Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық ғылым және білім департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың электрондық көшірмесін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің "Қазақстан Республикасы Заңнама және құқықтық ақпарат институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің Эталондық бақылау банкіне енгізу үшін жіберуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрі |
А. Сапаров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 23 мамырдағы № 173 бұйрығымен бекітілген |
Мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 16-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау тәртібін белгілейді.
2-тарау. Мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау тәртібі
2. Мемлекеттік тапсырманың құны тікелей, жанама және үстеме шығыстардың сомасына сүйене отырып мынадай формула бойынша айқындалады:
Қ = ∑ТШ+ЖШ+ҮШ,
мұнда:
Қ – мемлекеттік тапсырманың құны;
ТШ – тікелей шығыстар;
ЖШ – жанама шығыстар;
ҮШ – үстеме шығыстар.
3. Мемлекеттік тапсырманың құнын есептеген кезде мемлекеттік тапсырманы орындауға тікелей қатысатын барлық жұмыскерлердің жалақысы штаттық кестеге сәйкес лауазымдар бойынша әрбір жұмыскер бойынша жеке көрсетіледі.
4. Тікелей шығыстарға мемлекеттік тапсырманы жүзеге асыратын жұмыскерлердің жалақысы жатады.
5. Жанама шығыстарға:
1) іссапар шығыстары;
2) өкілдік шығыстар;
3) полиграфиялық қызметтерге арналған шығыстар;
4) тікелей мемлекеттік тапсырманы орындау үшін қажетті ақпараттық қызметтер және байланыс қызметтері жатады.
6. Үстеме шығыстарға:
1) коммуналдық қызметтер (электр энергиясы, жылыту, сумен жабдықтау және кәріз, қоқыс шығару);
2) негізгі құралдарды жөндеу және қызмет көрсету;
3) материалдарды (қосалқы бөлшектер, жанар-жағармай материалдары, жиынтықтауыштар, кеңсе тауарлары және шығыс материалдары) сатып алу;
4) көлік шығыстары;
5) ғимаратты жалға алу;
6) почта қызметтері;
7) салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер жатады.