Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде шығарылатын ауыл шаруашылығына арналған машиналар мен жабдықтардың үшінші елдердің нарығына экспортын дамыту жөніндегі шаралар туралы

Жаңа

Еуразиялық Үкіметаралық Кеңестің 2017 жылғы 7 наурыздағы № 9 Өкімі

      Еуразиялық үкіметаралық кеңестің "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде ауыл шаруашылығына арналған машиналар мен жабдықтар жасауды дамыту үшін жағдай туғызу туралы" 2015 жылғы 29 мамырдағы № 4 шешімін және Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2015 жылғы 8 қыркүйектегі № 9 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі өнеркәсіптік ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын іске асыру мақсатында, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде шығарылатын ауыл шаруашылығына арналған машиналар мен жабдықтардың үшінші елдердің нарығына экспортын дамыту үшін, соның ішінде бірлескен өнім (бұдан әрі – тиісінше ауыл шаруашылығы машина жасау өнімі, мүше мемлекет) өндірісінің кооперациялық тізбектері шеңберінде жағдай туғызу мақсатында:

      1. Мүше мемлекеттердің үкіметтері:

      а) экспортқа бағдарланған ауыл шаруашылығы машина жасау өнімі өндірісін дамыту кезінде қосымшаға сәйкес тізбені назарға алсын;

      б) мүше мемлекеттердің ұлттық экспорттық-кредиттік агенттіктерімен және даму банктерімен бірлесіп, мыналарды:

      ауыл шаруашылығы машина жасау өнімінің үшінші елдердің нарығына экспорты кезінде ұлттық экспорттық-кредиттік агенттіктер арасындағы экспорттық тәуекелдерді сақтандыруды және қайта сақтандыруды;

      экспорттық қаржыландырудың мамандандырылған бағдарламаларын құруды және дамытуды;

      түрлі мүше мемлекеттерде өндірілген экспортталатын ауыл шаруашылығы машина жасау өніміне техникалық қызмет көрсету жөніндегі сервистік желілерді құруды және дамытуды;

      дилерлік орталықтармен және кредиттік ұйымдармен бірлесіп, ауыл шаруашылығы машина жасау өнімін кредиттеудің арнайы бағдарламаларын әзірлеуді қоса, Дүниежүзілік сауда ұйымының нормалары мен қағидаларына сәйкес келетін ауыл шаруашылығы машина жасау өнімі экспортын қаржылық қолдаудың жеңілдікті механизмдерін дамытуға бағытталған шараларды іске асыру мүмкіндігіне талдау жасасын;

      в) Еуразиялық экономикалық комиссиямен бірлесіп:

      мүше мемлекеттер арасындағы экспортқа бағдарланған ауыл шаруашылығы машина жасау өнімін өндірушілер туралы (осындай өндірушілердің ресми сайттарын көрсете отырып) ақпарат алмасу;

      ауыл шаруашылығы машина жасау өнімін өндірушілердің шығаратын өнімін көрсету, соның ішінде "Агросалон-2018" халықаралық мамандандырылған көрмесінде көрсету мүмкіндігімен бірге, мамандандырылған халықаралық көрмелерге қатысуын кеңейту;

      2017 жылғы 1 қазанға дейін көрме-жарнама іс-шаралары мен ауыл шаруашылығы машина жасау өнімін өндірушілердің бизнес-миссиясының 2018 жылға арналған бірлескен бағдарламасын дайындау;

      үшінші елдер аумақтарындағы ауыл шаруашылығы машина жасау өнімінің сәйкестігін растауға жәрдемдесу;

      ауыл шаруашылығы машина жасау өнімін импорттаушы мемлекеттердегі өкілдіктер желісін дамыту;

      ауыл шаруашылығы машина жасау өнімін экспорттаушыларды ақпараттық- консультациялық қолдауды қамтамасыз ету мүмкіндігіне талдау жасасын.

      2. Осы Өкім Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан


  Еуразиялық үкіметаралық
кеңестің 2017 жылғы
7 наурыздағы № 9 өкіміне
ҚОСЫМША

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде, соның ішінде бірлескен өнім өндірісінің кооперациялық тізбектері шеңберінде шығарылатын және үшінші елдердің нарығына экспорттау үшін басымдықты болып табылатын ауыл шаруашылығына арналған машиналар мен жабдықтардың ТІЗБЕСІ

      1. Дискілі тырма

      2. Аспалы жабдықты қоса, астық жинайтын, жемшөп жинайтын және сүрлем жинайтын комбайндар

      3. Минералдық және органикалық тыңайтыштарды сіңіруге арналған машиналар

      4. Соқалар

      5. Тайлағыш-жинағыштар

      6. Борпылдатқыштар мен қопсытқылар

      7. Ауыл шаруашылығы жұмыстарына арналған тракторлар

      8. Тіркемелер

      9. Жемүлестіргілер

      10. Топырақ өңдейтін агрегаттар

      11. Ауыл шаруашылығына арналған машиналар мен жабдықтардың өзге де түрлері

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады