Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жеңіл өнеркәсіп саласындағы бірлескен кооперациялық және (немесе) инвестициялық жобаларды іске асыруы туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2016 жылғы 13 желтоқсандағы № 27 ұсынымы.

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2015 жылғы 29 мамырдағы № 3 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің жеңіл өнеркәсібін дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарының 1-тармағын іске асыру мақсатында

      Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік ынтымақтастығын дамыту және жеңіл өнеркәсіп саласындағы бірлескен кооперациялық және (немесе) инвестициялық жобаларды (бұдан әрі – мүше мемлекеттер, Одақ, бірлескен жобалар) іске асыруы үшін жағдай жасаудың маңыздылығын назарға ала отырып:

      осы Ұсыным Еуразиялық экономикалық одақтың ақпараттық-телекоммуникациялық "Интернет" желісіндегі ресми сайтында (бұдан әрі – Одақтың ресми сайты) жарияланған күннен бастап:

      1. Мүше мемлекеттерге бірлескен жобаларды іске асырған кезде:

      а) мыналарды:

      Одақтың ресми сайтына орналастырылған жеңіл өнеркәсіп саласындағы жаңа өндірістерді жаңғырту және игеру бойынша мүше мемлекеттер іске асырып жатқан және іске асыруды жоспарлап отырған инвестициялық жобалар туралы ақпаратты;

      мүше мемлекеттердің жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілер, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндіру кезінде пайдаланылатын ауыл шаруашылығы, былғары және химия шикізатын (химиялық талшықтар мен жіптер, химиялық талшықтардан жасалған маталар) өндірушілер (бұдан әрі – жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілер) және Одақтың ресми сайтына орналастырылған олар өндіретін өнім туралы ақпаратты;

      Ресей Федерациясының Өнеркәсіп және сауда министрлігінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 647 бұйрығымен бекітілген жеңіл өнеркәсіп саласындағы өнімнің импортын алмастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – импорт алмастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары);

      қосымшаға сәйкес тізбе бойынша жеңіл өнеркәсіп саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру үшін мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік әлеуетін ықтимал пайдалану жөніндегі ұсыныстарды назарға алуды;

      б) өнеркәсіптік кооперацияны ынталандыруға және бірлескен жобаларды іске асыруға бағытталған шараларды қолдануды қамтамасыз етуді, соның ішінде:

      бірлескен жобаларға қатысушыларға халықаралық банктердің кредит беруінің арнайы шарттарын ұсыну;

      шағын және орта кәсіпкерліктің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өнеркәсіптік кооперацияның еуразиялық желісін құруға және дамытуға және оларды бірлескен жобаларды іске асыруға тарту мақсатында қосалқы келісімшарт жасасуға қатысуын қамтамасыз ету;

      мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік ынтымақтастығы саласында және бірлескен жобаларды іске асыруда әкімшілік кедергілерді анықтау және жою арқылы қамтамасыз ету мүмкіндігін қарастыруды;

      в) мүше мемлекеттердің мұндай жобаларды іске асыруы кезінде Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) үйлестірушілік және консультациялық қолдауды жүзеге асыруы үшін (қажет болған кезде) Одақ органдарының бірлескен жобаларды іске асыруға ықпал ететін актілерді қабылдауы жөнінде Комиссияға ұсыныстар жіберуді;

      г) 2017 жылғы 1 наурызға дейін Комиссияға жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілердің бірлескен жобаларға, соның ішінде импорт алмастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген жобаларға қатысуы туралы ұсыныстар беруді,

      2. Ресей Федерациясының Үкіметіне мүше мемлекеттердің Комиссия ұсынған ұсыныстарының негізінде 2017 жылғы 1 шілдеге дейін басқа мүше мемлекеттердің жеңіл өнеркәсіп өнімін өндірушілерінің импорт алмастыру жөніндегі іс-шаралар жоспарында көзделген жобаларға қатысу мүмкіндігі туралы мәселені қарастыруды ұсынады.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2016 жылғы 13 желтоқсандағы
№ 27 ұсынымына
ҚОСЫМША

Жеңіл өнеркәсіп саласындағы бірлескен кооперациялық және (немесе) инвестициялық жобаларды іске асыру үшін Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік әлеуетін ықтимал пайдалану жөніндегі ұсыныстардың ТІЗБЕСІ

І. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің полиэфирлі талшықтарды және техникалық текстильді өндіруді оқшаулау жөніндегі жобалары

      Технологиялық кооперациялық тізбектерді құру:

      синтетикалық талшық шығару жөнінде (Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы);

      синтетикалық және полиамидті жіптер шығару және оларды синтетикалық мата шығару үшін беру (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы);

      полиэтилентерефталаттан (ПЭТФ) жасалған трикотаж мата шығару, оны кейіннен өңдеу және текстиль өнім дайындау жөнінде (Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа мемлекеттер (бұдан әрі – мүше мемлекеттер));

      синтетикалық матадан жасалған тігін өнімін өндіру және оқшаулау деңгейін арттыру жөнінде (арнайы киімдер мен үй текстилі, өнеркәсіптің аралас салаларының өнімі) (Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы, басқа да мүдделі мүше мемлекеттер);

      мұнай-химия компанияларының мемлекетаралық бірлестіктері негізінде терефталь қышқылын өндіру жөнінде (Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы).

ІІ. Мүше мемлекеттердің табиғи мақта-қағаз маталарын шығару жөніндегі жобалары

      1. Технологиялық кооперациялық тізбектерді құру:

      а) мақта және мақтадан жасалатын бұйымдарды шығару жөнінде:

      мақта талшығын шығару және қайта өңдеу (Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы);

      мақта-қағаз маталарын шығару (толық цикл) және иірімжіптер шығару (Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, басқа да мүдделі мүше мемлекеттер);

      медициналық мақсаттағы текстиль өнімін шығару (Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, басқа да мүдделі мүше мемлекеттер);

      б) зығыр шығару және зығырдан жасалған бұйымдарды шығару жөнінде: ұзын зығыр талшықтарын өңдеу және қайта өңдеу (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы).

      2. Мүше мемлекеттердің Қазақстан Республикасындағы мақта-текстиль кластеріне қатысуы.

      3. Ғылыми топтардың зығырдың жаңа сұрыптары селекциясы саласындағы күш-жігерін біріктіру.

      4. Зығырдан жасалған текстильді алға жылжыту жөніндегі бірлескен тауар шығару желісін құру, зығырдан жасалған маталар мен бұйымдарды дайындау жөніндегі дизайнерлік орталықтарды дамыту, зығыр комбинаттары үшін технолог мамандар даярлау.

      5. Басқа мүше мемлекеттердің тігін кәсіпорындарында дайын киім тігу жөніндегі келісімшарттық өндірісті дамыту арқылы табиғи маталар шығаруды ынталандыру.

ІІІ. Мүше мемлекеттердің жүннен тоқылған мата шығару жөніндегі жобалары

      Мыналар арқылы технологиялық кооперациялық тізбектерді құру:

      биязы жүнді қой шаруашылығын қалпына келтіру және дамыту, жүн өндіру және қайта өңдеу (Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы);

      қылшық жүнді және мақтаны қайта өңдеу жөніндегі жаңа технологияларды, иірімжіп пен трикотаж бұйымдары өндірісін инновациялық технологияларды пайдаланып бірлесіп игеру (Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, басқа да мүдделі мүше мемлекеттер);

      дайын өнімді басқа мүше мемлекеттердің сауда желілеріне бірлесіп жылжыту;

      мүше мемлекеттердің тігін және трикотаж кәсіпорындарының технологиялық кооперациялық тізбегіне кейіннен қоса отырып, жүн өндіру, дайындау және қайта өңдеу жөніндегі салалық кластерлерді құру (Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Ресей Федерациясы).

ІV. Мүше мемлекеттердің аяқ-киім және былғарыдан жасалған бұйымдар шығару жөніндегі жобалары

      1. Шикі тері шығару, оларды тігін, аяқ-киім, жиһаз және автомобиль өнеркәсібі үшін жоғары техникалық дайын былғарыға дейін қайта өңдеу жөніндегі технологиялық кооперациялық тізбектерді құру (Беларусь Республикасының және Ресей Федерациясының, Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекара маңындағы өңірлеріндегі кооперация), агроөнеркәсіптік кешендерді өндірушілермен кооперация.

      2. Мүше мемлекеттердің былғары өндірісінде талап етілетін химикаттарды шығару жөніндегі химиялық кәсіпорындарымен бірге тері шығарушылардың кооперациясы (Қазақстан Республикасы).

      3. Жұмысқа киетін аяқ-киім мен фурнитураға арналған полимерлер мен бөлшектер шығару (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Ресей Федерациясы).

      4. Арнайы аяқ-киімге арналған инновациялық көп компонентті бөліктерді бірлесіп игеру (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Ресей Федерациясы, басқа да мүдделі мүше мемлекеттер).

      5. Аяқ-киім мен былғарыдан жасалған бұйым шығарушылардың мүше мемлекеттердің сауда желілерімен дайын аяқ-киім (балалар аяқ-киімін қоса алғанда) өнімін жеткізу жөніндегі кооперациясы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады