Есепке алу саясатын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 24 сәуірдегі № 191 бұйрығы

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 130-бабы 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса берілген Есепке алу саясаты бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың көшірмелерін мемлекеттік және орыс тілінде Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкіне ресми жариялау және енгізу үшін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасының Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдануын;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2025 жылғы 24 сәуірдегі
№ 191 бұйрығымен
бекітілген

Есепке алу саясаты

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Есепке алу саясаты Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 130-бабының 4-тармағына және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу қағидаларына (бұдан әрі – Бухгалтерлік есеп қағидалары) сәйкес әзірленген.

      2. Есепке алу саясаты мемлекеттік мекемелерде қаржы есептілігін құрастырғанда және ұсынғанда қолданылатын, барлық мемлекеттік мекемелерге бірыңғай болып табылатын принциптерді, негіздерді, ережелерді, қағидалар мен практиканы айқындайды.

2-тарау. Бухгалтерлік есеп пен қаржы есептілігін жасаудың принциптері мен негізгі сапалық сипаттамасы

      3. Есептеу және қызметтің үздіксіздігі бухгалтерлік есепті жүргізу мен қаржы есептілігін жасаудың принциптері болып табылады.

      4. Есептеу принципі төлем уақытына қарамастан, оларды жасау фактісі бойынша операция қорытындыларын танумен қамтамасыз етіледі.

      5. Қызметтің үздіксіздік принципі мемлекеттік мекеме көз жетерлік болашақта жұмыс істеуге ниеті бар екенін, қызмет ауқымын тарату немесе елеулі қысқарту қажеттігі болмайтындығын білдіреді.

      6. Қаржылық есептіліктің негізгі сапалық сипаттамалары түсініктілік, орындылық, сенімді ұсыну, салыстырмалылық, уақтылылық және тексерушілік болып табылады.

      Орындылық – ақпарат шешім қабылдайтын пайдаланушылар үшін орынды болып табылады және оларға оқиғаларды бағалауға, олардың өткен бағаларын растауға немесе түзетуге көмектеседі;

      Салыстырмалылық – түрлі кезеңдердегі және түрлі мемлекеттік мекемелердің ақпаратын салыстыру мүмкіндігі. Ұқсас операциялардың қаржылық нәтижелері барлық мемлекеттік мекемелер үшін ортақ әдіснама бойынша жүзеге асырылады.

      Сенімді ұсыну – экономикалық немесе басқа құбылысты сенімді түрде білдіретін, мәміленің мәнін, басқа оқиғаны, қызметті немесе жағдайды көрсететін ақпарат, олардың құқықтық формасына әрдайым сәйкес келмейді.

      Тексерушілік – пайдаланушыларды қаржылық есептіліктегі ақпараттың дұрыс екендігіне сендіруге көмектесетін ақпараттың сапасы.

      Түсініктілік – қаржылық есептілікте ұсынылатын ақпарат пайдаланушыларға түсінікті.

      Уақтылылық – есеп беру және шешім қабылдау мақсаттары үшін өзінің пайдалылығын жоғалтпас бұрын пайдаланушылар үшін ақпараттың қолжетімділігі.

3-тарау. Қаржылық есептілік элементтері мен оларды тану

      7. Активтер, міндеттемелер және таза активтер/капитал қаржы жағдайын бағалауға байланысты қаржылық есептілік элементтері болып табылады.

      Активтерге өткен оқиғалар нәтижесінде мемлекеттік мекеменің бақылауындағы ресурстар жатқызылады, олардан болашақта экономикалық пайда немесе сервистік әлеует күтіледі.

      Мемлекеттік мекеменің реттелуі экономикалық пайданы немесе сервистік әлеуетті қамтитын ресурстардың шығып қалуына әкеп соқтыратын өткен оқиғалардан туындайтын елеулі міндеті міндеттеме болып табылады.

      Барлық міндеттемелерді алып тастағаннан кейін қалатын активтердегі үлес таза активтер/капитал болып табылады.

      8. Кірістер мен шығыстар қаржы қызметінің қорытындылары туралы есепте қызмет нәтижелерінің өлшемдеріне тікелей байланысты элементтері болып табылады.

      Активтердің қосылуы немесе өсімі нысанында есепті кезең ішінде экономикалық пайданың немесе сервистік әлеуеттің өсуі немесе капиталға қатысатын тұлғалардың жарналарына байланысты өсуден өзгеше таза активтердің/капиталдың өсуіне әкеп соғатын міндеттемелердің азаюы кірістер болып табылады.

      Активтердің азаюы немесе кетуі түрінде есепті кезең ішінде экономикалық пайданың немесе сервистік әлеуеттің азаюы немесе капиталға қатысатын тұлғалардың арасында бөлінуге байланысты азаюдан өзгеше таза активтердің/капиталдың азаюына әкелетін міндеттемелердің пайда болуы шығыстар болып табылады.

      9. Қаржы есептілігі элементтерінің анықтамасына жауап беретін бап, егер:

      1) бапқа байланысты кез келген болашақтағы экономикалық пайданы немесе сервистік әлеуетті мемлекеттік мекеме алады деген ықтималдық болса;

      2) сатып алуға арналған іс жүзіндегі шығындар немесе объектінің құны сенімді түрде өлшене алатын болса актив ретінде танылады.

      Қаржылық есептілік элементінің анықтамасына жауап беретін бап, егер:

      1) субъектінің өткен оқиғаның нәтижесінде қазіргі міндеттемелері бар болса;

      2) міндеттемені өтеу үшін өзінде экономикалық пайданы немесе сервистік әлеуетті қамтитын ресурстарды шығару талап етіледі деген ықтималдық бар болса;

      3) міндеттемені сенімді айқындау мүмкін болса, міндеттеме ретінде танылады.

      10. Актив мынадай кез келген өлшемшарттарға сәйкес келген жағдайда айналымды ретінде жіктеледі:

      1) оның өткізілуі немесе сатылуы немесе қалыпты операциялық топтама барысында тұтыну үшін болжанады;

      2) ол сауда мақсатына арналған;

      3) есепті күннен кейінгі 12 (он екі) ай ішінде оны сату болжанады;

      4) есепті күннен кейінгі ең болмағанда 12 (он екі) айға оны айырбастауға немесе міндеттеме бойынша есептеу үшін қолдануға тыйым салынбаса, бұл ақшалай қаражаттар немесе ақша баламалары.

      Өзге активтер ұзақ мерзімді ретінде жіктеледі.

      11. Міндеттеме мынадай өлшемшарттардың кез келгенін қанағаттандырғанда, қысқа мерзімді ретінде:

      1) оны өтеу қалыпты операциялық цикл шегінде жүргізу болжанған болса;

      2) сауда мақсатына арналған болса;

      3) есеп мерзімінен кейін 12 (он екі) ай ішінде өтелуі;

      4) мемлекеттік мекеме есепті күннен кейінгі ең болмағанда, 12 (он екі) айға міндеттемені өтеуді кейінге қалдыру құқығына ие болса жіктеледі.

      Өзге активтер ұзақ мерзімді ретінде жіктеледі.

      12. Есепті жылдың соңында ұзақ мерзімді берешек ұзақ мерзімді берешектің қысқа мерзімді (ағымдағы) бөлігін бөліп шығару мақсатымен қайта қаралады.

4-тарау. Қаржылық есептілік

      13. Мемлекеттік мекемелердің қаржылық есептілікті жасауы және ұсынуы бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен нысандарға сәйкес жүзеге асырылады.

      Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті органның шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасауы және ұсынуы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің және бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органдардың шоғырландырылған қаржылық есептілікті жасау қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Берешектің жай-күйі туралы қаржылық есептілікті жасау және ұсыну бюджетті атқару жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қаржылық есептілікті жасау мен ұсынудың нысандары мен қағидалары бойынша жүзеге асырылады.

      14. Жылдық қаржылық есептілік үшін есепті кезең қаржы жылы болып табылады.

      Қайта құрылған мемлекеттік мекеме үшін бірінші есептілік жыл оның мемлекеттік тіркеу кезінен сол жылдың 31 желтоқсанын қоса алғандағы кезден басталады.

      Жылдық қаржылық есептілік ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсандағы жағдай бойынша жасалады. Жарты жылдық қаржылық есептілік ағымдағы қаржы жылының 30 маусымдағы жағдай бойынша жасалады.

      Қаржылық есеп беру Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында ұсынылады.

5-тарау. Бухгалтерлік есепті ұйымдастыру

      15. Республикалық және жергілікті бюджеттер есебінен ұсталатын мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есепке алуды жүргізу тәртібі Бухгалтерлік есепке алу қағидаларына және Мемлекеттік мекемелердің бухгалтерлік есепке алу шоттарының жоспарына сәйкес жүзеге асырылады.

      16. Бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті органмен келісім бойынша өз жүйесінің мемлекеттік мекемелерінде олардың қызметінің ерекшелігін ескере отырып және мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізуді және осы есеп саясатын сақтай отырып, бухгалтерлік есеп жөніндегі жалпы ережелерді қолдану тәртібі туралы нұсқаулар шығаруы мүмкін.

      Мемлекеттік мекеме бухгалтерлік есепті Бухгалтерлік есеп қағидаларына сәйкес бухгалтерлік есептің мемориалдық-ордерлік нысаны бойынша жүзеге асырады.

6-тарау. Ақша қаражаттары мен олардың баламалары

      17. Мемлекеттік мекемелермен ақшалай қаражаттарды қолдану қатаң мақсатты тағайындау бойынша жүзеге асырылады. Ағымдағы қаржы жылының 31 желтоқсанының аяғына дейінгі мерзімді қоса алғандағы қолданылмаған жоспарлы тағайындаулардың қалдықтары жойылады. Мемлекеттік мекеме тура әдісті қолдана отырып, қаржыландыру көздері бойынша мемлекеттік мекеменің ақшалай қозғалысы туралы есепте операциялық қызметтен ақшалай қаражаттарының қозғалысы туралы деректерді ұсынады.

      18. Мемлекеттік мекемеде ақша қаражатын және олардың баламаларын есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Ақша қаражатын және олардың баламаларын есепке алу тәртібі" 4-тарауында айқындалған.

7-тарау. Қаржы инвестициялары

      19. Қаржылық инвестициялар (квазимемлекеттік сектор субъектілерінің жарғылық капиталына инвестициялардан басқа) бастапқы танылған кезде қаржылық нәтиже арқылы әділ құны бойынша есепке алынбайтын қаржылық актив жағдайында осы қаржылық активті сатып алумен тікелей байланысты мәміле бойынша шығындарды қосқанда әділ құны бойынша бағаланады.

      20. Кейіннен бюджеттік бағдарламалардың әкімшісі:

      1) қаржылық нәтижені танығанда әділ құны бойынша ескерілетін қаржы инвестициялары;

      2) таза активтерді/капиталды танығанда әділ құны бойынша – сатуға қолда бар қаржы инвестицияларының таза активтерді/капиталды;

      3) пайыздың тиімді мөлшері әдісін қолдану арқылы амортизацияланған құн бойынша – өтегенге дейін ұсталатын қаржы инвестициялары;

      4) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне қаржы инвестициялары – үлестік қатысу әдісі бойынша;

      5) бюджеттік кредиттеу бойынша берілген қарыздар – өзіндік құны бойынша;

      6) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиімді пайыздық мөлшерлеме әдісін қолдана отырып, амортизацияланған құн бойынша берілген қарыздар;

      7) қауымдастырылған ұйымдар мен бірлескен кәсіпорындарға қаржы инвестициялары – үлестік қатысу әдісі бойынша жүзеге асырылады.

      21. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілген қарыздар бойынша ақша ағындарының амортизацияланған құнын айқындау кезінде мемлекеттік мекеме дисконттаудың тиімді пайыздық мөлшерлемесі ретінде квазимемлекеттік сектор субъектілері қолданатын мөлшерлемені ескереді.

      22. Белсенді нарық болмаған жағдайда үлестік құралдарға қаржылық инвестициялар құнсызданудан болған шығындарға шегерім жасалғаннан кейін өзіндік құны бойынша ескеріледі.

      Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне берілген ұзақ мерзімді қарыздар, оларды элиминирлеу мақсатында, бюджет түсімдерінің бухгалтерлік есебін жүзеге асыратын уәкілетті органның қаржылық есептілігінде номиналды құны бойынша көрсетіледі.

      23. Мемлекеттік мекемелердің қаржы инвестициялары мен қаржы міндеттемелерін есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Қаржы инвестициялары мен қаржы міндеттемелерін есепке алу тәртібі" 5-тарауында айқындалған.

8-тарау. Дебиторлық берешек

      24. Нысаналы трансферттер бойынша дебиторлық берешектің сомалары қаражаттардың мақсатты қолдануы бойынша есептерді ұсынғанға дейін төменде тұрған бюджеттерге аударған кезден бастап бюджеттік бағдарламалардың әкімшілерінің есебінде танылады.

      25. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер бойынша төлеушілермен есеп айырысулар бойынша дебиторлық берешек сомалары республикалық бюджетті атқару саласындағы уәкілетті органның және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның бухгалтерлік есебінде, басқа мемлекеттік мекемелерді, заңды және жеке тұлғаларды қоса алғанда, шаруашылық операцияларының салдарынан пайда болған, оған басқа тұлғалардан тиесілі сома ретінде танылады.

      26. Жергілікті бюджеттерді атқару жөніндегі уәкілетті органдар банкроттардың және мәжбүрлеп таратылатын өзге де заңды тұлғалардың берешегін қоса алғанда, есепті кезеңнің соңына күмәнді салық берешегі бойынша, сондай-ақ мемлекеттік кіріс органдары оларға қатысты мәжбүрлеп өндіріп алудың барлық шараларын қабылдаған салық берешегі бойынша резерв құрады. Бұл ретте күмәнді салық берешегін қайтаруды жүзеге асыру кезінде резервті құру бойынша есепті кезең ішінде танылған шығыс қалпына келтіріледі.

      27. Әдеттегі операциялық цикл шеңберінде тіпті олардың есепті күннен бастап 12 (он екі) айдың ішінде өтелуі күтілмесе де, дебиторлық берешек (атап айтқанда, сатып алушылар мен тапсырыс берушілердің, қызметкерлердің алатын сыйақылары бойынша) айналым активтеріне жатады.

      28. Зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыны төлеуге бағытталған қаражаттар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес акционерлік қоғамына аударған сәттен бастап жеке тұлғаларға зейнетақы мен әлеуметтік жәрдемақыны төлеу туралы есептердің негізінде есептен шығарғанға дейін халықты әлеуметтік қорғау саласында реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органда көрсетіледі.

      29. Мемлекеттік мекеме дебиторлармен есеп айырысуларды түгендеу нәтижелері бойынша есепті кезеңнің соңына сатып алушылармен және тапсырыс берушілермен жасалған шарттар бойынша күмәнді берешекті өндіріп алу жөніндегі жұмыстың нәтижелерін ескере отырып, түгендеу комиссиясының актісіне сәйкес қабылданған мемлекеттік мекеме басшысының шешімі негізінде:

      1) төлеу мерзімін кешіктіру туындаған кезде күмәнді борыштар бойынша резерв құрайды:

      180 күннен 1 жылға дейін – берешек сомасынан 50 пайыз мөлшерінде;

      1 жылдан асқанда – берешек сомасынан 100 пайыз мөлшерінде.

      Егер кейіннен күмәндіге жатқызылған дебиторлық берешекті қайтару жүзеге асырылса, онда күмәнді дебиторлық берешек бойынша резервтерді құру жөніндегі бұрын танылған шығысты қалпына келтіру керек.

      2) өндіріп алу үшін мынадай үмітсіз дебиторлық берешекті есептен шығарады:

      өндіріп алудан сот бас тартқан, оның ішінде талап арыздың мерзімі өтіп кету себебі бойынша;

      борышкердің мүлкінің жеткіліксіздігіне байланысты оны тарату кезінде, сондай-ақ тарату балансы бекітілгенге дейін кредитор мәлімдеген кезде қанағаттандырылмаған;

      егер міндеттеме борышкердің қайтыс болуымен тоқтатылса, егер орындау борышкердің жеке қатысуынсыз жүргізілмесе не міндеттеме борышкердің жеке басымен өзгеше түрде тығыз байланысты болған жағдайда;

      төрелік шешімдерінің не тараптар арасында дауды бейбіт реттеу туралы келісім жасасу негізінде;

      "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 26-бабының 7-тармағына сәйкес оқудан шығарылған курсанттар мен кадеттерден қаражатты мемлекет кірісіне өндіріп алу мәселелері бойынша 2018 жылғы 1 қаңтарға дейін заңды күшіне енген сот актілері бойынша қозғалған атқарушылық іс жүргізуді тоқтату негізінде.

      30. Бюджеттік төлемдер, бюджетпен есеп айырысу, сатушылар мен тапсырыс берушілер, ведомстволық есеп айырысулар бойынша дебиторлық және кредиторлық берешекті есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Дебиторлық және кредиторлық берешекті есепке алу тәртібі" 6-тарауында айқындалған.

9-тарау. Қорлар

      31. Қорлар бастапқы танылғанда, жас төлдің төлдеуі мен салмақ өсімін қоспағанда, олардың кіріске жазылуы жоспарланған өзіндік құн бойынша жүзеге асырылатын, олардың нағыз орны мен жағдайына қорлар келтіру үшін тартылған сатып алуға, қайта өндіруге және өзге де шығындарды қамтитын олардың нақты өзіндік құны бойынша көрсетіледі.

      32. Басқа мемлекеттік мекемеден алынған қорлар тапсыратын мемлекеттік мекеме қорларының баланстық құны бойынша танылады. Мемлекеттік мекемелермен өтеусіз негізде үшінші тараптардан алынған қорлардың өзіндік құны болып оларды алған күнгі қорлардың әділ өзіндік құны танылады.

      33. Ақысыз бөліп беру немесе номиналдық құны бойынша бөліп беру, өндіру процесінде ақысыз бөліп беру немесе номиналдық құны бойынша бөліп беруге жататын тауарларды тұтыну үшін сақталатын қорлар өзіндік құн мәндерінің ең азы бойынша және ағымдағы қалпына келтіру құны бойынша бағаланады. Қалған қорлар екі мәннің ең азы бойынша: өзіндік құны және таза сатылу құны бойынша бағаланады.

      34. Қорларды сатудан, алмастырудан немесе беруден кейін олар есепке алынған сома тиісті табыс танылған кезеңде шығыс ретінде танылады. Егер осыған байланысты табыс жоқ болса, тауарлар берілген немесе қызметтер көрсетілген кезде шығыстар танылады.

      35. Баланстан қорларды есептен шығару таңдау бойынша мынадай:

      1) ерекшелікті сәйкестендіру;

      2) орташа өлшем құны әдістерін қолдана отырып жүргізіледі.

      36. Қорларды есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Қорларды есепке алу тәртібі" 8-тарауында айқындалған.

10-тарау. Негізгі құралдар

      37. Негізгі құралдардың объектісі бастапқы танылғанда өзіндік құны бойынша, яғни іс жүзіндегі шығындар бойынша көрсетіледі.

      Мемлекеттік мекеме басқа мемлекеттік мекемеден алынған негізгі құралдардың өзіндік құны ретінде негізгі құралдардың тапсырылатын баланстық құнын таниды. Үшінші тараптан қайтарусыз негізде мемлекеттік мекемемен алынған негізгі құралдардың өзіндік құны болып негізгі құралдардың түсу күніндегі әділ құны танылады.

      38. Негізгі құралдардың келесі есебін мемлекеттік мекеме іс жүзіндегі шығындар бойынша есептеу моделін қолдана отырып жүзеге асырады: актив ретінде бастапқы танылғаннан кейін негізгі құралдар объектісін есепке алу оның кез келген амортизациясын немесе құнсызданудың нәтижесінде кез келген жинақталған шығындарды алып тастағанда оның өзіндік құны бойынша жүргізіледі.

      39. Ғимараттардың баланстық құны нөлге тең болған кезде тұрғын және тұрғын емес ғимараттардың құнын өзгертуге, бірақ объект экономикалық пайда немесе қызмет көрсету әлеуетін жалғастыра берсе, келесі жолдармен рұқсат етіледі:

      1) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасының кодексінде (бұдан әрі – Салық кодексі) көзделген әдістер мен есептерге сәйкес; не

      2) "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес бағалаушыны тарта отырып бағалау жолымен жүзеге асырылады.

      Осы тармақтың нормалары есепке алу моделін таңдауға қарамастан қолданылады.

      40. Объектінің техникалық жәй-күйін сақтап қалу мақсатында жүргізілетін ағымдағы жөндеуге арналған негізгі құрал объектілеріне қызмет көрсетуге және негізгі құралдарды пайдалануға арналған шығындар бастапқы құнды ұлғайтпайды, ал олардың пайда болу кезінде ағымдағы шығыстар ретінде танылады.

      Негізгі құрал объектілерін салып бітіру, жабдықтап бітіру немесе реконструкциялау бойынша жұмыстарды жүргізу кезіндегі мемлекеттік мекеменің шығындары олардың құнын ұлғайтады. Кейін күрделі салымдардың нәтижесінде негізгі құралдар объектілерінің баланстық құнын ұлғайту, егер бастапқы бағаланған нормалардан артық болашақтағы экономикалық пайда мемлекеттік мекемеге түскен жағдайда жүргізіледі.

      Болашақ экономикалық пайданы (күрделі салымдар) ұлғайтатын шығындар:

      оның қуаттылығын арттыруды қоса алғанда, пайдалы қолданылу мерзімін ұзарту үшін негізгі құрал объектісін түрлендіруге;

      өнім сапасын елеулі жақсартуға қол жеткізу үшін машиналардың бөлшектерін жетілдіруге;

      бұрын бағаланған шығындарды елеулі қысқартуға мүмкіндік беретін жаңа өндірістік процестерді енгізуге жұмсалатын шығындар болып табылады.

      41. Аяқталмаған құрылыс іс жүзіндегі шығындар бойынша өлшенеді.

      Аяқталмаған және аяқталған, бірақ пайдалануға тапсырылмаған құрылыс және реконструкциялау объектілері бойынша шығындар келесі жылдың балансына ауысады. Аяқталған және пайдалануға тапсырылған құрылыстың объектілері қабылдау актілері негізінде оларға жүргізілген шығындардың толық көлемінде ұзақ мерзімді активтерді есепке алу шотына жатқызылады.

      42. Мемлекеттік мекеме Бухгалтерлік есеп қағидаларында амортизацияның жылдық нормаларын қолдана отырып, біркелкі есептеу әдісі бойынша негізгі құралдардың амортизациясын ай сайын есептейді.

      Сатып алынған негізгі құралдардың амортизациясын есептеу мынадай:

      1) монтаж жүргізу талап етілмесе, сатып алулар;

      2) егер монтаж өткізу керек болса, пайдалануға енгізу есептеу айының 1 бастап жүргізіледі.

      Шығып қалған негізгі құралдардың амортизациясын есептеу негізгі құралдар объектісінің шығып қалған айынан, айдың 1 тоқтатылады.

      43. Мемлекеттік мекеменің негізгі құралдарының таратушы құны нөлге тең.

      Негізгі құралдың құнынан 100% асқан амортизацияға есептеу жүргізілмейді. Әрі қарай пайдалануға жарамды, негізгі құралдар объектілерінің құны 100 пайыз мөлшерде жинақталған амортизация толық тозу себебі бойынша есептен шығаруға негіз бола алмайды.

      44. Негізгі құралдың объектісі тұрып қалса немесе белсенді қолданылмаса және шығып қалу үшін ұсталынса, амортизация толық амортизацияланғанға дейін тоқтатылмайды.

      45. Негізгі құралдарды бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен Мемлекеттік мекемелерде түгендеу жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Негізгі құралдар құнының құнсыздану есебі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Активтердің құнсыздануы" 24-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.

      46. Негізгі құралдарды баланстан шығару Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңына (бұдан әрі – Мемлекеттік мүлік туралы заң) және Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасарының – Қаржы министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 721 бұйрығымен бекітілген Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасына сәйкес жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне № 33019 болып тіркелген) (бұдан әрі – Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасы).

      47. Негізгі құралдарды есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Негізгі құралдарды есепке алу тәртібі" 9-тарауында айқындалған.

11-тарау. Инвестициялық жылжымайтын мүлік

      48. Инвестициялық жылжымайтын мүлiк бастапқы танылғанда өзiндiк құн бойынша, яғни іс жүзіндегі шығындар бойынша көрсетіледі.

      Егер объектінің бөлігі жалақы алу үшін немесе капиталды өсіру үшін қолданылса, ал бөлігі – әкімшілік мақсаттарға, онда объектінің мұндай бөліктері бір-біріне қатыссыз іске асырылуы мүмкін болса, мемлекеттік мекеме объектінің көрсетілген бөліктерін бөлек-бөлек ескереді.

      49. Инвестициялық жылжымайтын мүлікті келесі есепке алуды мемлекеттік мекеме іс жүзіндегі шығындар бойынша модельді қолдана отырып жүзеге асырады: актив ретінде танылғаннан кейін инвестициялық жылжымайтын мүлік объектісін есепке алу кез келген жинақталған амортизацияны және шығындардың құнсыздануы нәтижесінде жинақталған кез келген оның өзіндік құны бойынша жүргізіледі.

      50. Мемлекеттік мекеме Бухгалтерлік есеп қағидаларымен бекітілген негізгі құралдар үшін амортизацияның жылдық нормаларын қолдана отырып ай сайын инвестициялық жылжымайтын мүліктің амортизациясын біркелкі есептеу әдісімен есептейді.

      51. Инвестициялық жылжымайтын мүліктің таратушы құны нөлге тең.

      Инвестициялық жылжымайтын мүліктің құнынан 100% асқан амортизацияға есептеу жүргізілмейді.

      52. Инвестициялық жылжымайтын мүліктің объектісі тұрып қалғанда немесе белсенді қолданылмаса және шығып қалу үшін ұсталынса, амортизация толық амортизацияланғанға дейін тоқтатылмайды.

      53. Есеп жылының соңында өткізілген түгендеу қорытындылары бойынша, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен келісілген, мемлекеттік мекеме басшысы бұйрығына сәйкес құрылған түгендеу комиссиясының актісі негізінде егер орны толтырылатын құн осы активтің баланстық құнынан төмен болса, есепте инвестициялық жылжымайтын мүлік объектісінің құнсыздану фактісі жазылады. Түгендеу актісінде құнсызданудың себептері көрсетіледі.

      Негізгі инвестициялық жылжымайтын мүліктерді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен Мемлекеттік мекемелерде түгендеу жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      Активтер құнының құнсыздану есебі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Активтердің құнсыздануы" 24-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.

      54. Инвестициялық жылжымайтын мүлік санатына ауыстыру немесе одан алып тастау тек оны қолдану тағайындауы өзгергенде жүргізіледі. Инвестициялық жылжымайтын мүлікті негізгі құралдар немесе қорлар не керісінше санатқа ауыстыру ауыстырылатын объектілердің баланстық құнын өзгертусіз жүргізіледі.

      55. Инвестициялық жылжымайтын мүліктерді есептен шығару Мемлекеттік мүлік туралы заңына және Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасы сәйкес жүзеге асырылады.

      56. Инвестициялық жылжымайтын мүлікті есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Инвестициялық жылжымайтын мүлікті есепке алу тәртібі" 10-тарауында айқындалған.

12-тарау. Биологиялық активтер

      57. Бастапқы тану кезінде және әрбір есеп кезеңінде биологиялық актив сатуға қосымша шығындарды есептемегенде әділ құны бойынша өлшенеді.

      Нарықтық баға немесе басқа да құн көрсеткіштері болмаған жағдайда биологиялық активті жинақталған амортизация мен оның құнсыздануынан шығындарды алып тастағандағы өзіндік құн бойынша бағаланады (іс жүзіндегі шығындар бойынша есептеу моделі).

      58. Биологиялық активтерді сату не тапсыру негізгі құралдармен жүргізілетін операцияларға ұқсас ескеріледі.

      Малдың құны сойғанда алынған өнімді кейіннен кіріске жазу арқылы есептен шығарылады.

      59. Негізгі биологиялық активтерді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен Мемлекеттік мекемелерде түгендеу жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.

      60. Биологиялық активтерді есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Биологиялық активтерді есепке алу тәртібі" 11-тарауында айқындалған.

13-тарау. Материалдық емес активтер

      61. Материалдық емес активтер бастапқыда нақты баға бойынша, яғни іс жүзіндегі шығындар бойынша танылады.

      Мемлекеттік мекеме материалдық емес активтердің құны ретінде басқа мемлекеттік мекемеден алынған материалдық емес активтердің тапсырылатын баланстық құнын таниды. Үшінші тараптан өтеусіз негізде мемлекеттік мекемемен алынған материалдық емес активтердің өзіндік құны болып материалдық емес активтерді алу күніндегі әділ құны танылады.

      62. Мемлекеттік мекемемен материалдық емес актив құрылғанда:

      1) зерттеу кезеңінде ғылыми әзірлемелер бойынша шығындар үнемі шығындар болып танылады;

      2) әзірлеу сатысындағы ғылыми әзірлемелер бойынша жұмыстарға арналған шығындар активтерді танудың өлшемшарттарына сәйкес келген кезде күрделі салымдар есебінің шотына жатқызылады.

      63. Күрделі салымдар іс жүзіндегі шығындар бойынша өлшенеді.

      Аяқталмаған және аяқталған, бірақ ғылыми әзірлемелердің қабылданбаған нәтижелері бойынша күрделі шығындар келесі жылдың балансына ауысады.

      Ғылыми жұмыстардың аяқталған және қабылданған қорытындылары қабылдау актілері негізінде тану өлшемшарттарын сақтағанда материалдық емес есептің шотына жатады. Материалдық емес активтер тану өлшемшарттарына сәйкес болмаған жағдайда шегілген шығындар шығыстарға жатқызылады.

      64. Материалдық емес активті кейіннен есепке алу іс жүзіндегі шығындар бойынша есептеу моделі бойынша: жинақталған амортизацияны және құнсызданудан жиналған шығындарды алып тастағанда өзіндік құн бойынша жүргізіледі.

      65. Мемлекеттік мекеме Бухгалтерлік есеп қағидаларымен бекітілген негізгі құралдар үшін амортизацияның жылдық нормаларын қолдана отырып ай сайын материалдық емес активтердің амортизациясын біркелкі есептеу әдісімен есептейді.

      66. Материалдық емес активтің жойылу бағасы нөлге тең.

      Материалдық емес активтің құнынан 100% асқанда амортизацияны есептеу жүргізілмейді.

      67. Есеп жылының соңында өткізілген түгендеу қорытындылары бойынша, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен келісілген, мемлекеттік мекеме басшысы бұйрығына сәйкес құрылған түгендеу комиссиясының актісі негізінде, егер орны толтырылатын құн осы активтің баланстық құнынан төмен болса, есепте материалдық емес активтің құнсыздану фактісі жазылады. Түгендеу актісінде құнсыздану себептері көрсетіледі.

      Негізгі материалдық емес активтерді бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен Мемлекеттік мекемелерде түгендеу жүргізу қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады. сәйкес жүзеге асырылады.

      68. Материалдық емес активтерді есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Материалдық емес активтерді есепке алу тәртібі" 12-тарауында айқындалған.

      Материалдық емес активтер құнының құнсыздануын есепке алу Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Активтердің құнсыздануы" 24-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.

      69. Материалдық емес активтерді есептен шығару Мемлекеттік мүлік туралы Заңына және Дүлей зілзалалар мен авариялар салдарынан физикалық немесе моральдық тозуынан жарамсыз болған мемлекеттік мүліктің жекелеген түрлерінің бұзылуын және жойылуын ресімдеу қағидасы сәйкес жүзеге асырылады.

14-тарау. Қаржылық міндеттемелер

      70. Қаржылық міндеттемелер бастапқы танылған кезде қаржылық нәтиже арқылы әділ құны бойынша есепке алынбайтын қаржылық міндеттеме жағдайында осы қаржылық міндеттемені сатып алумен тікелей байланысты мәміле бойынша шығындарды қосқанда әділ құны бойынша бағаланады.

      71. Мемлекеттік мекеме бастапқы танығаннан кейін қаржылық міндеттемелер ескерілген қаржылық нәтижеге арналған қаржылық міндеттемелерді қоспағанда пайыздың тиімді мөлшерлеме әдісін пайдалана отырып амортизациялық құны бойынша бағаланады.

      72. Капиталдың ішкі нарығында орналастырылған мемлекеттік бағалы қағаздардың әділ құны ретінде олардың номиналды құны қабылданады.

      73. Сыртқы қарыздар бойынша дисконттау мөлшерлемесі қолданыстағы сыртқы қарыздар портфелінің орташа өлшенген қарыз мөлшерлемесін пайдалана отырып, нарықтық шарттар негізінде айқындалады.

      74. Мемлекеттік мекеме қаржылық міндеттемені (немесе қаржылық міндеттеменің бөлігін) ол толық өтелгенде, яғни шартта көрсетілген міндеттеме орындалғанда, жойылғанда немесе қызмет ету мерзімі өтіп кеткенде есептен шығарып тастайды.

      75. Қаржылық міндеттемелерді есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Қаржы инвестициялары мен қаржы міндеттемелерін есепке алу тәртібі" 5-тарауында айқындалған.

15-тарау. Кредиторлық берешек

      76. Мемлекеттік мекеме салықтар мен басқа да төлемдер сомаларын есептеуді Салық кодексіне сәйкес жүзеге асырады.

      Жалақы және басқа операциялық шығындар сияқты қысқа мерзімді міндеттемелер мемлекеттік мекеменің операциялық циклында пайдаланылатын айналым капиталының бір бөлігін құрайды. Мұндай операциялық баптар, тіпті егер оларды есепті күннен бастап 12 (он екі) айдан астамнан кейін өтеуге жатса да қысқа мерзімді міндеттемелер ретінде жіктеледі.

      77. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, салықтық емес түсімдер, негізгі капиталды сатудан, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер бойынша төлеушілермен есеп айырысулар бойынша кредиторлық берешек сомалары республикалық бюджетті атқару саласындағы уәкілетті органның және бюджетті атқару жөніндегі жергілікті уәкілетті органның бухгалтерлік есебінде уәкілетті орган заңды және жеке тұлғаларға шаруашылық операцияларының салдарынан пайда болған сома ретінде танылады.

      78. Мемлекеттік мекеменің басшысы Есеп айырудың түгендеу актісі дебиторлармен және кредиторлармен Есеп айырудың актісіне анықтама сондай-ақ Түгендеу комиссиясының хаттамасы негізінде кредиторлық берешекті есептен шығару туралы бюджеттік бағдарламалардың әкімшісіне ол туралы он күннің мерзімінде хабарлай отырып шешім қабылдайды.

      Түгендеу комиссиясының актісіне сәйкес мемлекеттік мекеме басшысының қабылданған шешімі негізінде мемлекеттік мекеме есепті жылдың соңында өндіріп алу үшін үмітсіз кредиторлық берешекті:

      1) кредитор таратылған жағдайда;

      2) кредитор қарызды кешірген жағдайда, егер қарыздан босату туралы шешімді кредитор мүлкінің меншік иесі немесе уәкілетті тұлға қабылдаған жағдайда;

      3) мемлекеттік мекемеден өндіріп алудан сот бас тартқанда, оның ішінде талаптың мерзімі өтіп кету себебіне байланысты есептен шығарады.

      79. Кредиторлық берешекті есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Дебиторлық және кредиторлық берешектерді есепке алу тәртібі" 6-тарауында айқындалған.

16-тарау. Қызметкерлермен есеп айырысу

      80. Мемлекеттік мекеме есепті жылдың соңында қызметкерлердің пайдаланылмаған демалыстары бойынша резервті таниды.

      Резервтің мөлшері ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына демалыстың пайдаланылмаған күндері үшін демалыс күндерінің сомасын есептеу арқылы айқындалады.

      81. Қызметкерлер алдындағы кредиторлық берешекті есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Қызметкерлермен есеп айырысуды есепке алу тәртібі" 7-тарауында айқындалған.

17-тарау. Бағалау міндеттемелері, шартты міндеттемелер мен шартты активтер

      82. Бағалау міндеттемелері жыл соңында қайта қаралады және ағымдағы ең жақсы есептеу бағасын көрсету үшін түзетіледі. Егер бағалау міндеттемелері тану талаптарына жауап бермесе, онда бағалау міндеттемелері жойылады.

      Мемлекеттік мекеме бағалау міндеттемелері мен шартты активтерді танымайды, қаржылық есептілікке олар туралы ақпаратты түсініктеме жазбада береді.

      83. Бағалау міндеттемелерін есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Бағалау міндеттемелерін, шартты міндеттемелерді және шартты активтерді анықтау" 18-тарауында айқындалған.

18-тарау. Өзге активтер мен өзге де міндеттемелер

      84. Мемлекеттік мекеменің өзге активтеріне берілген аванстар, болашақ кезеңдердің шығыстары мен өзге де активтер кіреді.

      Мемлекеттік мекеменің өзге міндеттемелеріне алынған аванстар, болашақ кезеңдердің кірістері мен өзге де міндеттемелер кіреді.

      85. Мемлекеттік мекемелер өзге активтер мен міндеттемелерді есепке алу тәртібін Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Өзге активтер мен міндеттемелерді есепке алу тәртібі" 14-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.

      86. Концессия шарттары бойынша активтер мен міндеттемелерді есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Концессия шарттары бойынша активтер мен міндеттемелерді есепке алу тәртібі" 28-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.

19-тарау. Валюталық бағамдардың өзгеруінің ықпалы

      87. Бастапқыда бухгалтерлік есепте көрсетілгенде шетел валютасындағы операциялар шетел валютасындағы сомаға операция жасалған күнге валюта айырбастаудың нарықтық бағамын қолдану жолымен функционалдық валютада көрсетіледі.

      Әрбір есепті күнге мемлекеттік мекеме есепте:

      түпкі бағамды (есеп күндегі ағымдағы валюта бағамын) пайдалана отырып қайта есептелген - ақшалай (монетарлық) баптарды;

      операция жасалған күнге айырбастау бағамы бойынша – шетел валютасындағы ақшалай емес (монетарлық емес) баптарды;

      әділ құнын айқындау күніне қолданыстағы болған айырбастау бағамы бойынша қайта есептелген, әділ құны бойынша бағаланған шетел валютасындағы ақшалай емес (монетарлық емес) баптарды көрсетеді.

      Шетел валютасындағы операцияларды және шетелдік қызметті есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есепке алу қағидаларының "Валюта бағамдары өзгерістерінің әсері" 19-тарауында айқындалған.

20-тарау. Жалдау операциялары

      88. Қаржылық жалдауға актив алған мемлекеттік мекеме (жалдауға алушы) жалдау мерзімінің басында өз балансында:

      1) активтердің объектілері ретінде – қаржылық жалдау шегінде сатып алынған активтерді;

      2) жалдау міндеттемелеріне қатысты міндеттемелер ретінде таниды.

      Активтер мен міндеттемелер жыл басындағы мерзімдегі жалдау мүлкінің әділ құнына тең сомада танылады.

      Қаржылық жалдауға алынған активті жалға алушы өзіндік амортизациялау активтері үшін қабылданған амортизациялық саясатқа сәйкес амортизациялайды.

      89. Мемлекеттік мекеменің активті жалдауға тапсыруы операциялық жалдау ретінде ескеріледі. Операциялық жалдауға берілген активтер жалдауға берушінің балансында ескеріледі. Операциялық жалдаудан түскен жалдау кірісі бюджеттің кірісі болып табылады.

      Жалдауға берушілер жалдау төлемдерін жалдау мерзімі ішінде тікелей негізде бөлінген шығындар ретінде таниды.

      Жалдауға берушіде жалдау активтері жалдауға беруші берген түгендеу нөмірлерімен 01 "Жалдау активтері" баланстан тыс шотында ескеріледі.

      90. Жалдау операцияларын есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Жалдауды есепке алу тәртібі" 13-тарауында айқындалған.

21-тарау. Қаржыландыру мен резервтер

      91. Сыртқы қарыздар мен байланысты гранттар есебінен күрделі салымдарды қаржыландыру мемлекеттік мекемеге сыртқы қарыздар мен күрделі сипаттағы байланысты гранттар есебінен жобалар бойынша міндеттемелер қабылдауға жоспарлы тағайындауларды бөлген кезде танылады.

      92. Ұзақ мерзімді активтерді қайта бағалауға резервтерді мемлекеттік мекеме Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша ұзақ мерзімді активтерді қайта бағалау кезінде қалыптастырады.

      93. Күрделі салымдар мен мемлекеттік мекеменің ұзақ мерзімді активтерін қайта бағалауға резервтерді қаржыландырудың есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Таза активтер\капиталдарды есепке алу тәртібі" 20-тарауында айқындалған.

22-тарау. Кірістер мен шығыстар

      94. Мемлекеттік мекеме айырбасталмайтын және айырбасталатын операциялардан кірістер алады.

      Айырбасталмайтын операциялардан түсетін кірістерге мыналар:

      ағымдағы қызметті қаржыландыру;

      күрделі салымдарды қаржыландыру;

      трансферттер мен субсидиялар;

      гранттар;

      салықтық түсімдер;

      демеушілік және қайырымдылық көмек;

      өзге де айырбасталмайтын операциялар жатады.

      Айырбасталатын операциялардан түсетін кірістерге мыналар:

      активтерді басқару операциялары;

      тауарларды (жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді) сатудан түсетін түсімдер жатады.

      Активті және кірістерді тану сәті салық операциясының нәтижесінде туындайды және өткен оқиға активке бақылау бойынша негіз болатын сәт болып табылады.

      Корпоративтік табыс салығы (бұдан әрі – КТС) бойынша кірістер сомасын бағалау үшін уәкілетті орган кірістерді жеке шоттардан алынатын тиісті мәліметтердің есепті күнге КТС бойынша негізінде таниды.

      Қосылған құн салығы (бұдан әрі – ҚҚС) бойынша кірістер сомасын бағалау үшін есепке алуға есепті кезеңдегі салық төлеушілердің декларациялары бойынша ҚҚС-тен түсетін кірістерді есептеу фактісін тіркейтін жеке шоттардағы жазбалар болып табылады.

      Дәл осындай тәсіл салық кезеңі күнтізбелік ай немесе күнтізбелік тоқсан болып белгіленген салық түсімдерінің басқа да түрлеріне қолданылады (акциздер, пайдалы қазбаларды өндіру салығы, ойын бизнесі салығы).

      95. Тиісті бюджетке салық түсімдері есептеу жүйесінде есептеледі және биржадан тыс операциялардан түсетін кірістер ретінде танылады.

      Салық активі салық оқиғасы болған кезде және мойындау өлшемшарттары орындалған кезде танылады.

      Салық оқиғасынан бұрын алынған салықтар бойынша кірістер актив пен міндеттеме ретінде мойындалады (аванстық түсімдер), өйткені есеп беруші ұйымға салық түсімдерін алуға мүмкіндік беретін оқиға әлі пайда болған жоқ, және салықтық кірістерді тану өлшемшарттары орындалмайды.

      Аванстық салық түсімдері басқа аванстардан айтарлықтай ерекшеленбейді. Міндеттеме салық оқиғасына дейін танылады. Салық оқиғасының басталуымен міндеттеме жойылады және кіріс танылады.

      Негізгі капиталды сатудан, мемлекеттің қаржылық активтерін сатудан түсетін кірістерді уәкілетті орган бюджетке қаражат түскен кезде кіріс ретінде таниды.

      Негізгі капиталды сатудан, мемлекеттің қаржы активтерін сатудан түсетін түсімдер, айыппұлдар мен өсімпұлдардан басқа салықтық емес түсімдер бухгалтерлік есепте Бухгалтерлік есеп қағидаларында көзделген тәртіппен тиісті ақпарат негізінде көрсетіледі.

      96. Бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерден түскен кірістер (мемлекеттік баж, алымдар мен төлемақылар) уәкілетті мемлекеттік органдар Салық кодексінде көзделген тиісті декларацияларды, мәліметтерді немесе есеп айырысуларды ұсынған кезде туындайды.

      Салықтық емес түсімдер (айыппұлдар мен өсімпұлдар) бюджетке ақшалай қаражат түскен кезде кіріс деп танылады.

      Алынатын сома активті айқындауды қанағаттандыратын және активті тану өлшемшарттарын қанағаттандыратын жағдайда айыппұлдар мен өсімпұлдар кіріс ретінде танылады.

      97. Активтерді сатудан түскен, түгендеу барысында анықталған жетіспеушіліктерді өтеу мен келтірілген залалдардан түскен, өткен жылдардың дебиторлық берешегін өтеуден түскен, тауарларды (жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді) сатудан түскен ақшаның түсуі мен жұмсалуы жоспарымен қарастырылған сомалардан тыс түскен қаражаттар бюджет кірісі болып табылады.

      98. Активтерді басқарудан кірістер, оның ішінде инвестиция объектісінің таза кірісі бөлігінің, акцияның мемлекеттік пакеттеріне дивидендтердің түсімі мен заңды тұлғаларда қатысудың үлесіне кірістер, мүлікті жалға беруден түскен кірістер Қазақстан Республикасы бюджетінің кірістері болып табылады.

      Инвестициялар объектісінің таза табысының, акциялардың мемлекеттік пакеттеріне дивидендтердің және заңды тұлғалардағы қатысу үлестеріне кірістердің бір бөлігінің түсімдері есептеу әдісі бойынша есепте танылады және мемлекеттік басқарудың тиісті саласын (аясын) басқару жөніндегі уәкілетті орган бюджетке төленуге жататын соманы бекіткен сәтте активтерді басқарудан түсетін кірістер ретінде көрсетіледі.

      99. Мемлекеттік мекеме операциялық шығыстарды, бюджеттік төлемдер бойынша шығыстарды, активтерді басқару бойынша шығыстарды және өзге де шығыстарды жүргізеді.

      Қарыздар бойынша шығындар олар жүргізілген кезеңдегі шығыстардың құрамында танылады.

      100. Есеп кезеңі аяқталған соң мемлекеттік мекеме есеп кезеңінің қаржылық қорытындысына кірістер мен шығыстар шоттарының жабылуын жүргізеді.

      101. Ақылы қызметтер көрсетуге байланысты кірістерді, шығыстар мен шығындарды, есепке алу тәртібі Бухгалтерлік есеп қағидаларының "Кірістерді есепке алу тәртібі", 15-тарауында, "Шығыстарды есепке алу тәртібі" 16-тарауында және "Өндіріске шығындар мен басқа мақсаттарды есепке алу тәртібі" 17-тарауында айқындалған.

23-тарау. Есепті күннен кейінгі оқиғалар

      102. Мемлекеттік мекеменің міндеттемелеріне немесе активтеріне елеулі қаржылық ықпалы бар есепті күннен кейінгі түзетпейтін оқиғалар Бухгалтерлік есепке алу қағидаларының "Есепті күннен кейінгі оқиғалар" 22-тарауына сәйкес тиісті ақпаратты ашып көрсету жолымен көрсетіледі. Қаржылық есептілікте есепті күннен кейінгі түзетуші оқиғаларды көрсету үшін танылған сомалар түзетілуге жатады.

24-тарау. Баланстан тыс шоттар

      103. Мемлекеттік мекеме мемлекеттік мекемедегі уақытша және оған тиесілі емес, баланстан тыс шоттардағы активтердің есебін жүргізеді.

      Баланстан тыс шоттардағы есеп жалғыз (қарапайым) жазу бойынша жүргізіледі.

      Негізгі баланстан тыс шоттарда есепке алынған активтер бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган бекіткен Мемлекеттік мекемелерде түгендеу жүргізу қағидаларына сәйкес түгендеу жүргізуге жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады