Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құнына зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдерді қосу туралы мәселені шешудің бірыңғай тәсілдемелерін әзірлеу мақсатында
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге осы Ұсыным Еуразиялық экономикалық одақтың ақпараттық-телекоммуникациялық "Интернет" желісіндегі ресми сайтында жарияланған күннен бастап қосымшаға сәйкес Әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдерді қосу туралы ережені басшылыққа алуды ұсынады.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
Т. Саркисян |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 15 қарашадағы № 20 ұсынымына ҚОСЫМША |
Әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдерді қосу туралы ЕРЕЖЕ
І. Жалпы ережелер
1. Осы Ереже 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім), Түсіндірме ескертпелерін, сондай-ақ 25.1-түсініктемені қоса алғанда, 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің VІІ бабын қолдану жөніндегі келісімнің және Дүниежүзілік кеден ұйымының Кедендік бағалау жөніндегі техникалық комитетінің консультациялық қорытындыларының негізінде әзірленген.
2. Келісімнің 5-бабы 1-тармағының 7-тармақшасына сәйкес олармен жасалатын мәміле құны (1-әдіс) бойынша әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген және төлеуге жататын бағаға зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін бағаланатын (әкелінетін) тауарларға қатысты және бағаланатын (әкелінетін) тауарларды сату шарты ретінде сатып алушы осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге жататын бағаға қосылмаған мөлшерде тікелей немесе жанама төлеген немесе төлеуге тиіс лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдер (патенттер, тауар белгілері, авторлық құқық үшін төлемдерді қоса алғанда) қосылады.
Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде мыналар іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмауға тиіс:
Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) аумағына әкелінетін тауарларды молайту (тираждау) құқығы үшін төлемдер;
егер мұндай төлемдер Одақтың кедендік аумағына әкету үшін әкелінетін тауарларды сату шарты болып табылмаса, әкелінетін тауарларды бөлу немесе қайта сату құқығы үшін төлемдер.
3. Зияткерлік меншік саласындағы құқықтық қатынастар халықаралық шарттармен, Одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттармен және актілермен және Одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасымен (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) реттеледі.
4. Осы Ережеде зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдер ретінде зияткерлік қызмет нәтижелерін және оларға теңестірілген дараландыру құралдарын пайдаланғаны үшін кез келген төлемдер (соның ішінде, роялти, сыйақы) қаралады, халықаралық шарттарға, Одақтың құқығын құрайтын халықаралық шарттар мен актілерге және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес оларға ғылым, әдебиет және өнер туындылары, фонограммалар, өнертабыстар, пайдалы үлгілер, өнеркәсіптік үлгілер, өндіріс құпиялары (ноу-хау), тауар белгілері, өзге де зияткерлік меншік объектілері (бұдан әрі – лицензиялық төлемдер) жатады.
5. Лицензиялық төлемдерді төлеу жөніндегі міндет лицензиат пен құқық иеленуші (лицензиар) арасындағы шарттық қатынастардың бір бөлігі болып табылады, олар лицензиялық шартпен (келісіммен), қосалқы лицензиялық шартпен (келісіммен), коммерциялық концессия (франчайзинг) шартымен, коммерциялық субконцессия (субфранчайзинг) шартымен не өзге де шарт түрімен (бұдан әрі – лицензиялық шарт) ресімделуі мүмкін.
Лицензиялық шарт жасасу кезінде құқық иеленуші лицензиатқа зияткерлік меншік объектілерін пайдалануға белгілі бір құқық береді.
Осы Ереже зияткерлік меншік объектілерін пайдалануға айрықша құқықты иеліктен шығару туралы шарт бойынша сыйақы төлеу жағдайларына қолданылмайды.
6. Халықаралық саудада лицензиялық төлемдер тауарларды сатушыға да, тауарларды сатушы болып табылмайтын үшінші тұлғаға да төленуі мүмкін.
Тауарлардың кедендік құнына лицензиялық төлемдерді қосу туралы шешім қабылдау кезінде құқық иеленуші мүше мемлекеттің тұлғасы не шетелдік тұлға болып табыла ма, жоқ па маңызды емес.
7. Келісімнің 5-бабы 1-тармағы 7-тармақшасының бірінші абзацында көзделген шарттардың орындалуын тексеру және лицензиялық төлемдердің әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылуға жататын-жатпайтыны туралы мәселені шешу мақсатында Одақтың кедендік аумағынан әкету үшін тауарларды сату соған сәйкес жүзеге асырылатын сыртқы экономикалық шарт (келісімшарт) пен лицензиялық шарттың талаптары, сондай-ақ тауарларды сату мен лицензиялық төлемдерді төлеуге қатысы бар өзге де құжаттар талдануға тиіс.
Лицензиялық төлемдер әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмаған және бағаланатын (әкелінетін) тауарларға ақы төлеу шотынан жеке төленетін жағдайда, осы тауарлардың кедендік құнына лицензиялық төлемдерді қосу қажеттігі туралы мәселені шешу кезінде мынадай шешуші факторларды:
лицензиялық төлемдер бағаланатын (әкелінетін) тауарларға жататын-жатпайтынын;
лицензиялық төлемдерді төлеу бағаланатын (әкелінетін) тауарларды сату шарты болып табылатын-табылмайтынын назарға алған жөн.
Көрсетілген факторларды талдау кезінде бағаланатын (әкелінетін) тауарларды сату деп оларды Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сату түсініледі.
8. Лицензиялық төлемдердің бағаланатын (әкелінетін) тауарларға жататын-жатпайтынын айқындау кезіндегі түйінді мәселе – лицензиялық төлемдер сомасының қалай есептелетіні емес, олардың неліктен төленетіні мен оларды төлегені үшін орнына сатып алушы (лицензиат) нақты не алатыны болып табылады.
Лицензиялық төлемдер бағаланатын (әкелінетін) тауарларға қатысты ретінде қаралатын неғұрлым кең таралған жағдай – бағаланатын (әкелінетін) тауарлар зияткерлік меншік объектілерін қамтитын және (немесе) лицензиялық шарт бойынша құқық берілген зияткерлік меншік объектілері пайдаланыла отырып өндірілген жағдай болып табылады.
Осындай және өзге де жағдайларда лицензиялық төлемдердің бағаланатын (әкелінетін) тауарларға жататын-жатпайтыны туралы шешім лицензиялық шартқа сәйкес лицензиатқа қаралып отырған зияткерлік меншік объектісін пайдалануға қандай құқықтар берілген және лицензиат берілген құқықтарды қалай пайдаланып жатыр деген мәселені зерделеу мен талдау негізінде қабылданады.
9. Бағаланатын (әкелінетін) тауарларды сату шарты лицензиялық төлемдерді төлеу болып табылатын-табылмайтынын айқындау кезінде негізгі критерий сатып алушыда (лицензиатта) лицензиялық төлемдерді төлемей бағаланатын (әкелінетін) тауарларды алу мүмкіндігінің жоқтығы болып табылады.
Сатып алушыда (лицензиатта) лицензиялық төлемдерді төлемей бағаланатын (әкелінетін) тауарларды алу мүмкіндігінің жоқтығына тауарлар Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылатын сыртқы экономикалық шартта (келісімшартта) сатып алушының осындай сатудың шарты ретінде лицензиялық төлемдерді төлеуге тиіс екендігі туралы нұсқаудың болуы айғақ болады. Бағаланатын (әкелінетін) тауарларды сату шарты ретінде лицензиялық төлемдердің төленгенін айқындау кезінде мұндай нұсқау шешуші болып табылады.
Тауарлар Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатылатын сыртқы экономикалық шартта (келісімшартта) бағаланатын (әкелінетін) тауарларды сатудың, әсіресе құқық иеленуші мен сатушы әртүрлі адамдар болған кезде сатудың талабы ретінде лицензиялық төлемдерді төлеу туралы тікелей нұсқау қамтылмаған жағдайларда, бағаланатын (әкелінетін) тауарларды сатудың лицензиялық төлемдерді төлеуге тәуелділігі орын алуы мүмкін.
Барлық жағдайда, лицензиялық төлемдерді төлеу бағаланатын (әкелінетін) тауарларды сатудың шарты болып табылатын-табылмайтыны туралы шешімді осы тауарларды сатумен және әкелумен бірге орын алатын факторлар мен мән-жайлардың барлығын талдауды ескере отырып қабылдаған жөн болады. Осындай факторлар ретінде мыналар:
Одақтың кедендік аумағына әкету үшін бағаланатын (әкелінетін) тауарлар сатылатын сыртқы экономикалық шартта (келісімшартта) немесе осындай тауарларды сатуға байланысты өзге де құжаттарда лицензиялық төлемдерді төлеуге қатысты ережелердің болуы;
лицензиялық шартта бағаланатын (әкелінетін) тауарларды сатуға қатысты ережелердің болуы;
Одақтың кедендік аумағына әкету үшін бағаланатын (әкелінетін) тауарлар сатылатын сыртқы экономикалық шартта (келісімшартта) және (немесе) лицензиялық шартта сатып алушы (лицензиат) құқық иеленушіге лицензиялық төлемдерді төлемеген жағдайда сыртқы экономикалық шартты (келісімшартты) бұзу мүмкіндігі туралы ереженің болуы;
лицензиялық шартта өндірушіге (сатушыға) құқық иеленушінің зияткерлік меншік объектілерін пайдалана отырып жасалған тауарларды дайындауға және (немесе) сатып алушыға сатуға, соңғысына тиісті сыйақы төленбеген жағдайда, тыйым салатын талаптың болуы;
лицензиялық шартта құқық иеленушінің сапаны бақылау шеңберінен шығатын тауарлардың өндірілуіне немесе өндірушінің (сатушының) оларды сатып алушыға сатуына (Одақтың кедендік аумағына әкету үшін тауарларды сатуға) бақылауды жүзеге асыруына мүмкіндік беретін талаптың болуы ескерілуі мүмкін.
10. Нақты зияткерлік меншік объектілерін пайдалануға арналған құқықтарды құқық иеленушінің беруі жөніндегі жекелеген жағдайлардың сипатын, зияткерлік меншік объектілерін пайдалану құқығын беретін лицензиялық шарттардың талаптарын, Одақтың кедендік аумағына әкету үшін тауарлар сатылатын сыртқы экономикалық шарттардың (келісімшарттардың) талаптарын талдауды, сондай-ақ лицензиялық төлемдер әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген және төлеуге жататын бағаға қосуға жататын-жатпайтыны туралы шешім қабылдау кезінде әсері ескерілетін өзге де факторларды қамтитын мысалдар қосымшада келтірілген.
(Қарастырылатын мысалдарда тауарлардың атауы пайдалануға ыңғайлы болу үшін ғана келтірілген. Мысалдарда қамтылған, лицензиялық төлемдерді тауарлардың кедендік құнына қосу немесе қоспау туралы тұжырымдарды мысалда сипатталған факторлар мен мән-жайлар нақты жағдайдағы факторлар мен мән-жайларға сәйкес болған кезде тауарлардың кез келген түріне қолдануға болады.
Осы Ережеге қосымшада келтірілген мысалдар құқық қолдану практикасында туындауы мүмкін барлық ықтимал жағдайды қамтымайды. Егер нақты жағдайдың қандай да бір факторлары немесе мән-жайлары мысалда сипатталғандарға сәйкес келмесе, ерекшеліктерге және олардың тұжырымдарға әсеріне талдау жүргізу қажет.)
ІІ. Тауар белгісін пайдалану құқығы үшін лицензиялық төлемдер
11. Зияткерлік меншік объектілеріне құқықтарды сақтау және қорғау туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 26 қосымша) 11-тармағына сәйкес мүше мемлекеттердің заңнамасына және мүше мемлекеттер қатысушылары болып табылатын халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын және азаматтық айналымға бір қатысушылардың тауарларын азаматтық айналымға басқа қатысушылардың тауарларынан дараландыру үшін қызмет ететін белгілеме тауар белгісі болып табылады. Мүше мемлекеттердің заңнамалық актілеріне сәйкес тауар белгісі ретінде ауызша, бейнелі, көлемдік және басқа да белгілемелер немесе олардың комбинациялары тіркелуі мүмкін.
Тауар белгісін пайдалану құқығы үшін лицензиялық төлемдерге қатысты жағдайлар сипатталған мысалдар қосымшада келтірілген.
Әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдерді қосу туралы ережеге ҚОСЫМША |
Тауар белгісін пайдалану құқығы үшін лицензиялық төлемдерге қатысты жағдайлар сипатталған МЫСАЛДАР
1-мысал. Құқық иеленуші (бұдан әрі – негізгі компания) айналысқа шығарылған, тауарларды сатып алушының (бұдан әрі – ұйым) дауыс беретін акцияларының және тауарларды өндірушінің (бұдан әрі – өндіруші) дауыс беретін акцияларының 50 пайыздан астамын тікелей иеленеді.
Ұйым Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер, Одақ) кедендік аумағына киім әкелуді және сатуды жүзеге асырады. Ұйым мен негізгі компания лицензиялық шарт жасасқан, соған сәйкес тауар белгісі салынған киімді мүше мемлекеттердің бірінің аумағына әкелуге және азаматтық айналымға енгізуге байланысты негізгі компанияға тиесілі тауар белгісін пайдалану құқығы ұйымға беріледі. Лицензиялық шартқа сәйкес ұйым негізгі компанияға киімді өткізуден алған түсім сомасының 1,5 пайызы мөлшерінде лицензиялық төлем төлейді.
Тауар белгісі салынған киім шетелдік өндіруші ұйымынан алынады. Өндіруші мен ұйым арасында жасалған сатып алу-сату шартында ұйымның негізгі компанияның пайдасына лицензиялық төлемдерді төлеуі жөніндегі міндеттемелер көзделмеген.
Тауар белгісі салынған киімді әкелуге байланысты тауар белгісін пайдалану құқығы ұйымға берілгендіктен, тауар белгісін пайдаланғаны үшін лицензиялық төлемдер әкелінетін тауарларға қатысты болады.
Лицензиялық төлемдер тауарларды сату талабы болып табылады, өйткені негізгі компания ұйымды да, өндірушіні де бақылай отырып, өндірушінің ұйымға киімді сату талабын белгілей алады.
Өндіруші мен негізгі компания арасында жазбаша нысанда жасалған шарттың болмау фактісі лицензиялық шартта белгіленген негізгі компанияның талаптарына сәйкес ұйымның лицензиялық төлемдерді төлеуді жүргізу міндетінің күшін жоймайды.
Осылайша, лицензиялық төлемдер әкелінетін тауарларға қатысты, оларды төлеу әкелінетін тауарларды сату талабы болып табылады және демек, мұндай төлемдер әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген және төлеуге жататын бағаға қосуға жатады.
2-мысал. Ұйым шетелдік құқық иеленушімен лицензиялық шарт жасасқан, оған сәйкес ұйым құқық иеленушіге тауарларды әкелуге және өндіруге байланысты тауар белгісін пайдалану құқығы үшін лицензиялық төлемдер төлейді.
Лицензиялық төлемдер мүше мемлекеттің аумағында тауар белгісі бар тауарларды өткізуден ұйым алған түсім сомасынан лицензиялық шартта белгіленген тіркелген пайыз ескеріле отырып есептеледі.
Ұйым лицензиялық төлемдерді төлемеген жағдайда, құқық иеленушінің лицензиялық шартты бұзуға құқығы бар.
Ұйым мен құқық иеленуші 2008 жылғы 25 қаңтардағы Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) 3-бабының 1-тармағында белгіленген мәнде өзара байланысты тұлғалар болып табылады.
Құқық иеленуші тауар белгісі бар тауарларды өндіру және оларды ұйымға өткізу құқығын өзіне беру мақсатында шетелдік өндірушімен де шарт жасасқан. Осы шартқа сәйкес өндіруші құқық иеленуші белгілеген сапаға, дизайнға және технологияға қатысты талаптарды сақтауға міндетті. Шартта, атап айтқанда өндірушінің тауар белгісі бар тауарларды құқық иеленуші айқындаған ұйымдарға немесе компанияларға ғана сатуға және өндіруге міндетті болатындығы көрсетілген.
Өндіруші құқық иеленушімен де, ұйыммен де Келісімнің 3-бабының 1-тармағында белгіленген мәнде өзара байланысты тұлға болып табылмайды.
Ұйым өндірушімен сатып алу-сату шартын жасасады, оған сәйкес өндіруші ұйымға құқық иеленушінің тауар белгісі бар тауарларды сатады. Сатып алу-сату шартында тауар белгісін пайдалану құқығы үшін лицензиялық төлемдерді төлеу туралы талап жоқ. Ұйым өндірушіге тауарлар үшін іс жүзінде төлеген немесе төлеуге жататын баға лицензиялық төлемдерді қамтымайды.
Тауар белгісі салынған тауарларды әкелуге және өндіруге байланысты тауар белгісін пайдалану құқығы ұйымға берілгендіктен және ұйым осындай тауар белгісі салынған тауарларды әкелетіндіктен, лицензиялық төлемдер бағаланатын (әкелінетін) тауарларға қатысты болады.
Бұл ретте, қарастырылып отырған жағдайда өндіруші мен құқық иеленушінің арасындағы шартқа сәйкес, соңғысы лицензиялық тауарларды өндіруге рұқсат беріп, өндірушінің қандай компанияларға тауарларды сата алатынын айқындап және тікелей өндірушіні үлгілермен және технологиялармен қамтамасыз ете отырып, тауар белгісімен таңбаланған тауарлардың өндірілуін бақылайды.
Осылайша, бір жағынан, құқық иеленуші лицензиялық шарттың ережелеріне сәйкес тауарларды әкелуге және өндіруге байланысты тауар белгісін пайдалану құқығын ұйымға береді, ал екінші жағынан, ұйым мен өндіруші арасындағы мәмілеге әсер етеді және осы мәмілені бақылап, қандай компаниялардың тауар белгісін пайдалана алатынын және тауар белгісімен таңбаланған тауарларды ала алатынын айқындайды.
Өндіруші мен ұйым арасындағы сатып алу-сату шартында лицензиялық төлемдерді төлеу қажеттігі туралы талап болмайды. Алайда, лицензиялық төлемдерді төлеу тауарларды сату талабы болып табылады, өйткені құқық иеленушіге ақы төлемесе, ұйым оларды ала алмайды. Ұйымның құқық иеленушіге лицензиялық төлемдерді төлемеуі лицензиялық шарттың бұзылуына ғана емес, тауар белгісі бар тауарларды ұйымға сату және өндіру үшін өндірушіге берілген рұқсатты кері қайтарып алуға әкеп соғады.
Осылайша, қаралып отырған жағдайда лицензиялық төлемдер әкелінетін тауарларға қатысты болады, оларды төлеу әкелінетін тауарларды сату талабы болып табылады және демек, олар әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосуға жатады.
3-мысал. Сатып алушы сатып алу-сату шарты бойынша екі шетелдік өндірушіден мүше мемлекеттің аумағында сатып алушы өндіретін өнімді орау үшін поиэтиленнен жасалған пленканы алады. Өнімді өндіру мақсатында сатып алушы шетелдік құқық иеленушімен лицензиялық шарт жасасады, онда өнімді өндіру технологиясын, сондай-ақ сатып алушы өндіретін өнімге орналастыру арқылы тауар белгісін пайдалану құқықтарын сатып алушыға беру көзделген.
Лицензиялық шартқа сәйкес "өнім" деген термин минералды мақтаны және (немесе) салмағы бойынша минералды мақтаның 30 %-дан астамынан тұратын өнімді білдіреді. Өнімді орау үшін полиэтиленнен жасалған пленка сатып алушының тапсырысы бойынша дайындалып, тауар белгісі салынады, бұл лицензиялық өнімге тауар белгісін орналастыру тәсілдерінің бірі болып табылады. Сатып алушы өндіретін өнімді қаптауға болатын қаптамаға құқық иеленуші тарапынан қойылатын қандай да бір арнайы талаптар болмайды. Осылайша, өнімнің қаптамасы және оны орау үшін пайдаланылатын материал туралы мәселе сатып алушының қалауы бойынша техникалық реттеу талаптары ескеріле отырып шешіледі.
Лицензиялық шартта сатып алушы өндірілген өнімді өткізуден алған түсім сомасының 1,5 пайызы мөлшерінде құқық иеленушінің пайдасына сатып алушының лицензиялық төлемдер төлеуі көзделген.
Сатып алушы мен құқық иеленуші Келісімнің 3-бабының 1-тармағында белгіленген мәнде өзара байланысты тұлғалар болып табылады.
Пленканы өндірушілер сатып алушымен де, құқық иеленушімен де өзара байланысты тұлғалар болып табылмайды. Пленканы өндірушілер мен құқық иеленуші арасында тауар белгісін пайдалануға арналған лицензиялық шарттар жасалмаған. Сатып алушы мен өндіруші арасында жасалған сатып алу-сату шартына сәйкес өндірушілерге тауар белгісін пайдалану құқығы берілмейді. Тауар белгісі салынған пленкалардың барлығы сатып алушыға беріледі.
Осылайша, сатып алушы мүше мемлекеттің аумағында өндіретін өнімді қаптауға лицензиялық шарттың күші қолданылмайтындықтан және құқық иеленушінің тарапынан өнімнің қаптамасына қойылатын талаптар жоқ болғандықтан және қаптау туралы мәселе техникалық реттеу талаптары ескеріле отырып, сатып алушының қалауы бойынша шешілетіндіктен, лицензиялық төлемдер әкелінетін тауарларға қатысты болмайды және әкелінетін полиэтиленнен жасалған пленканың кедендік құнына қосуға жатпайды.
4-мысал. Ұйым автомобильдерге аксессуарлар орнату жөніндегі, сондай-ақ автомобиль аксессуарлары мен қосалқы бөлшектерін бөлшек саудада сату жөніндегі қызметті жүзеге асырады. Ұйым көрсетілген қызметті жүзеге асыру үшін үшінші елдерден сатып алып, автомобиль аксессуарларын мүше мемлекеттің аумағына әкеледі.
Ұйым шетелдік құқық иеленушімен де лицензиялық шарт жасасқан, ол Келісімнің 3-бабының 1-тармағында белгіленген мәнде ұйыммен өзара байланысты болып табылады. Лицензиялық шартқа сәйкес ұйымға мүше мемлекеттің аумағында тауар белгісін пайдалануға мынадай құқықтар берілген:
кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты (ұйымның фирмалық атауында, коммерциялық белгілемелерде, "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісіндегі домендік атауда, бланкілерде, құжаттарда);
лицензиялық тауарлар импортына, лицензиялық тауарларды азаматтық айналымға енгізуге, олардың жарнамасы мен маркетингіне байланысты.
Ұйым кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты тауар белгісін пайдалану құқығы үшін лицензиялық шарт бойынша жылына Х миллион рубль мөлшерінде тіркелген сома түрінде лицензиялық төлемдер (роялти) төлейді. Бұл сома тоқсан сайынғы төлемдерге тең 4-ке бөлінген, ол лицензиялық төлемдерді (роялти) төлеудің тоқсан сайынғы есебіне қосылады.
Ұйым лицензиялық тауарлардың импортына, лицензиялық тауарлардың азаматтық айналымға енгізілуіне, олардың жарнамасы мен маркетингіне байланысты тауар белгісін пайдалану құқығы үшін лицензиялық тауарларды сату нәтижесінде алынған түсім сомасының 3 пайызы мөлшерінде лицензиялық төлемдер төлейді. Лицензиялық тауарларды сату нәтижесінде алынған түсімнің мөлшерін ұйым тоқсан сайын есепті тоқсаннан кейінгі айдың соңғы күнінен кешіктірмей айқындайды. Ұйым лицензиялық тауарларды сату нәтижесінде алынған түсім туралы деректер негізінде лицензиялық төлемдер (роялти) есебін жүргізеді және оны құқық иеленушіге жібереді, ол тосан сайын ұйымға шот шығарып отырады.
Шығарылатын тоқсан сайынғы шоттарда Х миллион рубльден ¼ мөлшеріндегі тіркелген шама мен өткен тоқсанда лицензиялық тауарларды сату нәтижелері бойынша есептелген лицензиялық төлемдер (роялти) сомасы үнемі бөлек көрсетіледі.
Лицензиялық шартқа сәйкес лицензиялық тауарларға тауар белгісі салынған және ұйым өзімен өзара байланысты шетелдік өнім берушілерден сатып алатын тауарлар жатады. Ұйым мен Келісімнің 3-бабының 1-тармағында белгіленген мәнде өзара байланыстағы шетелдік өнім берушілер арасындағы өнім беру шарттарында ұйым жасасқан лицензиялық шартқа сілтеме болмайды.
Ұйым өзара байланысты шетелдік өнім берушілерден де, тәуелсіз өнім берушілерден де тауар белгісі салынған тауарлардан басқа, тауар белгісі салынбаған басқа да ұқсас тауарларды сатып алады, яғни лицензиялық тауарларға жатпайтын тауарларды сатып алады.
Осы айтылғандардың негізінде, тауар белгісін пайдалану құқығы үшін төленетін лицензиялық төлемдерге қатысты мынадай тұжырымдар жасауға болады:
кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты пайдалану:
лицензиялық шартқа сәйкес ұйым лицензиялық төлемдерді лицензиялық тауарларды сатып алуға және пайдалануға қарамастан, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға байланысты тауар белгісін пайдалану құқығы үшін төлейтіндіктен, мұндай лицензиялық төлемдер әкелінетін лицензиялық тауарларға қатысты болмайды және сондықтан да олардың кедендік құнына қосуға жатпайды;
лицензиялық тауарлардың импортына, лицензиялық тауарлардың азаматтық айналымға енгізілуіне, олардың жарнамасы мен маркетингіне байланысты пайдалану:
лицензиялық шартқа сәйкес лицензиялық тауарларға тауар белгісі салынған тауарлар жататындықтан және лицензиялық төлемдер нақ осындай тауарлардың импортына байланысты құқыққа төленетіндіктен, осындай лицензиялық төлемдер әкелінетін лицензиялық тауарларға жатады.
Лицензиялық шартта және өнім беру шарттарында лицензиялық төлемдерді төлеудің тауарларды сатудың талабы болып табылатыны көрсетілмеген. Алайда лицензиялық шартқа сәйкес лицензиялық тауарлар өзара байланысты шетелдік өнім берушілерден сатып алынады. Осыған байланысты, шетелдік өнім берушілерді құқық иеленушінің бақылайтынын және ұйымның сатуы үшін ғана емес, бүкіл әлем бойынша басқа да сатып алушылар үшін лицензиялық тауарларды өндіруді жүзеге асыратынын ескеру қажет. Бұл ретте, ұйым кеден органына өндірілетін лицензиялық тауарларды шетелдік өнім берушілер қандай адамдарға және қандай талаптармен өткізетінін құқық иеленушінің бақылау алатыны туралы ақпаратты ұсынды. Осылайша, құқық иеленуші бақыланатын шетелдік өнім берушілердің лицензиялық тауарларды ұйымның сату шарты ретінде лицензиялық төлемдерді төлеу жөніндегі талапты іс жүзінде білгілейді.
Демек, мұндай лицензиялық төлемдер әкелінетін лицензиялық тауарлардың кедендік құнына қосуға жатады.
5-мысал. Импорттаушы кофені өңдеу және сату жөніндегі қызметті мүше мемлекеттің аумағында жүзеге асырады. Импортатушы көрсетілген қызметті жүзеге асыру үшін "А" тауар белгісін иеленетін шетелдік компаниямен (бұдан әрі – құқық иеленуші) лицензиялық шарт жасасады.
Лицензиялық шартқа сәйкес импорттаушыға мүше мемлекеттің аумағында кофе шикізатынан (дәнді кофеден) өндірілген дайын өнімді өндіруге, сатуға, өзге нысанда өткізуге, өтімділігін ынталандыру үшін жарнамаға байланысты "А" тауар белгісін пайдалану құқығы берілген.
Импорттаушы мен құқық иеленуші Келісімнің 3-бабының 1-тармағында белгіленген мәнде өзара байланысты тұлғалар болып табылмайды.
Құқық иеленуші дайын өнімді өндіру үшін "А" тауар белгісі бар кофе шикізатын ғана пайдалануға мүмкін болатыны, сондай-ақ нақты өнім берушіден кофе шикізатын сатып алу бойынша шектеулер немесе осындай шикізатқа қойылатын басқа да талаптар белгіленбеген. Алайда лицензиялық шартта импорттаушының мұндай сапаны өзі өндіретін, "А" тауар белгісін салатын, құқық иеленушінің тиісті өнімінің сапасынан төмен болмауға тиіс дайын өнімде қамтамасыз ету міндеті көзделген. Құқық иеленуші "А" тауар белгісін сала отырып импорттаушы өндіретін дайын өнімнің сапасын оның үлгілерін тексеру арқылы тиісінше бақылауды жүзеге асыратын болады. Осылайша, кофе шикізатын сатып алу туралы мәселе импорттаушының қалауы бойынша шешіледі.
Импорттаушы құқық иеленушіге "А" тауар белгісі салынған дайын өнімді сатудан алынған түсімнің 4 пайызы мөлшерінде есептелетін лицензиялық төлем төлейді. Құқық иеленуші есеп құжаттары салық органдарына берілген нысанда пайда мен залал туралы шоттар мен есептерді қоса алғанда, түсім сомасын растайтын барлық бухгалтерлік құжатты тексеру үшін импорттаушыдан талап етуге құқылы.
Импорттаушы дайын өнім өндіру үшін пайдаланылатын кофе шикізатын өз қалауы бойынша құқық иеленушіден де (бұл жағдайда кофе шикізаты "А" тауар белгісі салынған қаптамада беріледі), тәуелсіз өнім берушілерден де (бұл жағдайда кофе шикізаты тауар белгілерінсіз немесе өзге құқық иеленушілерге тиесілі тауар белгілері бар қаптамада беріледі) сатып алады.
Импорттаушы әкелінген кофе шикізаты бар мүше мемлекеттің аумағында қуыруды, әртүрлі хош иістендіргіштерді және басқа да құрамдастар қосуды, бөлшек сауда орамасына өлшеп-орауды қоса алғанда, бірқатар технологиялық операциялар жасайды. Дайын өнімді өлшеп-орау үшін пайдаланылатын бөлшек сауда қаптамасының элементтерін, атап айтқанда банкілерді, қақпақтарды, затбелгілерді импорттаушы мүше мемлекеттің аумағындағы өнім берушілерден сатып алады. Дайын өнімнің бөлшек саудадағы қаптамасына "А" тауар белгісі салынады.
Қарастырылып отырған мысалда лицензиялық төлемдерді төлеу кофе шикізатынан дайындалған, "А" тауар белгісі салынған дайын өнімге қатысты жүзеге асырылады және "А" тауар белгісі бар кофе шикізатын сатып алу мен пайдалануға тәуелді емес, өйткені кофе шикізатын берушілерді таңдауды импортатушы өз бетінше жүзеге асырады.
Демек, лицензиялық төлемдер әкелінетін кофе шикізатына қатысты емес.
Құқық иеленушіге үлгілерді тексеру құқығын беретін лицензиялық шарттың ережесі өндірілетін дайын өнімнің сапасын бақылауға қатысты, ал импорттаушының бухгалтерлік құжаттамасын тексеру құқығы – лицензиялық төлемдер сомасын есептеудің дұрыстығын бақылауға қатысты.
Тауар белгілері салынған кофе шикізатын сату импорттаушының лицензиялық төлемдерді төлегеніне қарамастан жүзеге асырылады. Демек, лицензиялық төлемдерді төлеу кофе шикізатын сату шарты емес.
Осылайша, әкелінетін кофе шикізатының кедендік құнын айқындау кезінде лицензиялық төлемдер іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмауға тиіс.
6-мысал. Мүше мемлекетте тіркелген компания осы мемлекеттің аумағына мынадай тауарларды әкеледі:
кейіннен қайта сатуға арналған дайын өнімдер;
мыналар:
өнім өндіру үшін;
өткізілген өнімдер мен дайын бұйымдарға кепілдікті және кепілдік кезеңінен кейінгі сервистік қызмет көрсету (жөндеу) үшін пайдаланылатын шикізаттар мен компоненттер.
Өнім өндіру кезінде әкелінетін компоненттермен қатар мүше мемлекеттердің аумағында өндірілген және осы мемлекеттердің аумағында тіркелген өнім берушілерден компания сатып алған компоненттер пайдаланылады.
"А" тауар белгісі салынған өнімді өндіру құқығын алу үшін компания шетелдік құқық иеленушімен лицензиялық шарт жасасты, ол Келісімнің 3-бабының 1-тармағында белгіленген мәнде компаниямен өзара байланысты болып табылады. Компанияға лицензиялық шартқа сәйкес мүше мемлекеттердің аумағында өндірілетін өнімге басу (оның қаптамасына тауар белгісін басуды қоса алғанда) арқылы және осы мемлекеттердің аумағында өндірілген өнімді өткізу кезінде "А" тауар белгісін пайдалану құқығы берілген. Лицензиялық шартта қаралып отырған шарт бойынша "А" тауар белгісін пайдалану құқығы берілген тауарлар (бұдан әрі – лицензиялық өнім) санаттарының (түрлерінің) тізбесі белгіленген.
Лицензиялық шарт компания сатып алатын және кейіннен қайта сату үшін Одақтың кедендік аумағына әкелінетін дайын бұйымдарға, сондай-ақ лицензиялық өнімді өндіру үшін және өткізілген лицензиялық өнімдер мен дайын өнімдерге кепілдікті және кепілдіктен кейінгі сервистік қызмет көрсету (жөндеу) үшін Одақтың кедендік аумағына компания әкелетін шикізаттар мен компоненттерге қолданылмайды.
Лицензиялық шартқа сәйкес компания лицензиялық өнімді сатудан алынған түсімнің 5 пайызы мөлшерінде лицензиялық төлемдер (роялти) төлейді. Дайын бұйымдарды, сондай-ақ Одақтың кедендік аумағына компания әкелетін жөндеуге арналған шикізаттар мен компоненттерді өткізуден түскен түсім лицензиялық төлемдер (роялти) есебіне қосылмайды.
Лицензиялық шартта өнімді беру шарттарына сілтемелер болмайды. Компанияның шикізаттар мен компоненттерді өндірушілер мен берушілерді таңдауы жөніндегі талаптарды, сондай-ақ лицензиялық өнімнің сапасын бақылау шеңберінен шығатын, лицензиялық өнімді өндіру үшін пайдаланылатын шикізаттар мен компоненттерді өндіруге не сатуға немесе осындай өнім берушілерге қойылатын талаптарды құқық иеленуші белгілемейді. Осылайша, шикізаттар мен компоненттерді сатып алу туралы мәселе компанияның қалауы бойынша шешіледі.
Лицензиялық өнімді өндіру үшін компания мынадай өнім берушілерден шикізаттар мен компоненттердің әрқилы түрін сатып алады:
"А" тауар белгісі салынған шикізаттар мен компоненттерді – Келісімнің 3-бабының 1-тармағында белгіленген мәнде компаниямен өзара байланысты болып табылатын шетелдік өнім берушілерден;
басқа тауар белгісі бар шикізаттар мен компоненттерді – тәуелсіз шетелдік өнім берушілерден сатып алады. Бұл ретте, "А" тауар белгісі салынған өзара байланысты өнім берушілерден сатып алынатын сияқты, сондай шикізаттар мен компоненттер сатып алынуы мүмкін. Айталық, компания лицензиялық өнім өндіруде қозғалтқыштың екі түрін пайдаланады: біреуін компаниямен өзара байланысты өнім берушілер өндіреді, ал екіншісін – тәуелсіз тұлғалар өндіреді;
қандай да бір тауар белгілері жоқ шикізаттар мен компоненттер – тәуелсіз шетелдік өнім берушілер мен мүше мемлекеттердің аумағында тіркелген өнім берушілерден сатып алынады.
Компания әкелінетін шикізаттар мен компоненттерге басылған басқа да тауар белгілерін пайдалануға лицензиялық шарттар жасаспаған.
Компания жасасқан өнім беру шарттарында ережелері сатып алынған шикізаттар мен компоненттерді одан әрі пайдалануға немесе оларға билік етуге компанияның құқықтарын шектейтін, сондай-ақ компания құқық иеленушіге лицензиялық төлемдерді төлемеген жағдайда осындай өнім беру шарттарын бұзу туралы ережелері бар лицензиялық шартқа сілтемелер жоқ.
"А" тауар белгісі бар шикізаттар мен компоненттердің кейбір түрлерін компания мүше мемлекеттің аумағында лицензиялық өнім өндіру үшін де, осындай өнімді, сондай-ақ компания әкелетін дайын өнімдерді кейіннен жөндеу үшін де пайдаланады. Бұл ретте шикізаттар мен компоненттерді сатып алу кезінде компанияда лицензиялық өнімді компанияның өндіруі үшін қандай үлестің пайдаланылатыны, ал қандай үлес жөндеу кезінде пайдаланылатыны туралы ақпарат болмайды. Шетелдік өнім берушілерден шикізаттар мен компоненттерді сатып алу бағасы компанияның әкелінетін шикізаттар мен компоненттерді лицензиялық өнім өндіру үшін немесе жөндеу үшін пайдаланатынына тәуелді емес. Компания шикізаттар мен компоненттердің нақты партиясын әкелгеннен кейін ағымдағы қажеттіліктерге қарай, лицензиялық өнім өндіру үшін олардың толық пайдаланылтын-пайдаланылмайтынын не олардың қандай да бір бөлігінің жөндеу үшін сатылатын-сатылмайтынын айқындайды. Соңғы жағдайда, бір тауар партиясымен әкелінген және бірдей бағамен сатып алынған шикізаттар мен компоненттердің бір бөлігі лицензиялық өнім өндіру үшін пайдаланылады, ал осындай шикізаттар мен компоненттердің қалған бөлігі жөндеу үшін қайта сатылады.
Жөндеу компанияның өзінің өндірістік алаңдарында жүргізіледі не әріптестер – техникалық сервистер жүргізеді. Екінші жағдайда әкелінетін шикізаттар мен компоненттерді әріптестер тиісті өнім беру шарттары бойынша өткізеді.
Қарастырылып отырған мысалда лицензиялық төлемдерді төлеу әкелінетін шикізаттар мен компоненттрден өндірілген лицензиялық өнімге қатысты жүзеге асырылады. Бұл ретте лицензиялық өнімді өндіру не кейіннен жөндеу кезінде "А" тауар белгісі бар шикізаттар мен компоненттерді пайдалану жөніндегі талап құқық иеленушінің тарапынан болмайды.
Осы айтылғандарға байланысты, Одақтың кедендік аумағына әкелінетін кейбір шикізат пен компонентке "А" тауар белгісінің салынғанына қарамастан, компания төлейтін лицензиялық төлемдер әкелінетін тауарларға қатысты емес.
Бұған қоса, шетелдік өнім берушілерден "А" тауар белгісі бар шикізаттар мен компоненттерді сатып алу бағасы компания әкелінетін тауарларды лицензиялық өнім өндіру үшін немесе жөндеу үшін пайдалана ма, жоқ па оған тәуелді емес. Компания жөндеу үшін сатқан шикізаттар мен компоненттерге қатысты лицензиялық төлемдер төленбейді, демек компания лицензиялық төлемдердің төленуіне қарамастан, "А" тауар белгісі бар шикізаттар мен компоненттерді сатып алуға құқылы.
Осылайша, лицензиялық төлемдерді төлеу "А" тауар белгісі бар шикізаттар мен компоненттерді сату шарты болып табылмайды. Тиісінше, лицензиялық төлемдер "А" тауар белгісі бар әкелінетін шикізаттар мен компоненттердің кедендік құнына қосуға жатпайды.
7-мысал. Мүше мемлекетте тіркелген компания осы мемлекеттің аумағында "А" және "Б" тауар белгілерімен өнім өндіреді.
Компания шетелдік құқық иеленушімен осы лицензиялық шартта баяндалған талаптарға сәйкес өнімді өндіру және өткізу кезінде "А" және "Б" тауар белгілерін пайдалану құқығын компанияның беруі туралы лицензиялық шарт жасасады.
Компания "А" және "Б" тауар белгілерін пайдаланғаны үшін құқық иеленушіге "А" және "Б" тауар белгілерімен дайын өнімді сатудан алынған түсімнің тіркелген пайызы түрінде есептелетін лицензиялық төлемдерді төлейді.
Лицензиялық шартқа сәйкес "А" және "Б" тауар белгілерімен өнімді өндіру құқығын беру талабы – компанияның өнім өндіру үшін құқық иеленуші көрсеткен және құқық иеленуші немесе Келісімнің 3-бабының 1-тармағында белгіленген мәнде құқық иеленушімен өзара байланысты болып табылатын өнім берушілер немесе компаниямен немесе тәуелсіз өнім берушілер құқық иеленушімен келісілген бағалар бойынша берген шикізатты ғана пайдалануы болып табылады.
Бұған қоса, лицензиялық шарттың талаптарында компанияның тек "А" және "Б" тауар белгілерімен өнім өндіру үшін жазбаша түрде құқық иеленуші алдын ала мақұлдаған, не құқық иеленуші не өнім беруші беретін шикізатты пайдалануға тиіс екендігі және осы шикізатты үшінші тұлғаларға сатпауға немесе бермеуге, сондай-ақ осы шикізатты өзге тауар белгілерімен өзге өнім өндіру үшін пайдаланбауға тиіс екендігі көзделген.
Тәуелсіз өнім берушілермен жасалған өнім беру шарттарын қоса алғанда, шикізат беруге арналған барлық шартта шикізаттың лицензиялық шартқа сәйкес "А" және "Б" тауар белгілерімен өнім өндіру үшін ғана берілетіні және компанияның әкелінетін шикізатты өзге тауарлар өндіру үшін пайдаланбайтыны, сондай-ақ осы шикізатты үшінші тұлғаларға сатпайтыны немесе бермейтіні туралы ереже қамтылады.
Оны сақтаған кезде компанияға "А" және "Б" тауар белгілерімен өнімді өндіру және өткізу құқығы берілетін талаптарды белгілейтін лицензиялық шарттың ережелерін, сондай-ақ өнім беру шарты мен лицензиялық шарт арасындағы байланысты ескере отырып, лицензиялық төлемдер бағаланатын (әкелінетін) тауарларға (шикізатқа) қатысты және оларды төлеу осы тауарларды (шикізатты) сату талабы болып табылады деген тұжырым жасауға болады, демек, лицензиялық төлемдер бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың (шикізаттың) кедендік құнына қосуға жатады.