Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2015 жылғы 8 мамырдағы № 12 шешімі.

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 81 және 104-баптарына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1.      Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру тұжырымдамасы бекітілсін.

      2.      Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бағдарламасын әзірлеу кезінде Беларусь Республикасының ерекше пікірі ескерілсін (қоса беріліп отыр).


      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:


      Армения Беларусь Қазақстан Ресей
Республикасынан Республикасынан Республикасынан Федерациясынан


  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2015 жылғы 8 мамырдағы
№ 12 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру
ТҰЖЫРЫМДАМАСЫ

І. Жалпы ережелер

      Осы Тұжырымдама 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) 81-бабының 2-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді.

      Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) ортақ электр энергетикалық нарығы – электр энергиясын (қуатын) сатып алу-сатумен байланысты, Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілер мен Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығы субъектілерінің арасындағы тиісті шарттар негізінде әрекет ететін, қатарлас жұмыс істейтін электр энергетикасы жүйелері негізіндегі Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) ішкі көтерме электр энергетикалық нарықтары субъектілерінің арасындағы қарым-қатынастар жүйесі.

      Осы Тұжырымдама мүше мемлекеттердің Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыруын қамтамасыз етуге бағытталған.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарықтарын қалыптастыру:

      халықаралық шарттарда айқындалатын, мүше мемлекеттердің қазіргі өзара қарым-қатынастары;

      мүше мемлекеттер электр энергетикалық нарықтарының жұмыс істеу және даму ерекшеліктері;

      мүше мемлекеттердің ішкі тұтынушыларын электр энергиясымен басымды түрде қамтамасыз ету;

      мүше мемлекеттердің электр энергетикасы жүйелеріндегі қатарлас жұмыс шеңберінде олардың өзара іс-қимылы;

      ортақ электр энергетикалық нарықтарын қалыптастырудың әлемдік тәжірибесі ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Осы Тұжырымдамада пайдаланылатын ұғымдар Шартта және осы Тұжырымдаманың тиісті бөлімдерінде келтірілген мәндерде түсініледі.

ІІ. Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастырудың мақсаты мен міндеттері

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру:

      мүше мемлекеттер экономикасының орнықты дамуын және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

      мүше мемлекеттердің электр энергетикасы кешендері жұмыс істеуінің экономикалық тиімділігі мен сенімділігін арттыру;

      мүше мемлекеттердің және тұтастай алғанда Одақтың әлемдік нарықта бәсекеге қабілеттілігін арттыру;

      электр энергетикасы саласында мүше мемлекеттердің бірыңғай экономикалық кеңістігін қалыптастыру;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығында тұтынушылардың электр энергиясына сұранысын қанағаттандыру;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылардың экономикалық мүдделерінің теңгерімін адал бәсекелестік қағидаты негізінде қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылады.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастырудың міндеттері:

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылар арасында электр энергиясымен өзара сауданың нарықтық тетіктерін дамыту және олардың тиімділігін арттыру;

      мүше мемлекеттер экономикасының дамуы үшін қолайлы жағдай жасау;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылар арасында электр энергиясымен саудадағы бәсекелестік деңгейін арттыру;

      баға белгілеудің ашықтығын арттыру;

      электр энергиясын (қуатын) мемлекетаралық беруді жүзеге асыру кезінде мүше мемлекеттердің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтер көрсетуін басым пайдалану талабымен, техникалық мүмкіндіктер шегінде электр энергетикасы саласында қызметтер көрсетуге кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;

      нарықтар интеграциясының тиісті кезеңінде электр энергетикасын өндірушілер мен тұтынушылардың мүше мемлекеттердің электр энергетикасы нарықтарына қол жеткізуін ұлттық экономикалардың мүдделерін ескере отырып,қамтамасыз ету үшін жағдай жасау;

      электр энергетикасымен өзара сауда жасау үшін мүмкіндіктерді кеңейту;

      түпкі тұтынушылар үшін электр энергиясына арналған бағалардың өсу қарқынын төмендету;

      электр энергетикасына инвестиция салу үшін қолайлы жағдайлар жасау болып табылады.

ІІІ. Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру қағидаттары


      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру Баға белгілеу және тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтер көрсетуіне қолжеткізуді қамтамасыз ету туралы хаттаманың (Шартқа № 21 қосымша) 5-тармағында көрсетілген мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:

      тең құқықтық, өзара пайда және мүше мемлекеттердің кез келгеніне экономикалық залал келтірмеу негізіндегі ынтымақтастық;

      электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылардың, сондай-ақ Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының басқа да субъектілерінің экономикалық мүдделері теңгерімін сақтау;

      мүше мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы заңнамасын, соның ішінде Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығы субъектілерінің ақпаратты ашуы бөлігінде кезең-кезеңмен үйлестіру;

      бәсекелес қызмет түрлерінде электр энергиясына (қуатына) сұранысты қанағаттандырудың орнықты жүйесін қалыптастыру үшін нарықтық қатынастарға және адал бәсекелестікке негізделген тетіктерді басым пайдалану;

      электр энергиясын (қуатын) мемлекетаралық беруді жүзеге асыру кезінде мүше мемлекеттердің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтер көрсетуін басым пайдаланған жағдайда, аталған қызметтер көрсетуге кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету;

      қызметтің бәсекелес және монополиялық түрлерін бөліп шығару мақсатында электр энергетикасы саласындағы ұлттық сатылас интеграцияланған компаниялар құрылымын кезең-кезеңмен түрлендіру;

      мүше мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы мемлекетаралық қатынастарын Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының келісілген моделіне сәйкес дамыту;

      мүше мемлекеттердің электр энергетикалық нарықтарының қазіргі бар модельдерінің ерекшеліктерін ескере отырып, мүше мемлекеттердің қатарлас жұмыс істейтін электр энергетикалық жүйелері негізінде Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын кезең-кезеңмен қалыптастыру;

      қатарлас жұмыстың өзара келісілген талаптарын сақтай отырып, мүше мемлекеттердің электр энергетикалық жүйелері қатарлас жұмысының техникалық және экономикалық артықшылықтарын пайдалану;

      нарықтарды интеграциялаудың тиісті кезеңінде электр энергиясын өндірушілер мен тұтынушылардың мүше мемлекеттердің электр энергиясы нарығына қол жеткізуін ұлттық экономикалардың мүдделерін ескере отырып, қамтамасыз ету;

      мүше мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін ескере отырып, мүше мемлекеттердің субъектілері арасындағы электр энергиясымен сауда жасауды жүзеге асыру.

IV. Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының функциялары

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының функциялары:

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығы субъектілері экономикалық мүдделерінің теңгерімін сақтау;

      бәсекелес баға белгілеу негізінде электр энергиясына сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін қамтамасыз ету болып табылады.

V. Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының функционалдық құрылымы

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығы Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру кезеңдеріне сәйкес айқындалатын ерекшеліктерді ескере отырып, Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілер негізінде жұмыс істейді. Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығында электр энергиясымен сауда жасау мынадай тәсілдермен жүзеге асырылады:

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылар арасында осы бөлімнің алтыншы абзацына сәйкес еркін екіжақты шарттар бойынша электр энергиясымен өзара сауда жасау;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылар арасында орталықтандырылған сауда-саттықта, соның ішінде экономикалық орындылығы жағдайында Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастырудың тиісті кезеңінде бір тәулікке ілгері сауда-саттықта электр энергиясымен өзара сауда жасау (бұдан әрі – орталықтандырылған сауда-саттықта электр энергиясымен өзара сауда жасау);

      іс жүзіндегі электр энергиясы сальдо-ағындарының жоспарлы мәндерден сағаттық ауытқуларын реттеп отыру.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылар арасында еркін екіжақты шарттар бойынша және орталықтандырылған сауда-саттықта электр энергиясымен өзара сауда жасаудың технологиялық негізін мүше мемлекеттер мемлекетаралық электр беру желілерінің өткізу қабілетін бөлу тетігін әзірлеу жолымен жасайды.

      Еркін екіжақты шарттар бойынша электр энергиясымен өзара сауда жасауды Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылар мемлекетаралық қималардың өткізу қабілетін, басқа да технологиялық және реттеушілік шектеулерді ескере отырып, шарттардың тараптары дербес айқындайтын бағалар, көлем және жеткізу талаптары бойынша электр энергиясын сатып алу-сату екіжақты шарттарын жасасу арқылы жүзеге асырады. Еркін екіжақты шарттар бойынша электр энергиясымен өзара сауда жасау Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілерге сәйкес жүзеге асырылады.

      Орталықтандырылған сауда-саттықта электр энергиясымен өзара сауда жасауды Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылар Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілерге сәйкес электрондық сауда жүйесінде жүзеге асырады. Орталықтандырылған сауда-саттық өткізудің мақсаты мүше мемлекеттермен келісілген алгоритмге сәйкес электр энергиясын сатып алу-сату бағасы мен оның көлемін айқындау болып табылады.

      Іс жүзіндегі электр энергиясы сальдо-ағындарының жоспарлы мәндерден сағаттық ауытқуларын реттеп отыру Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілерге сәйкес мүше мемлекеттердің уәкілетті ұйымдары арасындағы шарттар негізінде жүзеге асырылады.

VI. Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының субъектілері

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығы субъектілерінің құрамына:

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылар;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының инфрақұрылымдық ұйымдары кіреді.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылар құрамына:

      электр энергиясын сатуды (жеткізуді) жүзеге асыратын және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мүше мемлекеттердің көтерме электр энергетикалық нарықтарына қатысушылар болып табылатын заңды тұлғалар;

      электр энергиясын сатып алуды жүзеге асыратын және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мүше мемлекеттердің көтерме электр энергетикалық нарықтарына қатысушылар болып табылатын заңды тұлғалар;

      мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес іс жүзіндегі электр энергиясы сальдо-ағындарының жоспарлы мәндерден сағаттық ауытқуларын реттеп отыруға қатысатын заңды тұлғалар кіреді.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының инфрақұрылымдық ұйымдарының құрамына:

      мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мүше мемлекеттердің көтерме электр энергетикалық нарықтарында электр энергиясымен орталықтандырылған сауда-саттық ұйымдастыру жөнінде қызметтер көрсететін ұйымдар (бұдан әрі – орталықтандырылған сауда-саттық операторлары);

      мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мүше мемлекеттердің көтерме электр энергетикалық нарықтарында міндеттемелер мен талаптарды есептеу және мүше мемлекеттердің көтерме электр энергетикалық нарықтарында қаржылық есептеу жүргізу жөнінде қызметтер көрсететін ұйымдар (бұдан әрі – қаржы операторлары);

      мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мүше мемлекеттердің электр энергетикалық жүйелерін жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асыратын, сондай-ақ басқа да қызметтер көрсететін ұйымдар (бұдан әрі – жүйелік операторлар);

      мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушыларға электр энергиясын беру жөнінде қызметтер көрсететін ұйымдар (бұдан әрі – желілік операторлар) кіреді.

      Жүйелік және желілік оператор функцияларын, егер бұл мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделсе, бір ұйым жүзеге асыра алады.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығы субъектілерінің құқықтары мен міндеттері мүше мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы заңнамасында, сондай-ақ Одақтың орталық электр энергетикалық нарығын реттейтін актілерде белгіленеді.

VII. Одақтың орталық электр энергетикалық нарығын реттеу

      Одақтың орталық электр энергетикалық нарығын реттеу:

      электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялардың қызметін Одақ құқығы негізінде және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес реттеуді;

      Шарттың ХІХ және ХХ бөлімдерінде және мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып, Шарттың ХVІІ бөліміне сәйкес жүзеге асырылатын монополияға қарсы реттеуді қамтиды.

VIIІ. Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын басқару және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын басқару және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету шеңберінде:

      мүше мемлекеттердің Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру мен оның жұмыс істеуін технологиялық, реттеушілік және коммерциялық қамтамасыз ету бөлігінде мемлекеттік саясатты тұжырымдап әзірлеуі мен іске асыруы;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілерді әзірлеу;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын басқару және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету құрылымдары мен Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылардың өзара іс-қимыл жасауы жүзеге асырылады.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын басқару және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету құрылымдарына:

      мүше мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы реттеуге уәкілеттігі бар мемлекеттік органдары;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының инфрақұрылымдық ұйымдары;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының көмекші органдары (мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдары басшыларының кеңестері, Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру және оның жұмыс істеуі кезінде мүше мемлекеттер мемлекеттік органдарының, Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылардың өзара іс-қимылын қамтамасыз ету үшін құрылған жұмыс топтары, арнайы комиссиялар) жатады. Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының көмекші органдары Шарттың 12-бабы 2-тармағының 22) тармақшасына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімі бойынша құрылады.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру және оның жұмыс істеуі мақсатында мүше мемлекеттер:

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын басқару және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету құрылымдары мен Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылардың өзара іс-қимылын;

      мүше мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы реттеуге уәкілеттігі бар мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылын;

      жүйелік операторлардың өзара іс-қимылын;

      желілік операторлардың өзара іс-қимылын;

      орталықтандырылған сауда-саттық операторлары мен қаржы операторларының өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын басқару және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету құрылымдары мен Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылардың өзара іс-қимылы:

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын дамыту мәселелері бойынша, соның ішінде Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының моделін, Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығы шеңберіндегі сауда және баға белгілеу қағидаларын жетілдіру бойынша келісілген ұсыныстарды тұжырымдап әзірлеуді;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеу мониторингін ұйымдастыруды;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілерде көзделген жағдайларда Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының субъектілері арасындағы дауларды реттеп отыруды;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеуін қамтамасыз ететін ақпараттық жүйелердің, соның ішінде орталықтандырылған сауда-саттықта Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығына қатысушылар арасындағы электр энергиясымен өзара сауданы жүзеге асыру кезінде электрондық жүйелердің жұмыс істеуін және өзара іс-қимылын;

      өзге де мәселелерді қоса алғанда, Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеуінің және дамуының ортақ мәселелері бойынша жүзеге асырылады.

      Мүше мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы реттеуге уәкілеттігі бар мемлекеттік органдарының өзара іс-қимылы мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілерді әзірлеу;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілерге сәйкес мүше мемлекеттердің электр энергетикасы саласындағы заңнамасын үйлестіруге жәрдемдесу;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеу мониторингі деректерін қарау;

      электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтер көрсетуіне қол жеткізудің бірыңғай қағидаларын қолдану.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының жұмыс істеуі жағдайында жүйелік операторлардың өзара іс-қимылы мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады:

      мүше мемлекеттер электр энергетикалық жүйелерінің қатарлас жұмыс істеуінің базалық есептік модельдерін қалыптастыру;

      жүйелік операторлар арасында ақпарат алмасуды ұйымдастыру (жоспарлау мақсаты үшін);

      жүйелік операторлардан алынған деректер негізінде электр энергетикалық режимдерді есептеулерді жүргізу және мүше мемлекеттер электр энергиясы сальдо-ағындарының жоспарлы мәндерін айқындау;

      мемлекетаралық қималардың өткізу қабілетіне және сенімді жұмыс істеуіне ықпал ететін электр желілік жабдықты жөндеу графиктерін келісу;

      қалыпты режимде және қалыпты жұмыс режимін бұзушылықтарды жою кезінде электр энергетикалық жүйелердің жұмысын регламенттейтін құжаттарды әзірлеу.

      Жүйелік операторлар мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес ұлттық электр энергетикалық жүйелерді жедел-диспетчерлік басқаруды жүзеге асырады.

      Жүйелік операторлар өздері келіскен электр энергиясы мемлекетаралық сальдо-ағындарының графигін сақтап тұру үшін жауап береді.

      Желілік операторлардың өзара іс-қимылы мүше мемлекеттердің жоспарлау жүйелеріне сәйкес беруші желілердің даму жоспарларымен ақпараттық алмасу мақсатында жүзеге асырылады.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының орталықтандырылған сауда-саттық операторлары мен қаржы операторларының өзара іс-қимылы мынадай мәселелер бойынша жүзеге асырылады:

      орталықтандырылған сауда-саттықта Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының қатысушылары арасында электр энергиясымен өзара сауда жасау;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының субъектілері арасындағы есептесулер;

      орталықтандырылған сауда-саттықта Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының қатысушылары арасында электр энергиясымен өзара сауданы жүзеге асыру кезінде жүйелік операторлармен өзара іс-қимыл.

ІХ. Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығында баға белгілеу тетіктері

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығында баға белгілеу тетіктері мүше мемлекеттердің электр энергетикалық нарықтарындағы электр энергиясы мен қуатқа баға белгілеудің қазіргі тетіктерін және Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру кезеңдерін ескере отырып, қалыптастырылады.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілер негізінде жасасылған шарт тараптарының келісімі бойынша баға белгіленуі жүзеге асырылатын электр энергиясы еркін екіжақты шарттар бойынша электр энергиясымен өзара сауда жасау кезінде тауар болып табылады.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілер негізінде мүше мемлекеттер келіскен алгоритмге сәйкес баға белгіленуі жүзеге асырылатын электр энергиясы еркін орталықтандырылған сауда-саттықта электр энергиясымен өзара сауда жасау кезінде тауар болып табылады.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілер негізінде баға белгіленуі жүзеге асырылатын электр энергиясы іс жүзіндегі электр энергиясы сальдо-ағындарының жоспарлы мәндерден сағаттық ауытқуларын реттеп отыру кезінде тауар болып табылады.

      Электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің және мүше мемлекеттердің көтерме электр энергетикалық нарықтары инфрақұрылымдық ұйымдарының қызметтер көрсетуіне баға белгілеу (тариф белгілеу) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығында электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтер көрсетуіне арналған тарифтер электр энергиясы ішкі нарығының субъектілеріне арналған ұқсас ішкі тарифтерден аспауға тиіс.

Х. Мемлекетаралық электр желілерін дамыту

      Мүше мемлекет өз аумағында Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығының инфрақұрылымын дамытуды мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес оның қатысушылары мүдделерінде қамтамасыз етеді.

      Мүше мемлекеттердің мемлекетаралық электр желілерін дамыту жөніндегі өзара іс-қимылы:

      мемлекетаралық электр беру желілері құрылыстарының мерзімдері мен параметрлерін келісу бойынша ұсыныстар дайындау;

      мемлекетаралық желілерді дамыту тетіктерін жасау жолымен жүзеге асырылады.

ХІ. Инвестициялар

      Мүше мемлекеттер Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру және дамыту мақсатында мүше мемлекеттердің электр энергетикасы саласына инвестициялар тартуға жәрдемдеседі.

ХІІ. Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілер

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілер жүйесін:

      Шарт;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру туралы, соның ішінде электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтер көрсетуіне қол жеткізудің бірыңғай қағидаларын қамтитын және Шарттың 81-бабының 3-тармағына және 104-бабының 3-тармағына сәйкес жасалатын халықаралық шарт;

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығы субъектілерінің жұмыс істеуін айқындайтын және Шарттың 81-бабының 2-тармағына және 104-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру бағдарламасына (бұдан әрі – бағдарлама) сәйкес әзірленетін Одақ органдарының актілері құрайды.

      Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын реттейтін актілердің тізбесі, дәйектілігі мен әзірлеу мерзімдері Шартта, осы Тұжырымдамада және бағдарламада айқындалады.

      Мүше мемлекеттердің көтерме электр энергетикалық нарықтарының жұмыс істеуін реттейтін мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру жөніндегі іс-шаралар бағдарламада айқындалады.

ХІІІ. Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру кезеңдері

      Мүше мемлекеттер қатарлас жұмыс істейтін электр энергетикалық жүйелер негізінде Одақтың ортақ электр энергетикалық нарықтарын кезең-кезеңмен қалыптастыруды:

      мүше мемлекеттердің электр энергетикалық нарықтарын қалыптастыру мен дамыту жоспарларын;

      мүше мемлекеттердің халықаралық шарттар шеңберіндегі міндеттемелерін;

      ортақ электр энергетикалық нарықтар қалыптастырудың халықаралық тәжірибесін;

      мүше мемлекеттердің көтерме электр энергетикалық нарықтарының жұмыс істеу ерекшеліктерін;

      мүше мемлекеттердің заңнамасын ескере отырып жүзеге асырады.

      Мүше мемлекеттер Шарттың, осы Тұжырымдама мен бағдарламаның негізінде мынадай кезеңдерге сәйкес Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыруды қамтамасыз етеді:

      І кезең (2015 жыл – 2016 жылдың І және ІІ тоқсандары) – бағдарламаны әзірлеу және бекіту;

      ІІ кезең (2016 жылдың ІІІ және ІV тоқсандары – 2018 жылдың І және ІІ тоқсандары) – бағдарламаның іс-шараларын орындау, соның ішінде сатылас интеграцияланған құрылымдарында бәсекелестік және монополиялық қызмет түрлерін бөлу, электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтер көрсетуіне қол жеткізудің бірыңғай қағидаларын әзірлеу;

      ІІІ кезең (2018 жылдың ІІІ және ІV тоқсандары – 2019 жылдың І және ІІ тоқсандары) – Одақтың ортақ электр энергетикалық нарығын қалыптастыру туралы, соның ішінде электр энергетикасы саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтер көрсетуіне қол жеткізудің бірыңғай қағидаларын қамтитын халықаралық шартты жасасу және оның күшіне енуі.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады