"Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 31-бабына, "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі №590 қаулысына сәйкес, Келес ауданы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған "Келес ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі туралы Ережесі жаңа редакцияда бекітілсін.
2. "Келес ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы қаулыны Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялауға жіберуін;
2) осы қаулыны оның ресми жарияланғаннан кейін оны Келес ауданы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Келес ауданы әкімі аппаратының басшысына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы | Д.Сариев |
Келес ауданы әкімдігінің "26" тамыздағы 2024 жылғы №201 қаулысына қосымша |
"Келес ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің ЕРЕЖЕСІ
1. Жалпы ережелер
1. "Келес ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – Мемлекеттік орган) әкімнің және жергілікті мемлекеттік басқарудың қызметін қамтамасыз ету саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.
2. Мемлекеттік органның ведомстволары жоқ.
3. Мемлекеттік орган өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
4. Мемлекеттік орган мемлекеттік мекеменің ұйымдық - құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрі және қазақ тілінде өз атауы бар мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
5. Мемлекеттік орган азаматтық - құқықтық қатынастарды өз атынан жасайды.
6. Мемлекеттік орган, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілеттік берілген жағдайда ол мемлекеттің атынан азаматтық - құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.
7. Мемлекеттік орган өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен "Келес ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.
8. Мемлекеттік органның құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.
9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 160905, Түркістан облысы, Келес ауданы, Абай ауылы, Т.Рысқұлов көшесі, 89.
10. Осы ереже Мемлекеттік органның құрылтай құжаты болып табылады.
11. Мемлекеттік органның қызметін қаржыландыру Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
12. Мемлекеттік органға кәсіпкерлік субъектілерімен "Келес ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысынан шарттық қарым-қатынас жасауға тыйым салынады.
Егер Мемлекеттік органға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.
2. Мемлекеттік органның мақсаттары мен өкілеттіктері
13. Мақсаттары:
1) мемлекеттік егемендікті, конституциялық құрылысты қорғау және нығайту, Қазақстан Республикасының қауіпсіздігін, аумақтық тұтастығын қамтамасыз ету бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің саясатын өмірге енгізу;
2) заңдылықты және құқықтық тәртіпті нығайту, азаматтардың құқықтық таным деңгейін арттыру және елдің қоғамдық - саяси өмірінде олардың белсенді азаматтық көзқарас ұстануы бойынша шараларды жүзеге асыру;
3) аудандағы мемлекеттік, әлеуметтік-экономикалық саясат пен әлеуметтік және экономикалық үдерістерді басқарудың негізгі бағыттарын жүзеге асыру, осы мақсатта барлық атқарушы билік органдарының келісіп қызмет етуін қамтамасыз етеді.
14. Өкілеттіктері:
1) құқықтары:
аудан әкімінің және әкімдігінің мүдделерін білдіру;
өзінің құзіреті шегінде сұратуларды жіберу және мемлекеттік органдардан, лауазымды тұлғалар мен өзге ұйымдардан аудан әкімінің және әкімдігі құзыретінің мәселелері бойынша қажетті ақпаратты, құжаттар мен өзге де материалдарды алу;
өзінің құзыретіндегі мәселелер бойынша аудан аумағында орналасқан ұйымдар басшыларына қажетті тапсырмалар беру (келісім бойынша);
тиісті аумақта басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша басқа мемлекеттік басқару органдарымен, қоғамдық өзін-өзі басқару органдарымен және басқа да ұйымдармен өзара іс-қимыл жасау.
2) міндеттері:
Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының нормаларын сақтау;
Президенттің, Үкіметтің және өзге де орталық атқарушы органдардың, сондай-ақ облыс әкімі мен әкімдігінің актілері мен тапсырмаларын сапалы және уақытылы орындау;
тиісті аумақты дамыту мүдделерімен және қажеттіліктерімен қатар атқарушы биліктің жалпы мемлекеттік саясатын жүргізуді қамтамасыз етуде аудан әкіміне, әкімдігіне көмек көрсету.
15. Функциялары:
1) Мемлекеттік органның құрылымдық бөлімшелерінде, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдарда атқарушылық тәртіптің жай-күйіне талдау жүргізеді;
2) әкімдік мәжілістерін, кеңестерді, семинарларды және басқа да іс-шараларды өткізуді жоспарлайды, оларды дайындау мен өткізуді ұйымдастырады, әкімдік мүшелерінің және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдар басшыларының ұсыныстары бойынша әкімдік мәжілістерінде қаралатын мәселелердің тоқсан сайынғы тізбесін жасайды;
3) әкімдіктің іс қағаздарын жүргізеді және әкімдікке, әкімге келіп түсетін хат-хабарларды өңдейді, басқа мемлекеттік органдар мен ұйымдардан келіп түсетін ақпаратты, сондай-ақ аудан әкімдігінің және әкімінің құзыретіне жататын мәселелер бойынша жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін жинауды және өңдеуді қамтамасыз етеді;
4) әкімдік қаулыларының, әкімнің шешімдері мен өкімдерінің жобаларын, Мемлекеттік орган басшысының бұйрықтарын дайындауды ұйымдастырады және қамтамасыз етеді;
5) Қазақстан Республикасы Президентінің, Үкіметінің және орталық мемлекеттік органдарының, сондай-ақ облыс, аудан әкімінің және әкімдігінің актілері мен тапсырмаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады;
6) аудан әкіміне бағынысты мемлекеттік басқару органдарының өзара іс-қимылын және қызметін үйлестіруді қамтамасыз етеді;
7) заң қызметінің әкімдіктің нормативтік құқықтық актілерін әзірлеуге тікелей қатысуын қамтамасыз етеді, аудан әкімі мен әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерін қабылдауды, мемлекеттік тіркеуді, сондай-ақ жинауды, сақтауды және есепке алуды қамтамасыз етеді;
8) Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіпте әкімдік бөлімдері шығарған әкімшілік актілерге, әкімшілік әрекеттерге (әрекетсіздікке) шағымдарды қарауды жүзеге асырады;
9) ақпараттық қоғам жағдайында мемлекеттік басқару органдарының азаматтармен және заңды тұлғалармен өзара іс-қимылын ұйымдастыратын әкімдіктің интернет-ресурсын қолдауды және дамытуды қамтамасыз етеді;
10) аудан әкімі аппаратының және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың кадрларының мониторингін жүзеге асырады;
11) бос әкімшілік мемлекеттік лауазымдарға орналасуға конкурстар өткізуді ұйымдастыруды жүзеге асырады;
12) жергілікті атқарушы органдардың мемлекеттік қызметшілерінің тәртіптік теріс қылықтарын қарау жөніндегі бірыңғай тәртіптік комиссияның қызметін ұйымдастыруды жүзеге асырады;
13) ауданның жергілікті атқарушы органдарының мемлекеттік қызметшілерінің қызметін бағалау жөніндегі бірыңғай комиссияның қызметін ұйымдастыруды жүзеге асырады;
14) терроризмнің алдын алу, оның зардаптарын барынша азайту және (немесе) жою саласында терроризмге қарсы іс-қимыл жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
15) өңірлік деңгейде төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және жоюға бағытталған азаматтық қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
16) әкім және әкімдік шығарған актілерді тіркеуді жүргізеді, тиісті ресімдеуді және таратуды қамтамасыз етеді;
17) құжаттамалық қамтамасыз етуді, оның ішінде тиісті құжат айналымын ұйымдастыру, ақпараттық технологияларды енгізу және дамыту жолымен жүзеге асырады, іс жүргізу ережелерінің сақталуын бақылау және мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту;
18) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қабылдауды, тіркеуді және есепке алуды жүзеге асырады, аудан әкімінің, аудан әкімі орынбасарларының және аудан әкімі аппараты басшысының жеке тұлғаларды және заңды тұлғалар өкілдерін жеке қабылдауын ұйымдастырады;
19) аудан әкімдігіне келіп түсетін жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің сапасына, қарау мерзімдеріне бақылауды жүзеге асырады;
20) әкімдік бөлімдері мен ведомстволық бағынысты ұйымдарының мемлекеттік қызмет көрсету сапасына ішкі бақылауды жүзеге асырады;
21) ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптардың, деректерді басқару жөніндегі талаптардың сақталуын қамтамасыз етеді;
22) өңірлік деңгейде мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асыру бойынша іс-шаралар өткізеді;
23) мемлекеттік наградалармен наградталатын адамдардың деректер базасын қалыптастыруды жүзеге асырады;
24) Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы мәжілісі, аудандық мәслихат депутаттарының, ауыл және ауылдық округ әкімдерінің сайлауын өткізуді ұйымдастыруды қамтамасыз етеді, сайлаушылар тізімін жүргізуді жүзеге асырады;
25) алқабилерге кандидаттардың алдын ала тізімдерін жүргізу және өзектілендіруді қамтамасыз ету арқылы қылмыстық сот ісін жүргізуде алқабилердің қатысуымен байланысты қоғамдық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыруды жүзеге асырады;
26) әкімшілік-аумақтық құрылым саласында мемлекеттік саясатты іске асырады, облыс әкімдігіне ауданның әкімшілік-аумақтық құрылымын өзгерту туралы ұсыныстар енгізеді.
3. Мемлекеттік орган басшысының мәртебесі, өкілеттіктері
16. Мемлекеттік орган аппаратына басшылықты Мемлекеттік органға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруына дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.
17. Аудан әкімі аппаратының басшысын ауданның әкімі лауазымға тағайындайды және лауазымнан босатады.
18. Аудан әкімі аппараты басшысының өкілеттіктері:
1) Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес меншік нысанына қарамастан мемлекеттік органдарда, өзге де ұйымдарда Мемлекеттік органның мүддесін білдіреді;
2) Мемлекеттік органның атынан сенімхатсыз әрекет етеді;
3) Мемлекеттік органда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылға бағытталған шараларды қабылдайды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиісті шараларды қабылдамағаны үшін дербес жауапты болады;
4) Мемлекеттік органның жұмысын ұйымдастырады және басшылық етеді және жүктелген міндеттер мен функциялардың орындалуына дербес жауапты болады;
5) бұйрықтар шығарады;
6) қызметтік құжаттамаға қол қояды;
7) Мемлекеттік органның техникалық қызмет көрсетуді жүзеге асыратын және Мемлекеттік органның жұмыс істеуін қамтамасыз ететін және еңбек қатынастары мәселелері оның құзыретіне жатқызылған мемлекеттік қызметшілер болып табылмайтын Мемлекеттік органның қызметкерлерін тағайындайды, босатады, тәртіптік жазаға тартады және оларға қатысты көтермелеу шараларын қолданады;
8) жеке тұлғаларды және заңды тұлғалардың өкілдерін жеке қабылдауды жүзеге асырады.
19. Мемлекеттік органды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалатын және лауазымнан босатылатын Мемлекеттік орган басшысы басқарады.
4. Мемлекеттік органның мүлкі
20. Мемлекеттік органның заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін. Мемлекеттік органның мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.
21. Мемлекеттік органға бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.
22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Мемлекеттік орган өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.
5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату
23. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.