"Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Павлодар облысы әкімдігінің 2024 жылғы 21 қарашадағы № 279/2 қаулысы

      Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 127-бабына, Қазақстан Республикасының "Құқықтық актілер туралы" Заңының 65-бабы 3-тармағына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" № 590 қаулысына сәйкес Павлодар облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. Павлодар облысы әкімдігінің 2024 жылғы 22 мамырдағы "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы" № 120/2 қаулысының күші жойылсын.

      3. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен:

      осы қаулыны ресми жариялау және Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне енгізу үшін "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жіберуді;

      осы қаулыны Павлодар облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      осы қаулыдан туындайтын барлық қажетті шараларды қабылдауды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі А. Байханов

  Павлодар облысы әкімдігінің
2024 жылғы "21" қарашадағы
№ 279/2 қаулысымен
бекітілді

"Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі Павлодар облысының аумағында Қазақстан Республикасының энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, сумен жабдықтау және су бұру саласында қызметін жүзеге асыруға Павлодар облысының әкімдігі уәкілеттік берген облыстық бюджеттен қаржыландырылатын мемлекеттік орган болып табылады.

      2. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің ведомстволары жоқ.

      3. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі азаматтық заңнамаға сәйкес уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      7. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамамен белгіленген тәртіппен "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымы мен штат санының лимиті "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңға сәйкес бекітіледі.

      9. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің орналасқан жері: Қазақстан Республикасы, Павлодар облысы, 140000, Павлодар қаласы, Жеңіс алаңы, 5Б-үй.

      10. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің жұмыс режимі: жұмыс күндері: дүйсенбі – жұма күндері сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін, демалыс күндері: сенбі - жексенбі.

      11. Мемлекеттік мекеменің мемлекеттік тілдегі толық атауы – "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі;

      орыс тілінде – государственное учреждение "Управление энергетики и жилищно-коммунального хозяйства Павлодарской области".

      12. Мемлекет Павлодар облысының әкімдігі тұлғасында "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылтайшысы болып табылады.

      "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі "Павлодар облысының энергетика басқармасы" мемлекеттік мекемесі мен "Павлодар облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің бірігуі жолымен қайта ұйымдастыру нәтижесінде құрылды, тараптар дауласатын міндеттемелерді қоса алғанда, тапсырыс актісіне сәйкес құқықтары мен міндеттеріне қатысты олардың құқық иеленушісі болып табылады.

      13. Осы Ереже "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылтай құжаты болып табылады.

      14. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің қызметін қаржыландыру облыстық бюджеттен жүзеге асырылады.

      15. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесіне кәсіпкерлік субъектілерімен "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесіне заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кірістер, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің мақсаты, қызмет мәні, негізгі міндеттері, өкілеттіктері және функциялары

      16. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің мақсаты облыстық деңгейде энергетика, энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, сумен жабдықтау және су бұру мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру болып табылады.

      17. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі қызметінің мәні облыстық деңгейде энергетика, энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, сумен жабдықтау және су бұру мәселелері жөніндегі іс-шараларды іске асыру болып табылады.

      18. Міндеттері:

      1) облыстың энергетика, энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру бойынша жұмысты ұйымдастыру және үйлестіру;

      2) энергетика, энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласында облыстық бағдарламалар мен іс-шаралар жоспарын әзірлеу және іске асыру;

      3) республикалық маңызы бар электр желілері мен электр станцияларын қоспағанда, облыстың энергетика кәсіпорындарын тиімді дамытуға және қызмет етуіне бағытталған шараларды ұйымдастыру;

      4) "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құзыреті шегінде облыс мемлекеттік кәсіпорындарының, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұйымдары мен мекемелерінің қызметін үйлестіру;

      5) облыстың коммуналдық меншігіндегі су құбырларын, тазарту құрылыстарын, жылу және электр желілерін, инженерлік инфрақұрылымның басқа да объектілерін реконструкциялауды және пайдалануды ұйымдастыру;

      6) коммуналдық меншіктегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың су шаруашылығы құрылыстарының жай-күйіне мониторингті жүзеге асыру;

      7) облыстың энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерінің мониторингін жүзеге асыру, оларды жобалау және салу кезінде ұсыныстар енгізу;

      19. Өкілеттіктері:

      1. Құқықтары:

      1) өз құзыреті шеңберінде облыс әкімдігі мен әкімінің қарауына энергетика, энергия үнемдеу, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, абаттандыру, сумен жабдықтау және су бұру мәселелері бойынша проблемаларды жедел шешу бойынша ұсыныстар мен қаулы жобаларын енгізу;

      2) өз құзыреті шегінде шарттар, келісімдер жасасу;

      3) "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша мемлекеттік органдардан, ұйымдардан, кәсіпорындардан, лауазымды тұлғалардан қойылған міндеттерді орындау үшін қажетті ақпарат пен материалдарды заңнамада белгіленген тәртіппен сұрату және алу;

      4) жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын басқа атқарушы органдардың мамандарын олардың басшыларының келісімі бойынша жұмысқа тарту;

      5) энергетика, энергия үнемдеу, энергия тиімділігін арттыру және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сумен жабдықтау және су бұру салаларындағы облыстық бағдарламалар мен іс-шаралар жоспарларын әзірлеу және іске асыру;

      6) жергілікті бюджет қаражаты болған кезде елді мекенге бірыңғай сәулеттік көрініс беруге бағытталған көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттерін, шатырларын ағымдағы немесе күрделі жөндеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыруды және қаржыландыруды жүзеге асыру;

      7) жергілікті бюджет қаражаты болған кезде пәтерлердің, көппәтерлі тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелері қаражаттың қайтарымдылығын қамтамасыз ету шартымен көппәтерлі тұрғын үйлерді күрделі жөндеуді ұйымдастыруды және қаржыландыруды жүзеге асыру;

      8) жергілікті бюджет қаражаты болған кезде көппәтерлі тұрғын үйлердегі лифттерді жөндеу мен ауыстыруды пәтерлердің, көппәтерлі тұрғын үйлердің тұрғын емес үй-жайларының меншік иелерінің қаражатты қайтаруын қамтамасыз ету шартымен ұйымдастыруды және қаржыландыруды жүзеге асыру;

      9) "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлеріне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін мемлекеттік органдармен, лауазымды адамдармен өзара іс-қимылды жүзеге асыру;

      10) облыс әкімінің тапсырмаларын, облыс әкімдігі мен әкімі актілерін орындау және орындауды ұйымдастыру;

      11) бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылықпен байланыстарды орнату және тұрақты дамыту;

      12) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа арызбен жүгіну;

      13) өз қызметін жүзеге асыру үшін қажетті өзге де құқықтарды пайдалану.

      2. Міндеттері:

      1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;

      2) өз құзыреті шегінде мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асыру;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз құзыреті шегінде барлық сатыдағы соттарда, мемлекеттік органдарда, мекемелерде, кәсіпорындарда және өзге де ұйымдарда әкімнің, әкімдіктің мүдделерін білдіру.

      20. Функциялары:

      1) өз құзыреті шегінде абаттандыру, облыстың энергетикалық кешенін және облыстың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа дайындау, облыстың отын қорлары мен мемлекеттік ресурстарын құру және ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шаралардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асыру;

      2) есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларын бекіту;

      3) жылыту маусымын дайындау және өткізу қағидаларын әзірлеу және мәслихатқа бекітуге ұсыну;

      4) ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың аса маңызды жергілікті жүйелерінің тізбесін әзірлеу және бекіту;

      5) облыстың жергілікті өкілді органына ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын аса маңызды топтық және жергілікті сумен жабдықтау жүйелерінен халыққа берілген ауыз судың бір текше метріне тиісінше уәкілетті орган немесе облыстардың жергілікті атқарушы органдары бекіткен тізбелер бойынша төлемақы мөлшерін әзірлеу және бекітуге ұсыну;

      6) тиісінше уәкілетті орган немесе облыстың жергілікті атқарушы органы бекіткен тізбелер бойынша ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын сумен жабдықтаудың аса маңызды топтық және жергілікті жүйелерінен ауыз су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау жөніндегі іс-шараларды іске асыру;

      7) коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органға ауыз сумен жабдықтаудың баламасыз көздері болып табылатын, оның ішінде оған өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген кезде сумен жабдықтаудың аса маңызды жергілікті жүйелерінің тізбесін бекіту туралы ақпарат беру;

      8) тиісті аумақты дамыту бағдарламасына энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі іс-шараларды енгізуді қамтамасыз ету;

      9) уәкілетті органның келісімі бойынша іске асыру мерзімі үш жыл болатын энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру жөніндегі жол картасын әзірлеу және бекіту, сондай-ақ іске асыруды жүзеге асыру;

      10) өз құзыреті шегінде энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      11) өз құзыреті шегінде мемлекеттік мекемелердің энергия тұтыну нормативтерінің сақталуына мониторингті жүзеге асыру;

      12) өз құзыреті шегінде электр энергетикасы саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға қатысу;

      13) уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен жылу маусымын үздіксіз өткізу үшін отын сатып алуға энергия өндіруші ұйымдардың шығындарын субсидиялауды, кеңейту, жаңғырту, қайта жаңарту жөніндегі жобаларды іске асыру үшін тартылған халықаралық қаржы ұйымдарының қарыздарын өтеуге және оларға қызмет көрсетуге электр энергиясын беру және жабдықтау, уәкілетті мемлекеттік органдар айқындайтын тәртіппен қолданыстағы активтерді кеңейту, жаңғырту, қайта жаңарту, жаңарту, қолдау және жаңа активтер құру жөніндегі жобаларды іске асыру үшін тартылған, жылу энергиясын өндіру, беру және жабдықтау саласындағы ұйымдардың шығындарын субсидиялауды жүзеге асыру;

      14) өз құзыреті шегінде Қазақстан Республикасының ішкі нарығына сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспары шеңберінде өткізілетін сұйытылған мұнай газының айналымына бақылауды жүзеге асыру;

      15) тауар биржаларынан тыс жеткізу жоспары шеңберінде бөлінген сұйытылған мұнай газының көлемін бөлу;

      16) сұйытылған мұнай газын өткізумен айналысатын тұлғаларды қоспағанда, тиісті жергілікті атқарушы органның, Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының және басқа да тұлғалардың өкілдерінен комиссия құру;

      17) Қазақстан Республикасын газдандырудың бас схемасын іске асыруға қатысу;

      18) уәкілетті органға облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында сұйытылған мұнай газын тұтыну болжамын ұсыну;

      19) облыс аумағында сұйытылған мұнай газын өткізу және тұтыну жөніндегі мәліметтерді уәкілетті органға ұсыну;

      20) тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормасын бекіту;

      21) "Табиғи монополиялар туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 1-тармағының 9), 10), 12) және 13) тармақшаларында көзделген реттеліп көрсетілетін қызметтерді ұсынатын табиғи монополиялар субъектілерін қоспағанда, Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополиялар субъектісінің инвестициялық бағдарламасына өзгерістерді бекіту және уәкілетті органмен бірлесіп енгізу;

      22) уәкілетті органға табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасының іс-шараларын қабылдаудың орындылығы немесе орынсыздығы туралы қорытындыны инвестициялық бағдарламаны бекітуге өтініш берілген күннен бастап отыз жұмыс күнінен кешіктірмей жіберу;

      23) Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөлімінде орналасқан табиғи монополия субъектісінің бекітілген инвестициялық бағдарламасының орындалуы туралы есепті қарау қорытындылары бойынша ол келіп түскен күннен бастап күнтізбелік қырық бес күннен кешіктірмей уәкілетті органға бекітілген инвестициялық бағдарламаның іс-шараларын орындауды қабылдаудың орындылығы немесе орынсыздығы туралы өз қорытындысын белгіленген тәртіппен жолдау;

      24) өз құзыреті шегінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      25) "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі қызметкерлерінің мемлекеттік қызмет өткеруіне байланысты мәселелерді іске асыру;

      26) жергілікті мемлекеттік басқару мүддесінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен жергілікті атқарушы органдарға жүктелетін өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру;

      27) балалардың ойын алаңдарына арналған аттракциондардың, жабдықтардың қауіпсіз пайдаланылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру;

      28) мемлекеттік-жекешелік әріптестіктің жергілікті жобалары бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттарын жасасу;

      29) қажет болған жағдайда тиісті облыстың аудандары мен облыстық маңызы бар қалаларын жылумен жабдықтауды дамыту схемаларын әзірлеуді және іске асыруды қаржыландыруды қамтамасыз ету;

      30) жылумен жабдықтау субъектілерінің облыстық тізілімін жүргізу;

      31) көрсетілетін қызметті алушының жеке тұрғын үй қорынан жалға алатын тұрғын үйдің нысаналы пайдаланылуына кемінде тоқсанына бір рет мониторингті жүзеге асыру.

3. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      21. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесіне басшылықты "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      22. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес Павлодар облысының әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      23. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын орынбасарлары болады.

      24. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі бірінші басшысының өкілеттігі:

      1) "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің жұмысын ұйымдастырады, оның қызметіне басшылықты жүзеге асырады;

      2) "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің функциялары мен өкілеттіктерін белгілейді;

      3) "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің қызметкерлерін марапаттауды, оларға материалдық көмек көрсетуді, тәртіптік жаза қолдануды жүзеге асырады;

      5) оның құзыретіне жататын мәселелер бойынша "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің барлық қызметкерлері орындауға міндетті бұйрықтар шығарады және нұсқаулар береді;

      6) "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді, оның қызметкерлерінің лауазымдық нұсқаулықтарын бекітеді;

      7) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес барлық мемлекеттік органдарда және меншік нысанына қарамастан өзге де ұйымдарда "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің мүддесін білдіреді;

      8) сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет етеді және оған дербес жауап береді;

      9) "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің құрылымын әзірлеуді қамтамасыз етеді;

      "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оның орынбасарларының бірі орындайды.

      25. Бірінші басшы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес өз орынбасарларының өкілеттіктерін белгілейді.

      26. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі мен коммуналдық мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.

      27. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі мен тиісті саланың уәкілетті органы арасындағы өзара қарым-қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен реттеледі.

      28. "Павлодар облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің әкімшілігі мен еңбек ұжымы арасындағы өзара қарым-қатынастар мемлекеттік қызмет туралы заңнамаға және Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес айқындалады.

4. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің мүлкі

      29. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      30. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесіне бекітілген мүлік облыстық коммуналдық меншікке жатады.

      31. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі, егер заңнамада өзгеше белгіленбесе, өзіне бекітілген мүлікті және оған қаржыландыру жоспары бойынша берілген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетінше иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен билік етуге құқылы емес.

5. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату (жою)

      32. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесін қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      33. "Павлодар облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі таратылған кезде кредиторлардың талаптары қанағаттандырылғаннан кейін қалған мүлік облыстық коммуналдық меншікте қалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады