Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік комитет туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 25 мамырдағы № 59 шешімі

      Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің 7 және 44-тармақтарына (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша), Тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында келісілген саясат жүргізу туралы хаттаманың 6-тармағының 3-тармақшасына (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 13 қосымша) сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік комитет құрылсын.

      2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік комитет туралы қоса беріліп отырған Ереже бекітілсін.

      3. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау саласындағы Еуразиялық экономикалық комиссияның функцияларын Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының мүшесіне бекіту туралы шешім қабылдағанға дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік комитет төрағасының міндетін Еуразиялық экономикалық комиссияның Техникалық реттеу мәселелері жөніндегі Алқа мүшесі (Министр) Корешков В.Н. жүзеге асырады деп белгіленсін.

      4. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
В. Христенко

  Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының 2015 жылғы 25 мамырдағы
№ 59 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер тұтынушыларының
құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік комитет туралы
ЕРЕЖЕ

І. Жалпы ережелер

      1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер тұтынушыларының құқықтарын қорғау мәселелері жөніндегі консультативтік комитет (бұдан әрі – Комитет) Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің 7 және 44-тармақтарына (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 1 қосымша)және Тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында келісілген саясат жүргізу туралы хаттаманың 6-тармағының 3-тармақшасына (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 13 қосымша) сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының (бұдан әрі тиісінше – Алқа, Комиссия) жанынан құрылады.

      Комитет Комиссияның Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) азаматтарының мүдделерін шаруашылық жүргізуші субъектілердің жосықсыз қызметтерінен қорғауға тең жағдай қалыптастыруға бағытталған тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында келісілген саясат жүргізу, уәкілетті органдардың тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында өзара тиімді іс-қимылын арттыруға бағытталған шаралар қолдану мәселелері бойынша Комиссия үшін ұсынымдар дайындау мәселелері жөніндегі консультативтік орган болып табылады.

      2. Комитет өз қызметінде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартты, Одақ құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

ІІ. Комитеттің негізгі міндеттері мен функциялары

      3. Комитеттің негізгі міндеттері:

      а) тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында келісілген саясат жүргізуде бірыңғай тәсілдемелерді қалыптастыру мәселелері бойынша консультациялар өткізу;

      б) тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдардың өзара іс-қимылы бойынша ұсыныстар дайындау;

      в) тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында мүше мемлекеттер үшін Комиссия ұсынымдарының жобалары бойынша ұсыныстар дайындау;

      г) консультациялар өткізу шеңберінде тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында өзге де мәселелерді, соның ішінде құзыретіне тұтынушылар құқықтарын қорғау мәселелері жататын Алқа мүшесінің тапсырмасы бойынша мәселелерді қарау, сондай-ақ көрсетілген мәселелер бойынша ұсыныстар дайындау болып табылады.

      4. Өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін Комитет мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      а) мыналарға:

      Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілерге, сондай-ақ мүше мемлекеттердің заңнамасына;

      тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында мүше мемлекеттердің заңнамасын іске асырудың құқық қолдану практикасына;

      тұтынушылардың және тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық ұйымдардың қызметіне талдау жасауға қатысады;

      б) мынадай:

      тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында мүше мемлекеттердің заңнамасын үйлестіру;

      тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында мүше мемлекеттердің келісілген саясатын жүргізудің тиімді тетіктерін қалыптастыру және қағидаттарын тұжырымдау;

      жосықсыз шаруашылық жүргізуші субъектілер қызметінің жолын кесу және мүше мемлекеттер аумағында сапасыз тауарларды (қызметтер көрсетуді) өткізуге жол бермеу жөнінде шаралар қолдану;

      тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдардың, тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық ұйымдардың, тұтынушылардың қоғамдық бірлестіктерінің және Комиссияның арасында ынтымақтастықты ұйымдастыру;

      мүше мемлекеттердің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында Одақ құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілердің ережелерін орындауына мониторинг жүргізу мен бақылау жасаудың тәртібін жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар дайындайды;

      в) тұтынушылар құқықтарын қорғау саласында өзге де мәселелер бойынша ынтымақтастықты жүзеге асырады.

ІІІ. Комитет құрамы

      5. Комитет құрамы мүше мемлекеттердің мемлекеттік билігінің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдарының басшыларынан (басшылардың орынбасарларынан) қалыптастырылады.

      Алқа Комитет құрамын қалыптастыру үшін мүше мемлекеттерден мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарының уәкілетті өкілдерінің кандидатуралары бойынша ұсыныстар сұратады.

      Мүше мемлекеттердің ұсыныстары бойынша Комитет құрамына бизнес-қоғамдастықтың, ғылыми және қоғамдық ұйымдардың өкілдері, өзге де тәуелсіз сарапшылар кіруі мүмкін.

      Мүше мемлекеттер мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдарының Комитеттегі уәкілетті өкілдерін ауыстырудың қажеттігі туралы Алқаға уақытылы хабарлайды, сондай-ақ оның құрамына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс береді.

      Комитет құрамы Алқаның өкімімен бекітіледі.

      6. Комитеттің отырыстарында Алқа мүшесі төрағалық етеді және ол құзыретіне тұтынушылар құқықтарын қорғау мәселелері жататындықтан Комитет жұмысына жалпы басшылықты (бұдан әрі - Комитет төрағасы) жүзеге асырады.

      7. Комитет төрағасы:

      а) Комитет қызметіне басшылық жасайды және Комитетке жүктелген міндеттердің орындалуы жөніндегі жұмысты ұйымдастырады;

      б) Комитет отырысының күн тәртібін келіседі және бекітеді, оны өткізудің күнін, уақыты мен орнын айқындайды.

      в) Комитет отырысын жүргізеді;

      г) Комитет отырысының хаттамаларын бекітеді;

      д) Комиссия Алқасы мен Кеңесін Комитет тұжырымдаған ұсынымдар жөнінде хабардар етеді;

      е) кіші комитеттер, сараптама және жұмыс топтары мен олардың құрамы туралы ережелерді бекітеді;

      ж) Комиссия Алқасы мен Кеңесінің отырыстарында және мүше мемлекеттердің мемлекеттік билігінің тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдарымен өзара қатынастарда Комитет атынан өкілдік етеді;

      8. Комитеттің жауапты хатшысын Комитет төрағасы Комиссияның құзыреттеріне Комитет қызметінің бағыттары жөніндегі мәселелер кіретін лауазымды адамдарының немесе қызметкерлерінің арасынан тағайындайды.

      9. Комитеттің жауапты хатшысы:

      а) Комитет төрағасының және Комитет мүшелерінің ұсыныстары бойынша Комитет отырысының күн тәртібінің жобасын дайындайды және оны Комитет төрағасына бекітуге береді;

      б) Комитет отырысының күн тәртібінің жобасына қатысты материалдардың дайындалуы мен ұсынылуына бақылауды жүзеге асырады;

      в) Комитет отырысының бекітілген күн тәртібін және оның материалдарын даярлайды және Комитет мүшелеріне жібереді;

      г) Комитеттің кезекті отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы Комитет мүшелерін хабардар етеді;

      д) Комитет отырысының хаттамасын жүргізеді және оны Комитет төрағасына бекітуге береді.

      е) Комитет отырысының нәтижелері бойынша дайындалған қорытынды құжаттардың дайындалуын және Комитет мүшелерінің назарына жеткізілуін ұйымдастырады;

      ж) Комитеттің хаттамалық шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

      10. Комитет төрағасының шақыруымен Комиссияның Комитет отырысында қаралатын мәселелер құзыретіне жататын лауазымды адамдары мен қызметкерлері Комитет отырысына қатысуы мүмкін.

      11. Комитет төрағасының шешімімен Комитет отырыстарында құзыретіне тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы мәселелер жататын Комиссия департаменттері қарауға ұсынған, отырыстың күн тәртібіне енгізілмеген мәселелер және өзге де қосымша мәселелер қаралады.

      12. Комитет қызметінің бағыттары бойынша мәселелерді шешу үшін Комитет жанынан кіші комитеттер, қажет жағдайда сараптама және жұмыс топтары, соның ішінде нақты міндеттерді шешуге арналған жұмыс топтары құрылуы мүмкін.

      Кіші комитеттердің, сараптама және жұмыс топтарының құрамы мүше мемлекеттердің құзыретіне тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы мәселелер жататын тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдарының өкілдері мен сарапшылары арасынан қалыптастырылады.

ІV. Комитеттің жұмыс тәртібі

      13. Комитет отырысы қажеттілігіне қарай өткізіледі.

      14. Комитет отырысын өткізу туралы шешімді Комитет төрағасы қабылдайды.

      15. Комитет отырысы күн тәртібінің жобасын қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарды Комитет мүшелері Комитет төрағасына жолдайды.

      Комитет отырысының күн тәртібіне енгізуге мәселелер ұсынған Комитет мүшелері ұсынылған мәселелер бойынша ақпараттар мен материалдардың Комитеттің жауапты хатшысына берілуін қамтамасыз етеді.

      16. Комитет төрағасы тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдардан және Комитет мүшелерінен Комитеттің құзыретіне жататын мәселелер бойынша материалдар мен ақпараттарды белгіленген тәртіппен сұратуға құқылы.

      17. Комитет отырысының күн тәртібіне қатысты материалдар мыналарды қамтиды:

      а) қаралатын мәселелер жөнінде анықтамалар;

      б) қарауға ұсынылатын құжаттардың жобалары (бар болған кезде);

      в) хаттамалық шешімдердің жобалары;

      г) Комиссияға арналған ұсынымдардың жобалары;

      д) қажетті анықтамалық және талдамалық материалдар.

      18. Комитеттің жауапты хатшысы Комитет мүшелеріне Комитет отырысының күн тәртібін және оның материалдарын, соның ішінде электрондық түрдегі материалдарды Комитет отырысы өткізілетін күнге дейін 20 жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.

      19. Комитет отырысы, әдетте, Комиссияның үй-жайларында өткізіледі.

      Тұтынушылар құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органдардың ұсыныстары негізінде Комитет төрағасы қабылдайтын шешім бойынша Комитет отырысы кез келген мүше мемлекетте өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда қабылдаушы мүше мемлекет Комитет отырысын ұйымдастыруға және өткізуге жәрдемдеседі.

      Комитет төрағасының шешімімен Комитет отырысы бейнеконференция режимінде өткізілуі мүмкін.

      20. Комитет мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысса және әрбір мүше мемлекеттен кем дегенде Комитеттің 1 мүшесінің өкілдік етуі қамтамасыз етілсе, Комитет отырысы құқылы деп танылады.

      Комитет мүшелері Комитет отырыстарына ауыстыру құқығынсыз жеке өздері қатысады.

      Комитет мүшесінің отырысқа қатысуы мүмкін болмаған жағдайда ол қаралатын мәселе бойынша өз пікірін жазбаша нысанда күні бұрын беруге құқылы.

      21. Егер олардың пікірінше, аталған мәселе қосымша пысықтауды талап етсе, Комитет мүшелері мәселені Комитеттің қарауынан алып тастауды ұсына алады.

      22. Комитет мүшелері Комитет отырысында мәселелерді талқылау кезінде тең құқыққа ие.

      Комитет шешімі отырысқа қатысушы Комитет мүшелерінің жай көпшілік даусымен қабылданады. Мүше мемлекеттердің Комитет мүшелері жиынтығында 1 дауысты иеленеді. "Жақтап" және "қарсы" дауыс беру саны бірдей болған жағдайда мәселе пысықтауға жіберіледі.

      Комитет отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, онда Комитет мүшелерінің ұстанымдары тіркеледі.

      Егер Комитетте қаралған мәселе бойынша Комитет мүшесінің ерекше пікірі болса, ол жазбаша нысанда мазмұндалып, Комитет отырысының хаттамасына қоса тіркеледі. Комитет отырысының хаттамасына сондай-ақ қарастырылып отырған құжаттардың жобалары бойынша ұсыныстар, анықтамалық және талдамалық материалдар және тиісті негіздемелер қоса тіркелуі мүмкін.

      Комитет мүшелерінің Комитет отырыстарында берген ұсыныстары мүше мемлекеттердің түпкілікті ұстанымы ретінде қарастырылмайды.

      Комитет отырысының хаттамасын Комитет төрағасы Комитет отырысы өткен күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей бекітеді.

      Комитеттің жауапты хатшысы Комитет отырысының хаттамасын Комитет төрағасы бекіткен күннен бастап 7 жұмыс күні ішінде оны Комитеттің барлық мүшелеріне жібереді.

      Комитет төрағасының шешімімен Комитет отырысының хаттамасы немесе оның үзінді-көшірмесі Комитет отырысына шақыру бойынша қатысқан адамдарға жіберілуі мүмкін.

      Комитет отырысының хаттамалары Комитеттің жауапты хатшысында сақталады.

      23. Мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары уәкілетті өкілдерінің Комитет отырысына қатысуына байланысты шығындарын оларды жіберген мүше мемлекеттер көтереді.

      Бизнес-қоғамдастық, ғылыми және қоғамдық ұйымдар өкілдерінің, өзге де тәуелсіз сарапшылардың Комитет отырысына қатысуына байланысты шығындарын көрсетілген адамдар дербес көтереді.

      24. Комитет қызметін ұйымдық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссия жүзеге асырады.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады