Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешені кіші жүйесіне қойылатын талаптар және оны қалыптастыру бойынша өзара іс-қимыл қағидалары туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2017 жылғы 31 қаңтардағы № 18 шешімі

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 95-бабы 1-тармағының 7-тармақшасын және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 94 шешімімен бекітілген Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясаты тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспарының VІІ бөлімінің 16-тармағын іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешені кіші жүйесіне қойылатын талаптар және оны қалыптастыру бойынша өзара іс-қимыл қағидалары бекітілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2017 жылғы 31 қаңтардағы
№ 18 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі шеңберінде
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешені кіші
жүйесіне қойылатын талаптар және оны қалыптастыру бойынша өзара іс-қимыл
қағидалары

I. Жалпы ережелер

      1. Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі шеңберінде Еуразиялық экономикалық одқақа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешені кіші жүйесі (бұдан әрі – кіші жүйе) ауыл шаруашылығы өсімдіктері сорттарының бірыңғай тізілімін, тұқымдық малдар және асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық жетістіктер туралы деректер ресурсын, ғылыми-зерттеу әзірлемелері ресурсын қоса алғанда, индикативті көрсеткіштер тізбесіне және сұраныс пен ұсыныс баланстарының көрсеткіштеріне сәйкес агроөнеркәсіптік кешеннің ағымдағы ахуалын және даму болжамын көрсететін бірыңғай тізілімдерде және жалпы ақпараттық ресурстарда қамтылған ақпаратты, сондай-ақ бағалар, сезімтал тауарлар және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдауы туралы ақпаратты ұсынуға арналған.

      2. Кіші жүйе мынадай құжаттарды ескере отырып құрылады:

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарт;

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің "Кеден одағына және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше мемлекеттердің келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты тұжырымдамасын іске асыру бойынша іс-шаралар жоспары туралы" 2014 жылғы 21 қарашадағы № 94 шешімі;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың индикативті көрсеткіштерінің тізбесі туралы" 2015 жылғы 4 ақпандағы № 2 шешімі;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде өндірілетін, Еуразиялық экономикалық комиссия оған қатысты баға мониторингін және бәсекеге қабілеттілігін талдауды жүзеге асыратын ауыл шаруашылығы өнімі мен тамақ өнеркәсібі өнімінің номенклатурасы туралы" 2016 жылғы 12 ақпандағы № 15 шешімі;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер оларға қатысты өндірісті дамыту жоспарларын (бағдарламаларын) өзара ұсынуды жүзеге асыратын сезімтал ауыл шаруашылығы тауарларының тізбесі және 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 95-бабы 2-тармағының іске асырылуы туралы" 2016 жылғы 12 ақпандағы № 66 шешімі;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің ауыл шаруашылығы өнімдері, азық-түлік, зығыр талшығы, былғары шикізаты, мақта талшығы мен жүн бойынша сұранысы мен ұсынысының жиынтық болжамды баланстарын есептеу әдіснамасы туралы" 2016 жылғы 6 қыркүйектегі № 134 өкімі;

      Одақтың құқығына кіретін келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыру мәселелері бойынша өзге де актілер.

      3. Осы құжаттың мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "ұлттық компонент" – мүше мемлекеттің уәкілетті органының мүше мемлекеттің ұлттық сегменті шеңберінде Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің кіші жүйесі функцияларын іске асыруды қамтамасыз ететін ақпараттық жүйесі (ақпараттық жүйелер жиынтығы);

      "интеграциялық компонент" – Еуразиялық экономикалық комиссияның интеграциялық сегменті шеңберінде Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің кіші жүйесі функцияларын іске асыруды қамтамасыз ететін Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі кіші жүйелерінің жиынтығы.

      Өзге ұғымдар осы құжатта 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта белгіленген мағыналарда қолданылады.

II. Кіші жүйенің құрылымына қойылатын талаптар

      4. Кіші жүйе мүше мемлекеттердің және интеграциялық компоненттің саны бойынша өзара іс-қимыл жасайтын ұлттық компонеттердің жиынтығын ұсынады.

      5. Ұлттық компоненттер осы құжатта белгіленген талаптарға сәйкес келуі және жекелеген техникалық тапсырмалар негізінде әзірленуі тиіс.

      Мүше мемлекеттер ұлттық компонент ретінде осы құжатта белгіленген талаптарға сәйкес келетін бұрын әзірленген ақпараттық жүйелерді белгілеуі мүмкін.

      6. Ұлттық компонентті жобалауды, әзірлеуді және пайдалануды уәкілетті орган не мүше мемлекет уәкілеттік берген ұйым мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жүзеге асырады.

      Ұлттық компоненттің құрамын және оның кіші жүйелерінің функциясын мүше мемлекеттерде қалыптасқан ақпараттық жүйелердің жұмыс істеуі практикасы мен тиісті нормативтік-құқықтық базаның болуын ескере отырып мүше мемлекеттер анықтайды.

      7. Ұлттық компоненттердің құрамында келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясаттың міндеттерін шешу үшін мәліметтер алмасуды қамтамасыз ететін ақпараттық ресурстар құрылуы тиіс.

      8. Интеграциялық компоненттердің функциялары Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі – интеграцияланған жүйе) мынадай кіші жүйелерінің құралдарымен іске асырылады:

      а) нормативтік-анықтамалық ақпаратты, тізілімдер мен тіркелімдерді жүргізу кіші жүйесі;

      б) жалпы процестерді басқару кіші жүйесі;

      в) ақпараттық-талдамалық кіші жүйе;

      г) Одақтың ресми сайты;

      д) интеграциялық платформа.

III. Кіші жүйені қалыптастыру кезіндегі өзара іс-қимыл қағидалары

      9. Ұлттық компоненттің ақпараттық жүйелерінің өзара бір-бірімен және басқа ақпараттық жүйелермен ақпараттық өзара іс-қимылы мүше мемлекетте қолданылатын ведомствоаралық өзара іс-қимыл жүйесінің құралдарын пайдалана отырып, мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес электронды түрде жүзеге асырылуы тиіс.

      10. Ұлттық компоненттердің өзара бір-бірімен, сондай-ақ интеграциялық компонентпен ақпараттық өзара іс-қимылы осындай ақпараттық өзара іс-қимылды реттейтін құжаттардың қабылдануына қарай интеграцияланған жүйенің құралдарын пайдалана отырып, соның ішінде Одақ шеңберінде жалпы процестерді іске асыру арқылы электронды түрде жүзеге асырылуы тиіс.

IV. Кіші жүйенің негізгі функцияларына қойылатын талаптар

      11. Кіші жүйенің функциялары мынадай жалпы ақпараттық ресурстардан мәліметтерді кіші жүйені қалыптастыру кезінде осы құжатта белгіленген өзара іс-қимыл қағидаларына сәйкес қалыптастыру, өңдеу, сақтау, сондай-ақ ұсыну болып табылады:

      а) ауыл шаруашылығы өсімдіктері сорттарының бірыңғай тізілімі;

      б) мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешенінің болжамды көрсеткіштері деректерінің жалпы ақпараттық ресурсы;

      в) мүше мемлекеттерде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің және тамақ өнеркәсібі өнімінің бағалары туралы деректердің жалпы ақпараттық ресурсы;

      г) сезімтал ауыл шаруашылығы тауарлары бойынша өндірісті дамытудың ұлттық жоспарлары (бағдарламалары) деректерінің жалпы ақпараттық ресурсы;

      д) мүше мемлекеттерде агроөнеркәсіптік кешенде ғылыми-зерттеу жұмыстарының жалпы ақпараттық ресурсы;

      е) тұқымдық мал және асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық жетістіктер туралы деректердің жалпы ақпараттық ресурсы;

      ж) мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдау мәселелері бойынша жалпы ақпараттық ресурс.

      12. Ұлттық компонент мынадай функциялардың орындалуын қамтамасыз етуі тиіс:

      а) мәліметтерді Еуразиялық экономикалық комиссия белгілеген мерзімдерге және нысандарға сәйкес сақтау, өңдеу және өткізу:

      ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттары туралы;

      мүше мемлекеттердің агроөнеркәсіптік кешенінің болжамды көрсеткіштері туралы;

      мүше мемлекеттерде өндірілетін ауыл шаруашылығы өнімдерінің және тамақ өнеркәсібі өнімінің бағалары туралы;

      сезімтал ауыл шаруашылығы тауарлары бойынша өндірісті дамытудың ұлттық жоспарлары (бағдарламалары) туралы;

      агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері бойынша перспективалы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, жүргізілетін және жоспарланатын зерттеулер (жобалар) туралы;

      мүше мемлекеттер арасында орын ауыстыратын тұқымдық малдар және мүше мемлекеттердегі асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық жетістіктер туралы;

      мүше мемлекеттердегі ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың көлемдері мен бағыттары туралы;

      б) ақпараттық өзара іс-қимылдың мынадай түрлерін іске асыру:

      басқа мүше мемлекеттердің ұлттық компоненттерімен;

      интеграциялық компонентпен;

      мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының ақпараттық жүйелерімен.

      13. Интеграциялық компонент Одақ шеңберінде келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясат саласындағы жалпы процестердің іске асырылуын, сондай-ақ кіші жүйе компонеттері арасындағы өзара іс-қимылды қамтамасыз етуі тиіс:

      а) нормативтік-анықтамалық ақпаратты қалыптастыру және өңдеу кезінде;

      б) талдамалық есептілікті қалыптастыру кезінде;

      в) өзге жағдайларда интеграцияланған жүйе құралдарының ұлттық компоненттері арасында деректерді өткізу кезінде.

      14. Кіші жүйе мынадай мәліметтерді сақтауды қамтамасыз етуі тиіс:

      а) ауыл шаруашылығы өсімдіктері сорттарының бірыңғай тізіліміне енгізілген ауыл шаруашылығы өсімдіктерінің сорттары туралы;

      б) ауыл шаруашылығының экономикалық және өндірістік көрсеткіштері туралы;

      в) азық-түлік тауарлары мен ауыл шаруашылығы шикізаты саудасының көлемдері туралы;

      г) ауыл шаруашылық өнімінің, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі өнімінің және азық-түлік тауарларының негізгі түрлеріне орташа босату бағалары, орташа тұтыну бағалары және орташа келісімшарттық бағалары туралы;

      д) сезімтал ауыл шаруашылығы тауарлары өндірісін жоспарлы дамыту (мақсатты бағдарлар) туралы;

      е) агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселелері бойынша перспективалы ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар, жүргізілген және жоспарланған зерттеулер (жобалар) туралы;

      ж) мүше мемлекеттер арасында орын ауыстыратын тұқымдық малдар және мүше мемлекеттердегі асыл тұқымды мал шаруашылығы саласындағы селекциялық жетістіктер туралы;

      з) ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың жоспарланған және нақты көлемдері мен бағыттары туралы.

      15. Кіші жүйені құру кезінде жинақталатын, өңделетін және берілетін ақпаратты заңсыз қолжетімділіктен қорғау қамтамасыз етілуі тиіс, бұл үшін пайдаланушылардың мынадай санаттары белгіленеді:

      а) қорғалатын мәліметтерге рұқсат берілетін авторластырылған пайдаланушылар (ұлттық және интеграциялық компонеттердің операторлары анықтайды);

      б) ашық қолжетімділіктегі ақпаратпен танысу құқығы бар жасырын пайдаланушылар.

      16. Заңсыз қолжетімділіктен қорғауға, кем дегенде, мәліметтердің мынадай санаттары жатады:

      а) тұқымдық малдар туралы бастапқы зоотехникалық есепке алу деректері;

      б) ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың жоспарланған және нақты көлемдері мен бағыттары.

      17. Кіші жүйеде ақпаратты қорғауды интеграцияланған жүйенің ақпараттық қауіпсіздігі кіші жүйесінің құралдары қамтамасыз етуі тиіс.

      18. Кіші жүйенің жалпы ақпараттық ресурстарында қамтылған мәліметтер Одақтың ақпараттық порталында жариялауға жатады.

      19. Интеграцияланған жүйенің ақпараттық-талдамалық кіші жүйесі мынадай мәліметтерді жинауды, өңдеуді және сақтауды қамтамасыз етуі тиіс:

      а) ауыл шаруашылығының экономикалық және өндірістік көрсеткіштері туралы;

      б) азық-түлік тауарлары мен ауыл шаруашылығы шикізаты саудасының көлемдері туралы;

      в) ауыл шаруашылық өнімінің, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі өнімінің және азық-түлік тауарларының негізгі түрлеріне орташа босату бағалары, орташа тұтыну бағалары және орташа келісімшарттық бағалары туралы;

      г) сезімтал ауыл шаруашылығы тауарлары өндірісін жоспарлы дамыту (мақсатты бағдарлар) туралы;

      д) ауыл шаруашылығын мемлекеттік қолдаудың жоспарланған және нақты көлемдері мен бағыттары туралы.

      20. Интеграцияланған жүйенің ақпараттық-талдамалық кіші жүйесі осы құжаттың 2-тармағында көрсетілген актілерге сәйкес талдамалық есептілікті қалыптастыруды қамтамасыз етуі тиіс.

      21. Интеграцияланған жүйенің нормативтік-анықтамалық ақпаратты, интеграцияланған жүйенің тізілімдері мен тіркелімдерін жүргізу кіші жүйесі агроөнеркәсіптік кешен саласында пайдаланылатын анықтамалықтар мен сыныптауыштарда қамтылған мәліметтерді сақтауды және ұсынуды қамтамасыз етуі тиіс.

      22. Кіші жүйе Одақтың келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясат саласындағы құқығын дамыту кезінде жаңа жалпы ақпараттық ресурстарды қалыптастыру және жүргізу мүмкіндігін ұсынуы тиіс.

V. Кіші жүйенің жалпы ақпараттық ресурстарына қойылатын талаптар

      23. Кіші жүйенің жалпы ақпараттық ресурстары мүше мемлекеттердің келісілген (үйлестірілген) агроөнеркәсіптік саясатты іске асыруға уәкілеттік берген органдарының Еуразиялық экономикалық комиссияға электронды түрде ұсынған мәліметтері негізінде қалыптастырылады.

      Электронды түрде берілетін ақпараттың құрылымы мен форматына қойылатын талаптарды Еуразиялық экономикалық комиссия белгілейді.

VI. Кіші жүйенің техникалық параметрлеріне қойылатын талаптар

      24. Кіші жүйенің компоненттері профилактикаға, қайта баптауға және тоқтап қалуды тудырған ақауды жоюға 4 сағаттан аспайтын орташа уақытта 44 сағаттан аспайтын ақайға байланысты тоқтап қалуға рұқсат етілетін үзілістермен ақпаратқа тәулік бойы режимде тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етуі тиіс.

      25. Ұлттық компоненттер осы құжатта көзделген ақпаратты мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген мерзімдер ішінде сақтауы тиіс.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады