Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімге қол қою туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы N 49 Қаулысы

      Қазақстан Республикасының Үкіметі  ҚАУЛЫ ЕТЕДІ :
      1. Қоса беріліп отырған Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімнің жобасы мақұлдансын.

      2. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісімге қол қойылсын.

      3. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

       Қазақстан Республикасының
      Премьер-Министрі

Қазақстан Республикасы
Үкіметінің     
2008 жылғы»23 қаңтардағы
N 49 қаулысымен   
мақұлданған    

Жоба  

  Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін
тауарлардың кедендік құнын айқындау туралы келісім

      Бұдан әрі Тараптар деп аталатын Беларусь Республикасының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының үкіметтері,
      1995 жылғы 6 қаңтардағы Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасының арасындағы Кеден одағы туралы келісімді, 1995 жылғы 20 қаңтардағы Кеден одағы туралы келісімді, 1999 жылғы 26 ақпандағы Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістік туралы шартты, 2000 жылғы 10 қазандағы Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құру туралы шартты, 2007 жылғы 6 қазандағы Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шартты негізге ала отырып,
      халықаралық саудадағы жалпы қабылданған нормалар мен ережелерді басшылыққа ала отырып,
      төмендегілер туралы келісті:

  1-бап

      1. Тарап мемлекетінің кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құны осы мемлекеттің аумағынан әкету кезінде тиісті Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес айқындалады.
      2. Осы Келісімнің ережелері кеден одағының бірыңғай кедендік тарифін қолдану, сондай-ақ кеден одағының тауар айналымын реттеу үшін енгізілетін (енгізілуі мүмкін) кедендік-тарифтік реттеуден бөлек өзге де шараларды қолдану мақсатында тауарлардың кедендік құнын айқындаудың бірыңғай ережелерін реттейді. Көрсетілген ережелер, егер кеден одағының бірыңғай кеден аумағына әкелу кезінде тауарлар іс жүзінде кеден одағының кедендік шекарасынан өткен болса қолданылады және мұндай тауарларға қатысты өту кезінде мәлімделген кедендік режимнің нормалары қолданылады. Өзге жағдайларда осы Келісімнің ережелері, егер бұл Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасымен тікелей белгіленсе, қолданылуы мүмкін.
      3. Кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлардың кедендік құны 1994 жылғы Тарифтер мен сауда жөніндегі бас келісімнің (ТСБК 1994) кедендік мақсаттары үшін тауарларды бағалаудың жалпы қағидаттарын және ережелерін ескере отырып, осы Келісімге сәйкес айқындалады.

  2-бап

      1. Әкелінетін тауарлармен осы Келісімнің 4-бабында белгіленген мәндегі мәміленің барынша мүмкін болатын дәрежедегі құны осы тауарлардың кедендік құнын айқындаудың негізі болуы қажет.
      Әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша осы тауарлардың кедендік құнын айқындау мүмкін болмайтын жағдайда, осы Келісімнің 6-бабының немесе 7-бабының талаптарына жауап беретін кедендік құнды айқындау үшін құндық негізді негізделген түрде таңдау мақсатында кеден органы мен тауарларды декларациялаушы тұлға арасында консультациялар жүргізілуі мүмкін. Консультациялар процесінде кеден органы мен тауарларды декларациялаушы тұлға коммерциялық құпия туралы Тарап мемлекеттерінің тиісті заңнамасының сақталуы шартымен олардың әрқайсысында бар ақпаратпен алмаса алады.
      Консультациялар тиісті Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасында белгіленетін тәртіппен жүргізіледі.
      Осы Келісімнің 6 және 7-баптарының талаптарына сәйкес әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау мүмкін болмайтын кезде мұндай құнды айқындау үшін негіз ретінде не ол бойынша әкелінетін, бірдей немесе біртектес тауарлық кеден одағының бірыңғай кеден аумағында (осы Келісімнің 8-бабы) сатылған баға, не тауарлардың есептік құны (осы Келісімнің 9-бабы) пайдаланылуы мүмкін. Тауарларды декларациялаушы тұлға әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде көрсетілген баптарды қолдану кезектілігін таңдауға құқығы бар.
      Егер әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін жоғарыда көрсетілген баптардың біреуінің де ережелерін пайдалануға мүмкіндік болмаған жағдайда, тауарлардың кедендік құнын айқындау бұл жағдайларда осы Келісімнің 10-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
      2. Заңдылықты, бірыңғайлылықты және риясыздықты қамтамасыз ету мақсатында кедендік мақсаттар үшін тауарларды бағалау жүйесі еркін немесе жасанды тауарлардың кедендік құнын пайдалануға негізделмеуге тиіс.
      3. Тауарлардың кедендік құны және оны айқындауға жататын мәліметтер дұрыс, сан жағынан айқындалатын және құжатпен расталған ақпаратқа негізделуге тиіс. Тауарлардың кедендік құнын айқындау рәсімі жалпыға бірдей қолданатын болуы, яғни тауарларды жеткізудің көздеріне (шығарылған елі, тауарлардың түрі, мәмілеге қатысушылар және басқалар) қарай ажыратылмауы тиіс.
      4. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау рәсімі демпингке қарсы шаралар ретінде пайдаланылмауға тиіс.
      5. Осы Келісімнің ережелері тиісті Тарап мемлекеті кеден органдарының тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсатында осы мемлекеттің кедендік заңнамасында көзделген тәртіппен тауарларды декларациялаушы адам ұсынған құжаттардың түпнұсқалылығын және ондағы мәліметтердің дұрыстығын тексеруге өкілеттіктерін шектейтін ретінде қарастырылмайды.

  3-бап

      1. Осы Келісімнің мақсаттары үшін онда пайдаланылатын терминдер мынадай мәнге ие:
      әкелінетін тауарлар - кеден одағының бірыңғай кеден аумағына әкелу мақсатында кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарлар;
      өзара байланысты адамдар - мынадай шарттардың ең болмағанда біріне сай келетін:
      а) бір-бірінің кәсіпорындарының қызметкерлері немесе директорлары (басшылары) болып табылатын;
      б) заңды түрде танылған әріптестер болып табылатын, яғни шарттық қатынастармен байланысты, пайда табу мақсатында әрекет ететін және бірлескен қызметті жүзеге асыруға байланысты шығыстар мен залалдарды бірлесіп көтеретін;
      в) олар жұмыс беруші және қызметкер, қызметші болып табылатын;
      г) қандай да бір тұлға екеуінің де айналымға шығарылған дауыс беруші акцияларының бес немесе одан да көп пайызын тікелей немесе жанама иеленетін, бақылайтын немесе ұстаушысы болып табылатын;
      д) екеуінің біреуі екіншісін тікелей немесе жанама түрде бақылайтын;
      е) олардың екеуі де үшінші тұлғаның тікелей немесе жанама бақылауында болатын;
      ж) олар бірлесіп үшінші тұлғаны тікелей немесе жанама түрде бақылайтын;
      з) туыстар немесе бір отбасының мүшелері болып табылатын тұлғалар.
      Бірлескен кәсіпкерлік немесе өзге де қызметте әріптес болып табылатын тұлғалар, олардың бірі басқасының айрықша (жалғыз) агенті, айрықша дистрибьютері немесе айрықша концессионері болып табылған жағдайда, қалай болғанда да, егер осы тұлғалар осы тармақта көрсетілген шарттардың ең болмағанда біреуіне жауап берсе, осы Келісімнің мақсаттары үшін өзара байланысты болып саналуға тиіс;
      бірдей тауарлар - барлық қатынастарда да, оның ішінде физикалық сипаттамалары, сапасы және беделі бойынша бірдей тауарлар. Егер тауарлар осы тармақтың талаптарына сәйкес болса, сыртқы түріндегі елеусіз айырмашылықтар тауарларды бірдей деп танымау үшін негіз болып табылмайды.   Тауарлар, егер олар бағаланатын (әкелінетін) тауарлар шығарылған елде шығарылмаса немесе егер, осы тауарларға қатысты жобалау, әзірлеу, инженерлік, конструкторлық жұмыс, көркемдік безендіру, дизайн, нобайлар мен сызбалар және өзге де ұқсас жұмыстар кеден одағының бірыңғай кеден аумағында орындалған болса, бірдей деп саналмайды.»"Шығарылған" ұғымы алынған, өсірілген, дайындалған (оның ішінде тауарларды монтаждау, жинау немесе бөлшектеу жолымен) дегенді де қамтиды. Бағаланатын тауарларды шығарушыдан өзге тұлға шығарған бірдей тауарлар сол шығарушының бірдей тауарлары анықталмаған, не қолда бар ақпарат пайдалану үшін қолайлы деп саналмаған жағдайда ғана назарға алынады;
      біртектес тауарлар - барлық қатынастарда бірдей болып табылмайтын, бірақ ұқсас сипаттамалары бар және әкелінетін тауарлар атқаратын функцияларды орындауға және олармен коммерциялық өзара алмасушылықта болуға мүмкіндік беретін сондай материалдардан шығарылған ұқсас құрамдас бөліктерден тұратын тауарлар. Тауарлардың біртектес болып табылатындығын айқындау кезінде сапасы, беделі және тауарлық белгісінің болуы сияқты сипаттамалар ескеріледі. Тауарлар, егер олар бағаланатын (әкелінетін) тауарлар шығарылған елде шығарылмаса немесе егер, осы тауарларға қатысты жобалау, әзірлеу, инженерлік конструкторлық жұмыс, көркемдік безендіру, дизайн, нобайлар мен сызбалар және өзге де ұқсас жұмыстар кеден одағының бірыңғай кеден аумағында орындалған болса, біртектес болып саналмайды. "Шығарылған" ұғымы алынған, өсірілген, дайындалған (оның ішінде тауарларды монтаждау, жинау немесе бөлшектеу жолымен) дегенді де қамтиды. Бағаланатын тауарларды шығарушыдан өзге тұлға шығарған біртектес тауарлар сол шығарушының біртектес тауарлары анықталмаған, не қолда бар ақпарат пайдалану үшін қолайлы деп саналмаған жағдайда ғана қарастырылады;
      нақ сол санаттағы немесе түрдегі тауарлар - бірдей және біртектес тауарларды қоса алғанда, оларды дайындау экономикалық қызметтің тиісті түріне жататын тауарлардың бір тобына немесе қатарына жататын тауарлар;
      тауарлардың кеден одағының бірыңғай кеден аумағына келетін жері - тауарлар тиісті Тарап мемлекетінің мемлекеттік шекарасын іс жүзінде кесіп өткеннен кейін жеткізілуі тиіс, Тараптар белгіленген кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізу пункті.
      Кедендік құнды айқындау мақсаттары үшін»"келетін жері" ұғымын нақтылау кеден одағы органдарының бірлескен шешіміне сәйкес жүзеге асырылуы мүмкін;
      бухгалтерлік есептің жалпыға бірдей қағидаттары - тиісті уақыт кезеңінде тиісті мемлекетте белгіленген тәртіппен қолданылатын бухгалтерлік ережелерінің жүйесі;
      үшінші елдер - Бірыңғай кеден аумағын құру және кеден одағын қалыптастыру туралы шарттың қатысушылары болып табылмайтын мемлекеттер.
      2. Егер тұлға осы тұлғаға қатысты шектеулерді немесе ұйғарымдарды заңдық немесе практикалық тұрғыдан қолданса, ол басқа тұлғаны бақылайтын болып саналады.

  4-бап

      1. Олармен жасалған мәміленің құны, яғни кеден одағының бірыңғай кеден аумағына әкету үшін оларды тиісті осы Келісімнің 5-бабының ережелеріне сәйкес толықтырылған және сату кезінде осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге баға:
      1) мынадай:
      кеден одағы органдарының бірлескен шешімімен белгіленген;
      тауарлар қайта сатылуы мүмкін географиялық өңірді шектейтін;
      тауарлардың құнына елеулі әсер етпейтін шектеулерді қоспағанда, сатып алушының тауарларды пайдалану немесе иелік ету құқығына қатысты шектеулердің болмауы;
      2) тауарларды сату немесе олардың бағасы тауарлардың бағасына әсер етпейтін сан жағынан айқындалмайтын қандай да бір шарттарға немесе міндеттемелерге тәуелді болмауы;
      3) тауарларды кейіннен сатудан, сатып алушының өзге де тәсілмен иелік етуінен немесе пайдалануынан кірген кірістің немесе түсімнің ешқандай да бөлігі осы Келісімнің 5-бабының ережелеріне сәйкес қосымша есептеулер жүргізілуі мүмкін жағдайларды қоспағанда, сатушыға тікелей немесе жанама тиесілі болмауы;
      4) сатушы мен сатып алушының өзара байланысты адамдар болып табылмауы немесе сатушы мен сатып алушының әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны осы баптың 4-тармағына сәйкес кедендік мақсаттар үшін қолайлы болатын түрде өзара байланысты адамдар болып табылуы шартымен кеден одағының бірыңғай кеден аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құны болып табылады.
      2. Әкелінетін тауарлар үшін сатып алушы тікелей сатушыға немесе сатушының пайдасына жүзеге асырған немесе жүзеге асыруға жататын барлық төлемдердің жалпы сомасы осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын баға болып табылады. Бұл ретте төлемдер тиісті Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасымен тыйым салынбаған кез келген нысанда тікелей немесе жанама жүзеге асырылуы мүмкін.
      3. Сатушы мен сатып алушының арасындағы өзара байланыс фактісі тауарлардың кедендік құнын анықтау мақсаттары үшін қолайлы емес мәміленің құнын тану үшін өзімен өзі негіз болып табылмауға тиіс. Бұл жағдайда сатумен бірге жүретін жағдайларға талдау жасалуға тиіс. Егер көрсетілген өзара байланыс   іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға ықпал етпесе, мәміленің құны тауарлардың кедендік құнын анықтау мақсаттары үшін қолайлы болып танылуға тиіс. 
      Егер сатушы мен сатып алушы өзара байланысты адамдар болса және бұл ретте тауарларды декларациялаушы тұлға ұсынған немесе кеден органы өзге тәсілімен алған   ақпараттың негізінде сатушы мен сатып алушының өзара байланысы әкелетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға   ықпал етсе, онда кеден органы осы белгілер туралы тауарларды декларациялаушы тұлғаға жазбаша нысанда хабарлайды. Тауарларды декларациялаушы тұлға іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға сатушы мен сатып алушының өзара байланысы ықпалының жоқ екендігін дәлелдеуі тиіс.
      4. Осы баптың 3-тармағының екінші бөлігінде көрсетілген жағдайларда өзара байланысты адамдардың арасында тауарларды сату кезінде әкелінетін тауарлармен   жасалатын мәміленің құны қабылданады және егер, тауарларды декларациялаушы   адам әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміле құны әкелетін тауарлар   кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткен немесе оған тиісті уақыт кезеңінде мынадай тексеру шамаларының біріне жақын екендігін дәлелдеген жағдайда ғана тауарлардың кедендік құны осы баптың 1-тармағына сәйкес айқындалады:
      1) сатушымен өзара байланысты емес болып табылатын адамдар бірыңғай кеден одағының кедендік аумағына әкету үшін мұндай тауарларды сатып алушыларға сатқан кездегі бірдей немесе біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құны;
      2) осы Келісімнің 8-бабының шарттарына сәйкес айқындалған бірдей немесе біртектес тауарлармен жасалатын мәміленің кедендік құны;
      3) осы Келісімнің 9-бабының шарттарына сәйкес айқындалған бірдей немесе біртектес тауарлардың кедендік құны.
      5. Осы баптың 4-тармағының ережелеріне сәйкес салыстыру жүргізу кезінде тауарларды декларациялаушы тұлға ұсынған сатудың коммерциялық деңгейлеріндегі, тауарлардың санындағы, осы Келісімнің 5-бабында көрсетілген қосымша есептеулердегі алшақтықтар туралы, сондай-ақ егер, сатушы мен сатып алушы өзара байланысты адамдар болып табылғанда сатушы сату кезінде көтермейтін шығыстармен салыстырғанда сатушы мен сатып алушы өзара байланысты адамдар емес болып табылғанда сатушы әдетте сату кезінде   көтеретін шығыстардың алшақтықтары туралы мәліметтер ескеріледі.
      6. Осы баптың 4-тармағында көрсетілген тексеру шамалары тауарларды декларациялаушы тұлғаның бастамасы бойынша тек салыстыру мақсатында пайдаланылады және тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде пайдаланыла алмайды.
      7. Әкелінген тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын баға, кеден одағының кедендік шекарасы арқылы өткізілетін тауарларға қатысты болады, осыған байланысты егер, олар әкелінетін тауарлармен байланысты болмаған жағдайда, сатып алушының сатушыға дивидендтерді немесе өзге де осындай төлемдерді аударуы кедендік құнының бөлігі болып табылмайды.

  5-бап

       1. Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын олармен жасалатын мәміленің құны бойынша айқындау кезінде осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға:
      1) сатып алушы жүзеге асырған немесе жүзеге асыруға жататын, бірақ әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмаған мөлшердегі мынадай шығыстар:
      а) бағаланатын (әкелінетін) тауарларды сатып алуға байланысты, оны шет елде ұсыну жөніндегі қызметтерді көрсеткені үшін сатып алушы өз агентіне (делдалға) төлеген сатып алу үшін сыйақыларды қоспағанда, делдалдарға (агенттерге) сыйақылар және брокерлерге сыйақылар;
      б) егер ол кеден мақсаттары үшін әкелінетін тауарлармен біртұтас ретінде қаралатын болса, ыдысқа;
      в) буып-түю материалдарының және буып-түю жөніндегі жұмыстардың құнын қоса алғанда, буып-түюге;
      2) әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмаған мөлшерде, сатып алушы сатушыға бағаланатын (әкелінетін) тауарларды кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкету үшін өндіруге және сатуға байланысты пайдалану үшін тегін немесе төмендетілген баға бойынша тікелей немесе жанама ұсынған мынадай тауарлар мен қызметтердің тиісті түрде бөлінген құны:
      а) әкелінетін тауарлар тұратын шикізаттың, материалдардың, бөлшектердің, жартылай фабрикаттардың және ұқсас заттардың;
      б) әкелінетін тауарларды өндіру кезінде пайдаланылған аспаптардың, мөртаңбалардың, нысандардың және басқа да ұқсас заттардың;
      в) әкелінетін тауарларды өндіру кезінде жұмсалған материалдардың;
      г) кеден одағының бірыңғай кедендік аумағынан тысқары жерлерде орындалған және әкелінетін тауарларды шығару үшін қажетті жобалаудың, әзірлеудің, инженерлік, конструкторлық жұмыстың, көркемдік безендірудің, дизайнның, нобайлар мен сызбалардың;
      3) әкелінетін тауарларды кейіннен сатудың, өзге де тәсілмен иелік етудің немесе пайдаланудың нәтижесінде алынған, сатушыға тікелей немесе жанама тиесілі кірістің немесе түсімнің бөлігі;
      4) тауарларды әуежайға, теңіз портына немесе тауарлардың кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына баратын өзге де орынға дейін өткізу (тасымалдау) жөніндегі шығыстар;
      5) тауарларды тиеу, түсіру немесе қайта тиеу және оларды әуежайға, теңіз портына немесе тауарларды кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына баратын өзге де орынға дейін тасуға (тасымалдауға) байланысты өзге де операцияларды жүргізу жөніндегі шығыстар;
      6) осы баптың 1-тармағының 4, 5-тармақшаларында көрсетілген операцияларға байланысты сақтандыруға арналған шығыстар;
      7) осы тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосылмаған мөлшерде, бағаланатын (әкелінетін) тауарларға жататын және бағаланатын тауарларды сату шарты ретінде сатып алушы тікелей немесе жанама жүргізген немесе жүргізуі тиіс зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де ұқсас төлемдер (патенттер, тауарлық белгілер, авторлық құқық үшін төлемдерді қоса) қосылады.
      Әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға:
      а) әкелінетін тауарларды кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында қайта өндіру (көбейту) құқығы үшін төлемдер;
      б) егер мұндай төлемдер әкелінетін тауарларды кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкету үшін сату шарты болып табылмаса, әкелінетін тауарларды бөлу немесе қайта сату құқығы үшін төлемдер.
      2. Бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнына олар іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағалардан бөлінген, тауарларды декларациялаушы тұлға мәлімдеген және ол құжатпен растаған болуы шартымен, төменде санамаланған шығыстар қосылмауға тиіс:
      кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына тауарлар келгеннен кейін жүргізілген құрылысқа, салуға, жинақтауға, монтаждауға, өндірістік қондырғылар, машиналар немесе жабдықтар сияқты бағаланатын (әкелінетін) тауарларға қатысты қызмет көрсетуге немесе техникалық жәрдемдесуге;
      олар кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына келгеннен кейін жүзеге асырылатын тауарларды тасу (тасымалдау) жөніндегі;
      бағаланатын (әкелінетін) тауарларды әкелуге немесе сатуға байланысты кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында төленген баждар, салықтар мен алымдар.
      3. Осы баптың 1-тармағында көзделген әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосу дұрыс, сан жағынан айқындалған және құжатпен расталған ақпараттың негізінде жүргізіледі. Қосымша есептеу үшін қажетті мұндай ақпарат болмаған кезде әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша әдіс қолданылмайды.
      4. Осы баптың 1-тармағында көрсетілгендерден басқа, әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосу жүргізілмейді.
      5. Іс жүзінде төленген немесе төлеуге жататын бағаға қосуды жүзеге асыру кезінде:
      а) осы баптың 1-тармағының 2 "б" тармақшасында көрсетілген, бағаланатын тауарларды өндіру кезінде пайдаланылған заттардың құнын бөлу барлық осы құнды тауарлардың бірінші легінің кедендік құнына немесе декларацияланатын тауарлардың мөлшерінен кем болмайтын тауарларды декларациялаушы тұлға айқындаған өзге де тауарлар мөлшерінің кедендік құнына жатқызу жолымен жүзеге асырылуы мүмкін. Мұндай бөлу тауарларды декларациялаушы тұлғадағы құжаттарға және бухгалтерлік есептің жалпыға бірдей қағидаттарына қарай нақты жағдайларға қолданылатын ақылға қонымды тәсілмен жүргізілуге тиіс.
      Бұл ретте, егер сатып алушы заттарды сатып алушымен өзара байланысты тұлға болып табылмайтын сатушыдан сатып алса, оларды сатып алу жөніндегі шығыстар не егер, заттарды сатып алушы шығарса, оларды дайындау жөніндегі шығыстар көрсетілген заттардың құны деп танылады. Егер көрсетілген заттарды бұрын сатып алушы пайдаланған болса, оларды осы сатып алушы сатып алынғандығына немесе шығарғандығына қарамастан, бастапқы сатып алу немесе өндіру бағасы оларды пайдалануды ескере отырып, осы заттардың құнын алуға (айқындауға) байланысты азайтуға жатады;
      б) сатып алушы ұсынған және осы баптың 1-тармағының 2 "г" тармақшасында көрсетілген, сатып алушы сатып алған немесе жалға алған элементтерге қатысты қосу мұндай элементтерді сатып алу немесе жалға алуға арналған шығыстар бөлігінде жүргізіледі; егер сатып алушы қоғамдық иеліктегі мемлекеттік немесе муниципалдық меншіктегі элементтерді ұсынған болса, қосымша есептеулер олардан көшірме алуға арналған құн (шығын) бөлігінде жүргізіледі.
      Осы баптың 1-тармағының 2) тармақшасы бойынша қосымша есептеулер жүргізілген кезде тікелей тауарлардың/заттардың құнынан басқа, оларды сатушыға ұсынуға (жеткізуге) (оларды қайтаруды қоса алғанда, егер мұндай көзделген болса) байланысты барлық шығыстар ескеріледі.

  6-бап

      1. Егер кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құны осы Келісімнің 4-бабына сәйкес айқындала алмаса, кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкету үшін сатылған және бағаланатын (әкелінетін) тауарлар әкелінетін уақытта немесе оған сәйкес кезеңде немесе бағаланатын (әкелінетін) тауарлар әкелінгенге дейін 90 күнтізбелік күннен бұрын емес, кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінген бірдей тауарлармен жасалатын мәміленің құны осындай тауарлардың кедендік құны болып табылады.
      Бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін осы баптың негізінде бағаланатын (әкелінетін) тауарлар сияқты коммерциялық деңгейде және мәні бойынша сол мөлшерде сатылған бірдей тауарлармен жасалатын мәміле құны пайдаланылуға тиіс. Егер мұндай сату анықталмаса, сол коммерциялық деңгейде бірақ өзге мөлшерде сатылған бірдей тауарлармен жасалатын мәміле құны пайдаланылады. Егер мұндай сату анықталмаса, өзге коммерциялық деңгейде, бірақ сол мөлшерде сатылған бірдей тауарлармен жасалатын мәміле құны пайдаланылады. Егер мұндай сату анықталмаса, өзге коммерциялық деңгейде және өзге мөлшерде сатылған бірдей тауарлармен жасалатын мәміле құны пайдаланылады. Осы абзацта көрсетілген ақпарат сатудың коммерциялық деңгейіндегі және (немесе) тауарлар мөлшеріндегі айырмашылықты ескере отырып, құнға тиісті түзету жүргізумен қолданылады.
      Мұндай түзету тауарлармен жасалатын мәміле құнын өсіруге немесе азайтуға әкеп соқтыратындығына қарамастан, түзетудің негізділігі мен нақтылығын құжатпен растайтын мәліметтердің негізінде жүргізіледі. Мұндай мәліметтер болмаған кезде бірдей тауарлармен жасалатын мәміле құны жөніндегі әдіс кедендік құнды айқындау мақсаттары үшін пайдаланылмайды.
      2. Бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес айқындау кезінде қажет болған кезде бағаланатын және бірдей тауарларға қатысты осы Келісімнің 5-баптың 1-тармағының 4) - 6) тармақшаларында көрсетілген, оларды тасу (тасымалдау) аралығындағы және көлік түрлеріндегі айырмашылықтарға негізделген шығыстардағы елеулі айырманы есептеу үшін бірдей тауарлармен жасалатын мәміле құнына түзету жүргізіледі.
      3. Егер бірден артық бірдей тауарлармен жасалатын мәміле құны анықталса (осы баптың 1-2-тармақтарына сәйкес тиісті түзетулерді ескере отырып), онда бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін олардың ішіндегі ең төменгісі қолданылады.

  7-бап

      1. Егер кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құны осы Келісімнің 4 және 6-бабына сәйкес айқындала алмаса, кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкету үшін сатылған және дәл сол немесе оған сәйкес кезеңде немесе бағаланатын (әкелінетін) тауарлар әкелінгенге дейін 90 күнтізбелік күннен бұрын емес, кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінген біртектес тауарлармен жасалатын мәміленің құны осындай тауарлардың кедендік құны болып табылады.
      Бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін осы бапқа сәйкес бағаланатын (әкелінетін) тауарлар сияқты коммерциялық деңгейде және мәні бойынша сол мөлшерде сатылған біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құны пайдаланылуға тиіс. Егер мұндай сату анықталмаса, сол коммерциялық деңгейде, бірақ өзге мөлшерде сатылған біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құны пайдаланылады. Егер мұндай сату анықталмаса, өзге коммерциялық деңгейде, бірақ сол мөлшерде сатылған біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құны пайдаланылады. Егер мұндай сату анықталмаса, өзге коммерциялық деңгейде және өзге мөлшерде сатылған біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құны пайдаланылады. Осы абзацта көрсетілген ақпарат сатудың коммерциялық деңгейіндегі және (немесе) тауарлар мөлшеріндегі айырмашылықты ескере отырып, құнға тиісті түзету жүргізумен қолданылады.
      Мұндай түзету ол біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құнын өсіруге немесе азайтуға әкеп соқтыратындығына қарамастан, түзетудің негізділігі мен нақтылығын құжатпен растайтын мәліметтердің негізінде жүргізіледі. Мұндай мәліметтер болмаған кезде біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құны жөніндегі әдіс кедендік құнды айқындау мақсаттары үшін пайдаланылмайды.
      2. Бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес айқындау кезінде қажет болған кезде бағаланатын және біртектес тауарларға қатысты осы Келісімнің 5-бабының 1-тармағының 4) - 6) тармақшаларында көрсетілген, оларды тасу (тасымалдау) аралығындағы және көлік түрлеріндегі айырмашылықтармен шартталған шығыстардағы елеулі айырманы есептеу үшін біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құнына түзету жүргізіледі.
      3. Егер бірден артық біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құны анықталса (осы баптың 2 - 3-тармақтарына сәйкес тиісті түзетулерді ескере отырып), онда бағаланатын тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін олардың ішіндегі ең төменгісі қолданылады.

  8-бап

      1. Егер бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құны осы Келісімнің 4, 6 және 7-баптарына сәйкес айқындала алмаса, тауарларды декларациялаушы тұлғаның өтініші бойынша 8 және 9-баптарды қолдану тәртібі кері болған жағдайларды қоспағанда, олардың кедендік құны осы бапқа сәйкес айқындалады.
      2. Егер бағаланатын (әкелінетін) тауарлар немесе олармен бірдей немесе біртектес тауарлар кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында олар кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінген жағдайда сатылса, ол бойынша бағаланатын, бірдей немесе біртектес тауарлардың ең көп жиынтық мөлшері осы кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында осындай сатуды жүзеге асыратын тұлғалармен өзара байланысты емес тұлғаларға бағаланатын (әкелінетін) тауарлар осы кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткен немесе оған тиісті уақыт кезеңде сатылатын тауар бірлігінің бағасы, мынадай сомаларды есептемеу шартымен әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде қолданылады:
      1) әдетте делдалға (агентке) төленетін немесе төлеуге жататын сыйақылар не пайда табу немесе әдетте кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында сол санаттың немесе түрдің тауарларын сатуға байланысты орын алатын мөлшердегі коммерциялық және басқарушылық шығыстарды жабу үшін жүргізілетін үстемеақылар;
      2) кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында жүзеге асырылған тасуға (тасымалдауға) арналған әдеттегі шығыстар, сақтандыру және осындай операцияларға байланысты өзге де шығыстар;
      3) кедендік баждардың, салықтардың, алымдардың және тиісті Тарап мемлекетінің ұлттық заңнамасына сәйкес қолданылатын, тиісті Тарап мемлекеті субъектілерінің салықтары мен алымдарын және жергілікті салықтар мен алымдарды қоса алғанда, осы Тарап мемлекетінің аумағында тауарларды әкелуге және (немесе) сатуға байланысты төлеуге жататын өзге де салықтар сомасы.
      3. Егер бағаланатын (әкелінетін) да, бірдей де, біртектес те тауарлар бағаланатын тауарлар осы кеден одағының кедендік шекарасын кесіп өткен немесе оған сәйкес тиісті уақыт кезеңінде кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында сатылмаса, мұндай тауарлардың кедендік құны ол бойынша бағаланатын (әкелінетін) немесе бағаланатындармен (әкелінетіндермен) бірдей немесе бағаланатындармен (әкелінетіндермен) біртектес тауарлар кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында мұндай тауардың бірлігі үшін баға белгілеу үшін жеткілікті мөлшерде, бағаланатын (әкелінетін) тауарлар кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында келген күнге қатынасы бойынша олар әкелінген ең бірінші күндегі, бірақ осы күннен кейін 90 күн өткеннен кешіктірмей олар әкелінген кездегі жағдайда сатылатын тауар бірлігі бағасының негізінде айқындалады.
      4. Егер бағаланатын (әкелінетін) да, бірдей де, біртектес те тауарлар кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінген күйінде кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында сатылмаса, тауарларды декларациялаушы тұлғаның өтініші бойынша бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құны олардың ең көп жиынтық мөлшері қайта өңдеуден (өңдеуден) кейін бұл тауарларды кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында олар сатып алатын тұлғалармен өзара байланысты емес тұлғаларға сатылатын осындай тауарлардың бірлігі бағасының негізінде, қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде қосылған құнды және осы баптың 2-тармағының 1) - 3) тармақшаларында көрсетілген сомаларды шегеру шартымен айқындалады.
      Қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде қосылған құнды шегеру қайта өңдеу (өңдеу) құнына жататын, дұрыс, сан жағынан айқындалатын және құжатпен расталған ақпараттың негізінде жүргізіледі.
      5. Егер:
      тауарлар өзінің жеке белгілерін жоғалтқандығына қарамастан, қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде қосылған құнның шамасы нақты айқындала алатын жағдайларды қоспағанда, бағаланатын (әкелінетін) тауарлар одан әрі қайта өңдеу (өңдеу) нәтижесінде өзінің жеке белгілерін жоғалтса;
      бағаланатын (әкелінген) тауарлар өзінің жеке белгілерін жоғалтпаса, бірақ бағаланатын (әкелінген) тауарлардың құны сатылатын тауарлардың құнына елеулі ықпал көрсетпейтін кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында сатылатын тауарлардың елеусіз бөлігін құраса кедендік құнды айқындау үшін осы баптың 4-тармағының ережелері пайдаланылмайды.
      Осы баптың 4-тармағын қолдану мүмкіндігі әрбір жеке жағдайда нақты жағдаяттарға байланысты айқындалады.
      6. Бағаланатын (әкелінген) немесе бірдей немесе біртектес тауарлардың кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында сатылуын қарастырған кезде бағаланатын (әкелінген) тауарларды кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкету үшін шығаруға және жеткізуге байланысты тікелей немесе жанама, тегін немесе төмендетілген баға бойынша осы Келісімнің 5-баптың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген тауарлар мен қызмет көрсетулерді пайдалану үшін ұсынатын тұлғаға сату есепке алынбауға тиіс.
      7. Осы баптың мақсаттары үшін пайда мен коммерциялық және басқарушылық шығыстар (тауарларды сату бойынша тікелей және жанама шығыстар) сомасы осы шығыстарды жабатын тауардың бағасына үстемеақы, сондай-ақ сол санаттың немесе түрдің бағаланған (әкелінген) тауарларын сатуға байланысты пайданы алуын қамтамасыз ететін ретінде қаралады.
      Пайда мен коммерциялық және басқарушылық шығыстар сомасы тұтастай ескеріледі және өндіруші немесе оның атынан ұсынған мәліметтер негізінде айқындалады. Егер осы мәліметтер кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкету үшін сол санаттың және түрдің тауарларын сату кезіндегі пайда мен коммерциялық және басқарушылық шығыстардың әдеттегі сомасы туралы кеден органының иелігіндегі мәліметтермен сәйкес келмесе, кеден органы әдеттегі пайда және жалпы шығыстар сомасын өзінде бар мәліметтердің негізінде айқындай алады.
      Егер кеден органы пайда мен коммерциялық және басқарушылық шығыстардың сомасын өзінде бар деректердің негізінде айқындаса, кеден органы мұндай деректердің көзін, сондай-ақ олардың негізінде жүргізілген есептерді жазбаша түрде көрсетуге міндетті.
      8. Осы баптың мақсаттары үшін бағаланатын (әкелінетін) тауарлар сол елде шығарылған сол санаттың немесе түрдің тауарларын сату туралы мәліметтер пайдаланылуы мүмкін. Бағаланатын (әкелінетін) тауарлар және олармен салыстыратын тауарлар сол санаттағы немесе түрдегі тауарлар болып табылатыны туралы мәселе тиісті жағдайларды ескере отырып, әр нақты жағдайда бөлек шешілуі мүмкін. Бұл ретте кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелу үшін тауарлардың неғұрлым шағын тобын немесе сол санаттағы немесе түрдегі қатарын, оларға қатысты ақпарат ұсынылатын бағаланатын (әкелінетін) тауарларды қоса алғанда, сату қарастырылады.

  9-бап

      1. Тауарлардың кедендік құнын осы бапқа сәйкес айқындау кезінде негіз ретінде:
      1) дайындау немесе материалдарды сатып алу жөніндегі шығыстарды және өндіріске, сондай-ақ әкелінетін тауарларды шығаруға байланысты өзге де операцияларға арналған шығыстарды;
      2) кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкету үшін экспорт елінде шығарылатын бағаланатын тауарлар сияқты санаттың немесе түрдің тауарларын сату кезінде әдетте ескерілетін мөлшерге баламалы пайда және коммерциялық және басқарушылық шығыстардың сомасын;
      3) осы Келісімнің 5-бабының 1-тармағының 4) - 6) тармақшаларында көрсетілген элементтердің құнын қосу жолымен айқындалатын тауарлардың есептік құны қолданылады.
      2. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шығыстар мұндай құжаттар тауар шығарылған елде қолданылатын бухгалтерлік есептің жалпыға бірдей қағидаттарына сәйкес болуы шартымен, оларды өндіруші немесе оның атынан ұсынылған және өндірушінің коммерциялық құжаттарымен расталған бағаланатын (әкелінетін) тауарларды өндіру туралы мәліметтердің негізінде айқындалады.
      3. Осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген шығыстарға осы Келісімнің 5-бабының 1-тармағының 1 "б" және 1 "в" тармақшаларында көрсетілген шығыстар және әкелінетін тауарлардың өндірісіне байланысты пайдалану үшін сатып алушы тікелей немесе жанама түрде ұсынған, осы Келісімнің 5-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген әрбір заттың тиісті түрде бөлінген (осы Келісімнің 5-бабының 5-тармағының ережелеріне сәйкес тиісті құрамдас бөліктер бойынша) құны қосылуы тиіс. Осы Келісімнің 5-бабының 1-тармағының 2 "г" тармақшасында көрсетілген, кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында өндірілген заттардың құны бұл заттарға өндіруші төлеген дәрежеде ғана қосылуға тиіс. Бұл ретте есептік құнды айқындау кезінде шығыстар қайта ескерілмеуі тиіс.
      Коммерциялық және басқарушылық шығыстар ретінде тауарларды кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына экспорттау үшін өндірудің және сатудың, осы баптың 1-тармағының 1) тармақшасына енбейтін тікелей және жанама шығындары ескерілуі тиіс.
      4. Пайда мен коммерциялық және басқарушылық шығыстар сомасы тұтастай ескеріледі және өндіруші немесе оның атынан ұсынған мәліметтердің негізінде айқындалады. Егер бұл мәліметтер кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкету үшін сол санаттың және түрдің тауарларын сату кезіндегі әдеттегі пайда, коммерциялық және басқарушылық шығыстар туралы кеден органының иелігіндегі мәліметтермен сәйкес келмесе, кеден органы әдеттегі пайда және жалпы шығыстар сомасын өзінде бар мәліметтердің негізінде айқындай алады.
      Егер кеден органы пайда мен коммерциялық және басқарушылық шығыстардың сомасын өзінде бар деректердің негізінде айқындаса, кеден органы мұндай деректердің көзін, сондай-ақ олардың негізінде жүргізілген есептерді жазбаша түрде көрсетуге міндетті.
      5. Осы баптың мақсаттары үшін әкелінетін тауарлар сол елде шығарылған сол санаттың немесе түрдің тауарларын сату туралы мәліметтер пайдаланылуы мүмкін. Бағаланатын (әкелінетін) тауарлар және олармен салыстырылатын тауарлар сол санаттағы немесе түрдегі тауарлар болып табылатыны туралы мәселе тиісті жағдайларды есептегенде, әр нақты жағдайда бөлек шешілуі мүмкін. Бұл ретте кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкету үшін мүмкіндігінше тауарлардың неғұрлым немесе сол санаттағы немесе түрдегі қатарын, оларға қатысты ақпарат ұсынылатын бағаланатын (әкелінетін) тауарларды қоса алғанда, сату қарастырылады.
      6. Кеден органдарының Тараптар мемлекеттерінің резиденті болып табылмайтын қандай да бір тұлғадан бағаланатын (әкелінетін) тауарларды шығару және сату туралы құжаттарды және оның коммерциялық құжаттарындағы мәліметтерді ұсынуды талап етуге құқығы жоқ. Алайда, осы баптың ережелеріне сәйкес олардың кедендік құнын айқындау мақсаттары үшін тауар өндіруші ұсынған ақпаратты Тарап мемлекетінің уәкілетті органдары басқа елде өндірушінің келісімімен тексеруі мүмкін. Шетел өндірушісі немесе оның атынан ұсынылған құжаттар мен мәліметтерді тексеруді Тарап мемлекеті қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттарға және жалпыға бірдей халықаралық қағидаттар мен нормаларға сәйкес кеден органдары жүргізеді.

  10-бап

      1. Егер тауарлардың кедендік құнын осы Келісімнің 4, 6-9-баптарына сәйкес айқындау мүмкін болмаса, бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құны осы Келісімнің қағидаттары мен ережелерімен үйлесімді тәсілдерді пайдалану жолымен кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында бар деректердің негізінде айқындалады.
      2. Осы бапқа сәйкес пайдаланылатын кедендік құнды айқындау әдістері осы Келісімнің 4, 6-9-баптарында көзделгендер болып табылады, алайда, осы бапқа сәйкес кедендік құнды айқындау кезінде осы әдістерді қолдану кезінде икемділікке жол беріледі. Атап айтқанда, мыналарға жол беріледі:
      бағаланатын (әкелінетін) тауарлар өндірілген елден өзге елде өндірілген бірдей немесе біртектес тауарлармен жасалатын мәміле құны әкелінетін тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін негіз болып қабылдануы мүмкін;
      бірдей немесе біртектес тауарлармен жасалатын мәміленің құны негізінде бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде бірдей немесе біртектес тауарларды кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкету үшін және бағаланатын (әкелінетін) тауарлар кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына әкелінетін бір кезеңде, немесе бағаланатын (әкелінетін) тауарлар әкелінгенге дейін 90 күннен бұрын емес сатылуы тиіс деген осы Келісімнің 6 немесе 7-баптарында белгіленген талаптардан ақылға қонымды ауытқушылыққа жол беріледі;
      бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын айқындау үшін негіз ретінде осы Келісімнің 8 және 9-баптарына сәйкес айқындалған олармен бірдей немесе біртектес тауарлардың кедендік құны қабылдануы мүмкін;
      бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын осы Келісімнің 8-бабында жазылған әдістің негізінде айқындау кезінде осы Келісімнің 8-бабының 3-тармағында белгіленген 90 күн мерзімнен ауытқуға жол беріледі.
      3. Бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құны осы баптың ережелеріне сәйкес айқындалған барынша мүмкін дәрежеде бұрын айқындалған кедендік құнға негізделуі тиіс.
      4. Тауарлардың кедендік құны осы бапқа сәйкес мыналардың негізінде айқындалмауға тиіс:
      1) кеден одағының бірыңғай кедендік аумағында өндірілген кеден одағының ішкі нарығындағы тауарлар бағасы;
      2) кедендік мақсаттар үшін неғұрлым екі балама құннан астамды қабылдауды көздейтін жүйе;
      3) әкету елінің ішкі нарығындағы тауарлар бағасы;
      4) осы Келісімнің 9-бабына сәйкес кедендік құнды айқындау кезінде тауарлардың есепті құнына қосуға жататын өзге де шығыстар;
      5) оны үшінші елге әкетуші елден жеткізілетін тауардың бағасы;
      6) ең төмен кедендік құн;
      7) еркін немесе жасанды құн.
      Егер осы бапты кеден органы қолданса, онда кеден органы пайдаланған деректер көзін, сондай-ақ олардың негізінде жүргізілген егжей-тегжейлі есепті жазбаша түрде көрсетуге міндетті.

  11-бап

      Егер бағаланатын (әкелінетін) тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде осы кедендік құнға қатысты шешімді кейінге қалдыру қажеттілігі туындаса, тауарларды декларациялайтын адам оларға кеден одағының ұлттық заңнамасына сәйкес осындай тауарларға салынатын кедендік төлемдердің төленуін қамтамасыз ететін, жеткілікті кепілдікті оларға қажеттілік болған жағдайда ұсынған кезде бағаланатын (әкелінетін) тауарларды алуға құқығы болуы тиіс.

  12-бап

      Тараптар өз мемлекетінің ұлттық заңнамасында осы Келісімде пайдаланылатын тиісті ұғымдардың өзге атауларын қолдануға құқылы.

  13-бап

      Осы Келісімнің ережелерін түсіндіруге және/немесе іске асыруға байланысты даулар Тараптардың консультациялары мен келіссөздері жолымен шешіледі, ал келісімге қол жеткізілмеген жағдайда дау Еуразиялық экономикалық қоғамдастықтың Сотына қарауға беріледі.
      Осы Келісімге Тараптардың өзара келісімі бойынша жеке хаттамалармен ресімделенетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілу мүмкін.

  14-бап

      Осы Келісімнің күшіне ену, оған қосылу және одан шығу тәртібі 2007 жылғы 6 қазандағы кеден одағының шарттық-құқықтық базасын қалыптастыруға бағытталған халықаралық шарттардың күшіне ену, олардан шығу және оларға қосылу туралы хаттамада айқындалады.
      2008 жылғы»"    "                        қаласында орыс тілінде бір түпнұсқа данада жасалды.
      Түпнұсқа дана осы Келісімге қол қойған Тараптардың әрқайсысына оның куәландырылған көшірмесін жіберетін ЕурАзЭҚ-тың Интеграциялық комитетінде сақталады.

     Беларусь              Қазақстан             Ресей
Республикасының       Республикасының       Федерациясының
Үкіметі үшін           Үкіметі үшін         Үкіметі үшін

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады