"Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Атырау облысы әкімдігінің 2025 жылғы 10 ақпандағы № 21 қаулысы

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27, 37-баптарына, Қазақстан Республикасының "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 17-бабына сәйкес Атырау облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулының қосымшасына сәйкес "Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі туралы ереже бекітілсін.

      2. "Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен осы қаулыдан туындайтын шараларды алсын.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Атырау облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы ол алғашқы жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Облыс әкімі С. Шәпкенов

  Атырау облысы әкімдігінің
2025 жылғы 10 ақпандағы
№ 21 қаулысына
қосымша
  Атырау облысы әкімдігінің
2025 жылғы 10 ақпандағы
№ 21 қаулысымен
бекітілген

Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. "Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" (бұдан әрі – Басқарма) энергетика, тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық және инженерлік инфрақұрылым объектілерінің құрылысын салу және жаңғырту саласындағы басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.

      2. Басқарма өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      3. Басқарма мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысандағы заңды тұлға болып табылады, оның рәміздері мен айырым белгілері (бар болса), Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасы бейнеленген мөрлері және атауы қазақ және орыс тілдерінде жазылған мөртабандары, белгіленген үлгідегі бланкілері, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары бар.

      4. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан жасайды.

      5. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекет атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқылы.

      6. Басқарма өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Басқармасы басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      7. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      8. Заңды тұлғаның орналасқан жері: 060010, Атырау облысы, Атырау қаласы, Әйтеке би көшесі, 77 үй.

      9. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.

      10. Басқарманың қызметін қаржыландыру жергілікті бюджет арқылы жүзеге асырылады.

      11. Басқармаға кәсіпкерлік субъектілермен Басқарманың өкілеттіктері болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер Басқармаға заңнамалық актілермен кіріс әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда алынған кіріс, егер Қазақстан Республикасының заңнамасында өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік бюджетке жіберіледі.

2. Басқарманың мақсаттары мен өкілеттіктері

      12. Мақсаттары:

      Облыстың энергетика, тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық және инженерлік инфрақұрылым объектілерінің құрылысын салу және қайта жаңғырту саласында мемлекеттік саясатты іске асыру.

      13. Өкілеттіктері:

      1) құқықтары:

      өз құзыреті шегінде орындалуға міндетті құқықтық актілер қабылдауға;

      тиісті ұйымдардан, мемлекеттік органдардан, кәсіпорындардан және басқалардан ақпараттар мен құжаттарды сұратуға және алуға;

      қолданыстағы заңнамалық актілерде және осы Ереженің функцияларында көзделген басқа да құқықтарды жүзеге асыруға құқығы бар;

      2) міндеттері:

      Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңнамасын сақтау;

      Басқармаға жүктелген функциялардың жүзеге асырылуын қамтамасыз ету;

      Басқармаға келіп түскен шағымдар мен өтініштерді қарау;

      Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де міндеттер.

      14. Функциялары:

      1) энергетика, тұрғын үй-коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымдар объектілерінің жобалау жұмыстары мен қызметтері нарығының сұранысы мен ұсыныстарын, конъюктурасының жай-күйін, даму беталыстары мен перспективаларын зерделеу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру;

      2) энергетика, тұрғын үй-коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымдар объектілерінің құрылысын жобалау және жаңғырту, коммуналдық шаруашылық объектілерін күрделі жөндеу мәселелерін реттейтін нормалар мен ережелерді жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындау;

      3) өз құзыреті шегінде ортақтандырылған көздерден қаржыландырылатын энергетика және инженерлік инфрақұрылым объектілерін жобалауға, құрылысын салуға және жаңғыртуға арналған мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру үдерісіне қатысу;

      4) өзі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып табылатын Атырау облысы бойынша құрылысын салуға және жөндеуге жататын энергетика және инженерлік инфрақұрылымдар объектілерінің жобалау-сметалық құжаттамаларын қарау және келісу;

      5) тиісті органдармен бірлесіп, инженерлік - құрылыс нормалары мен ережелерінің сақталуын, сонымен қатар, облыс аумағында салынып жатқан энергетика, тұрғын үй-коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымдар объектілері құрылысының сапасын бақылауды жүзеге асыру;

      6) тапсырысшылардың, мердігер ұйымдардың және басқа да энергетика, тұрғын үй-коммуналдық және инженерлік инфрақұрылымдар объектілерінің құрылысын салу үдерісіне басқа да қатысушылардың арасындағы келіспеушіліктерді шешуге қатысу;

      7) жергілікті бюджет, республикалық бюджеттен бөлінетін кредиттік, нысаналы трансферттер, ұлттық қордан, сондай-ақ инвесторлар қаражаты есебінен қаржыландырылатын басым инвестициялық жобаларды іске асыруды қамтамасыз ету;

      8) жергілікті атқарушы органдардың жұмысын үйлестіру, коммуналдық шаруашылық саласында облыстың әлеуметтік – экономикалық даму жоспарларын және мемлекеттік саясатты іске асыру;

      9) жыл сайынғы жылу беру маусымына арналған облыстың мемлекеттік мекемелеріне қажетті отынның нақты көлемдерін анықтау бойынша шараларды жүзеге асыру;

      10) салынған, қайта жаңғыртылған инженерлік коммуникациялық желілерді, энергетика, су және газ, кәріз желісі, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы объектілерін пайдалануға қабылдау жөніндегі қабылдау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру;

      11) қолданыстағы тұрғын үй қорын пайдалану және ұстау бойынша жұмыстарды ұйымдастыру;

      12) тұрғын үй шаруашылығы саласында салалық (секторалдық) және өңірлік бағдарламаларды әзірлеу және іске асыру;

      13) мемлекеттік тұрғын үй қорын сақтау бойынша жұмысты ұйымдастыру, иесіз тұрғын үйлерді анықтау, есепке алу және тиісті органдарға беру;

      14) кондоминиум объектісінің жалпы мүлкін техникалық тексеруді ұйымдастыру;

      15) кондоминиум объектісінің жалпы мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерінің тізбесін және жүргізу кезектілігін анықтау және кондоминиум объектілерін жөндеу бойынша бақылауды жүргізу;

      16) кондоминиум объектісінің жалпы мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шығыстар сметасына келісу;

      17) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын, бас құрылыстарын дамытуға қатысу, энергетика кешені кәсіпорындары қызметінің негізгі көрсеткіштеріне талдау жүргізу және жүйелі ақпарат жинауды жүзеге асыру;

      18) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің функцияларын орындау, облыстың энергетика саласын тиімді дамытуға бағытталған мемлекеттік саясатты жүргізу;

      19) тұрғындар мен кәсіпорындардың коммуналдық қызметтерге қажеттіліктерін болжамдық бағалау негізінде оның орнықты жұмыс жасауы есебімен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың даму стратегиясы мен тұжырымдамасын әзірлеу;

      20) мемлекеттік және жеке меншікке негізделген коммуналдық шаруашылық объектілерін ұстау және жөндеудің ұйымдық нысандарын енгізу жөніндегі тәжірибені жинақтап қорыту және ұсынымдар әзірлеу;

      21) коммуналдық меншік объектілерінің сақталуын қамтамасыз ету, елді мекендердің тұрғын үйлерін абаттандыру, санитарлық жан-күйін жақсарту деңгейін одан әрі арттыру жөніндегі іс-шараларды әзірлеу;

      22)01стратегиялық жоспарды, мемлекеттік және өңірлік бағдарламаларды, келешекке арналған энергетика кешені кәсіпорындары дамуының индикативтік болжамын әзірлеу және іске асыруға қатысу, олардың орындалуын талдау және проблемалық мәселелерді шешу жөнінде тиісті ұсыныстар енгізу;

      23) мемлекеттік тұрғын үй саясатын іске асыру бойынша жұмыстарды жалпы үйлестіру, энергетика кешеніндегі реформа барысын бағалау және облыс басшылығына баяндау үшін талдамалық материал дайындау;

      24)11Басқарма құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ведомстволық бағыныстағы кәсіпорындар мен бөлімдердің, азаматтардың арыздары мен шағымдарын уақтылы қарауды қамтамасыз ету;

      25) ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік кәсіпорындардың қызметін үйлестіру;

      26) ауыз сумен қамтудың баламасыз көздері болып табылатын сумен қамтудың айрықша маңызды топтық жүйелерінен ауыз су беру бойынша көрсетілетін қызметтердің құнын субсидиялау жөніндегі іс-шараларды іске асыру;

      27) Басқарма қызметкерлерінің қызметінде тиісті кәсіби деңгейді, олардың біліктіліктерін арттыруды қамтамасыз ету;

      28) инновациялық технологиялар мен энергия үнемдеуді енгізу саласындағы жұмысты үйлестіру және ұйымдастыру;

      29) тұтынушылардың жылу пайдаланатын қондырғыларын пайдалануын және техникалық жай-күйін бақылауды жүзеге асыру;

      30) жылу желілері бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын дайындау мен жүзеге асыруды және олардың күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеуін бақылау;

      31) жылу желілеріндегі (магистральдық, орамішілік) технологиялық бұзушылықтарды тексеруді жүргізу;

      32) жылу желілерін (магистральдық, орамішілік) жөндеу жоспарларын келісу;

      33) барлық қуаттағы жылыту қазандықтары мен жылу желілерінің (магистральдық, орамішілік) күзгі-қысқы жағдайларда жұмысқа әзірлігі паспорттарын беру;

      34) қайталанатын (шунтталатын) электр беру желілері мен қосалқы станцияларды жобалауды және салуды келісу;

      35) 110кВ және одан төмен, 220 кВ және одан жоғары объектілер үшін қайталанатын (шунтталатын) электр беру желілері мен қосалқы станцияларды салудың техникалық орындылығы туралы қорытынды беру;

      36) құрылыс қызметі саласында мемлекеттік, қоғамдық және жеке мүддені қорғау мәселелері жөнінде жобаларды мемлекеттік сараптаудың республикалық аумақтық бөлімшелерімен, жобалардың жеке сараптамаларымен, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы органымен өзара іс-қимыл жасау;

      37) жер заңнамасына сәйкес аудандардың (қаланың) жергілікті атқарушы органдарында нысандар құрылысына арналған жер учаскесін беру туралы шешімдерді алу;

      38) инженерлік және коммуналдық қамту көздеріне қосуға арналған техникалық шарттарды жинау;

      39) Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік актілеріне сәйкес конкурс негізінде жеткізіп берушіні тарту арқылы (құрылыстың мердігерлік әдісі кезінде) жеткіліксіз инфрақұрылымдарды құрылыс-монтаждау жұмыстарының жүргізілу барысы мен сапасын техникалық қадағалауды қамтамасыз ету;

      40) отандық жобалау және құрылыс өнімінің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыруды, жаңа құрылыста инвестицияларды пайдалану тиімділігін ынталандыратын жағдайларды қалыптастыру;

      41) салынған объектiнi пайдалануға қабылдау актiсiн жасақтау;

      42) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес оған облыс әкімдігімен жүктелген өзге де функцияларды орындау.

3. Басқарма басшысының мәртебесі, өкілеттіктері

      15. Басқарманы басқаруды басшысы жүзеге асырады, ол Басқармаға жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болады.

      16. Басқарма басшысы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес лауазымға тағайындалады және лауазымнан босатылады.

      17. Басқарма басшысының өкілеттіктері:

      1) Басқарманың жұмысына басшылық жасайды және оған жүктелген міндеттердің орындалуын қамтамасыз етеді;

      2) мемлекеттік органдар, сот пен басқа да ұйымдарда Басқарманың мүддесін білдіреді;

      3) өзінің орынбасарлары мен Басқарма қызметкерлерінің міндеттері мен өкілеттіктерін анықтайды;

      4) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Басқарманың қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

      5) Басқарманың құрылымдық бөлімшелері туралы ережелерді бекітеді;

      6) заңнамада белгіленген тәртіппен Басқарма қызметкерлерін көтермелейді және оларға тәртіптік жазалар қолданады;

      7) Басқармада сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жасауға бағытталған тиісті шараларды қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шаралардың қабылдануы үшін дербес жауапты болады;

      8) өз құзыреті шегінде бұйрықтар шығарып, өзінің құзыретіне жататын басқа да мәселелер бойынша шешімдер қабылдайды;

      9) Заңнамаға сәйкес Басқарма мемлекеттік басқару органы болып табылатын мемлекеттік мекемелер мен кәспорындардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      Басқарма басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға жүзеге асырады.

4. Басқарманың мүлкі

      18. Басқарманың заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болуы мүмкін.

      Басқарма мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі өзіне бекітіліп берілген, өзінің балансында тұрған мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету құқығын Қазақстан Республикасының атынан дербес жүзеге асырады.

      19. Басқармаға бекітілген мүлік коммуналдық мүлікке жатады.

      20. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзіне бекітілген мүлікті өз бетімен шектен шығаруға немесе оған өзге де тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату

      21. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Басқарманың қарамағындағы ұйымдар тізбесі

      22. "Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының "Атырау Су Арнасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны.

      23. "Атырау облысы Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесінің "Атырау облысы Су Арнасы" коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады