Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылау жүргізудің ерекшеліктері туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 27 наурыздағы № 42 шешімі

      Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 105-бабының 5-тармағына және 313-бабының 3-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылау жүргізудің ерекшеліктері туралы ереже бекітілсін.

      2. Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 257 шешімімен бекітілген Тауарларға арналған декларацияны толтыру тәртібі туралы нұсқаулыққа мынадай өзгерістер енгізілсін:

      а) 15-тармақтың 42-тармақшасының жиырмасыншы абзацы (кестеден кейін) мынадай редакцияда жазылсын:

      "Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 27 наурыздағы № 42 шешімімен бекітілген Тауарлардың кедендік құнын бақылаудың ерекшеліктері туралы ереженің 6-тармағында көзделген жағдайда бұрын әкелінген бірдей тауарларға қатысты тауарларға арналған декларацияның тіркеу нөмірі;";

      б) 43-тармақтың 4-тармақшасының жиырма сегізінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

      "6-элемент – тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізген кезде Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 325-бабының 4-тармағына сәйкес кеден органы декларанттан сұратқан құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, соның ішінде жазбаша түсініктемелерді декларант кеден органына беруге тиіс мерзімнің соңғы күні көрсетіледі.".

      3. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 20 желтоқсандағы № 283 шешімімен бекітілген Тауарлардың кедендік құнын әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша айқындау әдісін (1-әдіс) қолдану қағидаларына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      а) 14-тармақтың бірінші сөйлемі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Егер кедендік декларациялау кезінде мәлімделген тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылау жүргізу барысында кеден органы іс жүзінде төленген немесе төленуге тиіс бағаға сатушы мен сатып алушы арасындағы өзара байланыстың мәміле құнын тауарлардың кедендік құнын айқындау мақсаттары үшін қолайсыз деп тануға негіз болып табылатын әсер ету белгілерін байқамаса, онда тауарлардың кедендік құнын дұрыс айқындамаудың өзге белгілері болмаған кезде мәміле құны тауарлардың кедендік құны ретінде қабылданады.";

      б) 15-тармақтың бірінші және екінші абзацтары мынадай мазмұндағы абзацпен ауыстырылсын:

      "15. Егер кедендік декларациялау кезінде мәлімделген тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылау жүргізу барысында кеден органы сатушы мен сатып алушы арасындағы өзара байланыстың іс жүзінде төленген немесе төленуге тиіс бағаға әсер ету белгілерін анықтаса және декларант (кеден өкілі) ұсынған, сатуға ілеспе мән-жайларды көрсететін құжаттар мен мәліметтер осындай анықталған белгілерді жоймаса, онда декларанттың (кеден өкілінің) әкелінетін тауарлармен мәміленің құны тексеру шамаларының біріне жақын екенін растайтын құжаттар мен мәліметтерді беруге құқығы бар.";

      в) 16-тармақтың күші жойылды деп танылсын.

      4. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      Кеден одағы Комиссиясының "Тауарлардың кедендік құнын декларациялау, бақылау және түзету тәртіптері туралы" 2010 жылғы 20 қыркүйектегі № 376 шешімінің 1-тармағының үшінші және төртінші абзацтары;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2012 жылғы 12 желтоқсандағы № 273 шешімімен бекітілген Тауарлардың кедендік құнын айқындау кезінде қосу әдісін (5-әдіс) қолдану қағидаларының 13-тармағы;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу және Кеден одағы Комиссиясы мен Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" 2013 жылғы 10 желтоқсандағы № 289 шешімімен бекітілген Тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерге өзгерістер (толықтырулар) енгізу тәртібінің 11-тармағы "а" тармақшасының екінші абзацы, сондай-ақ көрсетілген Шешімге қосымшада көзделген өзгерістердің 2-тармағы;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Кеден одағы Комиссиясының және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" 2015 жылғы 27 сәуірдегі № 38 шешіміне қосымшада көзделген өзгерістердің 9-тармағының "б" және "в" тармақшалары;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Кеден одағы Комиссиясының кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы" 2015 жылғы 3 қарашадағы № 139 шешіміне қосымшада көзделген өзгерістердің 2-тармағы.

      5. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2018 жылғы 27 наурыздағы
№ 42 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік құнына кедендік бақылау жүргізудің ерекшеліктері туралы ЕРЕЖЕ

      1. Осы Ереже Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелінетін тауарлардың кедендік декларациялау кезінде мәлімделген кедендік құнына кедендік бақылау жүргізудің ерекшеліктерін айқындайды (бұдан әрі тиісінше – тауарлардың кедендік құнын бақылау, әкелінетін тауарлар).

      2. Осы Ереже әкелінетін тауарларды шығарғанға дейін де, шығарғаннан кейін де басталған тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде қолданылады.

      Осы Ереженің 6-тармағының талаптары осындай тауарларды шығарғанға дейін басталған тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде, ал тауарларға арналған декларация берілгенге дейін шығарылған тауарларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 120-бабының 17-тармағына сәйкес кеден органы декларантқа электрондық құжат жібергенге не қағаз жеткізгіште берілген тауарларға арналған декларацияларға және (немесе) коммерциялық, көліктік (тасымалдау) құжаттарға тиісті белгілер соғылғанға дейін басталған тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде қолданылады.

      3. Тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде қаралатын мәміленің шарттары мен мән-жайлары, әкелінетін тауарлардың физикалық сипаттамалары, сапасы мен беделі туралы, соның ішінде:

      а) бірдей, біртектес тауарлармен, сол сыныптағы немесе түрдегі тауарлармен мәмілелер туралы, соның ішінде кеден органдарының ақпараттық ресурстары пайдаланылып алынған;

      б) биржалық баға белгілеу, биржалық индекстер, аукциондардың бағалары, баға каталогтарынан алынатын мәліметтер туралы мәліметтерді қоса алғанда, кеден органының иелігіндегі әкелінетін тауарларға қатысты қолда бар мәліметтермен барынша ықтимал дәрежеде салыстырылатын ақпарат пайдаланылады.

      4. Осы Ереженің 3-тармағында көрсетілген ақпаратты кеден органы, соның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) үшінші елдердегі мемлекеттік өкілдіктерінен (сауда өкілдіктерінен), мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарынан, кәсіптік бірлестіктерді (қауымдастықтарды), көлік және сақтандыру компанияларын қоса алғанда, ұйымдардан, әкелінетін, бірдей, біртектес тауарларды берушілерден және өндірушілерден мүше мемлекеттердің заңнамасында тыйым салынбаған кез келген тәсілмен, соның ішінде ақпараттық-телекоммуникациялық "Интернет" желісін пайдалана отырып алуы мүмкін.

      5. Тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде, соның ішінде олар шығарылғаннан кейін, атап айтқанда мынадай мән-жайлар тауарлардың кедендік құнын дұрыс айқындамау белгілері болып табылады:

      а) әкелінетін тауарлардың кедендік құнына әсер ететін және бір құжаттағы мәліметтердің сол құжаттағы өзге де мәліметтерге, сондай-ақ өзге де құжаттардағы, соның ішінде тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттардағы мәліметтерге, кеден органдарының және мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) ақпараттық өзара іс-қимыл жасауы шеңберінде кеден органдарының ақпараттық жүйелерінен және (немесе) мүше мемлекеттердің мемлекеттік органдарының (ұйымдарының) ақпараттық жүйелерінен және (немесе) тексеру жүргізу кезінде кеден органының иелігіндегі басқа да дереккөздерден алынған мәліметтерге, халықаралық актілерге және Одақтың құқығына кіретін кедендік реттеу саласындағы актілерге және (немесе) мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес басқа да тәсілдермен алынған мәліметтерге сәйкес келмеуін анықтау;

      б) бірдей немесе біртектес тауарлардың бағасымен салыстырғанда оларды әкелудің салыстырмалы шарттары кезінде әкелінетін тауарлардың неғұрлым төмен бағасын анықтау;

      в) биржалық баға белгілеу, биржалық индекстер, аукциондардың бағалары туралы ақпаратқа, баға каталогтарынан алынған ақпаратқа сәйкес айқындалған бірдей немесе біртектес тауарлармен салыстырғанда әкелінетін тауарлардың неғұрлым төмен бағасын анықтау;

      г) әкелінетін тауарлар шығарылған (тұратын) компоненттердің (соның ішінде шикізаттық) бағасымен салыстырғанда әкелінетін тауарлардың неғұрлым төмен бағасын анықтау;

      д) сату мен сатып алуды тәуелсіз сатушы мен сатып алушы жүзеге асырған бірдей немесе біртектес тауарлардың бағасымен салыстырғанда әкелінетін тауарлардың неғұрлым төмен бағасымен қатар әкелінетін тауарлардың сатушысы мен сатып алушысының өзара байланысының болуы;

      е) әкелінетін тауарлардың кедендік құнының құрылымы сақталмады деп пайымдауға негіздердің болуы (мысалы, әкелінетін тауарлар үшін іс жүзінде төленген немесе төленуге тиіс бағаға зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін лицензиялық және өзге де осыған ұқсас төлемдер қосылмаған не толық көлемде қосылмаған, әкелінетін тауарларды тасуға (тасымалдауға) арналған шығыстар, сақтандыруға арналған шығыстар және т.б.).

      6. Осы Ереженің 5-тармағында көрсетілген мән-жайлар, егер осы тауарлар оған сәйкес бұрын оларға ұқсас тауарлар әкелінген сыртқы экономикалық шарт (келісімшарт) шеңберінде әкелінетін жағдайда бір мезгілде мынадай шарттар сақталған:

      а) әкелінетін тауарлар және бұрын әкелінген тауарлар бірдей болып табылған, мәміле шарттары өзгермеген кезде (соның ішінде тауарлардың және оларды жеткізу шарттарының бағасына қатысты) бір сыртқы экономикалық шарт (келісімшарт) шеңберінде әкелінген;

      б) әкелінетін тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде бұрын әкелінген бірдей тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезіндегідей осы Ереженің 5-тармағында көрсетілгендердің қатарындағы мән-жайлар анықталған;

      в) бұрын әкелінген тауарларға қатысты:

      тауарлардың кедендік құны тауарлардың кедендік құнын әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құны бойынша анықтау әдісі (1-әдіс) бойынша айқындалған;

      тауарлардың кедендік құнын бақылау нәтижелері бойынша тексерілетін мәліметтердің анықтығы және (немесе) толықтығы расталған;

      г) әкелінетін тауарларды кедендік декларациялау қызмет өңірінде бұрын әкелінген бірдей тауарларды кедендік декларациялау жүзеге асырылған кеденнің қызмет өңірінде жүзеге асырылатын;

      д) Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 20 мамырдағы № 257 шешімімен бекітілген Тауарларға арналған декларацияны толтыру тәртібі туралы нұсқаулыққа сәйкес әкелінетін тауарларға қатысты тауарларға арналған декларацияда осы тармақта көрсетілген шарттарға жауап беретін бұрын әкелінген бірдей тауарларға қатысты тауарларға арналған декларацияның тіркеу нөмірі мәлімделген;

      е) бұрын әкелінген бірдей тауарларды шығару күнінен бастап, ал егер бірдей тауарлар Кодекстің 121-бабына сәйкес шығарылған болса – Кодекстің 325-бабының 19-тармағына сәйкес декларантқа кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексерудің аяқталғаны туралы ақпарат және кедендік баждарды, салықтарды, арнайы, демпингке қарсы, өтемдік баждарды төлеу жөніндегі міндеттерді орындауды қамтамасыз етуді қайтарудың (есепке жатқызудың) мүмкіндігі туралы ақпарат жіберілген күннен бастап әкелінетін тауарларға қатысты тауарларға арналған декларация тіркелген күнге дейінгі мерзім тәуекелдерді басқару жүйесі қолданылып айқындалатын мерзімнен аспайтын (бірақ күнтізбелік 180 күннен аспайтын) кезде әкелінетін тауарлардың кедендік құнын дұрыс айқындамау белгілері ретінде қаралмайды.

      7. Кеден органы декларантқа сұрау салатын құжаттарды және (немесе) мәліметтердің, соның ішінде жазбаша түсіндірмелердің тізбесі Кодекстің 325-бабының 4-тармағына және 326-бабының 1-тармағына сәйкес тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде әкелінетін тауарлардың кедендік құнын дұрыс айқындамаудың анықталған белгілерін ескере отырып, сондай-ақ мәміленің шарттары мен мән-жайларын, әкелінетін тауарлардың табиғи сипаттамаларын, сапасы мен беделін ескере отырып айқындалады.

      Құжаттарға және (немесе) мәліметтерге, соның ішінде жазбаша түсіндірмелерге сұрау салу негізді болуға тиіс және тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтер және (немесе) өзге де құжаттардағы мәліметтер тиісті түрде расталмағанын не дұрыс емес болып табылуы мүмкін екенін көрсететін белгілердің тізбесін, сұрау салынатын құжаттардың және (немесе) мәліметтердің тізбесін, сондай-ақ мұндай құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, соның ішінде жазбаша түсіндірмелерді ұсыну мерзімдерін қамтуға тиіс.

      8. Тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде кеден органы жазбаша түсіндірмелерді қоса алғанда, мынадай құжаттарға және (немесе) мәліметтерге сұрау салуы (талап етуі) мүмкін:

      а) әкелінетін тауарларды өндірушінің прайс-парақтары, оның коммерциялық ұсыныстары;

      б) әкелінетін, бірдей, біртектес тауарларды сатушылардың, сондай-ақ сол сынып немесе түр тауарларының прайс-парақтары, коммерциялық ұсыныстары, оферталары;

      в) егер мұндай кедендік декларацияны толтыру жөнелту (шығу, транзит) елінде көзделсе, тауарларды жөнелту (шығу, транзит) елінің кедендік декларациясы;

      г) әкелінетін тауарларға ақы төлеу туралы құжаттар;

      д) тиеу (қаптау) парақтары;

      е) әкелінетін, бірдей, біртектес тауарларды есепке қабылдау туралы бухгалтерлік құжаттар;

      ж) сауда маркаларының (брендтерінің), модельдерінің, артикулдарының бөлінісінде әкелінетін тауарлардың құны туралы мәліметтер;

      з) оларға сәйкес әкелінетін, бірдей, біртектес тауарлар Одақтың кедендік аумағында сатылатын шарттар;

      и) сатушының сатып алушыға жеңілдік беру негіздері мен шарттарына қатысты түсініктемелер;

      к) әкелінетін тауарлардың физикалық және техникалық сипаттамалары, сапасы мен беделі туралы, сондай-ақ олардың әкелінетін тауарлардың бағасына әсері туралы құжаттар мен мәліметтер;

      л) әкелінетін тауарларды тасу (тасымалдау), оларды тиеу, түсіру немесе қайта тиеу және әкелінетін тауарларды тасуға (тасымалдауға) байланысты өзге де операциялар жүргізу туралы құжаттар мен мәліметтер;

      м) тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкелгеннен кейін жүргізілетін салуға, көтеруге, жинауға, монтаждауға, қызмет көрсетуге немесе осындай тауарларға қатысты өнеркәсіптік қондырғылар, машиналар немесе жабдықтар сияқты техникалық жәрдемдесуге арналған шығыстарды растайтын құжаттар мен мәліметтер (монтаждау және іске қосу-қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізу сметасы мен кестесі, орындалған жұмыстардың актілері және т.с.с.);

      н) сатушы мен сатып алушы арасындағы өзара байланыстың болмауын немесе сатушы мен сатып алушы арасындағы өзара байланыстың әкелінетін тауарлармен жасалатын мәміленің құнына әсерінің болмауын растайтын құжаттар, соның ішінде:

      мүше мемлекеттер және үшінші елдер ұйымдарының дауыс беретін акцияларының сатушыға және (немесе) сатып алушыға тиесілілігі туралы құжаттар мен мәліметтер;

      бірдей немесе біртектес тауарларды Одақтың кедендік аумағына әкету үшін сатушымен өзара байланысты болып табылмайтын тұлғалардың сатып алушыларға сатуы кезінде бірдей немесе біртектес тауарлармен жасалатын мәміленің құнын растайтын құжаттар;

      шегеру әдісі (4-әдіс) бойынша айқындалған бірдей немесе біртектес тауарлардың кедендік құнын растайтын құжаттар;

      қосу әдісі (5-әдіс) бойынша айқындалған бірдей немесе біртектес тауарлардың кедендік құнын растайтын құжаттар;

      сатуға ілеспе мән-жайларды, соның ішінде сатып алушы мен сатушы өздерінің коммерциялық қатынастарын ұйымдастыратын тәсілді және тауарлардың бағасы қалай белгіленгенін сипаттайтын өзге де құжаттар мен мәліметтер;

      о) лицензиялық шарт, шот-фактура, банктік төлем құжаттары, әкелінетін тауарларға жататын зияткерлік меншік объектілерін пайдаланғаны үшін төлемдер туралы мәліметтерді қамтитын бухгалтерлік және өзге де құжаттар;

      п) өзге де құжаттар мен мәліметтер, соның ішінде әкелінетін тауарларды шығаруға, тасуға (тасымалдауға) және өткізуге қатысы бар тұлғаларды қоса алғанда, өзге де тұлғалардан декларант алған құжаттар мен мәліметтер.

      9. Кеден органы сұрау салған (талап еткен) құжаттармен және (немесе) мәліметтермен, соның ішінде жазбаша түсініктемелермен бірге декларант тауарларға арналған декларацияда мәлімделген мәліметтердің және (немесе) өзге де құжаттарда қамтылған мәліметтердің анықтығы мен толықтығын растау мақсатында, соның ішінде тауарлардың кедендік құнын, тауарлардың кедендік құнының құрылымы мен шамасын айқындау әдісін таңдау мен қолданудың дұрыстығын растау мақсатында өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді, соның ішінде жазбаша түсініктемелерді ұсынуы мүмкін.

      10. Тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде кеден органы декларанттан сұратқан құжаттардың және (немесе) мәліметтердің ұсынылмау және (немесе) болмау себептерін түсіндіру ретінде декларант ұсынған құжаттар және (немесе) мәліметтер, соның ішінде:

      а) сұратылған құжаттың жоқ екенін немесе мәміле шеңберінде қолданылмайтынын;

      б) иелігінде сұратылған құжаттар және (немесе) мәліметтер бар тұлғаның декларантқа оларды беруден бас тартқанын немесе иелігінде сұратылған құжаттар және (немесе) мәліметтер бар тұлғадан декларанттың жауап алмағанын растайтын түсініктемелер қаралады.

      11. Мынадай жағдайларда:

      а) тауарлардың кедендік құнына бақылау жүргізу кезінде оларды шығарғанға дейін әкелінетін тауарлардың кедендік құнын дұрыс айқындамау белгілері байқалмаса және мұндай тауарларды кеден органы шығарса, олардың тауарларға арналған декларацияда мәлімделген кедендік құнына қатысты мәліметтер Кодекстің 112-бабына сәйкес өзгермесе (толықтырылмаса);

      б) тауарларға арналған декларацияда мәлімделген тауарлардың кедендік құнына қатысты мәліметтер Кодекстің 112-бабына сәйкес өзгертілсе (толықтырылса);

      в) тауарлар Кодекстің 112-бабына сәйкес олардың кедендік құнына қатысты кедендік, өзге де құжаттарды және (немесе) мәліметтерді тексеру аяқталғанға дейін шығарылса және кедендік бақылау нәтижелері бойынша тексерілетін құжаттардың және (немесе) мәліметтердің анықтығы және (немесе) толықтығы расталса, тауарлардың кедендік құнын айқындау және оларды қолданудың дұрыстығын бақылау әдістерін қолдану мақсаттары үшін тауарлардың кедендік құнын кеден органы қабылдаған болып саналады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады