"Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесін құру туралы

Жаңа

Қостанай облысы Меңдіқара ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 2 желтоқсандағы № 165 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 41 - бабына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31 - бабына, "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 124 - бабына, Қазақстан Республикасы Әділет министрі міндетін атқарушысының 2017 жылғы 28 қаңтардағы № 1202 "Мемлекеттік орган болып табылатын мемлекеттік мекемені қоспағанда, мемлекеттік мекеменің үлгі жарғысын (жалпы ережесін) және Мемлекеттік кәсіпорынның үлгі жарғысын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес Меңдіқара ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған "Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жарғысы бекітілсін.

      3. "Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) жоғарыда көрсетілген Жарғының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулыға қол қойылған күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде оның қазақ және орыс тілдеріндегі электрондық түрдегі көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Қостанай облысы бойынша филиалына ресми жариялау және Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберілуін;

      3) осы қаулының ресми жарияланғанынан кейін оның Меңдіқара ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Меңдіқара ауданы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізілсін.

      Меңдіқара ауданының әкімі Ғ. Бекбаев

  Меңдіқара
  ауданы әкімдігінің
  2024 жылғы 2 желтоқсандағы
  № 165 қаулысымен
  бекітілген

"Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің жарғысы

1. Жалпы ережелер

      1. "Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Орталық) үйде қызметтер көрсету жағдайларында халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік көрсету функцияларын жүзеге асыру үшін мекеме ұйымдық құқықтық нысанында құрылған заңды тұлға мәртебесіне ие коммерциялық емес ұйым болып табылады.

      2. Орталық Меңдіқара ауданы әкімдігінің 2024 жылғы 2 желтоқсандағы № 165 қаулысымен құрылды.

      3. Орталықтың құрылтайшысы Меңдіқара ауданының әкімдігі болып табылады.

      4. Тиісті саланың уәкілетті органы, сондай-ақ оған байланысты Орталықтың мүлкіне қатысты құқық субъектісінің функцияларын жүзеге асыратын орган "Меңдіқара ауданының қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі болып табылады.

      5. Орталықтың атауы: "Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің "Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі.

      6. Орталықтың тұрған жері: 111300, Қазақстан Республикасы, Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Боровское ауылы, Летунов көшесі, 7.

2. Орталықтың заңдық мәртебесі

      7. Орталықтың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес дербес теңгерімі, банкте шоттары, бланкілері, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген және Орталықтың атауы жазылған мөрі болады.

      8. Орталық басқа заңды тұлғаны құра алмайды, сондай-ақ оның құрылтайшысы (қатысушысы) бола алмайды, Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда.

      9. Орталық өзiнiң мiндеттемелерi бойынша өзiнің кепілдігіндегі ақшамен жауап бередi. Орталықта ақша жеткіліксіз болған кезде оның міндеттемелері бойынша Қазақстан Республикасы немесе әкімшілік-аумақтық бірлік тиісті бюджет қаражатымен субсидиарлық жауапты болады.

      10. Орталықтың азаматтық-құқықтық мәмілелері, олардың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің аумақтық қазынашылық бөлімшелерінде міндетті тіркелгеннен кейін, күшіне енеді.

3. Орталық қызметінің мәні және мақсаттары

      11. Орталық қызметінің мәні: көрсетілетін қызметтерді алушылардың тұрғылықты жері бойынша үйде қызметтер көрсету жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету болып табылады.

      12. Орталық қызметінің мақсаты жалғызбасты, қарт, еңбекке жарамсыз адамдарға, мүгедектігі бар адамдарға оның ішінде: өзгенің күтімі мен көмегіне мұқтаж мүгедектігі бар балаларға, арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету болып табылады.

      13. Өз мақсаттарына жету үшін Орталық қызметтің келесі түрлерін жүзеге асырады:

      1) азаматтардың келесі санаттарына тәуліктің күндізгі уақытында тұрғылықты жері бойынша үйдегі күтім жасау жағдайларында арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемін көрсету:

      психоневрологиялық ауытқулары бар мүгедектігі бар балаларға;

      тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар балаларға;

      психоневрологиялық аурулары бар он сегіз жастан асқан мүгедектігі бар адамдарға;

      бірінші және екінші топтағы мүгедектігі бар адамдарға;

      егде жасына байланысты өзіне қызметтер көрсетуге мүмкіндігі жоқ адамдарға;

      2) арнаулы әлеуметтік қызметтерге қажеттілікті бағалау және айқындау.

      14. Орталыққа осы жарғыда бекітілген өз қызметінің мәні мен мақсаттарына сай келмейтін қызметті жүзеге асыруға, сондай-ақ мәмілелер жасауға тыйым салынады.

      15. Орталық Қазақстан Республикасының заңдарымен немесе құрылтай құжаттарымен нақты шектелген не оның басшысының жарғылық құзыретін бұза отырып, қызмет мақсаттарына қайшы жасалған мәміле: тиісті саланың уәкілетті органның, мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның, жергілікті атқарушы органның, прокурордың талап-арызы бойынша жарамсыз деп танылуы мүмкін.

4. Орталықты басқару

      16. Орталықты жалпы басқаруды тиісті саланың уәкілетті органы "Меңдіқара ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.

      17. Тиісті саланың уәкілетті органы заңнамасында белгіленген ретпен мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      1) Орталыққа мүлікті бекітіп береді;

      2) Орталықтың жеке қаржыландыру жоспарын бекітеді;

      3) Орталық мүлкінің сақталуына бақылауды жүзеге асырады;

      4) Орталықтың жарғысын бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;

      5) Орталықтың басқару органдарының құрылымын, құрылуы тәртібі мен өкілеттік мерзімін, Орталықтың шешімдер қабылдау тәртібін анықтайды;

      6) Орталық басшысының құқықтарын, міндеттері мен жауапкершілігін, оны лауазымынан босату негіздерін айқындайды;

      7) Орталықтың құрылымы мен шекті штаттық санын бекітеді;

      8) жылдық қаржы есептілікті бекітеді;

      9) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органға Орталыққа берілген немесе өзінің шаруашылық қызметінің нәтижесінде олар сатып алған мүлікті алып қоюға немесе қайта бөлуге жазбаша келісімін береді;

      10) мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті органның келісімі бойынша Орталықты қайта ұйымдастыруды және таратуды жүзеге асырады;

      11) осы жарғының және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      18. Орталықтың басшысы Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тиісті саланың уәкілетті органымен қызметке тағайындалады және қызметтен босатылады.

      19. Орталықтың басшысы Орталық жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді, тиісті саланың уәкілетті органына тікелей бағынады (Қазақстан Республикасы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда) және Орталыққа жүктелген міндеттер мен олардың өз функцияларын жүзеге асыруына жеке жауапты болады.

      20. Орталықтың басшысы дара басшылық қағидаты бойынша әрекет етеді және Орталық қызметінің барлық мәселелерін Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы жарғыда айқындалатын өз құзыретіне сәйкес дербес шешеді.

      21. Орталық басшысының Орталықпен жарғылық емес қызметті жүзеге асыруға бағытталған әрекеті еңбек міндеттемелерін бұзу болып табылып, тәртіптік және материалдық жауапкершілікке әкеледі.

      22. Орталықтың қызметті жүзеге асыруы барысында Орталық басшысы Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Орталық атынан сенімхатсыз әрекет етеді;

      2) мемлекеттік органдарда, басқа да ұйымдарда Орталықтың мүддесін білдіреді;

      3) шарттар жасайды;

      4) сенімхаттар береді;

      5) Орталықтың іссапарларға, тағылымдамаға, қызметкерлерді қазақстандық және шетелдік оқу орталықтарында оқытуға және қызметкерлердің біліктілігін жоғарылатудың өзге де түрлеріне байланысты тәртібі мен жоспарларын бекітеді;

      6) банк шоттарын ашады;

      7) барлық қызметкерлер үшін міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      8) тиісті саланың уәкілетті органымен келісу бойынша тағайындайтын қызметкерлерден басқа, Орталық қызметкерлерін жұмысқа қабылдайды және жұмыстан босатады;

      9) Орталық қызметкерлеріне, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес көтермелеу және жазалау шараларын қолданады;

      10) оған Қазақстан Республикасы заңнамасымен, осы жарғымен және тиісті саланың уәкілетті органы жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

5. Орталық мүлкінің құрылу тәртібі

      23. Орталық мүлкін құны оның теңгерімінде айқындалатын заңды тұлғаның активтері құрайды. Орталықтың мүлкі мыналардың:

      1) оған меншік иесі берген мүлік;

      2) өз қызметі барысында сатып алған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда);

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған өзге де қаржы көздері себінен құрылады.

      24. Орталық дербес иеліктен шығаруға немесе оған бекітілген мүлік пен оған смета қаражаты бойынша мүлікке өзгеше тәсілмен иелік етуге бөлінген құқығы жоқ.

      25. Егер Қазақстан Республикасының заңдарымен Орталыққа кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 161-бабының 2-тармағында көзделген салаларында Орталық өндіретін тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) өткізуден түсетін ақшаны қоспағанда, мұндай қызметтен алынған ақша тиісті бюджеттің есебіне жатқызылады.

      26. Егер Қазақстан Республикасының заңдарында қосымша қаржыландыру көзі белгіленбесе, Орталықтың қызметі тиісті саланың уәкілетті органы бюджетінен не Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің бюджетінен (шығыстар сметасынан) қаржыландырады.

      27. Орталық бухгалтерлік есеп жүргізеді және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес есептілік ұсынады.

      28. Орталықтың қаржылық-шаруашылық қызметін тексеру және ревизияны Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен тиісті саланың уәкілетті органы жүзеге асырады.

6. Орталықтағы жұмыс тәртібі

      29. Орталықтың жұмыс тәртібі ішкі еңбек тәртібінің қағидаларымен белгіленеді және Қазақстан Республикасы еңбек заңнамасының нормаларына қайшы келмеуі тиіс.

7. Құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тәртібі

      30. Орталықтың құрылтай құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу тиісті саланың уәкілетті органының шешімі бойынша жүзеге асырылады және "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес аймақты тіркеу органдарында тіркеледі.

8. Орталықты қайта ұйымдастыру және тарату шарттары

      31. Орталықты қайта ұйымдастыру және тарату жергілікті атқарушы органның шешімі бойынша жүргізіледі.

      32. Мемлекеттік заңды тұлға, заңнамалық актілермен басқа да негіздер бойынша таратылуы мүмкін.

      33. Орталықты қайта ұйымдастыруды және таратуды жергілікті атқарушы орган жүзеге асырады.

      34. Кредит берушілердің талаптарын қанағаттандырғаннан кейін қалған таратылған мемлекеттік заңды мекеменің мүлкін мемлекеттік мүлік жөніндегі уәкілетті орган қайта бөледі.

      35. Таратылған Орталықтың мүлкін өткізу нәтижесінде алынған қаражатты қоса алғанда, осы заңды тұлғаның кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған ақшасы тиісті бюджет кірісінің есебіне жатқызылады.

9. Орталықтың филиалдары мен өкілдіктері туралы мәліметтер

      36. Орталықтың филиалдары мен өкілдіктері жоқ.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады