Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімдерге (тауарларға) қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптардың ІІ тарауының 13-бөліміне өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 23 қаңтардағы № 12 шешімі

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 57-бабының 2-тармағына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне № 2 қосымшаның 20-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қосымшаға сәйкес Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 28 мамырдағы № 299 шешімімен бекітілген Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімдерге (тауарларға) қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптардың ІІ тарауының 13-бөліміне өзгеріс енгізілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2018 жылғы 23 қаңтардағы
№ 12 шешіміне
ҚОСЫМША

Санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын өнімдерге
(тауарларға) қойылатын бірыңғай санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық
талаптардың ІІ тарауының 13-бөліміне енгізілетін
ӨЗГЕРІС

      ІІ тараудың 13-бөлімі мынадай редакцияда жазылсын:

"13-бөлім. Шекпейтін темекі өніміне, шекпейтін темекі бұйымдарына және оларды өндіру үшін пайдаланылатын темекі шикізатына қойылатын талаптар

1. Қолданылу саласы

      Осы бөлім ЕАЭО СЭҚ ТН 2401 және 2403 тауар позицияларында сыныпталатын шекпейтін темекі өніміне, шекпейтін темекі бұйымдарына (соның ішінде шайнайтын темекіге, иіскейтін темекіге, соратын темекіге (снюске)) және оларды өндіру үшін пайдаланылатын темекі шикізатына қойылатын талаптарды белгілейді.

2. Анықтамалар

      Осы бөлімнің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "ингредиент" шекпейтін темекі бұйымын өндіру кезінде пайдаланылатын және шекпейтін темекі бұйымының құрамында дайын күйінде, соның ішінде өзгерген нысанда болатын зат (темекі жапырағын және темекінің басқа бөліктерін қоспағанда);

      "шекпейтін темекі өнімі" тұтынушылық орамаға буып-түйілген шекпейтін темекі бұйымы;

      "шекпейтін темекі бұйымы" соруға, шайнауға, иіскеуге арналған темекі бұйымы;

      "темекі" темекі шикізатын алу мақсатында өсірілетін Nicotiana Tabacum және Nicotiana Rustica алқатұқымдас түрлер тұқымдастығының Nicotiana текті өсімдік;

      "шайнайтын темекі" шайнауға арналған және темекі емес шикізатты және өзге де ингредиенттерді қосып немесе қоспай темекі жапырақтарының нығыздалған қиындыларынан әзірленген шекпейтін темекі бұйымының түрі;

      "иіскейтін темекі" иіскеуге арналған және темекі емес шикізатты және өзге де ингредиенттерді қосып немесе қоспай жұқалап майдаланған темекіден әзірленген шекпейтін темекі бұйымының түрі;

      "соратын темекі (снюс)" соруға арналған және толығымен немесе ішінара темекі емес шикізатты және өзге де ингредиенттерді қосып немесе қоспай тазартылған темекі тозаңынан және (немесе) кесілген темекінің ұсақ фракцияларынан әзірленген шекпейтін темекі бұйымының түрі;

      "темекі бұйымы" толығымен немесе ішінара темекі жапырағынан және (немесе) темекінің басқа да бөліктерінен шикізаттық материал ретінде әзірленген, сору, шайнау немесе иіскеу үшін пайдаланатындай етіп дайындалған өнім;

      "темекі шикізаты" жинаудан кейін және (немесе) өзге де өндірістік өңдеуден өткен және шекпейтін темекі өнімін өндіру кезінде пайдаланылатын темекі.

3. Санитариялық-эпидемиологиялық және гигиеналық талаптар

      1.Шекпейтін темекі өнімін және шекпейтін темекі бұйымдарын өндіру кезінде ингредиенттер ретінде мынадай заттарды пайдалануға жол берілмейді:

      а) агарицин қышқылы (Acidum agarricinicum), аққайыңның дегтяр майы (Oleum Betulae empyreumaticum), құрамында еркін немесе байланысты синиль қышқылы бар ащы бадам майы (Oleum Amygdalarum amarum), сассафраса майы (Oleum Sassafratis), аршаның дегтяр майы (Oleum Juniperi empyreumaticum), камфора майы (Oleum camphoratum), камфора, кумарин, мақсары, туйон;

      б) халықаралық шарттарға сәйкес Одақ шеңберінде айналымға тыйым салынған заттар;

      в) ащы-тәтті палсеннің ағаш сабағынан (Stipites Dulcamarae), пулегия жалбызы шөбінен (бүргешөп жалбызы) (Herba Pulegii), хош иісті лиатристен (Liatris odoratissima), камфора ағашынан (Camphorae), қарапайым қырықаяқ папоротнигі тамырсабағынан (Rhizoma Polypodii), папоротник тамырсабағынан (Rhizoma Filicis dulcis), квассия сүрегінен (Lignum Quassiae), сабын ағашының қабығынан (Cortex Quillaja), пижма шөбінен (Herba Tanaceti), рута шөбінен (Herba Rutae), сассафрас сабағынан, жапырақтарынан, қабығынан (Stipes, Folium, Cortex Sassafratis), дәрілік түйежоңышқадан (Millilotus officinalis), тонк бұршақтарынан (Semen Toncae), бояушөптен (Asperula odorata) әзірленген хош иістендіргіш және дәмдік заттар.

      Соратын темекі (снюс) және шайнайтын темекі үшін ингредиенттер ретінде тамақ өнімдерінде пайдалану үшін рұқсат етілген тамақ өнімдерінен, тағамдық қоспалардан және хос иістендіргіштерден басқа өзге заттарды пайдалануға жол берілмейді.

      Соратын темекі (снюс) және шайнайтын темекі үшін хош иістендіргіштер, соустар, экстрактілер ретінде пайдаланылатын ингредиенттер құрамындағы ауыр металдар мен пестицидтер бойынша осы тараудың 1-бөлімінің талаптарына сәйкес келуі тиіс.

      Темекі шикізатының құрамындағы пестицидтердің шекті рұқсат етілген деңгейі осы тараудың 15-бөлімінде көзделген.".

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады