Шортанды ауданының "Тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөліктер жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Жаңа

Ақмола облысы Шортанды ауданы әкімдігінің 2025 жылғы 31 қаңтардағы № А-1/20 қаулысы

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 40-бабының 2-тармағына сәйкес және "Мемлекеттік органдар мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметін ұйымдастырудың кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі № 590 қаулысы негізінде Шортанды ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Шортанды ауданының "Тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөліктер жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің Ережесі қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Шортанды ауданының "Тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөліктер жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасымен белгіленген тәртіпте және мерзімде Ережені тіркеуді қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Шортанды ауданы әкiмiнiң жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсiн.

      4. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Аудан әкімі С.Шабаров

 
  Шортанды ауданы әкімдігінің
2025 жылғы "31" қаңтардағы
№ А-1/20 қаулысымен
бекітілді

Шортанды ауданының "Тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автокөліктер жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Шортанды ауданының "Тұрмыстық-коммуналдық шаруашылық жолаушылар көлігі және автокөліктер жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі – мемлекеттік мекеме) ведомстволық бағынышты аумақта тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мемлекеттік мекеме Конституцияға және Қазақстан Республикасының заңдарына, Қазақстан Республикасы Президенттінің және Үкіметтің актілеріне, басқа да нормативті құқықтық актілерге және осы Ережеге сәйкес өз қызметін жүзеге асырады.

      3. Мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына (бұдан әрі – заңнама) сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар заңды тұлға болып табылады.

      4. Мемлекеттік мекеменің ведомствосы бар: Шортанды ауданы әкімдігінің жанындағы "Шортанды Су" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны

      5. Мемлекеттік мекеме азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан шығады.

      6. Мемлекеттік мекеме егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Мемлекеттік мекеме өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен бөлім бастығы бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Мемлекеттік мекеменің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан мекен-жайы: 020900, Қазақстан Республикасы Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Шортанды кенті, Абылай хан көшесі, 22.

      10. Осы Ереже мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты болып табылады.

      11. Мемлекеттік мекеменің қызметін қаржыландыру республикалық және

      жергілікті бюджеттерінен, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі бюджетінен (шығын сметасынан) жүзеге асырылады.

      12. Мемлекеттік мекемеге бөліміне кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік мекеменің функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады. Егер мемлекеттік мекемеге заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2-тарау. Мемлекеттік органның міндеттері мен өкілеттіктері

      13. Міндеттер:

      13.1 тұрғын үй заңнамасының, автомобиль жолдары туралы, автомобиль көлігі туралы, азаматтық қорғау туралы заңдардың нормаларын сақтау бойынша бақылауды қамтамасыз ету;

      13.2 өз құзыреті шегінде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары, сумен жабдықтау және жылумен жабдықтау және жергілікті инфрақұрылымның тіршілікті қамтамасыз етудің басқа да жүйелері саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      13.3 мемлекеттік коммуналдық қорға тұрғын үйлерді қосуға, оларды теңгерімге қабылдауға, күтіп-ұстауға және пайдалануға байланысты мәселелерді реттеу;

      13.4 тұрғын үй қорын басқару, газ және газбен жабдықтау салаларындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі елді мекендер шекаралары шегінде бақылау субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылауды жүзеге асыру, сондай-ақ қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріндегі елді мекендер шекаралары шегінде қадағалау субъектілеріне қатысты мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыру;

      13.5 ауылдық округтер мен кенттер әкімдіктерінің абаттандыру, санитарлық жағдай, көгалдандыру және елді мекендердің қолайлы ортасын құру және қолдау жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізу мәселелері жөніндегі қызметін үйлестіру.

      14. Өкілеттіктер:

      1) құқықтар:

      1.1 мемлекеттік органдардан,кәсіпорындардан, мекемелерден және барлық меншік нысанындағы ұйымдардан қажетті ақпаратты, құжаттарды немесе өзге де материалдарды, қызықтыратын мәселелер бойынша ауызша және жазбаша түсініктемелерді сұратуға және алуға;

      1.2 өз құзыретінің шегі мәселелерінде жергілікті басқару органдарымен өзара іс-қимыл жасау;

      1.3 мемлекеттік мекеме мен мемлекеттің мүдделерін білдіру және олардың құқықтарын барлық ұйымдарда қорғау.

      2) міндеттері:

      2.1 автомобиль жолдарын, көлік кешенінің инфрақұрылымын, сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жүйелерін күтіп ұстауға және жөндеуге мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың мақсатты пайдаланылуын бақылауды жүзеге асыру;

      2.2 әзірлеушісі мемлекеттік мекеме болып табылатын аудан әкімі мен әкімдігінің нормативтік құқықтық актілерінің құқықтық мониторингі және оларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу немесе олардың күші жойылды деп тану жөнінде уақтылы шаралар қабылдау;

      2.3 мемлекеттік техникалық тексеруді ұйымдастыру, өткізудің тізбесін, кезеңдері мен кезектілігін айқындау және кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін жөндеу бойынша орындалған жұмыстарды қабылдау жөніндегі комиссияларға қатысу;

      2.4 қолданыстағы заңнамаға сәйкес басқа да міндеттерді жүзеге асыру.

      15. Функциялар:

      15.1 жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын есепке алуды ұйымдастыру, жөндеу жұмыстарының барысы мен сапасын бақылауды жүзеге асыру, жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдарын, көлік кешенінің инфрақұрылымын жөндеу, күтіп ұстау, көгалдандыру бойынша орындалған жұмыстарды қабылдау;

      15.2 жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдары мен олардағы құрылыстардың техникалық және пайдалану жай-күйін тексеруді қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      15.3 қаржы құралдарына жыл сайынғы және перспективалық қажеттіліктерді негіздеу;

      15.4 қозғалыс қауіпсіздігін, экологиялық қорғауды және қоршаған ортаны жол саласындағы қызметтің әртүрлі түрлерінің әсерінен қорғауды қамтамасыз ету саласында жол саласында бірыңғай техникалық саясатты жүргізу жөніндегі шараларды ұйымдастыруға және жүзеге асыруға қатысу;

      15.5 күзгі-қысқы кезеңге дайындық және жылыту маусымының өтуі бойынша ауылдық округтер мен кенттердің іс-шараларының орындалу барысын үйлестіруді жүзеге асыру;

      15.6 бюджеттік саланың және коммуналдық шаруашылықтың жылу көздеріндегі қатты және сұйық отын қорлары туралы мәліметтер жинау;

      15.7 коммуналдық кәсіпорынның жұмысын үйлестіру;

      15.8 мемлекеттік тұрғын үй саясатының негізгі ережелеріне халыққа консультациялар мен түсініктемелер беру;

      15.9 өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету;

      15.10 пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың меншік иелерінің кондоминиум объектісін басқару нысанын сайлау рәсімінің сақталуын, ағымдағы және жинақ шоттарын ашуды мемлекеттік бақылау;

      15.11 елді мекендердің шекаралары шегінде тұрмыстық баллондар мен тұрмыстық және коммуналдық-тұрмыстық тұтынушыларды газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын мемлекеттік бақылау;

      15.12 елді мекендердің аумағын абаттандыру, жарықтандыру, көгалдандыру, санитарлық тазарту бойынша жұмыстардың барысы мен сапасын бақылау;

      15.13 тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілерін, көше-жол желісі мен аудандық маңызы бар жолдарды, абаттандыру объектілерін жөндеу жөніндегі іс-шаралар жоспарларын әзірлеу;

      15.14 өз құзыреті шегінде коммуналдық қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру;

      15.15 ішкі тәртіпті сақтау;

      15.16 оған заңнамамен жүктелген өзге де функцияларды жүзеге асыру.

3-тарау. Мемлекеттік орган басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      16. Мемлекеттік мекемеге басшылықты мемлекеттік мекемеге жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын басшы жүзеге асырады.

      17. Мемлекеттік мекеменің басшысын аудан әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      18. Мемлекеттік мекеме басшысының өкілеттіктері:

      18.1 мемлекеттік мекемеде ішкі еңбек тәртібін белгілейді;

      18.2 функционалдық міндеттерін айқындайды, мемлекеттік мекеме қызметкерлерін тағайындайды және қызметтен босатады;

      18.3 аудан әкіміне шешімдердің, өкімдердің, қаулылардың жобаларын және басқа да материалдарды ұсынады;

      18.4 мемлекеттік мекеменің облыстық және аудандық басқармалармен, жергілікті өкілді және атқарушы органдармен, жобалау ұйымдарымен және ведомстводан тыс мемлекеттік сараптамамен және басқа да ұйымдармен тұрақты байланысын қамтамасыз етеді;

      18.5 сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша шаралар қабылдайды және ол үшін дербес жауапты болады.

      18.6 құзыретіне сәйкес заңнаманы бұзғаны үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар жасау;

      18.7 анықталған бұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шешімдер мен нұсқамалардың орындалуын мемлекеттік бақылау;

      18.8 құрылыс-монтаждау жұмыстарын бақылау және жасалған шарттардың мониторингі;

      19. Мемлекеттік мекеме басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін орындауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асы.

4-тарау. Мемлекеттік органның мүлкі

      20. Мемлекеттік мекеме заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болу мүмкін.

      Мемлекеттік мекеменің мүлкi оған меншік иесі берген мүлiк, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      21. Мемлекеттік мекемеге бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.

      22. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, мемлекеттік мекеме өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5-тарау. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      23. Мемлекетік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады