. Егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, Комитет өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті дербес иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Комитетті қайта құру және тарату

      24. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады