Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы хаттамаға (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 14 қосымша) сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын дайындау үшін пайдаланылатын болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін келісу тәртібі бекітілсін.
2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерден Еуразиялық экономикалық комиссияның үйлестіруімен осы Шешіммен бекітілген Тәртіпті іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзара сауда болжамдарын қалыптастыру механизмін әзірлеуді қамтамасыз етуі сұралсын.
3. Мыналардың:
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 11 желтоқсандағы "Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын әзірлеу үшін пайдаланылатын сыртқы өлшемдердің интервалдық сандық мәндерін келісу тәртібі туралы" № 269 шешімінің;
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 10 ақпандағы "Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 11 желтоқсандағы №269 шешіміне өзгерістер енгізу туралы" № 12 шешімінің күші жойылды деп танылсын.
4. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
Т. Саркисян |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 19 желтоқсандағы № 168 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын дайындау үшін пайдаланылатын болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін келісу ТӘРТІБІ
1. Осы Тәртіп Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы хаттаманы (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 14 қосымша) іске асыру мақсатында әзірленді және мүше мемлекеттердің әлеуметтік-экономикалық дамуының ресми болжамдарын дайындау үшін пайдаланылатын болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін айқындау кезінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) және Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) іс-қимылдарының реттілігін белгілейді.
2. Осы Тәртіпте мына мағыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:
"болжамды әзірлеудің екінші кезеңі" – мүше мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу кезеңі (Армения Республикасы үшін – кезекті қаржы жылына Армения Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, Беларусь Республикасы үшін – Беларусь Республикасының кезекті жылға және жоспарлы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, Қазақстан Республикасы үшін – Қазақстан Республикасының орта мерзімді кезеңге әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, Қырғыз Республикасы үшін – Қырғыз Республикасының алдағы қаржы жылын қоса алғанда, 3 жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы, Ресей Федерациясы үшін – Ресей Федерациясының кезекті қаржы жылына және жоспарлы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы);
"болжамдардың дербес сыртқы өлшемдері" – әрбір мүше мемлекеттің ұлттық экономикасының дамуына едәуір әсерін тигізетін және Келісілген макроэкономикалық саясат жүргізу туралы хаттаманың 8-тармағында белгіленген (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 14 қосымша) болжамдардың сыртқы өлшемдерінің тізбесіне кірмейтін көрсеткіштер;
"сыртқы сауда операцияларының жағдайын бағалау" – болжамды кезеңге, оның ішінде өзара саудада экспорт және импорт серпінінің болжамы;
"болжамды әзірлеудің бірінші кезеңі" – мүше мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала болжамын әзірлеу кезеңі (Армения Республикасы үшін – орта мерзімі перспективаға Армения Республикасының әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, Беларусь Республикасы үшін – Беларусь Республикасының кезекті жылға және жоспарлы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, Қазақстан Республикасы үшін – Қазақстан Республикасының орта мерзімді кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының жобасы, Қырғыз Республикасы үшін – Қырғыз Республикасының 3 жылдық кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамын әзірлеу үшін сценарийлік макроэкономикалық шарттары, Ресей Федерациясы үшін – Ресей Федерациясы экономикасының жұмыс істеуінің сценарийлік шарттары және Ресей Федерациясының кезекті қаржы жылына және жоспарлы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамының негізгі өлшемдері);
"болжамды кезеңі" – ағымдағы жылды есепке алмағанда (болжам қалыптастырылған жыл) 3 жылдан тұратын кезең;
"уәкілетті органдар" – құзыретіне Комиссиямен өзара іс-қимыл және (немесе) әлеуметтік-экономикалық дамудың ресми болжамдарын дайындау жататын мүше мемлекеттердің атқарушы билік органдары.
Осы Тәртіпте пайдаланылатын өзге де ұғымдар Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы хаттамамен (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 14 қосымша) айқындалған мағналарда қолданылады.
3. Комиссия халықаралық ұйымдардың (органдардың) Brent маркалы мұнай бағасының болжамдарына және әлемдік экономиканың даму қарқынының болжамдарына қатысты бөлігінде ашық қолжетімділікте орналастырған ақпаратқа мониторинг жүргізуді жүзеге асырады.
Уәкілетті органдардың Комиссияға көрсетілген болжамдарды қалыптастыратын халықаралық ұйымдар (органдар) туралы ұсыныстар жіберуге құқылы.
4. Осы Тәртіптің 3-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын мониторинг нәтижелері бойынша Комиссия жыл сайын 1 сәуірге дейін мүше мемлекеттерге Brent маркалы мұнай бағасының интервалдық сандық мәндерінің болжамдары мен әлемдік экономиканың даму қарқынының болжамдары бойынша негізгі ұсыныстарын қалыптастырады және жолдайды.
5. Армения Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының уәкілетті органдары болжамды әзірлеудің бірінші кезеңінде жыл сайын 15 сәуірге дейін Комиссияға әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарының ұлттық жобаларының базалық сценарийлерінде және сценарийлік шарттарда көзделген болжамдардың сыртқы өлшемдерінің сандық мәндері бойынша болжамды кезеңге ұсыныстар жібереді. Ресей Федерациясының уәкілетті органдары да көрсетілген мерзімде Комиссияға ішкі тұтыну үшін жеткізілетін табиғи газға болжамды бағаның шамамен өзгеру аралығы және Армения Республикасы, Беларусь Республикасы мен Қырғыз Республикасы үшін сыртқы өлшемдер болып табылатын Urals маркалы мұнайға болжамды баға туралы ақпарат береді. Макроэкономикалық болжамдау мақсатында Ресей Федерациясы беретін көрсетілген ақпарат болжанатын кезеңде мүше мемлекеттерге табиғи газды жеткізу бағасы бойынша Ресей Федерациясының міндеттемесі болып табылмайды.
6. Комиссия болжанатын кезеңде сыртқы өлшемдердің интервалдық сандық мәндері бойынша ұсыныстар Ресей Федерациясының уәкілетті органдарынан келіп түскен күннен бастап оларды 3 жұмыс күн ішінде Беларусь Республикасына жолдайды.
Комиссия ішкі тұтыну үшін жеткізілетін табиғи газға болжамды бағаның шамамен өзгеру аралығы және Urals маркалы мұнайға болжамды баға туралы ақпарат Ресей Федерациясының уәкілетті органдарынан келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күн ішінде оны Армения Республикасына, Беларусь Республикасына және Қырғыз Республикасына жолдайды.
7. Беларусь Республикасының уәкілетті органдары болжамды әзірлеудің бірінші кезеңінде жыл сайын 5 мамырға дейін Комиссияға Беларусь Республикасының кезекті жылға және жоспарлы кезеңге арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамдары жобасының базалық сценарийлерінде көзделген болжамдардың сыртқы өлшемдерінің сандық мәндері бойынша болжамды кезеңге ұсыныстар жібереді.
8. Армения Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының уәкілетті органдары осы Тәртіптің 5-тармағында белгіленген мерзімде, Беларусь Республикасының уәкілетті органдары осы Тәртіптің 7-тармағында белгіленген мерзімде Комиссияға жалпы алғанда болжамды кезеңге арналған сыртқы сауда операцияларының жағдайын бағалау туралы ақпарат (өзара саудада экспорт және импорт қарқынын болжау бойынша жекелеген деректерді ұсынбай) жібереді.
Уәкілетті органдар мүше мемлекеттердің өзара сауда болжамдарын қалыптастыру механизмдерін әзірлегеннен кейін сыртқы сауда операцияларының жағдайы туралы ақпаратты ұсыну үшін белгілеген мерзімде Комиссияға болжамды кезеңге арналған өзара саудадағы экспорт және импорт қарқынын болжау бойынша деректерді ұсынады.
Комиссия жыл сайын 10 мамырға дейін мүше мемлекеттерге сыртқы сауда операцияларының жағдайын бағалау (тиісті механизмдерді әзірлегеннен кейін) және болжамды кезеңге арналған өзара саудадағы экспорт және импорт қарқынының болжамы бойынша уәкілетті органдар ұсынған ақпаратты жібереді.
9. Армения Республикасының, Қазақстан Республикасының, Қырғыз Республикасының және Ресей Федерациясының уәкілетті органдары осы Тәртіптің 5-тармағында белгіленген мерзімде, Беларусь Республикасының уәкілетті органдары осы Тәртіптің 7-тармағында белгіленген мерзімде Комиссияға Еуразиялық экономикалық одақтың әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын (бар болса) Комиссия әзірлеу кезінде талдау (анықтама) мақсаттарында пайдалану үшін болжамдардың дербес сыртқы өлшемдері туралы ақпаратты жібере алады.
Комиссия Еуразиялық экономикалық одақтың әзірленетін әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарының сапасын арттыру мақсатында уәкілетті органдармен бірлесе отырып, мерзімдік негізде Комиссия әзірлеген негізгі ұсыныстар мен бастапқы болжам шарттарын, сондай-ақ мүше мемлекеттердің экономикасының негізгі даму көрсеткіштері мен болжамды кезеңде мүше мемлекеттердің басты сауда әріптестері маңызының болжамдарын талқылайды.
10. Brent маркалы мұнай бағасының интервалдық сандық мәндерінің болжамдарын және әлемдік экономиканың даму қарқынының болжамдарын айқындау қосымшаға сәйкес талаптарға сай жүзеге асырылады.
11. Комиссия жыл сайын 10 мамырға дейін болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін мүше мемлекеттерге келісуге жібереді.
12. Мүше мемлекеттер жыл сайын 20 мамырға дейін Комиссия ұсынған болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін келіседі.
13. Комиссия Алқасы жыл сайын 5 шілдеге дейін мүше мемлекеттермен келісілген болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін бекітеді.
14. Комиссия Алқасы бекіткен болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндері туралы ақпарат Комиссия Алқасының тиісті шешімі ресми жарияланған күнінен бастап 3 жұмыс күні ішінде уәкілетті органдарға жіберіледі.
15. Уәкілетті органдар болжамды әзірлеудің екінші кезеңінде Комиссия Алқасы бекіткен болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндерін ескере отырып, әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын қалыптастырады және Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 14 қосымша) 4-тармағының 7-тармақшасына сәйкес, Комиссия Алқасы бекіткен келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу мақсатында Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен Еуразиялық экономикалық комиссия арасында ақпаратпен алмасу тәртібіне сәйкес оларды Комиссияға жібереді.
16. Мүше мемлекет болжамдардың сыртқы өлшемдерінің мәні Комиссия Алқасы болжамды мерзімге бекіткен интервалдық сандық мәндердің шегінен асып кететін ресми әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарына өзгерістер енгізген жағдайда осы мүше мемлекеттің уәкілетті органы Комиссияға осы өзгерістерді енгізген күнінен бастап 5 жұмыс күн ішінде тиісті ақпаратты жолдайды.
17. Комиссия Осы Тәртіптің 16-тармағында көрсетілген ақпарат келіп түскен күннен бастап 3 жұмыс күн ішінде мүше мемлекеттерге Комиссия Алқасы бекіткен болжамдардың сыртқы өлшемдерінің интервалдық сандық мәндеріне өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарын жібереді.
Мүше мемлекеттер болжамдардың сыртқы өлшемдерінің өзгертілген интервалдық сандық мәндерінің көрсетілген ұсыныстары түскен күннен бастап 7 жұмыс күн ішінде қарайды және келіседі.
18. Мүше мемлекеттермен келісілген болжамдардың сыртқы өлшемдерінің өзгертілген интервалдық сандық мәндерін Комиссия Алқасы бекітеді.