2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 92-бабы 9-тармағын және Өнеркәсіптік ынтымақтастық туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 27 қосымша) 2-тармағын іске асыру мақсатында Еуразиялық үкіметаралық кеңес шешті:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық технологиялық платформаларды қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуі туралы ереже бекітілсін.
2. Еуразиялық технологиялық платформаларды қалыптастыру кезінде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі қосымшаға сәйкес тізбе бойынша бағыттарды басшылыққа алады деп белгіленсін.
3. Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесі 2016 жылғы 1 шілдеге дейін осы Шешімде көзделген тізбе шеңберінде Еуразиялық технологиялық басым платформаларды қалыптастыру туралы шешім қабылдасын.
4. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер 2016 жылғы 1 шілдеге дейін Еуразиялық технологиялық платформаларды ғылыми-техникалық дамудың мемлекеттік бағдарламаларына енгізу мүмкіндігін қарасын.
Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелері:
Армения Республикасынан | Беларусь Республикасынан | Қазақстан Республикасынан | Қырғыз Республикасынан | Ресей Федерациясынан |
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2016 жылғы 13 сәуірдегі № 2 шешімімен БЕКІТІЛГЕН |
Еуразиялық технологиялық платформаларды қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуі туралы
ЕРЕЖЕ
I. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 92-бабына және Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2015 жылғы 8 қыркүйектегі № 9 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі Өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына сәйкес әзірленді және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі тиісінше – Одақ, мүше мемлекеттер) инновациялық инфрақұрылымының обьектісі ретіндегі Еуразиялық технологиялық платформалардың жұмыс істеуінің мақсаты мен міндеттерін, оларды қалыптастырудың, жұмыс істеуінің, қаржыландырудың тәртібін айқындайды.
2. Еуразиялық технологиялық платформалар инновациялық өнімдер мен технологияларды әзірлеу, оларды өнеркәсіптік өндіріске енгізу бойынша қолданбалы міндеттерді бірлесіп шешу үшін ғылыми-техникалық дамудың алдыңғы қатарлы ұлттық және әлемдік жетістіктерін шоғырландыру, мүше мемлекеттердің ғылыми әлеуетін жұмылдыру жөніндегі жүйелі жұмысты қамтамасыз етеді.
3. Осы Ереженің мақсаттары үшін үғымдар пайдаланылады, олар мынаны білдіреді:
"Еуразиялық технологиялық платформалар" - барлық мүдделі тараптардың (бизнестің, ғылымның, мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың) қатысуының негізінде тиімді коммуникацияны және перспективалық коммерциялық технологиялар, жоғары технологиялық, инновациялық және бәсекеге қабілетті өнім жасауды қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін инновациялық инфрақұрылым обьектілері;
"бірлескен жоба" - Еуразиялық технологиялық платформалар шеңберінде мүше мемлекеттер ұйымдарының бірлесіп іске асыратын, кооперациялық байланыстарды дамытуға бағытталған инновациялық жоба;
"мүше мемлекеттің уәкілетті органы" - өз аумағында Еуразиялық технологиялық платформалар қызметін үйлестіруді жүзеге асыруға мүше мемлекет уәкілеттік берген мемлекеттік билік органы немесе ұйым.
ІІ. Еуразиялық технологиялық платформалардың жұмыс істеуінің мақсаты мен міндеттері
4. Ғылыми-техникалық және инновациялық салаларда кооперацияны қамтамасыз ететін Еуразиялық технологиялық платформалардың жұмыс істеуінің мақсаты ұлттық өнеркәсіптік кешендерді өзара тиімді инновациялық дамытуды ынталандыру үшін мүше мемлекеттер әлеуетін біріктіру негізінде барлық мүдделі тараптардың (бизнестің, ғылымның, мемлекеттің, қоғамдық ұйымдардың) өзара іс-қимылының тиімділігін арттыру, мүше мемлекеттерде құзыреттер орталықтарын құру, болашақ экономикасын, тұрақты технологиялық жаңаруды қалыптастыру, өнеркәсіптің жаһандық бәсекеге қабілеттілігін көтеру болып табылады.
5. Осы Ереженің 4-тармағында көрсетілген мақсатқа қол жеткізу үшін Еуразиялық технологиялық платформалардың қатысушылары мынадай міндеттерді іске асырады:
а) мүше мемлекеттер экономикасы нақты секторының жаңа технологияларға қажеттілігін айқындау;
б) басым ғылыми-техникалық жобаларды іздестіру және оны дамытуға жәрдемдесу;
в) мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын жолға қою және бірлескен бастамалар мен жобаларды қолдау;
г) мүше мемлекеттердің ғылыми-техникалық дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды анықтау және оларды жою бойынша ұсынымдар тұжырымдау;
д) мүше мемлекеттердің ғылыми-техникалық және инновациялық салалардағы ынтымақтастығы мәселелері жөніндегі құжаттарды жетілдіруге жәрдемдесу;
е) мүше мемлекеттердің ғылыми-техникалық даму жетістіктерін, сондай-ақ Еуразиялық технологиялық платформалар шеңберіндегі жетістіктерді танымал ету;
ж) мүше мемлекеттердің ғылыми-техникалық және инновациялық ынтымақтастығы нәтижелерінің мониторингі.
ІІІ. Еуразиялық технологиялық платформалар қызметінің бағыттары
6. Еуразиялық технологиялық платформалардың қатысушылары өз міндеттеріне сәйкес қызметтің мынадай негізгі бағыттары бойынша жұмыс жүргізеді (құзыреттер шеңберінде):
а) мүше мемлекеттердің ғылыми-техникалық дамудағы жетістіктерін, сондай-ақ Еуразиялық технологиялық платформалар шеңберіндегі жетістіктерін танымал ету жөніндегі міндеттерді шешу үшін:
мүше мемлекеттердің алдыңғы қатарлы ғылыми-техникалық жетістіктеріне талдау жүргізеді;
ғылыми-техникалық және инновациялық салалардағы ынтымақтастықтың әлемдік практикаларына талдау жүргізеді;
алдыңғы қатарлы технологиялар мен өнімдердің бірыңғай тізілімін (қажет болған кезде) қалыптастырады;
алдыңғы қатарлы технологиялар мен өнімдерді дамыту мен игеруде мүше мемлекеттердің барлық мүдделі ұйымдарының ақпараттық базаларына қолжетімділікті және олардың коммуникациясын қамтамасыз ететін бірыңғай ақпараттық-коммуникациялық жүйелер мен порталдарды қалыптастырады;
алдыңғы қатарлы ұлттық және әлемдік жетістіктер туралы білімді тарату мен танымал етуді, оның ішінде:
бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау;
басқалар өткізетін іс-шараларға қатысу және өздерінің іс-шараларын ұйымдастыру;
алдыңғы қатарлы технологияларды игеруде және қазіргі заманғы кадрлар даярлауда консультативтік қолдауды жүзеге асыру арқылы жүзеге асырады;
б) мүше мемлекеттер экономикасы нақты секторының жаңа технологияларға қажеттілігін айқындау жөніндегі міндеттерді шешу үшін;
мүше мемлекеттер экономикасы нақты секторы ұйымдары технологиялары мен өнімдері дамуының деңгейіне бағалауды, шетелдік баламалармен салыстыруды жүргізеді;
мүше мемлекеттер экономикасы нақты секторы ұйымдарының өтінімдері мен ұсыныстары бойынша жаңа технологияларға және өнім түрлеріне қажеттілігінің бірыңғай тізілімін қалыптастырады;
мүше мемлекеттер экономикасының өз қызметін Еуразиялық технологиялық платформаларда жүзеге асыратын салалары мен секторларындағы нарықтар мен технологиялардың даму, оның ішінде инновациялық өнімнің негізгі түрлеріне сұраныс болжамын әзірлейді;
мүше мемлекеттер экономикасы нақты секторы ұйымдарының түрлі технологиялық баламаларды пысықтауды қамтитын алдыңғы қатарлы технологиялар мен өнім өндірісін игеруі бойынша ұсыныстар әзірлейді;
мүше мемлекеттер аумақтарында алдыңғы қатарлы технологияларды ілгерілетуге бағытталған ғылыми, жобалау, өндірістік және өзге де бірлестіктерді ұйымдастыруға жәрдемдеседі;
в) басым ғылыми-техникалық жобаларды іздестіру және дамытуға жәрдемдесу жөніндегі міндеттерді шешу үшін мүше мемлекеттер заңнамасында белгіленген тәртіпте мүше мемлекеттер өнеркәсібін дамытудың салалық бағдарламаларына ұсыныстар енгізе алады;
г) мүше мемлекеттердің ынтымақтастығын жолға қою және бірлескен бастамалар мен бірлескен жобаларды қолдау жөніндегі міндеттерді шешу үшін:
бірлескен бастамалар мен бірлескен жобаларды қамтитын жобалық ұсыныстар портфелін қалыптастыру жолымен мүше мемлекеттер ынтымақтастығының ғылыми-техникалық және инновациялық салаларындағы басым бағыттарды іске асыруға қатысады;
қатысушылардың:
бірлескен зертханалар, ғылыми-зерттеу орталықтары мен станцияларын құруына;
инновациялық өнім мен технологияларды бірлесіп құруы мен енгізуіне;
қазіргі заманғы технологияларды оқшаулауына;
мүше мемлекеттер арасында қазіргі заманғы технологиялармен алмасуына;
өзара мүддені білдіретін салаларды инновациялық дамыту мен бірлескен жобаларды іске асыру үшін жағдайлар қалыптастыру бойынша бірлескен жобаларды іске асыруына жәрдемдеседі;
бірлескен жобаларды іске асыру үшін үздік әріптестер іздестіруді жүзеге асырады;
инновациялық салада және бірлескен жобаларды іске асыруда кооперациялық әріптестіктер қалыптастыру кезінде консультациялық жұмыс жүргізеді;
мүше мемлекеттер заңнамасына сәйкес бірлескен жобаларға (қажет болған кезде) бірлескен сараптама жүргізуді ұйымдастырады;
бірлескен жобаларды іске асыру үшін бюджеттік және бюджеттен тыс көздерден қаражат тарту жұмысын жүргізеді;
2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес бірлескен жобаларды оны іске асырудың барлық кезеңінде сүймелдеу бойынша өзге де жұмысты жүзеге асырады;
д) мүше мемлекеттердің ғылыми-техникалық дамуына кедергі келтіретін тосқауылдарды айқындау және оларды жою бойынша ұсынымдар тұжырымдау жөніндегі міндеттерді шешу үшін:
ғылыми-техникалық және инновациялық саланы дамыту жөнінде ұсыныстар тұжырымдайды;
консультациялық сараптамалық жұмысты жүзеге асырады;
е) мүше мемлекеттердің ғылыми-техникалық және инновациялық салалардағы ынтымақтастығы нәтижелерінің мониторингі жөніндегі міндеттерді шешу үшін:
мүше мемлекеттер экономикасы нақты секторының ұйымдарына ұлттық технологиялар мен өнімдер енгізу мониторингін жүргізеді;
мүше мемлекеттердің бірлескен ғылыми-техникалық қызметі мен инновациялық ынтымақтастығы нәтижелерінің мониторингін жүргізеді;
ғылыми-техникалық дамудың алдыңғы қатарлы ұлттық және әлемдік жетістіктері туралы және мүше мемлекеттер экономикасы нақты секторының инновациялық дамуы туралы шолулар мен баяндамалар жариялайды.
IV. Еуразиялық технологиялық платформаларды қалыптастыру тәртібі
7. Еуразиялық технологиялық платформалар Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) Кеңесі шешімдерінің негізінде қалыптастырылады.
8. Еуразиялық технологиялық платформалар құру туралы шешімді қабылдау кезінде мүше мемлекеттен қатысушысы (қатысушылар) мүше мемлекеттің уәкілетті органмен келіседі.
9. Комиссия мынадай құжаттар жиынтығының негізінде Еуразиялық технологиялық платформалар қалыптастыру туралы шешім қабылдайды:
а) қатысушылар Комиссияға ұсынатын, Еуразиялық технологиялық платформалар қалыптастыру туралы өтініш;
б) егер Еуразиялық технологиялық платформа заңды тұлға құру арқылы жасалған жағдайда, қатысушылар дайындайтын құрылтай құжатының жобасы;
в) егер Еуразиялық технологиялық платформа заңды тұлға құрмай жасалған жағдайда, қатысушылар арасындағы шарттың жобасы;
г) Еуразиялық технологиялық платформа қатысушылары тізбесінің жобасы;
д) Еуразиялық технологиялық платформалардың мақсаттары мен міндеттерін, қызметінің негізгі бағыттарын, олардың Одақтың өнеркәсіптік ынтымақтастығы басымдықтарына сәйкестігін көрсете отырып, оларды қалыптастыру орындылығының негіздемесі;
е) бірлескен жобалар тізбесінің жобасы.
10. Еуразиялық технологиялық платформа мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген тәртіпте заңды тұлға құра отырып немесе құрмастан қалыптастырылуы мүмкін.
11. Мүше мемлекеттің уәкілетті органы өз мемлекетінің заңнамасына сәйкес Еуразиялық технологиялық платформалар қалыптастыру бойынша құжаттар жобаларын дайындауға жауаптыны айқындауы мүмкін
12. Еуразиялық технологиялық платформалар өз қызметінің бейініне сәйкес ірі (салалық өнеркәсіптік кәсіпорындар, мемлекеттік компаниялар және басқалар), шағын және орта бизнес ұйымдарын, ғылыми ұйымдарды (ғылыми-зерттеу институттарын, университеттерді тағы басқаларын), мемлекеттік даму институттарын, қоғамдық (салалық қауымдастықтар мен бірлестіктерді) және өзге де, оның ішінде Одаққа мүше болып табылмайтын мемлекеттердің ұйымдарын, қатысушылар ретінде, сондай-ақ жеке тұлғаларды қамтуы мүмкін.
13. Еуразиялық технологиялық платформалар кемінде 3 мүше мемлекеттен қатысушыларды біріктіреді.
14. Егер Еуразиялық технологиялық платформалар заңды тұлға құра отырып қалыптастырылған жағдайда, Еуразиялық технологиялық платформалар қатысушыларының шешімі Еуразиялық технологиялық платформалардың құрылтай құжаттарына сәйкес қабылданады.
15. Егер Еуразиялық технологиялық платформалар заңды тұлға құрмай қалыптастырылған жағдайда, Еуразиялық технологиялық платформалар қатысушыларының шешімі олардың арасындағы шартқа сәйкес қабылданады.
16. Егер Еуразиялық технологиялық платформалар заңды тұлға құра отырып қалыптастырылған жағдайда, қатысушылардың Еуразиялық технологиялық платформаларға қосылуы Еуразиялық технологиялық платформалардың құрылтай құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
17. Егер Еуразиялық технологиялық платформалар заңды тұлға құрмай қалыптастырылған жағдайда, қатысушылардың Еуразиялық технологиялық платформаларға қосылуы олардың арасындағы шартқа сәйкес жүзеге асырылады.
18. Еуразиялық технологиялық платформалар қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз етуді олардың органдары мен құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады, сондай-ақ осы мақсаттар үшін тиісті мүше мемлекеттің уәкілетті органымен келісім бойынша әрбір мүше мемлекеттен қатысушылар айқындалуы мүмкін.
19. Еуразиялық технологиялық платформаларға басшылықты қамтамасыз ету үшін басқарушы орган жасақталады, оның қатарына ұйымдары Еуразиялық технологиялық платформалардың қатысушылары болып табылатын барлық мүше мемлекеттердің өкілдері де кіреді
20. Еуразиялық технологиялық платформалардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажеттілігіне қарай Еуразиялық технологиялық платформалардың органдары: сараптамалық, үйлестіруші, ғылыми-техникалық кеңестер, жұмыс топтары, конкурстық және өзге де комиссиялар қалыптастырылады. Аталған органдардың қызметіне байланысты шығыстар мүдделі ұйымдар мен Еуразиялық технологиялық платформалар қатысушыларының қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
V. Еуразиялық технологиялық платформаларды қаржыландыру тәртібі
21. Бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды, іс-шараларды, бірлескен жобаларды іске асыру үшін Еуразиялық технологиялық платформалар мыналардан:
а) Еуразиялық технологиялық платформалар қатысушыларының өз қаражатынан;
б) инвесторлардың, қорлардың, қоғамдық және өзге де мүдделі ұйымдардың қаражатынан;
в) бірлескен іс-шаралардың, бірлескен жобалардың ұлттық бөліктерін толық немесе ішінара қаржыландыруға олардың ішкі қаржылық саясатына сәйкес уәкілетті мамандандырылған ұлттық ұйымдардың қаражатынан;
г) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес тиісті мемлекеттік бағдарламалар, мемлекеттік қолдау құралдары шеңберінде бірлескен ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстардың, іс-шаралардың, бірлескен жобалардың ұлттық бөліктерін толық немесе ішінара қаржыландыруға осы мүше мемлекеттердің бюджеттерінен;
д) бірлескен жобаларды толық немесе ішінара қаржыландыруға олардың ішкі қаржылық саясатына сәйкес халықаралық қаржы ұйымдарының қаражатынан;
е) Одақ шеңберінде өнеркәсіптік ынтымақтастықты және Одақтың кіріктірілген ақпараттық жүйесі шеңберінде ақпараттық жүйелер құру мен деректер базасын қалыптастыру жөніндегі іс-шараларды іске асыру мақсатында Комиссия мұқтаждығы үшін жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстарын толық немесе ішінара қаржыландыруға арналған Одақ бюджетінің қаражатынан қаржыландыру тартуды қамтамасыз етеді.
22. Бірлескен жобалар құрамында іске асырылатын іс-шаралар тізбесіне:
а) өздеріне жүктелген өкілеттіктер шеңберінде Комиссия мен мемлекеттік органдар іске асыратын даму стратегияларын, бағдарламаларын және өзге де құжаттарды әзірлеу жөніндегі іс-шаралар;
б) Одақтың кіріктірілген ақпараттық жүйесі шеңберінде ақпараттық жүйелер құру мен деректер базасын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар мен Одақ шеңберінде өнеркәсіптік ынтымақтастықты іске асыру мақсатында Комиссия қажеттіліктері үшін жүргізілетін ғылыми-зерттеу жұмыстары енгізілуі мүмкін.
23. Еуразиялық технологиялық платформалардың қатысушылары өз міндеттемелері бойынша тиісті мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жауапты болады.
VI. Еуразиялық технологиялық платформалар қызметін үйлестіру тәртібі
24. Еуразиялық технологиялық платформаларды қалыптыстыру мен олардың жұмыс істеуі мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің өзара іс-қимылын жалпы үйлестіруді Комиссия жүзеге асырады.
25. Комиссия мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен бірлесіп:
а) мүше мемлекеттердің бейінді ұйымдары арасында Еуразиялық технологиялық платформалар қызметін дамыту мен ілгерілету мақсатында дөңгелек үстелдер, кеңестер мен бейнеконференциялар ұйымдастыруды;
б) Еуразиялық технологиялық платформаларды қалыптастыру мен олардың жұмыс істеуін қамтамасыз етудің үздік практикаларын шоғырландыруды;
в) осы Ережеде көзделген Еуразиялық технологиялық платформаларды қалыптастыру жөніндегі құжаттар жиынтығын қарауды;
г) жасалған жұмыс нәтижелері туралы осы Ереженің 5-тармағы "ж" тармақшасында көрсетілген мониторинг нәтижелері бойынша және Еуразиялық технологиялық платформалардың тиісті құжаттарының негізінде мүше мемлекеттердің Еуразиялық технологиялық платформалардың жұмыс істеу тиімділігін арттыруға және оның қызметін ынталандыруға бағытталған шешімдер қабылдауы үшін Еуразиялық технологиялық платформалар қызметінің нәтижелері туралы баяндама дайындауды;
д) Еуразиялық технологиялық платформалардың жұмыс істеу тиімділігін арттыру туралы ұсыныстар әзірлеуді және оларды Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына енгізуді жүзеге асырады.
26. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары:
а) Еуразиялық технологиялық платформаларды қалыптастыру жөніндегі құжаттар жиынтығын қарауды;
б) мүше мемлекеттер ұйымдарының Еуразиялық технологиялық платформаларға қосылу және қатысу жөніндегі жұмысын үйлестіруді;
в) Еуразиялық технологиялық платформалар құру туралы шешім қабылдау сатысында Еуразиялық технологиялық платформалардың қатысушыларымен, сондай-ақ Еуразиялық технологиялық платформалар қызметін ұйымдастырушылық және ақпараттық қамтамасыз етуді жүзеге асыратын мүше мемлекеттерден қатысушылармен келісуді;
г) бірлескен жобаларды іске асыруды қоса алғанда, Еуразиялық технологиялық платформалар қызметінің мониторингіне қатысуды;
д) Еуразиялық технологиялық платформалардың жұмыс істеу тиімділігін арттыру туралы ұсыныстар әзірлеуге қатысуды жүзеге асырады.
27. Осы Ереженің 5-тармағы "ж" тармақшасында көрсетілген мониторингті жүргізу мақсатында Еуразиялық технологиялық платформалардың органдары жыл сайын, 1 маусымға дейін, мынадай құжаттар:
а) есепті жылдың соңына қатысушылар тізбесін;
б) келесі жылға арналған іс-қимылдар жоспарын;
в) бірлескен жобаларды іске асыру туралы есепті;
г) келесі жылға арналған бірлескен жобалардың өзектендірілген тізбесін дайындауды жүзеге асырады.
28. Еуразиялық технологиялық платформаларды қалыптастыру мен дамуын ынталандыру жөніндегі жұмысты үйлестіру үшін Комиссия мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен бірлесіп тұрақты қолданыстағы алаңша ұйымдастырады, оның шеңберінде Еуразиялық технологиялық платформалардың әлеуетті қатысушыларымен кездесулер ұйымдастырылады, Еуразиялық технологиялық платформалардың қатысушыларымен дамудың өзекті бағыттары мен даму үшін тосқауылдарды жою мәселелері талқыланады, Еуразиялық технологиялық платформаларды ынталандыру жөніндегі ұсыныстар пысықталады.
Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2016 жылғы 13 сәуірдегі № 2 шешіміне ҚОСЫМША |
Еуразиялық технологиялық платформаларды қалыптастыру бойынша бағыттар
ТІЗБЕСІ
1. Медициналық және медициналық биотехнология, фармация
2. Ақпараттық-коммуникациялық технология
3. Фотоника
4. Авиағарыштық технология
5. Ядролық және радиациялық технология
6. Энергетика
7. Көлік технологиясы
8. Металлургия технологиясы және жаңа материалдар
9. Табиғи ресурстар өндіру және мұнай-газ өңдеу
10. Химия және мұнай-химиясы
11. Электроника және машина жасау технологиясы
12. Экологиялық даму
13. Өнеркәсіптік технология
14. Ауыл шаруашылығы, тамақ өнеркәсібі, биотехнология