Өлшеу құралдарын тексеруді ұйымдастыру тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 26 шілдедегі № 89 шешімі

      Өлшем бірліктерін қамтамасыз ету саласында келісілген саясат жүргізу туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 10 қосымша) 9-тармағының 3-тармақшасын іске асыру мақсатында және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне № 2 қосымшаның 16-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Өлшеу құралдарын тексеруді ұйымдастыру тәртібі бекітілсін.

      2. Осы Шешім күшіне енген күнге дейін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес берілген өлшеу құралдарын тексеру туралы құжат олардың қолданылу мерзімі тоқтатылған күнге дейін қолданылады деп белгіленсін.

      3. Осы Шешім Еуразиялық экономикалық комиссия бекітетін өлшем бірліктерін қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың нәтижелерін өзара тану қағидалары күшіне енген күннен бастап, бірақ ерте дегенде осы Шешім ресми жарияланған күннен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасы Төрағасының міндетін
уақытша атқарушы
К. Минасян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2016 жылғы 26 шілдедегі
№ 89 шешіміне
ҚОСЫМША

Өлшеу құралдарын тексеруді ұйымдастыру ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп Өлшем бірліктерін қамтамасыз ету саласында келісілген саясат жүргізу туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың № 10 қосымшасы) 9-тармағының 3-тармақшасына сәйкес әзірленді, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде өлшеу құралдарын (бұдан әрі сәйкесінше – тексеру, мүше мемлекеттер) тексеруді ұйымдастыру қағидасын белгілейді және мүше мемлекеттердің аумағында дайындалған өлшеу құралдарына таралады.

      2. Осы Тәртіптің мақсаттары үшін өлшеу құралына қойылатын міндетті метрологиялық талаптар деп өлшеу құралдары типінің сипаттамасында көрсетілген өлшеу құралының метрологиялық талаптары (сипаттамалары) (бұдан әрі сәйкесінше – міндетті метрологиялық талаптар, типтің сипаттамасы) түсіндіріледі.

      Осы Тәртіпте пайдаланылатын өзге ұғымдар Өлшем бірліктерін қамтамасыз ету саласында келісілген саясат жүргізу туралы хаттамада (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың № 10 қосымшасы) белгіленген мәндерде қолданылады.

      3. Осы Тәртіпке сәйкес оларға қатысты Еуразиялық экономикалық комиссия бекіткен өлшем бірліктерін қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың нәтижелерін өзара тану қағидасына сәйкес осы өлшеу құралдарының типін бекітуді өзара тану жүзеге асырылған өлшеу құралдары тексеруге жатады.

      4. Тексеруді мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес уәкілетті (нотификацияланған) мүше мемлекеттердің заңды тұлғалары (бұдан әрі – уәкілетті ұйым) жүргізеді.

      5. Тексеру барысында өлшеу құралдарының міндетті метрологиялық талаптарға сәйкестілігі белгіленеді.

      6. Тексеру кезінде Халықаралық бірліктер жүйесіне (БЖ), ұлттық (бастапқы) эталондарға және (немесе) шамалар бірліктерінің халықаралық эталондарына олардың көмегімен алынатын өлшеу нәтижелерін метрологиялық қадағалап отыру қамтамасыз етілетін шамалар бірліктерінің эталоны қолданылады.

      7. Тексерулер бастапқы және кейінгі тексерулерге бөлінеді.

      8. Бастапқы тексеру:

      а) өлшеу құралдарын өндірістен шығарған кезде;

      б) өлшеу құралын пайдалануға енгізу кезінде (егер өлшеу құралын өндірістен шығару кезінде тексеру жүргізілмеген болса);

      в) өлшеу құралын жөндеуден кейін жүргізіледі.

      9. Кейінгі тексеру бастапқы тексеруді жүргізу жағдайы кезінде жүргізіледі және былайша бөлінеді:

      а) мерзімді;

      б) кезектен тыс;

      в) өлшеу құралын жөндеуден кейін;

      г) тексеру белгілері немесе өлшеу құралдарын баптау орындарына заңсыз қолжетімділіктен қорғауға арналған бітемелер, соның ішінде бағдарламалық қамтамасыз ету зақымдалған кезде тексеру.

      10. Мерзімді тексеру пайдалануда болып табылатын өлшеу құралдарына қатысты өлшеу құралының типін бекіту туралы сертификатта көрсетілген тексерулер арасындағы уақыт интервалы арқылы жүргізіледі.

      11. Кезектен тыс тексеру өлшеу құралы иесінің (пайдаланушының) немесе басқа мүдделі тұлғаның бастамасы бойынша тексеру туралы куәліктің қолданылу мерзімі өткенге дейін жүргізіледі.

      12. Өлшеу құралын жөндеуден кейінгі тексеру бастапқы тексеру көлемінде жүргізіледі.

      13. Өлшеу құралдарын тексеру өлшеу құралы иесінің (пайдаланушының) немесе басқа мүдделі тұлғаның (бұдан әрі – өтініш беруші) өтініші негізінде жүргізіледі.

      14. Тексеру жүргізу үшін өтініш беруші уәкілетті ұйымға мыналарды ұсынады:

      а) өтініш (өлшеу құралының атауын, өтініш беруші туралы мәліметтерді (заңды тұлғаның атауы, орналасқан жері (мекенжайы) немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), жеке тұлғаның немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаның тұрғылықты жері, терефон және факс нөмірі, электронды пошта мекенжайы (бар болған жағдайда) көрсете отырып, сондай-ақ мүше мемлекеттердің Еуразиялық экономикалық комиссия бекіткен өлшем бірліктерін қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың нәтижелерін өзара тану қағидаларына сәйкес тексеруді тану қажеттілігін көрсете отырып);

      б) алдыңғы тексеру туралы куәлік (бар болған жағдайда);

      в) типтің сипаттамасына сәйкес жиынтықтағы өлшеу құралы;

      г) өлшеу құралын жөндеуді жүргізу туралы ақпарат (егер өлшеу құралы жөндеуге ұшыраған жағдайда).

      15. Тексеру нәтижесінде өлшеу құралының міндетті метрологиялық талаптарға сәйкестігі анықталған жағдайда оған уәкілетті ұйым тексеру белгісін қояды және (немесе) қосымшаға сәйкес нысан бойынша куәлік (бұдан әрі – куәлік) рәсімделеді. Тексеру белгілері өлшеу құралдарын, соның ішінде бағдарламалық қамтамасыз етуді баптау орындарына заңсыз қолжетімділіктен қорғауға арналған типтің сипаттамасында көрсетілген орындарда өлшеу құралына енгізілуі де мүмкін.

      16. Тексеру кезінде өлшеу құралының міндетті метрологиялық талаптарға (біріне немесе бірнешеуіне) сәйкес келмеуі анықталған жағдайда уәкілетті ұйым сәйкес хабарламаны рәсімдейді және өтініш иесіне береді, қолданылу мерзімі аяқталмаған алыңғы тексеру туралы куәліктің күші жойылады, тексеру белгісі өшіріледі.

      17. Тексеру белгісінің нысанын және оны қолдану, түсіру және өшіру тәсілдерін мүше мемлекет белгілейді.

      Қолданылатын тексеру белгілері туралы ақпарат мүше мемлекеттің өлшем бірліктерін қамтамасыз ету саласындағы ақпараттық қорында орналастырылады.

      18. Уәкілетті ұйым тексеру жүргізу кезінде:

      а) тексеру әдістемесінде көрсетілген тексеру рәсімдерін орындайды;

      б) өлшеу нәтижелерінің жазбасын жүргізеді, тексеру әдістемесінде көрсетілген нысан бойынша тексеру хаттамасын рәсімдейді;

      в) тексеру нәтижесін рәсімдейді;

      г) өлшеу құралдарын тексеру нәтижелерін тану мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия бекіткен өлшем бірліктерін қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың нәтижелерін өзара тану қағидаларына сәйкес жұмыстарды орындайды;

      д) мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарынан тексеру нәтижелерін өзара тану туралы хабарлама алғаннан кейін өз мүше мемлекетінің заңнамасында белгіленген тәртіпте өлшем бірліктерін қамтамасыз ету саласындағы ақпараттық қорға тексеруді өзара тану туралы мәліметтерді енгізеді;

      е) өтініш берушіге өлшеу құралы мен куәлікті немесе хабарлама береді.

      19. Тексеру хаттамасын және куәліктің көшірмесін уәкілетті ұйым, егер мүше мемлекеттің заңнамасымен өзгеше көзделмесе, куәліктің қолданылу мерзімі ішінде сақтайды.

      20. Тексеру хаттамасының көшірмесі өтініш берушіге оның сұрауы бойынша уәкілетті ұйымның ішкі рәсімдерімен көзделген тәртіпте жеткізілуі мүмкін.

      21. Тексеру жүргізу ақысын өтініш беруші уәкілетті ұйыммен шарттық негізде жүзеге асырады.

      22. Куәлік орыс тілінде және мүше мемлекеттің заңнамасында сәйкес талап болған жағдайда – тексеру жүргізілетін мүше мемлекеттік мемлекеттік тілінде толтырылады.

      Куәлікті орыс тілінде және мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде толтыру осы Тәртіптің 25-тармағына сәйкес куәліктің екі жағынан жүзеге асырылады.

      Қажет болған жағдайда өлшеу құралы типінің атауы мен өтініш беруші туралы мәліметтер латын әліпбиінің әріптерін пайдаланып көрсетілуі мүмкін.

      Куәлікті толтыру кезінде сөздерді қысқартуды (жалпы қабылданғаннан басқа) пайдалануға және мәтінді түзетуге жол берілмейді.

      23. Куәлік жоғалған немесе бүлінген жағдайда уәкілетті ұйым осы куәліктің телнұсқасын береді. Бұл ретте куәліктің телнұсқасының оң жақ жоғарғы бұрышында куәліктің түпнұсқасының нөмірі мен берілген күні көрсетіле отырып: "Телнұсқа 20 ж. берілді" жазбасы жүргізіледі.

      Куәлікте қате (қате басылу) анықталған жағдайда ауыстырылатын куәліктің нөмірі мен берілген күні көрсетіле отырып, оны ауыстыруға рұқсат етіледі.

      24. Куәліктің барлық өрісі толтырылған болуы тиіс (куәліктің түпнұсқасында өрістерді нөмірлеу болмайды).

      25. Куәлікте мыналар көрсетіледі:

      а) 1-өрісте – 1-жолда орындалған жазба:

      "ЕУРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ";

      б) 2-өрісте – уәкілетті ұйымның толық атауы;

      в) 3-өрісте – уәкілетті ұйымның мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген тексеруді жүргізуге өкілетін растайтын құжат туралы мәліметтер (атауы және нөмірі);

      г) 4-өрісте – 2-жолда орындалған жазбалар:

      1-жол – "КУӘЛІК";

      2-жол – "өлшеу құралдарын тексеру туралы";

      д) 5-өрісте – куәліктің тіркеу нөмірі және оның берілген күні.

      Тіркеу нөмірі цифрлы-әріптік кодты білдіреді, оның әрбір белгілер топбы нүктемен бөліп көрсетіледі және мынадай тәртіпте қалыптастырылады:

      бірінші және екінші белгілер – мүше мемлекеттің ISO 3166-1 халықаралық стандартына сәйкес 2 таңбалы әріптік коды;

      үшінші және келесі белгілер – жыл басынан бастап жүйелі (1-нөмірден бастап) қалыптастырылатын куәліктің ағымдағы жылы рәсімделген реттік нөмірі (цифрлар саны шектелмеген).

      Куәліктің берілген күні сөзді-цифрлы тәсілмен көрсетіледі: сан – екі араб цифры (жақшамен), ай – сөзбен, жыл – төрт араб цифрымен (жылдың қысқартылған "ж." белгісін көрсете отырып);

      е) 6-өрісте – өлшеу құралдарының типін бекіту туралы сертификатқа сәйкес өлшеу құралының атауы, типі, тіркеу нөмірі, өлшеу диапазоны, нақтылық сыныбы және (немесе) дәлсіздігі;

      ж) 7-өрісте – өлшеу құралының зауыт нөмірі;

      з) 8-өрісте – өтініш берушінің атауы, заңды тұлғаның орналасқан жері (мекенжайы), жеке тұлғаның немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғаның сәйкестендіру нөмірі (егер мүше мемлекеттің заңнамасында мұндай нөмірді көрсету көзделген жағдайда) немесе тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), тұрғылықты жері;

      и) 9-өрісте – тексеру әдістемесінің атауы және белгісі;

      к) 11-өрісте – куәліктің қолданылу мерзімі (сөзді-цифрлы тәсілмен көрсетіледі: сан – екі араб цифрымен (жақшамен), ай – сөзбен, жыл – төрт араб цирфрымен (жылдың қысқартылған "ж." белгісін көрсете отырып));

      л) 12-өрісте – тексеру белгісі;

      м) 13-өрісте – тексеру жүргізген уәкілетті ұйымның тұлғасының қолы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда);

      н) 14-өрісте – куәлікті берген уәкілетті ұйымның құрылымдық бөлімшесі басшысының лауазымы, қолы, тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда).

  Өлшеу құралдарын тексеруді
ұйымдастыру тәртібіне
ҚОСЫМША

Өлшеу құралдарын тексеру туралы куәлік НЫСАНЫ

      ЕВРАЗИЯЛЫҚ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ОДАҚ (1)
      ______________________________________________________________________________ (2)
      (өлшеу құралдарын тексеруді жүргізуге уәкілетті ұйымның толық атауы)
      __________________________________________________________________ (3)
      (тексеру жүргізуге өкілеттікті растайтын құжат)

КУӘЛІК өлшеу құралдарын тексеру туралы (4)
№ ____________ "___" ____________ г. (5)

_________________________________________________________, (6)
(өлшеу құралының атауы, типі, тіркеу нөмірі, өлшеу диапазоны, нақтылық сыныбы және (немесе) дәлсіздігі)
зауыт нөмірі _____________, (7)
тиесілі ______________________________________________ (8)
Тексеру әдістемесіне сәйкес тексеру жүргізілді _______________ (9)
Тексеру нәтижелерінің негізінде өлшеу құралы міндетті метрологиялық талаптарға сәйкес деп танылды. (10)
Қолдану мерзімі "___" ____________ ж. дейін (11)
 








(тексеру жүргізген уәкілетті ұйым тұлғасының қолы)


(Т. А. Ә.) (13)







(уәкілетті ұйымның құрылымдық бөлімшесі басшысының лауазымы)


(қолы)


(Т. А. Ә.) (14)



Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады