Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2018 жылғы 6 желтоқсандағы № 23 шешімі

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 84 және 104-баптарына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1. Қоса беріліп отырған:

      Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру бағдарламасы;

      Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар жоспары (бұдан әрі – жоспар) бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер жоспарда көзделген іс-шаралардың іске асырылуына жауапты мемлекеттік билік органдарын айқындасын және осы Шешім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 30 күннің ішінде Еуразиялық экономикалық комиссияға олар туралы ақпарат ұсынсын.

      3. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер жоспарға сәйкес әзірленген актілердің жобаларын Еуразиялық экономикалық комиссияға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Еуразиялық экономикалық комиссия жоспарда көзделген іс-шараларды іске асыру мониторингін жүзеге асырсын және мониторинг нәтижелері туралы жыл сайын Еуразиялық үкіметаралық кеңесті хабардар етсін.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2018 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 23 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай және мұнай

өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру

БАҒДАРЛАМАСЫ

І. Жалпы ережелер

1. Бағдарламаны әзірлеу негіздемесі

      1. Осы Бағдарлама 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың (бұдан әрі – Шарт) 79-бабының, Мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын ұйымдастыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы хаттаманың (Шартқа № 23 қосымша) және Еуразиялық экономикалық Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру тұжырымдамасының (бұдан әрі – Тұжырымдама) ережелері ескеріле отырып, Шарттың 84-бабына сәйкес әзірленді.

2. Анықтамалар

      2. Осы Бағдарламаның мақсаттары үшін төмендегілерді білдіретін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      "мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтар" – мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтарды өткізу қағидаларына сәйкес өткізілетін және бірыңғай биржа кеңістігінің шеңберінде биржалық сауда-саттықтар операторының сауда жүйесіне берілген өтінімдердің негізінде мұнай және мұнай өнімдерімен мәмілелер жасасуға бағытталған мұнай және мұнай өнімдерімен сауда-саттықтар;

      "мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне қол жетімділік" – Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау үшін мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің операторлары басқаратын мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерін пайдалану құқығының берілуі;

      "бірыңғай биржа кеңістігі" – биржалық сауда-саттықтар операторлары мен Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарына қатысушылардың арасындағы мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық мәмілелер жасасуға байланысты ақпараттық және технологиялық қатынастардың жиынтығы;

      "мұнай және мұнай өнімдерін мемлекетаралық тасымалдау" – мұнай және мұнай өнімдерін Еуразиялық экономикалық одақтың бір мүше мемлекетінің юрисдикциясындағы қабылдау пунктінен Еуразиялық экономикалық одақтың басқа мүше мемлекетінің юрисдикциясындағы тапсыру пунктіне дейін (немесе ол арқылы), не мұндай өткізудің Еуразиялық экономикалық одақтың кемінде 2 мемлекетінің аумағы бойынша жүзеге асырылуы шартымен Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің юрисдикциясында болмайтын тапсыру пунктіне дейін (немесе ол арқылы) кез келген тәсілмен өткізу;

      "өткізу қабілеті" – мұнайдың және (немесе) мұнай өнімдерінің құбыр жүйесінің немесе оның учаскесінің техникалық нормаларына, қасиеттеріне және оның технологиялық жабдығының жай күйіне сәйкес келетін қасиеттерін ескере отырып, уақыт бірлігінде осындай жүйе немесе оның учаскесі бойынша тасымалдануы мүмкін мұнай және мұнай өнімдерінің ең көп ықтимал мөлшері;

      "мұнай және мұнай өнімдерін өткізу" – мұнай және мұнай өнімдеріне меншік құқығын өтеулі негізде беру (оның ішінде тауарлармен алмасу);

      "мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдаудың техникалық мүмкіндіктері" – мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйесінің әрбір технологиялық учаскесінің бір тәуліктегі өткізу қабілетін, мұнайдың және (немесе) мұнай өнімдерінің физикалық қасиеттерін, сондай-ақ осындай жүйенің немесе оның учаскесінің технологиялық жабдығының жай-күйін ескере отырып, технологиялық режимдердің сақталуы шартымен белгілі бір уақыт кезеңі ішінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйесі бойынша қабылдау пунктінен тапсыру пунктіне дейін тасымалдануы мүмкін мұнай және мұнай өнімдерінің ең көп ықтимал мөлшері;

      "мұнай және мұнай өнімдерімен жасалатын сауда" – мұнай және мұнай өнімдерін өткізумен байланысты кәсіпкерлік қызмет;

      "баға индикаторлары" – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бекітетін әдістемелер пайдаланыла отырып, белгілі бір уақыт кезеңі ішінде бірыңғай биржа кеңістігінің шеңберінде және (немесе) мұнай және мұнай өнімдерінің биржадан тыс нарықтарында жасалған мәмілелердің бағасы негізінде есептелген мұнай және мұнай өнімдерінің бағасы.

      Осы Бағдарламада пайдаланылатын өзге де ұғымдар Шартта және Тұжырымдамада айқындалған мәндерде қолданылады.

3. Бағдарламаның мақсаттары мен міндеттері

      3. Осы Бағдарламаның мақсаттары:

      1) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі тиісінше – Одақ, мүше мемлекеттер) мұнай және мұнай өнімдері субъектілерінің Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарына қатысуға дайындығын мүше мемлекттердің қамтамасыз етуі, соның ішінде Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының жұмыс істеуі үшін құқықтық және экономикалық жағдайлар жасау;

      2) мүше мемлекеттерде 2025 жылғы 1 қаңтардан кешіктірілмей күшіне енетін Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шартты іске асыру үшін қажетті жағдайлар жасалуын қамтамасыз ету болып табылады.

      4. Осы Бағдарламаның міндеттері:

      1) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарына қатысушылардың арасында, соның ішінде нарықтық баға белгілеуді, биржалық сауда-саттықтарды пайдаланып және адал бәсекелестікті қамтамасыз ете отырып, мұнай және мұнай өнімдері саудасының нарықтық механизмдерін жасау, дамыту және олардың тиімділігін арттыру;

      2) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарына қатысушылардың мүше мемлекеттердің нарықтарына кемсітушіліксіз қол жеткізуін қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау (мүше мемлекеттер экономикаларының мүдделерін ескере отырып), мүше мемлекеттердің арасындағы мұнай және мұнай өнімдерімен саудадағы сандық шектеулер мен кедендік әкету баждарын (баламалы мәні бар өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды) жою;

      3) мүше мемлекеттердің арасындағы халықаралық шарттарды ескере отырып, Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру үшін мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы заңнамасын үйлестіруді қамтамасыз ету;

      4) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерге қатысты тариф белгілеудің (баға белгілеудің) ортақ қағидаттары мен әдістерін қолдану;

      5) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының жұмыс істеу қағидаларын әзірлеу;

      6) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарына қатысушылардың кемсітушілік жағдайлар жасау бөлігіндегі тыйым салуды сақтауын бақылауды, Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін шаруашылық жүргізуші субъектілердің тарифтерді (бағаларды) қолдануын бақылауды қоса алғанда, мүше мемлекеттердің бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету;

      7) мүше мемлекеттердің аумақтарында мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйесі бойынша мұнай және мұнай өнімдерін ұзақ мерзімді тасымалдауды кепілді жүзеге асыруды қолда бар техникалық мүмкіндіктер шегінде қамтамасыз ету;

      8) мүше мемлекеттердің арасында мүше мемлекеттердің аумақтарында мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау, жеткізу, қайта өңдеу, өткізу және тұтыну туралы статистикалық ақпаратпен ақпараттық алмасуды қамтамасыз ету;

      9) мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін өндіру, тасымалдау, жеткізу, қайта өңдеу және өткізу саласына инвестициялар тартуы үшін қолайлы жағдайлар жасау;

      10) экологиялық қауіпсіздік нормаларының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады.

4. Бағдарламаны іске асырудан күтілетін нәтижелер

      5. Осы Бағдарламаны іске асыру нәтижесінде Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары қалыптастырылады, мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарына кемсітушіліксіз қол жеткізуі қамтамасыз етілетін болады.

      6. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде бірыңғай биржа кеңістігі, Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде биржалық және биржадан тыс баға индикаторлары қалыптастырылатын болады, мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтарға кемсітушіліксіз қол жеткізуі қамтамасыз етіледі. Сондай-ақ бірыңғай биржа кеңістігі шеңберінде жасалған мәмілелерді (шарттарды) орындау механизмі айқындалатын болады.

      7. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын дамыту Одақтың және мүше мемлекеттердің әлемдік энергетикалық ресурстар нарығына қатысушылармен халықаралық ынтымақтастығын одан әрі нығайтуға, соның ішінде сауда айналымының өсуі және шетелдік инвестициялар тарту есебінен ықпал ететін болады.

      8. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру мүше мемлекеттердің одан әрі экономикалық дамуына, энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға және мүше мемлекеттер тауарларының әлемдік энергетикалық ресурстар нарығындағы бәсекеге қабілеттілігінің артуына әкеледі.

ІІ. Бағдарламаның іс-шаралар жүйесі

1.      Бағдарламаны іске асыру мерзімдері және кезеңдері

      9. Осы Бағдарламаның іс-шараларын іске асыру мынадай кезеңдерге және мерзімдерге сәйкес жүзеге асырылады:

      1) І кезең (2018 – 2021 жылдар) – Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың ұйымдастырушылық және әдістемелік негіздерін жасау, мүше мемлекеттердің заңнамасын мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы заңнамасын үйлестіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына ("жол картасына") сәйкес үйлестіру;

      2) ІІ кезең (2021 – 2024 жылдар) – мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарттың жобасын дайындауы және келісуі;

      3) ІІІ кезең (2025 жылғы 1 қаңтарға дейін) – Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарттың күшіне енуі.

      10. Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) осы Бағдарламаның орындалуына мониторинг жүргізеді, оның нәтижелері бойынша жыл сайын Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының қалыптастырылу барысы туралы баяндама және Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың кезекті кезеңіне өту туралы ұсыныстар, соның ішінде осы Бағдарламада көзделмеген іс-шараларды (Одақ органдарының актілерін әзірлеу мен қабылдауды қоса алғанда) іске асыру туралы ұсыныстар дайындайды. Көрсетілген ұсыныстар келісу үшін мүше мемлекеттерге жіберіледі. Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес келісілген ұсыныстарды ескере отырып, Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың кезекті кезеңіне өту туралы шешім қабылдайды және осы кезеңнің мазмұнын айқындайды. Комиссия жыл сайын Еуразиялық үкіметаралық кеңесті мониторингтің нәтижелері туралы хабардар етіп отырады.

2. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын реттейтін актілерді әзірлеу

      11. Комиссия және мүше мемлекеттер Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру және олардың жұмыс істеуі мәселелері бойынша актілер әзірлейді.

      Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін шаруашылық жүргізуші субъектілерге қатысты Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын реттейтін актілер, сондай-ақ Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін шаруашылық жүргізуші субъектілер аумағында қызметін жүзеге асыратын мүше мемлекеттің табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу мәселелері жөніндегі және бәсекелестікті қорғау саласындағы мәселелер жөніндегі заңнамасының талаптары қолданылады.

Мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтар өткізу қағидаларын қоса алғанда, Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында мұнай және мұнай өнімдерімен сауда жасау қағидаларын әзірлеу

      12. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында мұнай және мұнай өнімдерімен сауда жасау қағидалары Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарындағы мұнай және мұнай өнімдерін сатып алу-сату (жеткізу) жөніндегі қатынастарды, оның ішінде:

      1) мемлекеттік билік органдары мен мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің арасында мұнай және мұнай өнімдерімен сауданы жүзеге асыру кезінде туындайтын қатынастарды, сондай-ақ мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің арасында олар сауда қызметін жүзеге асыру кезінде туындайтын қатынастарды;

      2) мұнай және мұнай өнімдеріне қатысты нарықтық баға белгілеу қағидаттарын;

      3) Одақтың мұнай және мұнай өнімдері нарығының жай-күйі мониторингінің және мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтарды жүзеге асырудың механизмдерін;

      4) мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтар өткізу қағидаларын;

      5) мүше мемлекеттердің кедендік әкету баждары ставкаларының айырмасы салдарынан туындайтын артықшылықтарға жол бермеу көзделетін Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде сатып алынған мұнай және мұнай өнімдерін үшінші елдерге қайта сатуды жүзеге асыру тәртібін реттейді.

      13. Мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтар өткізу қағидалары Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында мұнай және мұнай өнімдерімен сауда жасау қағидаларының құрамдас бөлігі болып табылады, оларда соның ішінде:

      1) биржалық сауда-саттықтар операторының лицензиясын алуға және бірыңғай биржа кеңістігінің құрамына кіруге қойылатын талаптар;

      2) есеп айырысу жүйелерінің қауіпсіздік, сенімділік және биржалық сауда-саттықтар операторларының функционалдық үйлесімділік қағидаттары;

      3) бірыңғай биржа кеңістігінің шеңберінде өзара есеп айырысу және клиринг механизмдері;

      4) шарттарды биржадан тыс нарықта тіркеу қажеттігі;

      5) бір мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің басқа мүше мемлекеттердің биржа алаңдарына қатысуы қағидаттары;

      6) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында баға индикаторларын (биржалық және биржадан тыс) қалыптастыру және олардың бірыңғай биржа кеңістігі шеңберінде өзара есеп айырысу қағидаттары айқындалады.

      14. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында мұнай және мұнай өнімдерімен сауда жасау қағидаларын қабылдау тәртібі Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шартта айқындалады.

Мұнайға, мұнай өнімдеріне арналған нормалар мен стандарттарды және оларды тасымалдау жүйесін біріздендіру

      15. Мұнай және мұнай өнімдеріне арналған нормаларды, стандарттарды және мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің жұмыс істеуін регламенттейтін нормативтік-техникалық құжаттарды біріздендіру, сондай-ақ әлемдік практикаларды ескере отырып, мұнай және мұнай өнімдерінің мөлшері және сапасының параметрлері өлшемдерінің дәлдігін қамтамасыз ету бойынша, мүше мемлекеттердің ұлттық стандарттау жүйелерінің шеңберінде өлшемдерді метрологиялық қамтамасыз етуді іске асыру бойынша және мұнай және мұнай өнімдерінің мөлшері және сапасының параметрлері өлшемдеріне қойылатын метрологиялық талаптарды үйлестіру бойынша ұсынымдар әзірлеу Шарттың Х бөліміне сәйкес жүзеге асырылады.

Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне қол жеткізудің бірыңғай қағидаларын әзірлеу

      16. Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне қол жеткізудің бірыңғай қағидаларын (бұдан әрі – бірыңғай қағидалар) әзірлеу Шарттың 84-бабында және Тұжырымдаманың ІІІ және IV бөлімдерінде көрсетілген қағидаттарға сәйкес жүзеге асырылады.

      17. Бірыңғай қағидалар Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шартқа енгізіледі.

      18. Темір жол көлігінің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша көрсететін қызметтеріне қол жеткізу мәселелерін реттеу Шарттың ХІХ және ХХІ бөлімдеріне, сондай-ақ Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы хаттамаға (Шартқа № 20 қосымша) және Үйлестірілген (келісілген) көлік саясаты туралы хаттамаға (Шартқа № 24 қосымша) сәйкес жүзеге асырылады.

      19. Бірыңғай қағидалар мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелері бойынша мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау, соның ішінде мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің операторлары мен Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарына қатысушылардың өзара қатынастарын реттейді, мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдеріне деген қажеттіліктерін басым қамтамасыз ету қағидатын және Шарттың ХІХ бөлімінде және Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеудің бірыңғай қағидаттары мен қағидалары туралы хаттамада (Шартқа № 20 қосымша) белгіленген ерекшеліктерді ескере отырып, Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласында көрсетілетін қызметтерге қол жеткізу қағидаттары мен шарттарын айқындайды және мыналарды:

      1) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде, соның ішінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдауға келіп түскен барлық өтінімдерді қанағаттандыру үшін қажетті қуаттар көлемі болмаған жағдайда, сондай-ақ мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің техникалық мүмкіндіктерін ескере отырып, мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау саласында көрсетілетін қызметтерге қол жетімділік беру тәртібін;

      2) мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдауға өтінімдер беру (қарау) тәртібі мен мерзімін;

      3) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша қызметтер көрсетуге шарттар жасасу тәртібі мен мерзімін, олардың елеулі талаптарын;

      4) мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдауды жүзеге асыруға өтінімдерді ескере отырып, мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің арасында мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдаудың техникалық мүмкіндіктерін айқындау тәртібі мен қағидаттарын;

      5) мұнай және мұнай өнімдерін мүше мемлекеттердің аумақтарымен тасымалдауды және олардың транзитін жүзеге асыру тәртібін;

      6) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтары мен міндеттерін;

      7) мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелері операторларының құқықтары мен міндеттерін;

      8) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтер (бағалар) туралы ақпаратты (ақпаратты ашу стандарттарын), көрсетілген қызметтерге қатысты тариф белгілеу (баға белгілеу) әдістемелерін жариялау тәртібін;

      9) мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне қол жетімділік беру және Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша қызметтер көрсету мәселелері жөніндегі дауларды шешу тәртібін;

      10) тариф белгілеудің жалпы қағидаттары мен әдістерін, сондай-ақ Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерге қатысты баға белгілеудің жалпы қағидаттарын;

      11) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын құруды және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де ережелерді қамтиды.

      20. Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау көлемі мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес осы мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің азаматтық-құқықтық шарттарымен айқындалады.

      21. Мүше мемлекеттер:

      1) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған тарифтер (бағалар) туралы ақпаратты (ақпаратты ашу стандарттарын), көрсетілген қызметтерге қатысты тариф белгілеу (баға белгілеу) әдістемелерін жариялауды;

      2) мүше мемлекеттердің халықаралық шарттарын ескере отырып, мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы заңнамасын үйлестіруді;

      3) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша көрсетілетін қызметтерге қатысты тариф белгілеудің (баға белгілеудің) жалпы қағидаттары мен әдістерін қолдануды;

      4) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау бойынша қызметтер көрсететін шаруашылық жүргізуші субъектілердің тарифтерді (бағаны) қолдануын бақылауды қоса алғанда, мүше мемлекеттердің бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасы талаптарының орындалуын бақылауды қамтамасыз етеді.

Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарт жасасу

      22. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарт жасасу Шарттың 84 және 104-баптарының және Тұжырымдаманың XIV бөлімінің ережелерін орындау үшін жүзеге асырылады.

      23. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарт:

      1) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру қағидаттарын;

      2) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында мұнай және мұнай өнімдерімен сауда жасау қағидаларын;

      3) бірыңғай қағидаларды;

      4) мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдаудың техникалық мүмкіндіктері туралы ақпаратты ашу тәртібін;

      5) мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдаудың техникалық мүмкіндіктерін Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарына қатысушылардың арасында кемсітушіліксіз және ашық бөлу, сондай-ақ мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің технологиялық қол жетімділігі бөлігінде әкімшілік кедергілерді жою қағидаттарын;

      6) мұнай және мұнай өнімдерін тұтыну, өндіру, тасымалдау, жеткізу, қайта өңдеу және мүше мемлекеттердің аумақтарында мұнай және мұнай өнімдерін өткізу туралы деректермен мүше мемлекеттердің арасында ақпараттық алмасу тәртібін;

      7) мүше мемлекеттердің ішкі тұтынуы үшін және (немесе) мүше мемлекеттердің аумақтарынан экспорт үшін мұнай және мұнай өнімдерінің транзитін және (немесе) мемлекетаралық тасымалдауды қамтамасыз ету туралы ережені;

      8) Одақ органдарының және мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру бойынша құзыреттері мен өкілеттіктері туралы ережені;

      9) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын жалпы талаптарды;

      10) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын құруды және олардың жұмыс істеуін қамтамасыз ету үшін қажетті өзге де ережелерді қамтуға тиіс.

Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының жұмыс істеуі мониторингінің механизмдерін әзірлеу

      24. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының жұмыс істеуі мониторингінің механизмдері, соның ішінде:

      1) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің индикативтік (болжамдық) баланстарын әзірлеуді және келісуді;

      2) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының жұмыс істеуінің мониторингін жүзеге асыру нысандары мен тәртібін әзірлеуді қамтиды.

Мұнай саласында экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету

      25. Мүше мемлекеттер мұнай саласындағы экологиялық қауіпсіздік саласындағы әлемдік озық практиканы пайдалануға, табиғи ортаны, азаматтардың өмірі мен денсаулығын және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға бағдар алады.

      26. Мүше мемлекеттер мұнай саласындағы экологиялық қауіпсіздікке, табиғи ортаны, азаматтардың өмірі мен денсаулығын және тұтынушылардың құқықтарын қорғауға қойылатын талаптарды біріздендіруге және сол саладағы заңнаманы үйлестіруге ұмтылады.

      27. Экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қатысты ережелер Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шартқа енгізіледі.

Ақпараттық алмасу жүйесін ұйымдастыру

      28. Ақпараттық алмасу жүйесі Шарттың 23 және 24-баптарына, Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық өзара іс-қимыл туралы хаттамаға (Шартқа № 3 қосымша), Еуразиялық экономикалық одақтың ресми статистикалық
ақпаратын қалыптастыру және тарату тәртібі туралы хаттамаға (Шартқа № 4 қосымша) сәйкес, сондай-ақ Тұжырымдаманың VІІІ және Х бөлімдеріне сәйкес Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі шеңберінде іске асырылады.

      29. Ақпараттық алмасу жүйесі мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының, Комиссияның және мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің ақпараттық алмасу жүйесінің шеңберінде, сондай-ақ Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарттың ережелеріне сәйкес ақпараттық өзара іс-қимылды регламенттейтін құжаттарда көзделген көлемде ақпарат ұсыну жөніндегі өзара іс-қимылын қамтамасыз етеді. Мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінен алынған ақпаратты Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің ұлттық сегментіне енгізуді осы мүше мемлекетінің уәкілетті органы қамтамасыз етеді.

      30. Ақпараттық алмасу жүйесіне енгізілген ақпаратқа қол жетімділік мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарына, Комиссияға және мүше мемлекеттердің алдын ала авторланудан өткен шаруашылық жүргізуші субъектілеріне беріледі.

      31. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарт күшіне енгенге дейін мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының, Комиссияның және мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өзара іс-қимыл процесінде ұсынылатын электрондық нысандағы ақпараттың тізбесі Шартқа сәйкес айқындалады.

Мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің операторлары арасында технологиялық ақпаратпен алмасу

      32. Мұнай және мұнай өнімдерінің мемлекетаралық тасымалын қажетті көлемде кідіріссіз қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің операторлары арасында технологиялық ақпаратпен алмасу мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелері операторларының өзара уағдаластығы бойынша бірыңғай қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.

Биржалық сауда-саттықтар операторларының және клирингтік ұйымдардың мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда саттықтарды жүзеге асыру үшін қажетті бағдарламалық-аппараттық кешендерін әзірлеу (пысықтау)

      33. Мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтар операторларының бағдарламалық-аппараттық кешендерін әзірлеу (пысықтау) Тұжырымдаманың VІІІ бөліміне сәйкес жүзеге асырылады.

      34. Бағдарламалық-аппараттық кешендерді әзірлеу (пысықтау) мақсатында:

      1) мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтар операторлары мен клирингтік ұйымдардың бағдарламалық-аппараттық кешендерінің өзара іс-қимыл қағидаттары айқындалады;

      2) бағдарламалық-аппараттық кешендердің аудиті жүзеге асырылады, оларды әзірлеу (пысықтау) бағыттары айқындалады;

      3) техникалық шешімнің қағидаттары мен архитектурасы, сондай-ақ бағдарламалық-аппараттық кешендерді әзірлеу (пысықтау) жөніндегі іс-шаралар жоспары қалыптастырылады.

Мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтарды жүзеге асыру жөніндегі пилоттық жобаларды іске асыру

      35. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру шеңберінде мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары Комиссиямен бірлесіп мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтарды жүзеге асыру және Комиссияның, мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының және мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің арасында ақпараттық алмасу жүйесін ұйымдастыру жөніндегі пилоттық жобаларды іске асыру қажеттігін бағалайды.

Мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы заңнамасын үйлестіру

      36. Комиссия мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен келісім бойынша мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы заңнамасына (Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыруды қамтамасыз ететін мүше мемлекеттердің технологиялық және коммерциялық инфрақұрылымының жұмыс істеу нормалары мен қағидаларын қоса алғанда) және мүше мемлекеттердің арасындағы мұнай саласындағы халықаралық шарттарға салыстырмалы талдау жүргізу үшін ақпарат ұсыну нысанын айқындайды.

      37. Мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы заңнамасына жүргізілген салыстырмалы талдаудың қорытындылары бойынша Комиссия жиынтық есеп қалыптастырады, соның негізінде мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары Комиссиямен бірлесіп, мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы заңнамасын үйлестіру жөніндегі іс-шаралар жоспарын ("жол картасын") дайындауды жүзеге асырады және мүше мемлекеттердің үйлестіруге жататын нормативтік құқықтық актілері соларға сәйкес болуға тиіс Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың базистік тәсілдемелері мен қағидаттарын айқындайды.

      38. Мүше мемлекеттер мұнай және мұнай өнімдерін жеткізу саласында өзара жасасқан халықаралық шарттарды, кедендік әкету баждарын (баламалы күші бар өзге де баждарды, салықтар мен алымдарды) айқындауды және оларды төлеу тәртібін Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың базистік тәсілдемелері мен қағидаттарына сәйкес келтіру жөніндегі жұмысты ұйымдастырады.

      39. Комиссия мониторингті жүзеге асыру шеңберінде мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілеріне және мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы халықаралық шарттарына енгізілген өзгерістерге олардың Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың базистік тәсілдемелері мен қағидаттарына сәйкестігі мәніне талдау жасайды.

Мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы халықаралық ынтымақтастығын дамыту

      40. Мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы халықаралық ынтымақтастығын дамыту Тұжырымдаманың VІІ бөліміне сәйкес іске асырылады және мүше мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету, сондай-ақ олардың әлемдік энергетикалық ресурстар нарығындағы позицияларын нығайту мақсатында жүзеге асырылады.

      41. Мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы халықаралық ынтымақтастығын дамыту жөніндегі іс-шаралар мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің қатысуымен Комиссия мен мүше мемлекеттердің арасындағы өзара іс-қимыл жағдайында іске асырылады.

Әлемдік нарықтағы биржалық және биржадан тыс баға индикаторларының мониторингі

      42. Әлемдік нарықтағы биржалық және биржадан тыс баға индикаторларының мониторингін қамтамасыз ету үшін:

      1) әлемдік нарықтағы биржалық және биржадан тыс баға индикаторларының мониторингі үшін биржалық және биржадан тыс алаңдардың тізбесі бекітіледі;

      2) мониторингке жататын тауарлардың (мұнай және мұнай өнімдері) тізбесі бекітіледі;

      3) баға индикаторларын талдау тәртібі бекітіледі;

      4) баға индикаторлары туралы ақпаратты мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің назарына жеткізу механизмі қалыптастырылады.

Мүше мемлекеттердің мұнай саласына инвестициялар тарту

      43. Мүше мемлекеттердің мұнай саласына инвестициялар тарту жөніндегі іс-шаралардың тізбесі Шарттың XV бөліміне сәйкес және Тұжырымдаманың ХІ бөлімінде көзделген ережелер ескеріле отырып қалыптастырылады.

      44. Мүше мемлекеттердің мұнай саласына инвестициялар тарту жөніндегі іс-шаралар қолайлы инвестициялық ахуалды қамтамасыз ету жөніндегі шараларды, сондай-ақ инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу жөніндегі шараларды қамтиды.

      45. Қолайлы инвестициялық ахуал қалыптастыру инвестициялаудың тиімділігін арттыру және инвестициялық тәуекелдерді азайту мақсатында мүше мемлекеттерде қаржы-экономикалық және құқықтық жағдайларды өзгертуді көздейді.

Мұнай саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру

      46. Мұнай саласындағы инфрақұрылымдық жобалар жасалған халықаралық шарттар, сондай-ақ мүше мемлекеттерді және (немесе) олардың шаруашылық жүргізуші субъектілерін дамыту бойынша қабылданған бағдарламалары ескеріле отырып іске асырылады.

      47. Мұнай саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға жәрдемдесу мақсатында:

      1) мүше мемлекеттер өз аумақтарында іске асырылуы Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде мүмкін болатын инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға арналған қолайлы жағдайлар жасайды;

      2) мүше мемлекеттер өздері үшін өзара мүддені білдіретін, соның ішінде мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерін дамытуды қамтамасыз ететін мұнай саласындағы инфрақұрылымдық жобаларды бірлесіп айқындайды және іске асырады;

      3) мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің операторлары Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарына қатысушылардың арасындағы мұнай және мұнай өнімдерімен өзара саудаға әсер ететін мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерін дамыту жоспарлары туралы өзара ақпарат алмасуды жүзеге асырады.

      48. Мұнай саласындағы инфрақұрылымдық жобалар Көрсетілетін қызметтер саудасы, инвестициялар құру, қызметі және инвестицияларды жүзеге асыру туралы хаттаманың (Шартқа № 16 қосымша) ережелеріне сәйкес іске асырылады.

ІІІ. Бағдарламаны іске асыруды қамтамасыз ету

Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының Бағдарламаны іске асыру шеңберіндегі өзара іс-қимылы

      49. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының осы Бағдарламаны іске асыру жөніндегі өзара іс-қимылын жүзеге асыру мақсатында Комиссия мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының өкілдері мен шаруашылық жүргізуші субъектілерінің, сондай-ақ мүше мемлекеттердің аумақтарында орналасқан мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелерінің, мұнай қоймаларының және қойма инфрақұрылымының операторлары және (немесе) меншік иелері болып табылатын заңды тұлғалардың, биржалық сауда-саттықтар операторларының құрамында жұмыс тобын қалыптастырады.

      50. Осы Бағдарламаның 49-тармағында көрсетілген жұмыс тобы Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының жұмыс істеуіне және реттелуіне, оның ішінде:

      1) мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне қол жетімділік берілуіне және мұнай және мұнай өнімдері транзитінің қамтамасыз етілуіне;

      2) нарықтық баға белгілеу механизмдерінің қалыптастырылуына және мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтардың дамуына;

      3) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының технологиялық негізінің қалыптасуына және ақпараттық алмасудың іске асырылуына;

      4) халықаралық ынтымақтастықтың дамуына және мүше мемлекеттердің мұнай саласына инвестициялардың тартылуына мониторингті жүзеге асырады.

ІV. Бағдарламаны ресурстық қамтамасыз ету

1. Бағдарламаның іске асырылуын қаржыландыру тәртібі және механизмдері

      51. Осы Бағдарламаның іске асырылуын қаржылық қамтамасыз етуді Комиссия өз өкілеттіктеріне сәйкес Одақ бюджетінің қаражаты есебінен, мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары осы мемлекеттердің заңнамасына сәйкес мүше мемлекеттер бюджеттерінің қаражаты және (немесе) бюджеттен тыс көздер есебінен жүзеге асырады.

      52. Осы Бағдарламаны іске асыру кезінде:

      1) Одақ бюджетінің қаражаты есебінен (Комиссияның бюджеттік сметасының қаражаты) Комиссия орындайтын Одақ органдарының актілерін әзірлеу және мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының, Комиссияның және мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің арасындағы ақпараттық алмасу жүйесін іске асыру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің интеграциялық сегментін дамыту жөніндегі іс-шаралар қаржыландырылады;

      2) мүше мемлекеттердің бюджеттерінің қаражаты және (немесе) бюджеттен тыс көздер есебінен (уәкілетті органдардың қызметін қамтамасыз етуге арналған қаражаттың шегінде) мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының қатысуымен жүзеге асырылатын Одақ органдарының актілерін әзірлеу, мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілерін үйлестіру және мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының, Комиссияның және мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің арасындағы ақпараттық алмасу жүйесін іске асыру және оның жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің ұлттық сегментін дамыту жөніндегі іс-шаралар қаржыландырылады;

      3) бюджеттен тыс көздердің қаражатын тартумен Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарының жұмыс істеуі үшін қажетті инфрақұрылым құру және оны дамыту қаржыландырылады.

2. Ғылыми қамтамасыз ету

      53. Осы Бағдарламаны іске асыру шеңберінде Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың институттық, технологиялық, заңдық және экономикалық механизмдерін қоса алғанда, Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру қағидалары мен механизмдерін әзірлеу кезінде талдамалық зерттеулер жүргізу және ғылыми негізделген ұсыныстар дайындау түрінде оны соның ішінде мынадай:

      1) мүше мемлекеттер үшін Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын реттеу саласындағы нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу бойынша әдістемелік ұсынымдар дайындау;

      2) Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарына мониторингті және талдауды жүзеге асыру әдістемелерін әзірлеу бағыттары бойынша ғылыми қамтамасыз ету талап етіледі.

  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2018 жылғы 6 желтоқсандағы
№ 23 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру жөніндегі іс-шаралар

ЖОСПАРЫ

Іс-шараның атауы Іске асыру мерзімі Күтілетін нәтиже Жауапты орындаушы Тең орындаушылар





І. Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын реттейтін актілерді әзірлеу

1. Ақпараттық алмасу шеңберінде ақпараттық өзара іс-қимылды регламенттейтін құжаттарды қабылдау:


Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) актілері

Комиссия

Одаққа мүше мемлекеттер (бұдан әрі – мүше мемлекеттер)

2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі – Шарт) және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес айқындалған мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының, Комиссияның және мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өзара іс-қимылы процесінде электрондық нысанда ұсынылатын ақпарат тізбесі бойынша

2019 жыл









Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шартқа сәйкес айқындалатын мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының, Комиссияның және мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өзара іс-қимылы процесінде электрондық нысанда ұсынылатын ақпарат тізбесі бойынша

2024 жыл









2. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шартты әзірлеу және оны мемлекетішілік келісуге жіберу

2021 жыл

Комиссия актісі

Комиссия

мүше мемлекеттер






3. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың екінші кезеңіне өту туралы шешім қабылдау

2021 жыл

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің актісі

Комиссия

мүше мемлекеттер






4. Мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне қол жеткізудің бірыңғай қағидаларын әзірлеу

2021 жыл

мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелеріне қол жеткізудің бірыңғай қағидалары

Комиссия

мүше мемлекеттер






5. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында мұнай және мұнай өнімдерімен сауда жасау қағидаларын әзірлеу

2023 жыл

Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарында мұнай және мұнай өнімдерімен сауда жасау қағидалары

Қазақстан Республикасы

мүше мемлекеттер, Комиссия






6. Мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтар өткізу қағидаларын әзірлеу

2023 жыл

мұнай және мұнай өнімдерімен биржалық сауда-саттықтар өткізу қағидалары

Ресей Федерациясы

мүше мемлекеттер, Комиссия






7. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастырудың үшінші кезеңіне өту туралы шешім қабылдау

2024 жыл

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңесінің актісі

Комиссия

мүше мемлекеттер






8. Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шартты қабылдау

2024 жыл

Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтарын қалыптастыру туралы халықаралық шарт


мүше мемлекеттер, Комиссия











ІІ. Ақпараттық алмасу жүйесін ұйымдастыру
 

9. Мұнай және мұнай өнімдерін кідіріссіз мемлекетаралық тасымалдауды қамтамасыз ету үшін мүше мемлекеттердің мұнай және мұнай өнімдерін тасымалдау жүйелері операторларының арасында технологиялық ақпаратпен алмасуды ұйымдастыру

2019 жыл

технологиялық ақпаратпен алмасу

Ресей Федерациясы

мүше мемлекеттер






10. Шартқа және Одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарға сәйкес айқындалатын мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының, Комиссияның және мүше мемлекеттердің шаруашылық жүргізуші субъектілерінің өзара іс-қимылы процесінде электрондық нысанда ұсынылатын ақпарат тізбесіне сәйкес Одақтың мұнай және мұнай өнімдерінің ортақ нарықтары шеңберінде ақпараттық өзара іс-қимылды қамтамасыз ету үшін Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің құралдарымен жалпы процестерді іске асыру жолымен ақпараттық алмасу жүйесін ұйымдастыру

2024 жыл

ақпараттық алмасу жүйесі

Комиссия

мүше мемлекеттер

ІІІ. Мүше мемлекеттердің арасында мұнай саласындағы заңнамасын үйлестіру






11. Мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы заңнамасына және мүше мемлекеттердің арасындағы халықаралық шарттарға салыстырмалы талдау жүргізу

2019 жыл

жиынтық есеп

Комиссия

мүше мемлекеттер






12. Мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы заңнамасын үйлестіру бойынша іс-шаралар жоспарларын ("жол картасын") әзірлеу және бекіту

2020 жыл

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің актісі

Комиссия

мүше мемлекеттер






13. Мүше мемлекеттердің мұнай саласындағы заңнамасын үйлестіру

Жоғары Еуразиялық экономикалық комиссияның актісіне сәйкес

мүше мемлекеттердің нормативтік құқықтық актілері


мүше мемлекеттер
















Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады