Зертханааралық салыстыру сынақтарын (зертханааралық салыстырып қарау) жүргізуді ұйымдастыру тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 26 қаңтардағы № 12 шешімі

      Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында келісілген саясат жүргізу туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 10 қосымша) 9-тармағының 3-тармақшасына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне № 2 қосымшаның 14-тармағына сәйкес және зертханааралық салыстыру сынақтарын жүргізуді қамтамасыз ету және ұйымдастыру бөлігінде Сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу бойынша жұмыс нәтижелерін тану туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 11 қосымша) 3-тармағын іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссияның Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Зертханааралық салыстыру сынақтарын (зертханааралық салыстырып қарау) жүргізуді ұйымдастыру тәртібі бекітілсін.

      Көрсетілген Тәртіп Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 319 шешімімен бекітілген Сертификаттау жөніндегі органдар мен сынақ зертханаларын (орталықтарын) Кеден одағының сертификаттау жөніндегі органдар мен сынақ зертханаларының (орталықтарының) бірыңғай тізіліміне енгізу, сондай-ақ оны қалыптастыру мен жүргізу тәртібі туралы ережеге сәйкес сынақ зертханаларын (орталықтарын) Кеден одағының сертификаттау жөніндегі органдарының және сынақ зертханаларының бірыңғай тізіліміне енгізуге байланысты қатынастарда қолданылмайды деп белгіленсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап 1 жыл өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
В. Христенко

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2016 жылғы 26 қаңтардағы
№ 12 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Зертханааралық салыстыру сынақтарын (зертханааралық салыстырып қарау) жүргізуді ұйымдастыру ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында келісілген саясат жүргізу туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 10 қосымша) 9-тармағының
3-тармақшасына сәйкес және зертханааралық салыстыру сынақтарын (зертханааралық салыстырып қарау) жүргізуді қамтамасыз ету және ұйымдастыру бөлігінде Сәйкестікті бағалау жөніндегі органдарды аккредиттеу бойынша жұмыс нәтижелерін тану туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 11 қосымша) 3-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді және өнімнің Еуразиялық экономикалық одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттерінің (бұдан әрі – техникалық регламенттер) талаптарына сәйкестігін бағалау жөніндегі жұмыстарды орындайтын және Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың бірыңғай тізіліміне енгізілген аккредиттелген сынақ зертханаларының (орталықтарының) біліктілігін тексеру мақсатында зертханааралық салыстыру сынақтарын (зертханааралық салыстырып қарау сынақтарын, зертханааралық салыстырып қарауды) (бұдан әрі – сынақ зертханалары) жүргізуді ұйымдастыруға қойылатын талаптарды белгілейді.

      2. Осы Тәртіптің мақсаттары үшін мынаны білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "сынақ зертханаларының біліктілігін тексеру мақсатындағы зертханааралық салыстыру сынақтары (зертханааралық салыстырып қарау сынақтары, зертханааралық салыстырып қарау)" – нақ сол үлгілерді немесе бірнеше ұқсас үлгілерді (бұдан әрі – біліктілікті тексеруге арналған үлгілер) бірнеше сынақ зертханаларында осы зертханалардың жұмыс істеу сипаттамаларын бағалау арқылы өлшеуді (сынауды) ұйымдастыру, орындау және бағалау;

      "біліктілікті тексеру провайдері" – біліктілікті тексеру бағдарламаларын әзірлеу және жүргізу жөніндегі барлық міндеттер үшін жауапты болатын ұйым.

      Өзге ұғымдар Өлшем бірлігін қамтамасыз ету саласында келісілген саясат жүргізу туралы хаттамада (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 10 қосымша) айқындалған мәндерде қолданылады.

      3. Сынақ зертханаларының біліктілігін тексеру мақсатында зертханааралық салыстыру сынақтары (зертханааралық салыстырып қарау сынақтары, зертханааралық салыстырып қарау) осындай зертханалардың біліктілігін тексеру бағдарламаларын (бұдан әрі – біліктілікті тексеру бағдарламалары) әзірлеу және жүргізу арқылы орындалады.

      4. Біліктілікті тексеру бағдарламаларын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тәртіппен уәкілеттік берілген немесе аккредиттелген біліктілікті тексеру провайдерлері (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, провайдерлер) (зертханааралық салыстыру сынақтары (зертханааралық салыстырып қарау сынақтары, зертханааралық салыстырып қарау) провайдерлері) әзірлейді және жүргізеді.

      Мүше мемлекеттердің провайдерлері әзірлейтін біліктілікті тексеру бағдарламалары болмаған жағдайда сынақ зертханаларының үшінші елдерде құзыретті деп танылған провайдерлер әзірлейтін біліктілікті тексеру бағдарламаларына қатысуына жол беріледі.

      5. Біліктілікті тексеру бағдарламаларын жүргізу жөніндегі қызметке қатысушылар:

      а) мүше мемлекеттердің тиісті қызметті жүзеге асыруға уәкілеттік берілген органдары (бұдан әрі – уәкілетті органдар);

      б) провайдерлер;

      в) сынақ зертханалары болып табылады.

      6. Уәкілетті органдар мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      а) біліктілікті тексеру бағдарламаларын ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар қалыптастыру;

      б) біліктілікті тексеру бағдарламаларын жүргізуді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыру;

      в) мүше мемлекеттерде біліктілікті тексеру бағдарламаларын жүргізу жөніндегі жұмысты үйлестіру;

      г) біліктілікті тексеру бағдарламаларын іске асыру нәтижелерін талдау;

      д) жаңа біліктілікті тексеру бағдарламаларын ұйымдастыру жөнінде ұсыныстар қалыптастыру;

      е) біліктілікті тексеру бағдарламаларын іске асыру нәтижелері бойынша жиынтық ақпарат қалыптастыру және оны жыл сайын мүше мемлекеттің аккредиттеу жөніндегі органы мен Еуразиялық экономикалық комиссияға (бұдан әрі – Комиссия) ұсыну;

      ж) мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалған өзге де функциялар.

      7. Біліктілікті тексеру бағдарламаларын ғылыми-әдістемелік қамтамасыз етуді ұйымдастыруды мүше мемлекет айқындайтын метрологиялық институт жүзеге асырады. Бұл ретте біліктілікті тексеру бағдарламаларын жүргізуді ғылыми-әдістемелік қамтамасыз ету жөніндегі метрологиялық институт пен провайдердің (институттың көрсетілген қызметті жүзеге асыратын персоналында мүдделер қақтығысының туындау мүмкіндігіні болғызбау шартымен) функияларын қоса атқаруға жол беріледі.

            8. Мүше мемлекетте провайдерлердің құзыретіне, біліктілікті тексеру бағдарлмаларын әзірлеу мен жүргізуге қойылатын талаптар "Сәйкестікті бағалау. Біліктілікті тексеруді жүргізуге қойылатын негізгі талаптар" МемСТ ИСО/МЭК 17043 халықаралық стандартына сәйкес белгіленеді.

      9. Провайдер:

      а) өзінің сынақ базасын тиісті өлшем (сынақ) саласында пайдалана алады және (немесе) жұмыстарды орындауға мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес қосалқы мердігер шартында қажетті сынақ базасы бар басқа ұйымдарды тарта алады;

      б) штатында техникалық сарапшылары (мамандары) болуға және (немесе) басқа ұйымдардың техникалық сарапшыларын шарт негізінде тартуға тиіс.

      10. Біліктілікті тексеру бағдарламаларын әзірлеу кезінде оларда техникалық регламенттерде белгіленген көрсеткіштер бойынша өлшеу (сынақ) жүргізу көзделеді.

      11. Провайдерлер жыл сайын біліктілікті тексеру бағдарламаларын әзірлейді және оларды өз мемлекетінің уәкілетті органына ұсынады.

      12. Уәкілетті орган провайдерлерден алынған тізбелердің негізінде жыл сайын мынадай ақпаратты көрсете отырып, біліктілікті тексеру бағдарламаларының жиынтық тізбесін қалыптастырады:

      а) техникалық регламенттің атауы мен нөмірі;

      б) провайдерлердің толық атауы, оның орналасқан жері (мекенжайы), телефон, факс нөмірі, электрондық поштаның мекенжайы (болған кезде), жауапты адамның тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде);

      в) біліктілікті тексеру бағдарламасының объектісі;

      г) айқындалатын сипаттаманың (сипаттамалардың) атауы;

      д) жұмыстарды жүргізу мерзімі;

      е) зерттеулердің (сынақтардың) және өлшемдердің әдісі (қажет болған кезде);

      ж) қосалқы мердігерлік шартында жүзеге асырылатын қызмет түрлері;

      з) зертхананың біліктілігін бағалау критерийлері.

      13. Уәкілетті орган қалыптастырған біліктілікті тексеру бағдарламаларының жиынтық тізбесі Комиссияға ұсынылады және "Интернет" ақпараттық-коммуникациялық желісіндегі Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында (бұдан әрі тиісінше – Одақтың ресми сайты, Интернет желісі) орналастырылады.

      14. Біліктілікті тексеру бағдарламаларына қатысатын сынақ зертханалары Комиссия бекіткен халықаралық және өңірлік (мемлекетаралық) стандарттардың, олар болмаған жағдайда зерттеулердің (сынақтардың) және өлшемдердің қағидалары мен әдістерін, соның ішінде техникалық регламенттің талаптарын қолдану мен орындауға қажетті үлгілерді іріктеу және өнімнің сәйкестігін бағалауды жүзеге асыру қағидаларын қамтитын ұлттық (мемлекеттік) стандарттардың тізбесіне енгізілген стандарттардағы зерттеулердің (сынақтардың) және өлшемдердің әдісін пайдалана отырып, өлшемдер (сынақтар) жүргізеді.

      15. Сынақ зертханалары біліктілікті тексеру бағдарламаларын өздерінің аккредиттеу саласына сәйкес біліктілікті тексеру бағдарламаларының жиынтық тізбесінен таңдайды.

      16. Провайдерлер біліктілікті тексеру бағдарламаларын белгіленген мерзімде жүргізеді.

      17. Біліктілікті тексеру бағдарламаларын провайдерлер шарт негізінде жүргізеді.

      18. Біліктілікті тексеру бағдарламаларын жүргізу нәтижелері бойынша провайдер:

      а) сынақ зертханасына қорытынды (сынақ зертханасының жұмыс істеу сипаттамасын көрсете отырып) және тиісті есеп береді;

      б) уәкілетті органға жиынтық есеп ұсынады.

      19. Біліктілікті тексеру бағдарламасы бойынша жиынтық есепте:

      а) біліктілікті тексеру бағдарламасының нөмірі (шифры);

      б) біліктілікті тексеру бағдарламасын жүргізу мерзімі;

      в) біліктілікті тексеру бағдарламасының объектісі;

      г) біліктілікті тексеруге арналған үлгінің түрі;

      д) айқындалатын сипаттаманың (сипаттамалардың) атауы;

      е) зерттеулердің (сынақтардың) және өлшемдердің пайдаланылатын әдісі;

      ж) қатысушылар туралы ақпарат (әрбір мемлекеттен қатысушылардың саны, ведомстволық тиесілігі – қажет болған кезде);

      з) біліктілікті тексеру бағдарламасын орындау нәтижелерін жиынтық бағалау (провайдер таңдаған біліктілікті тексеру бағдарламасының орындалуын бағалау критерийіне қарай белгілі бір баға алған нәтижелердің пайызы) қамтылады.

      20. Орындалған біліктілікті тексеру бағдарламаларының нәтижелері бойынша жиынтық есептерді уәкілетті органдар Одақтың ресми сайтына орналастыру үшін Комиссияға ұсынады.

      21. Біліктілікті тексеру бағдарламаларын жүргізу 2 схема бойынша жүзеге асырылуы мүмкін:

      а) басқа провайдерлер тартылмайтын схема;

      провайдер біліктілікті тексеру бағдарламаларының тізбесіне енгізілген біліктілікті тексеру бағдарламасын Интернет желісіндегі провайдердің сайтына тиісті ақпаратты орналастыру арқылы жүргізуге бастама жасайды;

      провайдер біліктілікті тексеру бағдарламасын белгіленген рәсімдерге сәйкес жүргізеді;

      провайдер уәкілетті органды жүргізілген біліктілікті тексеру бағдарламасының нәтижелері туралы ол аяқталғаннан кейін хабардар етеді;

      б) басқа провайдерлер тартылатын схема (бұдан әрі – бірлесіп орындаушы провайдерлер):

      провайдер біліктілікті тексеру бағдарламаларының тізбесіне енгізілген біліктілікті тексеру бағдарламасын Интернет желісіндегі провайдердің сайтына тиісті ақпаратты орналастыру арқылы жүргізуге бастама жасайды (бұдан әрі – бастамашы провайдер);

      уәкілетті орган өз мемлекетінде өз өңірлерінде біліктілікті тексеру үшін үлгілерді өткізуді қамтамасыз етуі мүмкін бірлесіп орындаушы провайдерлерді айқындайды;

      бастамашы провайдер мен бірлесіп орындаушы провайдерлер біліктілікті тексеру бағдарламасын жүргізу туралы шарттар жасайды.

      провайдер уәкілетті органды жүргізілген біліктілікті тексеру бағдарламасының нәтижелері туралы ол аяқталғаннан кейін хабардар етеді.

      Біліктілікті тексеру бағдарламаларын бірлесіп орындаушы провайдерлер бастамашы провайдерлермен келісілген рәсімдерге сәйкес жүргізеді, оның нәтижесінде алдын ала тексерілгеннен кейін бастамашы провайдерге берілетін деректердің бірнеше массиві қалыптастырылады;

      деректердің жалпы массивін бастамашы провайдер өңдейді;

      жүргізілген біліктілікті тексеру бағдарламасы туралы есеп осы бағдарламаны жүргізген барлық провайдердің ортақ зияткерлік меншігі болып табылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады