Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясатының 2017-2018 жылдарға арналған негізгі бағдарлары туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2017 жылғы 14 сәуірдегі № 7 шешімі

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкомикалық саясатының 2017-2018 жылдарға арналған негізгі бағдарлары бекітілсін.

      Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің үкіметтеріне макроэкономикалық саясатты жүргізу кезінде осы Шешіммен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкомикалық саясатының 2017-2018 жылдарға арналған негізгі бағдарларын ескеруге ұсыным жасалсын.

      Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясат саласында іске асыратын шараларына талдау жүргізсін және олардың осы Шешіммен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкомикалық саясатының 2017-2018 жылдарға арналған негізгі бағдарларына сәйкестігін бағаласын.


      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:
     

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің
  2017 жылғы 14 сәуірдегі № 7 шешімімен
  БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің макроэкономикалық саясатының 2017-2018 жылдарға арналған НЕГІЗГІ БАҒДАРЛАРЫ

      Осы құжат 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі - Шарт) сәйкес әзірленген және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2015 жылғы 16 қазандағы № 28 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық дамуының негізгі бағыттарында белгіленген мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған.

      2016 жылы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі тиісінше – Одақ, мүше мемлекеттер) экономикалық дамуы олардың соңғы жылдары әлемдік экономикада және негізгі сауда әріптестері болып табылатын елдерде бірінші кезекте негізгі экспортталатын тауарларға бағаның төмендеуі мен экономикалық ахуалдың нашарлауына байланысты бірқатар сыртқы ерсі әрекеттердің әсерінен болған сыртқы жағдайларға бейімделуі мен теріс салдарын еңсеру қажеттілігімен байланысты болды.

      Бірқатар елдер мен халықаралық ұйымдар тарапынан сыртқы қаржыландыруға, тауарлар мен технологияларға, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру қол жетімділігіне байланысты Ресей Федерациясына қатысты шектеу (санкциялық) шараларының қолданысын ұзарту мүше мемлекеттер экономикасының дамуына әсер ететін қосымша жағымсыз фактор болды.

      Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің бағалауы бойынша 2016 жылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны баяулап, күткендегіден әлдеқайда төмен болды. Америка Құрама Штаттарын, Еуропалық одақ елдерін, Қытай Халық Республикасын, Латын Америкасы елдерін қоса алғанда, экономиканың өсу қарқынының баяулауы немесе төмендеуі әлемнің сол және өзге барлық ірі экономикаларына тән болды, бұл ретте ірі дамушы елдер мен шикізат тауарларын экспорттаушы елдерде экономиканың өсуінің баяулауы өте анық байқалды.

      Халықаралық валюта қоры мен Дүниежүзілік банктің бағалау болжамына сәйкес 2017 жылы дамушы елдерде іскерліктің белсенділігін қалпына келтіру арқылы әлемдік экономиканың өсу қарқыны үдейді деп ұйғарылды.

      Саяси және экономикалық тұрлаусыздық, қаржы нарығындағы тұрақсыздық, дамыған елдердегі іскерлік белсенділіктің төмен деңгейі, дамушы елдерге инвестиция ағынының баяулауы, өнімділіктің өсуін тежеу, сондай-ақ әлемдік сауда көлемінің төмендеуі мен жағдайының нашарлауы әлем экономикасының өрбуі үшін негізгі төмендетуші тәуекелдер болып табылады.

      Әлемдік экономиканың жалғаспалы өсуіне байланысты мұнайға деген сұраныстың біртіндеп артуы мен мұнай өндіруші елдердің мұнай өндіруді қысқартуы сұраныс пен ұсыныс теңгеріміне қол жеткізуге ықпал ететін болады. Сондай-ақ басқа шикізаттар нарығында жағдайдың тұрақтануы мен оң үрдістің үдеуі күтілуде.

      Мүше мемлекеттер осы жағдайларда бірқатар салалар мен экономика секторларының макроэкономикалық орнықтылыққа жетуі және қолдауы үшін қажетті шараларды қабылдау арқылы экономикаға қолайсыз сыртқы экономикалық конъюнктураның әсер етуін жұмсартуға бағыттаған экономикалық саясат жүргізді.

      Мүше мемлекеттердің үкіметтері мен ұлттық (орталық) банктері қабылдаған шаралар нәтижесінде мүше мемлекеттерде макроэкономикалық жағдайлар тұрақтандырылды. Ұлттық валюталар бағамының құбылмалылығы төмендеді. 2016 жылы ресейлік рубльдің бағамы жыл бойы тұрақты түрде жоғарылаумен болды, жыл қорытындысы бойынша АҚШ долларына шаққанда 20,1 пайыз деңгейіне жетіп тұрақталды. Сондай-ақ, сәйкесінше 2016 жылы қазақстандық теңге мен қырғыз сомы 8.8 пайызға және 1,8 пайызға нығайды. 2015 жылмен салыстырғанда Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасында инфляцияның өсу қарқыны едәуір төмендегені, Беларусь Республикасында инфляцияның аздап баяулағаны байқалды.

      Еуразиялық экономикалық комиссия экономикалық даму тұрақтылығын айқындайтын Шарттың 63-бабында белгіленген макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерінің деңгейі асып кеткен мүше мемлекеттердің макроэкономикалық ахуалын жақсарту үшін оны тұрақтандыруға бағытталған арнайы ұсынымдар дайындады.

      Сонымен бірге, 2016 жылы күрделі сыртқы экономикалық коньюнктура аясында экономикалық даму тұрақтылығын айқындайтын көрсеткіштердің кем дегенде біреуінің асып түсуі барлық мүше мемлекеттерде сақталды.

      2015 жылға қарағанда Беларусь Республикасында, Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясында инфляцияның есептік деңгейінің артуы (өткен жылғы желтоқсанмен салыстырғанда желтоқсанда) айтарлықтай болмады және тиісінше 6,7 пайыздық тармақты (пунктті) 4,6 пайыздық тармақты және 1.5 пайыздық тармақты құрады.

      Жеке инвестициялардың төмен деңгейіне байланысты мүше мемлекеттердің экономикасына қолдау көрсету елеулі дәрежеде мемлекеттік шығыстарды ұлғайту арқылы жүзеге асырылады, мұның өзі 2016 жылы кейбір мүше мемлекеттерде Армения Республикасында, Қазақстан Республикасында, Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясында бюджет кірістерінің азаюы аясында мемлекеттік басқару секторының шоғырландырылған бюджет тапшылығының қалыптасуына және барлық мүше мемлекеттерде борыштық жүктемелерінің ұлғаюына ықпал етті.

      Армения Республикасында мемлекеттік басқару секторының шоғырландырылған бюджет тапшылығының Шартта белгіленген деңгейден асып түсуі сақталып отыр. Аталған көрсеткіш Қырғыз Республикасында да артып отыр. Қырғыз Республикасында мемлекеттік басқару секторы борыштарының белгіленген деңгейі әлі де жоғары, ал Армения Республикасында ол Шартта белгіленген шекті сандық мәніне жетуі мүмкін.

      Макроэкономикалық орнықтылықты қамтамасыз ету экономикалық белсенділікті арттырудың қажетті шарты болып табылады, сондықтан мүше мемлекеттер макроэкономикалық ахуалды одан әрі жақсарту бойынша ұлттық және интеграциялық шараларды қабылдауы тиіс.

      Макроэкономикалық ахуалды тұрақтандыру аясында Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасында жалпы ішкі өнімнің қысқару қарқыны едәуір баяулап, өнеркәсіптік және ауыл шаруашылығы өндірісінің өсу үрдісі байқалды, бұл тұтастай алғанда Одақтың экономикалық дамуына оң әсер етті.

      2016 жылы Армения Республикасында, Қазақстан Республикасында және Қырғыз Республикаларында жалпы ішкі өнімнің өсуі байқалды. Армения Республикасында өнеркәсіп секторында және қызмет көрсету секторында экономикалық белсенділіктің жандануы атап өтілді, өзара және сыртқы сауда көлемі ұлғайды. Қазақстан Республикасында және Қырғыз Республикасында экономикалық белсенділіктің ең жоғары өсу қарқыны құрылыс және агроөнеркәсіп секторларында байқалды. Алайда, мүше мемлекеттер экономикаларының өсу қарқыны мен Одақтық экономикалық дамуы тұтастай алғанда әлеуетті деңгейден төмен болып отыр.

      Мүше мемлекеттерде экономикалық өсу қарқынының жоғары болмауына тұтынушылық және инвестициялық сұраныстың әлсіз деңгейі, сондай-ақ мүше мемлекеттердің тауарларына сыртқы сұраныстың төмендеуі басты әсер етеді. Соңғы жылдары мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарының тиімді айырбас бағамының төмендеуі сауда жасайтын тауарлар шығаратын секторлар пайдасына қызмет көрсету секторы мен жеке тұтынудағы кірістерді қайта бөлуге алып келді. Осыған байланысты мүше елдердегі ұйымдар қызметінің қаржылық көрсеткіштері 2015 жылмен салыстырғанда корпоративтік сектордың пайдасының айтарлықтай өсуін көрсетеді. Сонымен қатар, көптеген мүше мемлекеттерде негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу қарқынының төмендеуі жалғасуда. Мүше мемлекеттер ішкі қаржыландыру көздерін жандандыруға, қолдағы бар жинақ салымдарын іске қосуға, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсартуға және бизнес ортаның сапасын арттыруға бағытталған инвестициялық саясат жүргізуі қажет.

      2016 жылы жалпы Одақ бойынша экспорт көлемі өткен жылмен салыстырғанда төмендеген. Мұның негізгі себебі бірінші кезекте энергетикалық, аралық тауарлар экспортының құндық көлемінің қысқаруы болды. Сонымен қатар, тұтынушылық тауарлардың экспорты өсті, дегенмен мүше мемлекеттердің жалпы экспорттық көлемінде олардың үлесі төмен болып қалып отыр. Осындай жағдайда мүше мемлекеттерді шикізаттық емес өнімдерді экспорттауға ынталандыру, олардың экономикасының шикізаттық ресурстар саудасына тәуелділігін біртіндеп төмендетумен бірге экспортталатын тауарларының бәсекелестікке қабілеттілігін арттыру мүше мемлекеттердің экономикалық саясаты басымдылықтарының бірі болып табылады.

      Осыған байланысты Одақта құрылған, оның ішінде Одақтың интеграциялық әлеуетін іске асыру арқылы қосымша құнды арттырудың маңызы зор. Мүше мемлекеттердің кәсіпорындарын халықаралық қосымша құн тізбектеріне кірістіру мүше мемлекеттердің экономикаларының тиімді өзара іс-қимылын дамыту үшін қосымша мүмкіндіктер туғызады.

      Осылайша мүше мемлекеттер үшін қысқа және орта мерзімде тиімді экономикалық даму үшін жағдай жасау және төмендегі бағыттар бойынша шараларды іске асыру арқылы орнықты экономикалық өсуге өту маңызды міндет болып отыр.

      Макроэкономикалық жағдайды, оның ішінде:

      Шарттың экономикалық дамуының орнықтылығын айқындайтын 63-бабында белгіленген көрсеткіштердің сандық мәндерін сақтау;

      экономикалық дамудың орнықтылығын айқындайтын көрсеткіштердің сандық мәндерінің сақталуына (олардан асып кеткен жағдайда) бағытталған Еуразиялық экономикалық комиссияның ұсынымдарын әзірлеу және оларды есепке алу;

      мүше мемлекеттердің инфляцияны таргеттеу режиміне көшу бойынша жұмысты жалғастыру;

      Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің инфляция деңгейі бойынша (тұтыну бағаларының индексі) орта мерзімді бағдарын белгілеу тәртібін келісу;

      мүше мемлекеттердің резиденттерімен өзара есеп айырысуда мүше мемлекеттердің ұлттық валюталарын кеңінен пайдаланылуын қамтамасыз ету;

      мүше мемлекеттердің ұлттық деңгейде жүргізілетін қаржылық-кредиттік және бюджеттік-салық саясаттарын үйлестіру арқылы жақсарту.

      Негізгі капиталға инвестициялар көлемін ұлғайтуда мүше мемлекеттер экономикаларының корпоративтік секторын, оның ішінде:

      экономикада құрылымдық қайта құруларды іске асыру бойынша мүше мемлекеттердің тәжірибелерін және әлемдік озық тәжірибелерді пайдалану;

      инвесторлар үшін фискалдық жүктемені қалыптастырудың болжамдылығын қамтамасыз ету, басым салалар және экономика секторлары мен инвестициялық жобалар үшін қосымша салықтық ынталандыруды құру;

      инвесторлар үшін мүше мемлекеттердің халықаралық рейтингтердегі позицияларын жақсарту және инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында әкімшілік рәсімдерді оңайлату және әкімшілік кедергілерді азайту;

      мүше мемлекеттерде бәсекелік орта мен бәсекелес нарықтарды дамыту;

      мемлекеттік-жекеше әріптестік механизмдерін қолдануды жандандыру және жеке капиталдың инвестициялық жобаларды іске асыруға қолжетімділігі үшін мүмкіндіктерді кеңейту;

      инвестицияланған қаражатты қайтарудың қосымша кепілдіктерін қалыптастыру және инвестордың салынған қаржысының қайтарылуы мен тәуекелдерін жабуға қосымша кепілдік беретін инвестициялық кепілдік механизмдерін пайдалану;

      ұзақ мерзімді қаржыландыруды тартуға мүмкіндік беретін қолданылатын құралдар жиынтығын кеңейту;

      Еуразиялық тұрақтандыру және даму қоры мен Еуразиялық даму банкін қоса алғанда, ұлттық және өңірлік даму институттарының қаржылық мүмкіндіктерін пайдалануды жандандыру арқылы ынталандыру.

      Одақта құрылатын, оның ішінде:

      мүше мемлекеттердің экономика саласында интеграциялық әлеуетіне ие бірлескен кооперациялық жобаларын дайындау;

      мүше мемлекеттердің қатысуымен халықаралық қосымша құн тізбектерін құру және дамыту;

      мүше мемлекеттердің өнеркәсіп, агроөнеркәсіп және энергетикалық саясат саласындағы сыртқы және ішкі нарықтағы бәсекелестікке қабілетті өнімдерді өндіру мақсатында ынтымақтастықтың тиімді нысандарын дамыту;

      тауарлардың, қызметтердің, капитал мен жұмыс күштерінің еркін қозғалысы үшін кедергілерді біртіндеп жою және алып тастаулар мен шектеулерді барынша азайту арқылы қосымша құнды ұлғайту.

      Шикізаттық емес экспортты, оның ішінде:

      әлем нарығында басқа тараптармен Одақ мүддесін ілгерілетуге бағытталған сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамыту;

      Одақтың көпжақты сауда жүйесіне қатысуының тиімділігін арттыру;

      кредиттеуді, сақтандыруды және қайта сақтандыруды қоса алғанда, экспортты қолдау механизмдерін, сондай-ақ ақпараттық-консультациялық қолдауды пайдалану;

      Одақтың көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту;

      жүктерді жылдам жеткізу мен көлік қызметтерінің сапасын жақсарту мақсатында транзиттік және аралас тасымалдауды дамыту;

      мүше мемлекеттердің өзара сауда-саттығын жандандыру;

      Одақта кедендік реттеуді жетілдіру және кедендік операциялардың жасалу тәртібін оңайлату;

      сыртқы экономикалық қызметке қатысушылар үшін Одақтың кедендік шекарасында кедендік бақылау мен өзге де бақылау түрлерінің сапасын жоғалтпай кедендік рәсімдердің оңайлату және жеделдету арқылы дамыту.

      Көрсетілген шаралар кешенін іске асыру мүше мемлекеттер экономикасының қалыптасқан сыртқы жағдайларға бейімделуінің аяқталуына, теріс экономикалық құбылыстар салдарын еңсеруіне, мүше мемлекеттердің, оның ішінде Одақтың интеграциялық әлеуетін іске асыру мен интеграциялық мүмкіндіктерін пайдалану есебінен олардың экономикасын қалпына келтіруге және экономикалық орнықты өсуіне көшуге ықпал ететін болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады