Еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі және еркін қойманың кедендік рәсімі аяқталған кезде тауарлардың кедендік құнын айқындау ерекшеліктері туралы ережені бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 1 қарашадағы № 130 шешімі

      2010 жылғы 18 маусымдағы Кеден одағының кедендік аумағындағы еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтар және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі мәселелері жөніндегі келісімнің 18-бабына және 2010 жылғы 18 маусымдағы Еркін қоймалар және еркін қойманың кедендік рәсімі туралы келісімнің 15-бабына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі және еркін қойманың кедендік рәсімі аяқталған кезде тауарлардың кедендік құнын айқындау ерекшеліктері туралы ереже бекітілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасы Төрағасының
міндетін уақытша атқарушы
К. Минасян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2016 жылғы 1 қарашадағы
№ 130 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі және еркін қойманың кедендік рәсімі аяқталған кезде тауарлардың кедендік құнын айқындау ерекшеліктері туралы ЕРЕЖЕ

      1. Осы Ереже мынадай тауарлардың:

      а) еркін кедендік аймақтың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың және еркін кедендік аймақтың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың және Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) тауарларының;

      б) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың және еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған шетелдік тауарлардан дайындалған (алынған) тауарлардың және Одақ тауарларының;

      в) еркін кедендік аймақтың кедендік рәсіміне орналастырылған, еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтың аумағында қызметті жүзеге асыру (жүргізу) туралы келісімді (еркін экономикалық аймақтағы қызметтің талаптары туралы шартты, инвестициялық декларацияны) іске асыру үшін пайдалануға енгізілген және резидент пайдаланатын жабдықтың;

      г) еркін қойманың кедендік рәсіміне орналастырылған, 2010 жылғы 18 маусымдағы Еркін қоймалар және еркін қойманың кедендік рәсімі туралы келісімнің 11-бабы 1-тармағының 1 – 4-тармақшаларында көзделген операцияларды жасау үшін пайдалануға енгізілген және еркін қойманың иесі пайдаланатын жабдықтың кедендік құнын айқындаудың ерекшеліктерін белгілейді.

      2. Еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі немесе еркін қойманың кедендік рәсімі аяқталған кезде Одақтың кедендік аумағынан әкетілетін, осы Ереженің 1-тармағында көрсетілген тауарлардың (бұдан әрі – бағаланатын тауарлар) кедендік құны тауарларды кедендік декларациялау оның кеден органына жүргізілетін Одаққа мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес айқындалады.

      Еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімі немесе еркін қойманың кедендік рәсімі аяқталған кезде еркін (арнайы, ерекше) экономикалық аймақтың (бұдан әрі – ЕЭА) еркін қойманың аумағынан Одақтың кеден аумағының қалған бөлігіне әкетілетін бағаланатын тауарлардың кедендік құны 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімге (бұдан әрі – Келісім) сәйкес осы Ереженің 311-тармақтарында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып айқындалады.

      Келісімді қолдану мақсаттары үшін ЕЭА-ның немесе еркін қойманың аумағынан Одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне әкетілетін бағаланатын тауарлар Одақтың кедендік аумағына әкелінетін және Одақтың кедендік шекарасын кесіп өтетін ретінде қарастырылады.

      3. Бағаланатын тауарлардың кедендік құны, егер мұндай тауарлар ЕЭА-ның немесе еркін қойманың аумағынан Одақтың кеден аумағының қалған бөлігіне әкету үшін сатылған жағдайда, Келісімнің 4-бабының 1-тармағында белгіленген шарттар сақталған кезде әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны бойынша әдіспен (1-әдіс) айқындалады.

      Бағаланатын тауарлардың кедендік құны олармен жасалған мәміленің құны, яғни осы тауарларды ЕЭА-ның немесе еркін қойманың аумағынан әкету үшін сату кезінде олар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын және осы Ереженің 46-тармақтарына сәйкес толықтырылған баға болып табылады.

      4. Бағаланатын тауарлардың кедендік құнын 1-әдіс бойынша айқындау кезінде осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға мыналар:

      а) олар жүзеге асырылған немесе сатып алушы жүзеге асыруға жататын, бірақ бағаланатын тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмаған мөлшердегі мынадай шығыстар:

      бағаланатын тауарларды сатып алумен байланысты қызметтерді көрсеткені үшін сатып алушының өз агентіне (делдалына) төлейтін сатып алу үшін сыйақыны қоспағанда, делдалдарға (агенттерге) төленетін сыйақы және брокерлерге төленетін сыйақы;

      егер кеден мақсаттары үшін ыдыс бағаланатын тауарлармен біртұтас ретінде қарастырылса, оған жұмсалатын шығыстар;

      орау материалдарының құнын және орау жөніндегі жұмыстарды қоса алғанда, орау жөніндегі шығыстар;

      б) ЕЭА-ның немесе еркін қойманың аумағынан Одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне әкету үшін бағаланатын тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға енгізілмеген мөлшерде өндіруге және сатуға байланысты пайдалану үшін тегін немесе төмендетілген баға бойынша сатып алушы сатушыға тікелей немесе жанама түрде ұсынған, мынадай тауарлардың тиісті түрде бөлінген құны:

      шикізат, материалдар, бөлшектер, жартылай фабрикаттар және соларға ұқсас, бағаланатын тауарлар олардан тұратын басқа да заттар;

      аспаптар, мөртабандар, қалыптар және соларға ұқсас, бағаланатын тауарларды өндіру кезінде пайдаланылған басқа да заттар;

      бағаланатын тауарларды өндіру кезінде жұмсалған материалдар;

      Одақтың кедендік аумағынан тыс және (немесе) ЕЭА-ның және (немесе) еркін қойманың аумағында орындалған және бағаланатын тауарларды өндіру үшін қажетті жобалау, әзірлеу, инженерлік, конструкторлық жұмыс, көркем безендіру, дизайн, эскиздер және чертеждер;

      в) бағаланатын тауарларды кейіннен сатудың, өзге де тәсілмен иелік етудің немесе пайдаланудың нәтижесінде алынған, тікелей немесе жанама түрде сатушыға тиесілі болатын кірістің (түсімнің) бір бөлігі;

      г) бағаланатын тауарларды Одақтың кедендік аумағы болып табылмайтын аумақпен тасу (тасымалдау) жөніндегі шығыстар;

      д) бағаланатын тауарларды тиеу, түсіру немесе қайта тиеу және оларды Одақтың кедендік аумағы болып табылмайтын аумақпен тасуға (тасымалдауға) байланысты өзге де операцияларды жүргізу жөніндегі шығыстар;

      е) осы тармақтың "г" және "д" тармақшаларында көрсетілген операциялармен байланысты сақтандыруға жұмсалатын шығыстар;

      ж) бағаланатын тауарларға жататын және сатып алушы осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға енгізілмеген мөлшердегі бағаланатын тауарларды сату шарты ретінде тура немесе жанама түрде жүргізген немесе жүргізуге тиіс зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де соған ұқсас төлемдер (патенттер, тауар белгілері, авторлық құқықтар үшін төлемдерді қоса алғанда) қосылады.

      5. Бағаланатын тауарлардың кедендік құнын 1-әдіс бойынша айқындау кезінде іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға мыналар:

      а) бағаланатын тауарларды Одақтың кедендік аумағында ұдайы өндіру (көбейту) құқығы үшін төленетін төлемдер;

      б) бағаланатын тауарларды бөлу немесе қайта сату құқығы үшін төленетін төлемдер, егер мұндай төлемдер бағаланатын тауарларды ЕЭА-ның немесе еркін қойманың аумағынан Одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне әкету үшін сату шарты болып табылмаса.

      6. 1-әдіс бойынша бағаланатын тауарлардың кедендік құны, олардың іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын, декларант (кедендік өкіл) мәлімдеген және ол құжаттамамен растаған бағадан бөлінуі шартымен, мынадай шығыстарды қамтымауға тиіс:

      а) бағаланатын тауарларды ЕЭА-ның немесе еркін қойманың аумағынан әкеткеннен кейін Одақтың кедендік аумағының қалған бөлігінде өндірілетін өнеркәсіптік қондырғылар, машиналар немесе жабдық сияқты бағаланатын тауарларға қатысты олардың құрылысына, оларды тұрғызуға, құрастыруға, монтаждауға, қызмет көрсетуге немесе техникалық жәрдем көрсетуге жүзеге асырылатын шығыстар;

      б) бағаланатын тауарлар ЕЭА-ның немесе еркін қойманың аумағынан әкетілгеннен кейін Одақтың кедендік аумағының қалған бөлігінде жүзеге асырылатын оларды тасу (тасымалдау) жөніндегі шығыстар;

      в) еркін кедендік аймақтың кедендік рәсімін немесе еркін қойманың кедендік рәсімін аяқтау мақсатында бағаланатын тауарларды Кеден одағының Кеден кодексінде көзделген кедендік рәсімдерге орналастыруға, бағаланатын тауарларды ЕЭА-ның немесе еркін қойманың аумағынан Одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне әкелуге немесе осындай бағаланатын тауарларды сатуға (іске асыруға) байланысты Одақтың құқығына кіретін халықаралық шарттарға және (немесе) Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес төленетін немесе төлеуге жататын баждар, салықтар және алымдар қосылады.

      7. Келісімнің 6-бабының 1-тармағында және 7-бабының 1-тармағында белгіленген кезеңді айқындау үшін бағаланатын тауарлардың кедендік құнын бірдей тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша әдіспен (2-әдіс) немесе бір тектес тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша әдіспен (3-әдіс) айқындау кезінде бағаланатын тауарларды әкелу күні деп осындай тауарларды мәлімделген кедендік рәсімге орналастыру үшін берілген кедендік декларация тіркелген күн түсініледі.

      Осы Ереженің 1-тармағының "в" және "г" тармақшаларында көрсетілген бағаланатын тауарлардың кедендік құны, егер бірдей немесе бір тектес тауарлардың тозу дәрежесі бағаланатын тауарлардың тозу дәрежесіне ұқсас болса, 2-әдіс немесе 3-әдіс бойынша айқындалады.

      Көрсетілген тауарлардың тозу дәрежесін айқындау үшін осындай тауарларға қатысы бар техникалық және өзге де құжаттамада қамтылған мәліметтер, сондай-ақ осындай тауарлардың кедендік немесе өзге де сараптамаларының нәтижелері пайдаланылуы мүмкін.

      8. Бағаланатын тауарлардың кедендік құнын шегеру әдісі (4-әдіс) бойынша айқындау кезінде Келісімнің 8-бабының 2-тармағына сәйкес тауар бірлігін сату бағасын айқындау үшін бағаланатын тауарлар ЕЭА-ның немесе еркін қойманың аумағынан Одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне әкетілгеннен кейін Одақтың кедендік аумағының қалған бөлігінде жүзеге асырылатын сату қарастырылады.

      Келісімнің 8-бабын қолдану мақсаттары үшін бағаланатын тауарларды мәлімделген кедендік рәсімге орналастыру үшін берілген кедендік декларация тіркелген күн бағаланатын тауарлардың Одақтың кедендік шекарасын кесіп өту күні және бағаланатын тауарлардың Одақтың кедендік аумағына келуі күні деп түсініледі.

      9. Бағаланатын тауарлардың кедендік құнын қосу әдісі (5-әдіс) бойынша айқындау кезінде:

      а) материалдар дайындау немесе сатып алу жөніндегі шығыстарды және өндіріске, сондай-ақ бағаланатын тауарларды өндірумен байланысты өзге де операцияларға жұмсалған шығыстарды;

      б) әдетте ЕЭА-ның немесе еркін қойманың аумағынан Одақтың кедендік аумағының қалған бөлігіне әкету үшін бағаланатын тауарлар сияқты кластағы немесе түрдегі тауарларды сату кезінде ескерілетін шамаға баламалы пайда сомасы мен жалпы шығыстарды (коммерциялық немесе басқарушылық шығыстарды);

      в) осы Ереженің 4-тармағының "г" - "е" тармақшаларында көрсетілген шығыстарды қосу жолымен айқындалып, бағаланатын тауарлардың есептік құны негіз ретінде қабылданады.

      10. Осы Ереженің 1-тармағының "в" және "г" тармақшаларында көрсетілген бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде 5-әдіс қолданылмайды, өйткені бұл тауарлар ЕЭА-ның немесе еркін қойманың аумағында өндірілмеген.

      11. Бағаланатын тауарлардың кедендік құнын резервтік әдіс (6-әдіс) бойынша айқындау осы Ереженің 310-тармақтарында көрсетілген ерекшеліктер ескеріле отырып жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады