Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің нысанын, оны толтыру және тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 16 қаңтардағы № 7 шешімі

      Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 33-бабының 5-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған:

      Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің нысаны;

      Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің нысанын толтыру және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібі бекітілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасы Төрағасының міндетін
уақытша атқарушы
К. Минасян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2018 жылғы 16 қаңтардағы
№7 шешімімен
  БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің
НЫСАНЫ

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін
тауардың шығарылған жері туралы
АЛДЫН АЛА ШЕШІМ

1. Алдын ала шешімнің тіркеу нөмірі

2. Алдын ала шешімді қабылдаған кеден органының атауы

3. Алдын ала шешімнің қолданылу мерзімінің аяқталатын күні

4. Өтініш беруші

5. Мәміле туралы мәліметтер

6. Тауарлардың шығарылған жерін айқындау қағидалары

7. Тауардың шығарылған жері туралы мәліметтер

8. Верификация туралы белгілер

9. Тауарды шығарушы туралы мәліметтер

10. Тауардың сипаттамасы

11. Тауарлардың шығарылған жерін айқындау критерийлері

12. Тауардың шығарылған жері

13. Қызметтік белгілер үшін

14. Кеден органының уәкілетті тұлғасы

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2018 жылғы 16 қаңтардағы
№7 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің
нысанын толтыру және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың шығарылған
жері туралы алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу
ТӘРТІБІ

І. Жалпы ережелер

      1. Осы Тәртіп Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауардың шығарылған жері туралы алдын ала шешімнің (бұдан әрі тиісінше – Одақ, алдын ала шешім) Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 16 қаңтардағы № 7 шешімімен бекітілген қағаз жеткізгіштегі құжат түріндегі нысанын толтыру қағидаларын және алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу қағидаларын айқындайды.

      2. Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 8-бабының 3-тармағына сәйкес алдын ала шешімнің электрондық құжат түріндегі құрылымы мен форматы, егер электрондық құжат түріндегі алдын ала шешім қабылдау Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) заңнамасында көзделсе, мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес белгіленеді.

      3. Бір атаудағы тауарлар туралы мәліметтер алдын ала шешім нысанында көрсетілуге жатады.

      Осы Тәртіпті қолдану мақсаттары үшін бір атаудағы тауарлар ретінде тауардың шығарылған жері туралы сертификат оған қатысты берілген бір елден (елдер тобынан, кеден одағы елдерінен, елдің өңірінен немесе оның бір бөлігінен) шығарылатын бір коммерциялық (фирмалық) атаудағы тауарлар қарастырылады.

      Егер тауардың шығарылған жері туралы сертификатта тауарлардың бірнеше атаулары туралы мәліметтер көрсетілген жағдайда, тауардың шығарылған жері туралы осы сертификатта көрсетілген, оған қатысты алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш берілген әрбір тауарға алдын ала шешімнің жеке нысаны толтырылады.

      4. Алдын ала шешімнің нысанын толтыру кезінде Одақтың нормативтік-анықтамалық ақпаратының бірыңғай жүйесі ресурстарының құрамына кіретін анықтамалықтар мен сыныптауыштар, сондай-ақ кеден мақсаттары үшін пайдаланылатын, мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес қалыптастырылатын және қолдануға жататын анықтамалықтар мен сыныптауыштар қолданылады.

      5. Алдын ала шешім А4 форматындағы қағаздың парақтарында 2 данада ресімделеді, олардың бірі алдын ала шешім қабылдаған мүше мемлекеттің кеден органына (бұдан әрі – кеден органы), ал екіншісі – алдын ала шешім қабылдау туралы өтініш берген тұлғаға (бұдан әрі – өтініш беруші) арналады.

      6. Алдын ала шешімнің нысаны баспа құрылғылары пайдаланыла отырып толтырылады (14-бағанды қоспағанда) және онда өшірулер, бүлдірулер және түзетулер болмауға тиіс.

      7. Алдын ала шешімнің нысаны орыс тілінде немесе кеден органы алдын ала шешім қабылдайтын мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде толтырылады.

      Егер алдын ала шешім қабылдау туралы өтінішке қоса берілген құжаттарда латын әліпбиінің әріптерін пайдалана отырып шетелдік тұлғалардың, тауарлардың және т.б. атауларын жазу кездессе, мұндай мәліметтер алдын ала шешімнің нысанында латын әліпбиінің әріптерімен көрсетіледі.

      8. Егер алдын ала шешімнің нысанын толтыру кезінде бағандарда мәліметтерді көрсету үшін орын жеткіліксіз болған жағдайда, мұндай мәліметтер алдын ала шешімнің ажырамас бөлігі болып табылатын, алдын ала шешімге қосымша берілетін А4 форматындағы қағаз парақтарында көрсетіледі (бұдан әрі – қосымша). Бұл ретте алдын ала шешімнің тиісті бағанында "Қосымшаны қар." деген жазба жазылады. Қосымшаның барлық парақтары нөмірленуге тиіс.

      Қосымшаның әрбір парағында мыналар:

      оң жақ жоғарғы бұрышында – "Алдын ала шешімге №__________ қосымша ___ бет.";

      алдын ала шешім нысаны бағанының нөмірі және алдын ала шешім нысанының бағанында орын жеткіліксіз болған мәліметтер көрсетіледі.

      Қосымшаның әрбір парағы төменгі оң жақ бұрышына алдын ала шешімді қабылдаған кеден органы басшысының (басшының орынбасарының) немесе Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 82-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілеттік берілген кеден органының өзге де лауазымды тұлғасының (бұдан әрі – кеден органының уәкілетті тұлғасы) қолтаңбасымен, сондай-ақ осы кеден органының мөрінің бедерімен куәландырылады.

      Ресей Федерациясында қосымшаның парақтары мөрдің бедерімен куәландырылмайды.

ІІ. Алдын ала шешімнің нысанын толтыру

      9. "Алдын ала шешімнің тіркеу нөмірі" деген 1-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда алдын ала шешімнің мынадай схема бойынша қалыптастырылған тіркеу нөмірі көрсетіледі:

      ХХ/ХХХХХХХХ/ХХХХХХ/ХХХХ/ХХ

      1 2 3 4 5

      мұнда:

      1-элемент – әлем елдерінің сыныптауышына сәйкес кеден органы алдын ала шешім қабылдайтын мүше мемлекеттің коды;

      2-элемент – мүше мемлекетте қабылданатын кеден органдарының сыныптауышына сәйкес алдын ала шешім қабылдаған кеден органының коды;

      3-элемент – ККААЖЖ (күн, ай, күнтізбелік жылдың соңғы 2 цифры) форматындағы алдын ала шешімнің қабылданған күні;

      4-элемент – алдын ала шешімді қабылдаған кеден органы берген алдын ала шешімнің реттік нөмірі (бір күнтізбелік жылдың бойындағы толассыз нөмірлеудің 0001-ден басталатынын ескергенде);

      5-элемент – "01" нөмірі.

      10. "Алдын ала шешімді қабылдаған кеден органының атауы" деген 2-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда алдын ала шешімді қабылдаған кеден органының толық атауы көрсетіледі.

      11. "Алдын ала шешімнің қолданылу мерзімінің аяқталатын күні" деген 3-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда ккаажжжж (күн, ай, күнтізбелік жыл) форматында алдын ала шешімнің қолданылу мерзімінің аяқталатын күні көрсетіледі.

      12. "Өтініш беруші" деген 4-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда өтініш беруші туралы мәліметтер жеке жолдармен:

      заңды тұлға және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылмайтын ұйымдар үшін – толық атауы, салықтық нөмірі және мекенжайы (тұрғылықты жері);

      мүше мемлекеттің заңнамасына сәйкес жеке кәсіпкер (бұдан әрі – жеке кәсіпкер) ретінде тіркелген жеке тұлға үшін – тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), салықтық нөмірі және мекенжайы (тұрғылықты жері);

      жеке кәсіпкер болып табылмайтын, мүше мемлекетте тұрғылықты тұратын жері бар жеке тұлға үшін – тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда), салықтық нөмірі (Армения Республикасы мен Беларусь Республикасынан басқа) және мекенжайы (тұрғылықты жері);

      шетелдік ұйым үшін – толық атауы және мекенжайы (орналасқан орны);

      шетелдік жеке тұлға үшін – тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда) және мекенжайы (тұрғылықты жері) көрсетіледі.

      Өтініш берушінің мекенжайы туралы мәліметтер осы Тәртіптің 23-тармағына сәйкес көрсетіледі.

      Өтініш берушінің салықтық нөмірі туралы мәліметтер осы Тәртіптің 24-тармағына сәйкес көрсетіледі.

      13. "Мәміле туралы мәліметтер" деген 5-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      1 – 2 нөмірлеріндегі бағанда Одақтың кедендік аумағына тауар әкелу көзделетін мәміле туралы мәліметтер көрсетіледі:

      1 нөмірімен – Одақтың кедендік аумағына тауар әкелу көзделетін мәміле жасауды растайтын құжаттың нөмірі және берілген күні;

      жаңа жолдағы 2 нөмірімен – өтініш берушіде бар коммерциялық құжаттардың (шот-фактура (инвойс), шот-проформа (проформа-инвойс) және т.б.) нөмірлері және берілген күндері (мәліметтер араларына үтір қойылып көрсетіледі).

      Егер алдын ала шешім қабылдау туралы өтініште және (немесе) оған қоса берілетін құжаттарда мұндай мәліметтер болмаса (ала шешім қабылдау туралы өтініш беру сәтінде мұндай мәміле жоқ), жолда тиісті нөмірмен сызықша белгісі "-" көрсетіледі.

      14. "Тауардың шығарылған жерін айқындау қағидалары" деген 6-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда Одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың шығарылған елін айқындау қағидаларын белгілейтін, алдын ала шешім нысаны оған қатысты толтырылатын тауардың шығарылған жері оларға сәйкес айқындалған халықаралық шарттың немесе Одақ органы актісінің атауы және деректемелері көрсетіледі.

      15. "Тауардың шығарылған жері туралы сертификат" деген 7-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда алдын ала шешім соның негізінде қабылданатын тауардың шығарылған жері туралы сертификаттың нөмірі және берілген күні, сондай-ақ тауардың шығарылған жері туралы осы сертификатты берген уәкілетті мемлекеттік органның (уәкілетті ұйымның) толық атауы көрсетіледі.

      16. "Верификация туралы белгі" деген 8-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 34-бабының 5-тармағына және 314-бабына сәйкес алдын ала шешімнің нысаны соның негізінде толтырылатын тауардың шығарылған жері туралы сертификатқа тексеру жүргізілгені туралы мәліметтер көрсетіледі:

      егер кеден органы осындай тексеруді жүргізген жағдайда, "Жүргізілді" деген жазба жазылады;

      егер кеден органы осындай тексеруді жүргізбеген жағдайда, "Жүргізілмеді" деген жазба жазылады.

      17. "Тауарды шығарушы туралы мәліметтер" деген 9-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда 1 – 2 нөмірлерімен алдын ала шешім оған қатысты қолданылатын тауарды шығарушы туралы мәліметтер:

      1 нөмірімен – тауарды шығарушының толық атауы, мекенжайы (ұйымның орналасқан жері немесе жеке тұлғаның тұрғылықты жері) (мәліметтер араларына үтір қойылып көрсетіледі);

      жаңа жолдан 2 нөмірімен – тауар шығарылатын орынның мекенжайы көрсетіледі.

      Тауарды шығарушының мекенжайы және тауар шығарылатын орынның мекенжайы туралы мәліметтер осы Тәртіптің 23-тармағына сәйкес көрсетіледі.

      Егер алдын ала шешім қабылдау туралы өтініште және (немесе) оған қоса берілетін құжаттарда мұндай мәліметтер болмаса, тиісті нөмірдегі жолда сызықша белгісі "-" көрсетіледі.

      18. "Тауардың сипаттамасы" деген 10-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда 1 – 5 нөмірлерімен алдын ала шешім оған қатысты қабылданатын тауар туралы мәліметтер көрсетіледі:

      1 нөмірімен – тауардың толық коммерциялық атауы. Тауардың фирмалық атауы (тауар белгісі) (мәліметтер араларына үтір қойылып көрсетіледі);

      жаңа жолдан 2 нөмірімен – тауардың негізгі техникалық және коммерциялық сипаттамалары: функционалдық арналуы, сұрыпы, маркасы, моделі, артикулы, жеке және көліктік орамның сипаттамасы (көрсетілетін мәліметтердің құрамы алдын ала шешім оған қатысты қабылданатын тауардың санатына қарай айқындалады) (мәліметтер араларына үтір қойылып көрсетіледі);

      жаңа жолдан 3 нөмірімен – Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасына сәйкес алдын ала шешім нысанының 6-бағанында көрсетілген қағидаларға сәйкес тауардың шығарылған жерін айқындау үшін қолданылған тауардың шығарылған жерін айқындау критерийінің орындалғанын тексеру үшін қажетті деңгейдегі белгілердің, бірақ алғашқы 4 белгіден кем емес санымен тауардың коды;

      Егер көрсетілген қағидаларға сәйкес тауардың шығарылған жерін айқындау үшін қолданылған тауардың шығарылған жерін айқындау критерийі Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай Тауар номенклатурасына сәйкес тауардың коды туралы мәліметтерді пайдаланумен байланысты болмаса, сызықша белгісі "-" көрсетіледі.

      жаңа жолдан 4 нөмірімен – алдын ала шешім нысанының 6-бағанында көрсетілген қағидаларға сәйкес тауардың шығарылған жерін айқындау үшін қолданылған тауардың шығарылған жерін айқындау критерийінің орындалғанын тексеру үшін есептеу кезінде пайдаланылған тауардың құны.

      Егер көрсетілген қағидаларға сәйкес тауардың шығарылған жерін айқындау үшін қолданылған тауардың шығарылған жерін айқындау критерийі тауардың құны туралы мәліметтерді пайдаланумен байланысты болмаса, сызықша белгісі "-" көрсетіледі.

      жаңа жолдан 5 нөмірімен – тауардың шығарылған жерін айқындау үшін маңызы бар және тауарды сәйкестендіру мақсатында одан әрі пайдаланылуы мүмкін оның өзге де сипаттамалары көрсетіледі (мәліметтер араларына үтір қойылып көрсетіледі).

      19. "Тауардың шығарылған жерін айқындау критерийлері" деген 11-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда алдын ала шешім нысанының 6-бағанында көрсетілген қағидаларға сәйкес тауардың шығарылған жерін айқындау үшін қолданылған тауардың шығарылған жерін айқындау критерийлері көрсетіледі.

      Тауардың шығарылған жерін айқындау критерийлері көрсетілген қағидалармен белгіленген тауардың шығарылған жері туралы сертификаттың тиісті бағанын толтыру тәртібіне сәйкес көрсетіледі.

      Егер тауардың шығарылған жері туралы сертификатты толтыру тәртібінде сертификаттың тиісті бағанын толтыру көзделмесе, бағанда сызықша белгісі "-" көрсетіледі.

      20. "Тауардың шығарылған жері" деген 12-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда әлем елдерінің сыныптауышына сәйкес тауар шығарылған елдің (елдер тобының, кеден одағы елдерінің, ел өңірінің немесе оның бір бөлігінің) қысқаша атауы көрсетіледі.

      21. "Қызметтік белгілер үшін" деген 13-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда кеден мақсаттары үшін қосымша ақпарат көрсетіледі (қажет болған жағдайда).

      Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 33-бабының 6-тармағына сәйкес алдын ала шешімнің телнұсқасы берілген жағдайда бағанда "Телнұсқа" деген жазба жазылады.

      22. "Кеден органының уәкілетті тұлғасы" деген 14-баған мынадай тәртіппен толтырылады.

      Бағанда кеден органы уәкілетті тұлғасының лауазымы, тегі және аты-жөні, сондай-ақ алдын ала шешімнің қабылданған күні көрсетіледі.

      Алдын ала шешімнің нысанында көрсетілген мәліметтер бағанға кеден органы уәкілетті тұлғасының қолтаңбасын қою және кеден органы мөрінің бедерін басу жолымен куәландырылады. Ресей Федерациясында мөрдің бедері басылмайды.

      23. Мекенжай туралы мәліметтер алдын ала шешім нысанының тиісті бағанының жеке жолында үтір арқылы көрсетіледі және мыналарды:

      1) әлем елдерінің сыныптауышына сәйкес елдің қысқаша атауын;

      2) әкімшілік-аумақтық бірлікті (өңір, облыс, аудан, штат, провинция және т.б.);

      3) елді мекенді;

      4) көшені (бульвар, даңғыл және т.б.);

      5) үйдің нөмірін;

      6) корпустың (құрылыстың) нөмірін;

      7) пәтердің (бөлменің, офистің) нөмірін қамтиды.

      24. Өтініш берушінің салықтық нөмірі деп:

      Армения Республикасында – салық төлеушінің есептік нөмірі (СЕН);

      Беларусь Республикасында – төлеушінің есептік нөмірі (ТЕН);

      Қазақстан Республикасында – бірлескен кәсіпкерлік түріндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым (филиал және өкілдік) және жеке кәсіпкер үшін бизнес-сәйкестендіру нөмірі (БСН), не жеке тұлға үшін, соның ішінде жеке кәсіпкерлік түріндегі қызметті жүзеге асыратын жеке кәсіпкер үшін – жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН);

      Қырғыз Республикасында – жеке тұлға немесе жеке кәсіпкер үшін – салық төлеушінің сәйкестендіру салықтық нөмірі (ССН) не Қырғыз Республикасының аумағында коммерциялық қызметті жүзеге асыратын және жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлға үшін – дербес сәйкестендіру нөмірі (ДСН);

      Ресей Федерациясында – салық төлеушінің сәйкестендіру нөмірі (ССН) және заңды тұлға үшін – бөлу белгісі "/" арқылы көрсетілетін есепке қою себебінің коды (ЕСК) (заңды тұлғаның оқшауланған бөлімшесі үшін оқшауланған бөлімшенің орналасқан жері бойынша берілген ЕСК қойылады) түсініледі.

ІІІ. Алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу

      25. Кеден органы қабылдаған алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 36-бабының 1, 2 және 7-тармақтарына және осы бөлімге сәйкес енгізіледі.

      26. Алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) кеден органдары жүргізген кедендік бақылаудың нәтижелері бойынша, соның ішінде өтініш беруші электрондық құжат немесе қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде кеден органына берген уәжді өтініштің (бұдан әрі – өтініш) негізінде енгізіледі.

      27. Өтініш өзгерістер (толықтырулар) енгізу болжанып отырған алдын ала шешімді қабылдаған кеден органына беріледі.

      Өтініш еркін нысанда жасалады. Өтініште өзгерістер (толықтырулар) енгізу болжанып отырған алдын ала шешімнің тіркеу нөмірі, оған енгізілетін өзгерістердің (толықтырулардың) тізбесі, осындай өзгерістер (толықтырулар) енгізу қажеттігінің негіздемесі және өтініш берушінің электрондық поштасының (бар болған жағдайда) мекенжайы көрсетіледі.

      28. Өтініш беру алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу қажеттігін растайтын электрондық құжаттар немесе қағаз жеткізгіштегі құжаттар түріндегі құжаттарды ұсынумен сүйемелденеді. Құжаттардың көшірмелерін (соның ішінде электрондық құжаттардың көшірмелерін) ұсынуға жол беріледі. Құжаттардың ұсынылған көшірмелерін өтініш беруші куәландыруға тиіс.

      Егер алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) тауардың шығарылған жері туралы мәліметтерге әсер етпейтін жаңылысудың, орфографиялық немесе грамматикалық қателердің анықталуына байланысты енгізілген жағдайда, алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу қажеттігін растайтын құжаттар ұсынылмайды.

      Кеден органы кеден органына өтініш берілген мүше мемлекеттің мемлекеттік тілі болып табылмайтын тілде жасалып ұсынылған құжаттарда қамтылған мәліметтердің аудармасын талап етуге құқылы.

      29. Өтініш беру кезінде кеден органы оны өтініш берілген күннен кейін 1 жұмыс күнінен кешіктірмей, оның ішінде кеден органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып тіркейді.

      30. Осы Тәртіптің 28-тармағының бірінші абзацына сәйкес ұсынылған өтініш пен құжаттарды қарайтын кеден органы Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 326-бабында белгіленген тәртіппен кедендік бақылау жүргізеді.

      31. Егер өтініш беруші ұсынған мәліметтер өзгерістер (толықтырулар) енгізу үшін жеткіліксіз болған жағдайда, кеден органы қосымша ақпарат алу үшін кеден органы өтінішті тіркеген күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіге тиісті сұрау салу (бұдан әрі – сұрау салу) жібереді. Мұндай сұрау салу электрондық немесе жазбаша нысанда жіберіледі.

      Жазбаша нысандағы сұрау салу тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыстық пошта жөнелтімімен жіберіледі немесе ол оны өтініш берушінің алуы фактісін растайтын өзге де тәсілмен беріледі. Бұл ретте осындай сұрау салудың электрондық түрі онымен бір мезгілде өтініш берушінің өтініште көрсетілген электрондық поштасының мекенжайына (бар болған жағдайда) жіберіледі.

      Қосымша ақпарат кеден органы сұрау салуды тіркеген күннен бастап 30 жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.

      32. Кеден органы өтініш берушіге мынадай негіздемелер болған:

      а) осы Тәртіптің 40-тармағының ережелері сақталмаған;

      б) кеден органы кедендік бақылау жүргізу кезінде осы Тәртіптің 28-тармағының бірінші абзацына сәйкес өтініш беруші ұсынған өтініште немесе құжаттарда көрсетілген мәліметтерден өзгеше мәліметтер анықталған;

      в) кеден органы осы Тәртіптің 31-тармағына сәйкес сұратқан қосымша ақпарат белгіленген мерзімде ұсынылмаған, не ұсынылған қосымша ақпаратта өзгерістер (толықтырулар) енгізу қажеттігін растайтын мәліметтер қамтылмаған жағдайда алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізуден бас тартады.

      33. Осы Тәртіптің 32-тармағында көзделген алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізуден бас тарту үшін негіздемелер болған жағдайда, кеден органы осы Тәртіптің 34-тармағында белгіленген мерзімнен кешіктірмей өтініш берушіге алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізуден бас тартылғаны туралы хабарлама жібереді. Мұндай хабарлама электрондық немесе жазбаша нысанда жіберіледі.

      Алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізуден бас тарту туралы жазбаша нысандағы хабарлама тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыстық пошта жөнелтімімен жіберіледі немесе өтініш берушінің алуы фактісін растауға мүмкіндік беретін өзге де тәсілмен беріледі. Бұл ретте осындай хабарламаның электрондық түрі онымен бір мезгілде өтініш берушінің өтініште көрсетілген электрондық поштасының мекенжайына (бар болған жағдайда) жіберіледі.

      34. Кеден органы осы Тәртіптің 32-тармағында көзделген алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізуден бас тарту үшін негіздемелер болмаған жағдайда, кеден органы өтінішті тіркеген күннен бастап күнтізбелік 30 күннен кешіктірмей алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім қабылдайды.

      Осы Тәртіптің 31-тармағына сәйкес осы тармақтың бірінші абзацында көрсетілген мерзімнің ішінде қосымша қосымша ақпарат ұсыну қажет болған жағдайда, кеден органы сұрау салуды тіркеген күннен бастап тоқтатыла тұрады және кеден органы қосымша ақпарат алған күннен бастап, ал егер қосымша ақпарат белгіленген мерзімде ұсынылмаса – осы Тәртіптің 31-тармағының үшінші абзацында көрсетілген мерзім өткен күннен бастап қайта жаңғыртылады.

      35. Егер алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) кеден органы өтініштің негізінде емес, өз бастамасы бойынша жүргізген кедендік бақылаудың нәтижелері бойынша енгізілген жағдайда, кеден органы кедендік бақылаудың нәтижесі бойынша жасалған кедендік құжат тіркелген күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім қабылдайды.

      36. Алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізу туралы шешім жаңа алдын ала шешім қабылдау жолымен қабылданады.

      Бұл ретте жаңа алдын ала шешімнің тиісті бағандарына бұрын алдын ала шешімде көрсетілген барлық мәліметтер енгізілген өзгерістер (толықтырулар) ескеріле отырып көшіріледі.

      37. Жаңа алдын ала шешім қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде немесе, егер бұл мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделсе, электрондық құжат түрінде қабылданады.

      38. Өзгерістер (толықтырулар) енгізу кезінде жаңа алдын ала шешімнің бағандары осы Тәртіптің 39-тармағында белгіленген ерекшеліктер ескеріле отырып толтырылады.

      39. Жаңа алдын ала шешімде:

      1-бағанда – жаңа алдын ала шешімнің мынадай схема бойынша қалыптастырылған тіркеу нөмірі көрсетіледі:

      ХХ/ХХХХХХХХ/ХХХХХХ/ХХХХ/ХХ

      1 2

      мұнда:

      1-элемент – өзгерістер (толықтырулар) енгізілетін алдын ала шешімнің тіркеу нөмірінің алғашқы 4 элементі;

      2-элемент – енгізілетін өзгерістердің (толықтырулардың) "02" нөмірінен басталатын реттік нөмірі;

      13-бағанда – алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізудің негіздемесі туралы мәліметтер (мысалы, өтініштің нөмірі (бар болған жағдайда) және берілген күні, кедендік бақылаудың нәтижелері бойынша жасалған кедендік құжаттың нөмірі және берілген күні және т.б.).

      40. Алдын ала шешімді қабылдау кезінде жол берілген және тауардың шығарылған жері туралы мәліметтерге әсер етпейтін қателер анықталған жағдайда алдын ала шешімнің 2 – 13-бағандарына өзгерістер (толықтырулар) енгізіледі.

      Бұл ретте оларды түзету кеден органының алдын ала шешім қабылдауына әсер ететін мәліметтерді өзгертпейтін жаңылысулар, орфографиялық немесе грамматикалық қателер анықталған жағдайда, алдын ала шешімнің 2, 3, 6, 7 және 12-бағандарындағы мәліметтер өзгертілуі (толықтырылуы) мүмкін.

      Алдын ала шешімнің 4-бағанына енгізілетін өзгерістер (толықтырулар) осы алдын ала шешімді қабылдау кезінде өтініш беруші болып табылған тұлғаны өзгертуге әкеп соқтырмауға тиіс.

      41. Жаңа алдын ала шешімнің 14-бағанында көрсетілетін мәліметтердің өзгерістер (толықтырулар) енгізілетін алдын ала шешімнің 14-бағанында көрсетілген мәліметтерден айырмашылығына жол беріледі.

      42. Жаңа алдын ала шешім өзгерістер (толықтырулар) енгізілетін алдын ала шешім қабылданған күннен бастап күшіне енеді.

      43. Кеден органы жаңа алдын ала шешім қабылданған күннен кейін 1 жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіге өзгерістер (толықтырулар) енгізудің себептерін көрсетіп және жаңа алдын ала шешімді қоса бере отырып, алдын ала шешімге осы өзгерістердің (толықтырулардың) енгізілгені туралы хабарлама жібереді. Мұндай хабарлама электрондық немесе жазбаша нысанда жіберіледі.

      Алдын ала шешімге өзгерістер (толықтырулар) енгізілгені туралы жазбаша нысандағы хабарлама тапсырылғаны туралы хабарламасы бар тапсырыстық пошта жөнелтімімен жіберіледі немесе ол оны өтініш берушінің алуы фактісін растайтын өзге де тәсілмен беріледі. Бұл ретте осындай сұрау салудың электрондық түрі онымен бір мезгілде өтініш берушінің өтініште көрсетілген электрондық поштасының мекенжайына (бар болған жағдайда) жіберіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады