Май ауданы Көктүбек ауылдық округінің аумағында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу және жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл тұрғындары өкілдерінің сандық құрамын қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Павлодар облысы Май аудандық мәслихатының 2024 жылғы 22 ақпандағы № 10/11 шешімі

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 6-тармағына, "Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 23 маусымдағы № 122 бұйрығына сәйкес,Май аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Май ауданы Көктүбек ауылдық округінің аумағында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу қағидалары қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Май ауданы Көктүбек ауылдық округінің аумағында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін тұрғындардың жалпы санының 1(бір) проценті мөлшерінде, бірақ 3 (үш) адамнан аспайтын мөлшерде Көктүбек ауылдық округі өкілдерінің сандық құрамы бекітілсін.

      3. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Май аудандық мәслихатының төрағасы М. Хызыр

  Май аудандық
мәслихатының 2024 жылғы
22 ақпандағы № 10/11
шешімімен бекітілген

Май ауданы Көктүбек ауылдық округінің жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Май ауданы Көктүбек ауылдық округінің бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу қағидалары "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 39-3-бабының 6-тармағына, "Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізудің үлгілік қағидаларын бекіту туралы" "Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2023 жылғы 23 маусымдағы № 122 бұйрығына және Май ауданы Көктүбек ауылдық округінің аумағында бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізу тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) бөлек жергілікті қоғамдастық жиыны-ауыл тұрғындарының (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлауға тікелей қатысуы;

      2) жергілікті қоғамдастық – шекараларында жергілікті өзін-өзі басқару жүзеге асырылатын, оның органдары құрылатын және жұмыс істейтін Май ауданы Көктүбек ауылдық округінің аумағында тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) жиынтығы.

2 тарау. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарын өткізу тәртібі

      3. Бөлек жергілікті қоғамдастық жиынын өткізу үшін Көктүбек ауылдық округінің аумағы Көктөбе ауылы және Шыған кент учаскіге бөлінеді.

      4. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарында жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін саны үш адамнан аспайтын өкілдер сайланады.

      5. Көктүбек ауылдық округінің әкімі ауылдар шегінде жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын шақырады және өткізуді ұйымдастырады.

      6. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиындарының шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы жергілікті қоғамдастықтың халқын Көктүбек ауылдық округінің әкімі бұқаралық ақпарат құралдары, Instagram, Facebook, Whats’App әлеуметтік желілері арқылы немесе өзге де тәсілдермен өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірмей хабардар етеді.

      7. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын ашудың алдында тиісті ауылдың қатысып отырған тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.

      Кәмелетке толмағандардың, сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың, сондай-ақ сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын адамдардың жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысуына жол берілмейді.

      Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиыны осы ауылда тұратын тұрғындардың (жергілікті қоғамдастық мүшелерінің) кемінде он пайызы қатысқан кезде өтті деп есептеледі.

      8. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынын Көктүбек ауылдық округінің әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.

      Көктүбек ауылдық округінің әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының төрағасы болып табылады.

      Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында хаттама жүргізіледі, жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасын ресімдеу үшін ашық дауыс беру арқылы хатшы сайланады.

      9. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын Май аудандық мәслихаты бекіткен сандық құрамға сәйкес бөлек жергілікті қоғамдастық жиынының қатысушылары ұсынады.

      10. Дауыс беру ашық тәсілмен әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынына қатысушылардың ең көп дауысын жинаған кандидаттар сайланды деп есептеледі.

      Бөлек жиынның төрағасы, егер жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынында дауыс беру кезінде қатысушылардың дауыстары тең бөлінген жағдайда шешуші дауыс құқығын пайдаланады.

      11. Жергілікті қоғамдастықтың бөлек жиынының хаттамасына төраға мен хатшы қол қояды және бөлек жиын өткізілген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде жиын хатшысы тіркеу үшін Көктүбек ауылдық округі әкімінің аппаратына береді.

      Жергілікті қоғамдастық жиынында немесе жергілікті қоғамдастық жиналысында хаттама жүргізіледі, онда:

      1) жергілікті қоғамдастық жиынының немесе жергілікті қоғамдастық жиналысының өткізілетін күні мен орны;

      2) тиісті аумақта тұратын және жергілікті қоғамдастық жиынына немесе жергілікті қоғамдастық жиналысына қатысуға құқығы бар жергілікті қоғамдастық мүшелерінің жалпы саны;

      3) саны және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетілген қатысушылардың тізімі;

      4) жергілікті қоғамдастық жиыны немесе жергілікті қоғамдастық жиналысы төрағасының және хатшысының тегі, аты, әкесінің аты (ол болған кезде);

      5) күн тәртібі, сөз сөйлеу мазмұны және қабылданған шешімдер.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады