Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына автомобиль көлігімен әкелу болжанатын тауарлар туралы алдын ала ақпаратты ұсыну тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 17 сәуірдегі № 56 шешімі

      Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 11-бабы 15-тармағының 9-тармақшасына, 17 және 18-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына автомобиль көлігімен әкелу болжанатын тауарлар туралы алдын ала ақпаратты ұсыну тәртібі бекітілсін.

      2. Кеден одағы Комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы "Кеден одағының кедендік аумағына автомобиль көлігімен әкелінетін тауарлар туралы міндетті алдын ала ақпарат беруді енгізу туралы" № 899 шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Шешім 2018 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян






  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2018 жылғы 17 сәуірдегі
№ 56 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына автомобиль көлігімен әкелу болжанатын тауарлар туралы алдын ала ақпаратты ұсыну
ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына автомобиль көлігімен әкелу болжанатын тауарлар туралы алдын ала ақпараттың құрамын (бұдан әрі тиісінше – алдын ала ақпарат, Одақ), осындай ақпаратты ұсынуға міндетті немесе құқылы адамдарды, оларды ұсыну мерзімдерін, сондай-ақ алдын ала ақпарат ұсынылмауы мүмкін жағдайларды айқындайды.

      2. Тауарларды әкелуді жүзеге асыратын тасымалдаушы алдын ала ақпаратты осы Тәртіптің 5-тармағында көзделген мәліметтер көлемінде ұсынуға міндетті. Тасымалдаушының атынан алдын ала ақпаратты Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 88-бабының 2-тармағында көрсетілген тұлға ұсынуы мүмкін.

      3. Осы Тәртіптің 7-тармағының "а" – "в" тармақшаларында көзделген мәліметтер көлеміндегі алдын ала ақпаратты тасымалдаушы немесе оның тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлға ұсынуға құқылы.

      Осы Тәртіптің 7-тармағының "г" – "ж" тармақшаларында көзделген мәліметтер көлеміндегі алдын ала ақпаратты Кодекстің 82-бабының 4-тармағында және 83-бабында көрсетілген тұлғалар ұсынуға құқылы.

      Кодекстің 11-бабы 3-тармағының екінші абзацына сәйкес кеден органдары осы Тәртіптің 7-тармағында айқындалған құрамдағы алдын ала ақпаратты ұсынуды осы тармақтың бірінші және екінші абзацтарында көрсетілген тұлғалардан талап етуге құқылы емес.

      4. Алдын ала ақпарат Одақтың кедендік аумағына тауарларды әкелгенге дейін 2 сағаттан кешіктірмей ұсынылады.

      5. Кодекстің 11-бабы 2-тармағының 1-тармақшасында көзделген мақсаттарда ұсынылатын алдын ала ақпарат мынадай мәліметтерді қамтиды:

      а) алдын ала ақпаратты ұсынған тұлға туралы мәліметтер (мұндай ақпаратты тасымалдаушының тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлға ұсынған жағдайда) (заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауы не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), мекенжайы);

      б) заңды тұлғаны кедендік өкілдер тізіліміне енгізілгенін растайтын құжаттың нөмірі (алдын ала ақпаратты кеден өкілі ұсынған жағдайда);

      в) тауарларды тасымалдаушы туралы мәліметтер (заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауы не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), мекенжайы);

      г) көлік құралының (тартқыштың) тіркеу нөмірі, тіркелген елі, маркасы, сәйкестендіру нөмірі (VIN) (не кузовының, шассиінің (рамасының) нөмірі);

      д) тіркеменің (тіркемелердің) және (немесе) жартылай тіркеменің тіркеу нөмірі, тіркелген елі, маркасы, сәйкестендіру нөмірі (VIN) (не кузовының, шассиінің (рамасының) нөмірі);

      е) тауарларды жіберген ел және межелі ел;

      ж) тауарларды жіберуші және алушы туралы мәліметтер;

      з) жол жүру бағыты (Одақтың кедендік аумағына уақытша әкелінетін халықаралық тасымалдау көлік құралы үшін);

      и) халықаралық тасымалдау көлік құралын әкелу мақсаты (Одақтың кедендік аумағына уақытша әкелінетін халықаралық тасымалдау көлік құралы үшін);

      к) халықаралық тасымалдау көлік құралын жөндеу және (немесе) пайдалану үшін өткізілетін қосалқы бөліктердің және (немесе) жабдықтардың атауы (Одақтың кедендік аумағына уақытша әкелінетін халықаралық тасымалдау көлік құралы үшін);

      л) халықаралық тауар-көлік жүкқұжатының нөмірі, оның жасалған орны мен күні;

      м) жүк орындарының саны;

      н) тауарларды маркалау және олардың қаптамаларының түрлері;

      о) көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес тауарлардың атауы;

      п) тауарлардың брутто салмағы (килограмм) не көлемі (текше метр);

      р) тауарлардың Одақтың кедендік аумағына келетін орны (Одақтың кедендік шекарасындағы өткізу пунктінің коды);

      с) контейнерлердің сәйкестендіру нөмірлері (бар болса);

      т) тасымалдаушыда бар коммерциялық құжаттарға сәйкес тауарларды сатушының атауы мен мекенжайы (егер сатушы жіберуші болып табылмайтын жағдайда);

      у) тасымалдаушыда бар коммерциялық құжаттарға сәйкес тауарларды сатып алушының атауы мен мекенжайы (егер алушы сатып алушы болып табылмайтын жағдайда);

      ф) Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына (бұдан әрі – ЕАЭО СЭҚ ТН) сәйкес тауарлардың кемінде алғашқы 6 белгі деңгейіндегі кодтары;

      х) тауарлардың ЕАЭО СЭҚ ТН әрбір коды бойынша қосымша өлшем бірліктеріндегі саны (егер Еуразиялық экономикалық одақтың Бірыңғай кедендік тарифінде декларацияланатын тауарға қатысты қосымша өлшем бірлігі белгіленген жағдайда);

      ц) көлік (тасымалдау) және (немесе) коммерциялық құжаттарға сәйкес тауарлардың құны;

      ч) көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес межелі пункті;

      ш) тауарларды жоспарланған қайтадан тиеу (ауыстырып тиеу) немесе жолдағы тауарлармен жасалатын өзге де жүк операциялары туралы мәліметтер (мұндай ақпарат болса);

      щ) Кодекстің 7-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулерді сақтауды растайтын құжаттар туралы мәліметтер:

      тауарларды әкелуге немесе олардың транзитіне рұқсаттың нөмірі мен берілген күні, Одаққа мүше мемлекеттің (бұдан әрі – мүше мемлекет) рұқсат берген ветеринария саласындағы уәкілетті органының атауы (егер мұндай рұқсат Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында ветеринариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асырудың бірыңғай тәртібі туралы ережеге (бұдан әрі – Ереже) сәйкес талап етілетін болса);

      ветеринариялық сертификаттың нөмірі және берілген күні, сертификат берген экспорттаушы елдің құзыретті органының атауы (егер мұндай сертификат Ережеге сәйкес талап етілетін болса);

      фитосанитариялық қаупі жоғары карантинге жататын өнімге қатысты өсімдіктер карантині жөніндегі экспорттаушы (кері экспорттаушы) елдің уәкілетті органы берген экспорттық (кері экспорттық) фитосанитариялық сертификаттың нөмірі, берілген күні және елі;

      оларға қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелудің және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетудің рұқсат беру тәртібі белгіленген тауарлардың тізбесіне енгізілген тауарларға қатысты лицензияның немесе қорытындының (рұқсат беру құжатының) нөмірі және берілген күні, қолданылу мерзімі (қолданылу мерзімі басталатын және аяқталатын күндерін көрсете отырып) (Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 30 шешіміне № 2 қосымша), құжатты берген органның атауы, ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарлардың кодтары;

      өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік бланкісінің нөмірі, берілген күні және типографиялық нөмірі (мемлекеттік тіркеуге жататын өнімге қатысты);

      тауардың шығу тегі туралы сертификаттың және (немесе) өнім (тауарлар) соған сәйкес дайындалған құжаттардың талаптарына жауап беретіндігін растайтын құжаттың (сапа сертификатының немесе қауіпсіздік (сапа) паспортының немесе сапа туралы куәліктің немесе еркін сауда сертификатының) нөмірі және берілген күні.

      6. Армения Республикасы үшін Кодекстің 11-бабы 2-тармағының 1-тармақшасында көзделген мақсаттарда ұсынылатын алдын ала ақпарат осы Тәртіптің 5-тармағының "а" – "ж" және "м" – "с" тармақшаларында көзделген мәліметтерді қамтиды.

      Беларусь Республикасы үшін Кодекстің 11-бабы 2-тармағының 1-тармақшасында көзделген мақсаттарда ұсынылатын алдын ала ақпарат осы Тәртіптің 5-тармағында көзделген мәліметтерді қамтиды.

      Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы мен Ресей Федерациясы үшін Кодекстің 11-бабы 2-тармағының 1-тармақшасында көзделген мақсаттарда ұсынылатын алдын ала ақпарат осы Тәртіптің 5-тармағының "а" – "ф" және "щ" тармақшаларында көзделген мәліметтерді қамтиды.

      7. Кодекстің 11-бабы 2-тармағының 2-тармақшасында көзделген мақсаттарда ұсынылатын алдын ала ақпарат жасалуын жылдамдату үшін осындай ақпарат ұсынылатын кедендік операциялар туралы мәліметтерді, сондай-ақ мынадай мәліметтерді қамтиды:

      а) алдын ала ақпарат халықаралық тасымалдау көлік құралдарына қатысты көліктік (автомобильдік) бақылау (қадағалау) жасау үшін ұсынылған жағдайда:

      осы Тәртіптің 5-тармағында көрсетілген мәліметтер;

      халықаралық тасымалдау көлік құралдарының жүгімен бірге жалпы массасы;

      тауарлар тиелген орын (ел, қала) және күн;

      тауарлар түсірілген орын (ел, қала);

      жүргізушінің тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде);

      рұқсат (рұқсаттар) туралы мәліметтер (егер мүше мемлекеттің көлік саласындағы заңнамасына сәйкес автомобиль тасымалын жүзеге асыру үшін рұқсат талап етілген жағдайда) (түрі, нөмірі, берілген күні мен қолданылу мерзімі (бар болса));

      б) Армения Республикасы үшін:

      алдын ала ақпарат Кодекстің 88-бабына сәйкес келу туралы хабарламаға байланысты кедендік операцияларды жасау үшін ұсынылған жағдайда – осы Тәртіптің 5-тармағының "а" – "ж" және "л" – "х" тармақшаларында көзделген мәліметтер;

      алдын ала ақпарат Кодекстің 278-бабының 4-тармағына сәйкес халықаралық тасымалдау көлік құралын декларациялауға байланысты кедендік операцияларды жасау үшін ұсынылған жағдайда – осы Тәртіптің 5-тармағының "а" – "к" және "м" – "с" тармақшаларында көзделген мәліметтер;

      в) алдын ала ақпарат тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсімімен өткізуге байланысты кедендік операцияларды жасау үшін, оның ішінде транзиттік декларация ретінде пайдалану үшін ұсынылған жағдайда – Кодекстің 107-бабында көзделген мәліметтер;

      г) алдын ала ақпарат тауарларды уақытша сақтауға өткізуге байланысты кедендік операцияларды Кодекстің 100-бабына сәйкес жасау үшін ұсынылған жағдайда:

      алдын ала ақпаратты ұсынған тұлға туралы мәліметтер (заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауы не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде), мекенжайы);

      тауарларды уақытша сақтаудың жоспарланған орны (заңды тұлғаны уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізуді растайтын құжаттың немесе өзге жерде уақытша сақтау рұқсатының атауы, нөмірі және берілген күні);

      тауарларды уақытша сақтауға өткізу жоспарланған күн;

      көлік құралдарының тіркеу нөмірлері (бар болса);

      тауарларды жіберуші және алушы туралы мәліметтер (заңды тұлғалардың, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымдардың толық немесе қысқаша (қысқартылған) атаулары не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), мекенжайлары);

      көлік (тасымалдау) және (немесе) коммерциялық құжаттардың (бар болса) нөмірлері мен жасалған (берілген) күндері;

      жүк орындарының саны;

      тауарлардың көлік (тасымалдау) және (немесе) коммерциялық құжаттарға сәйкес атауы;

      тауарлардың жалпы салмағы (килограмм) не көлемі (текше метр);

      тауарлардың қосымша өлшем бірліктеріндегі саны (бар болса);

      контейнерлердің сәйкестендіру нөмірлері (бар болса);

      ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарлардың кемінде алғашқы 6 белгі деңгейіндегі кодтары (бар болса);

      тауарлардың көлік (тасымалдау) және (немесе) коммерциялық құжаттарға сәйкес құны (бар болса);

      тауарларды уақытша сақтаудың ерекше шарттарын қамтамасыз ету қажеттігі (қажеттіліктің болмауы);

      д) алдын ала ақпарат Одақтың кедендік шекарасында мүше мемлекеттің ветеринария саласындағы уәкілетті органы ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларға қатысты шешімдер қабылдауды талап ететін кедендік операцияларды жасау үшін ұсынылған жағдайда:

      алдын ала ақпаратты ұсынған тұлға туралы мәліметтер (заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауы не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), мекенжайы);

      тауарлардың Одақтың кедендік аумағына келетін орны (тауарлардың Одақтың кедендік шекарасындағы өткізу пунктінің коды);

      көлік құралдарының тіркеу нөмірлері (бар болса);

      көлік (тасымалдау) құжатының нөмірі мен жасалған күні;

      ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарлардың кемінде алғашқы 6 белгі деңгейіндегі кодтары;

      тауарларды әкелуге немесе олардың транзитіне рұқсаттың нөмірі мен берілген күні, рұқсат берген мүше мемлекеттің ветеринария саласындағы уәкілетті органының атауы (егер мұндай рұқсат Ережеге сәйкес талап етілсе);

      ветеринариялық сертификаттың нөмірі мен берілген күні, сертификатты берген экспорттаушы елдің құзыретті органының атауы (егер мұндай сертификат Ережеге сәйкес талап етілсе);

      тауарларды маркалау туралы мәліметтер;

      тауарларды ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын айналымға шығарған кәсіпорынның нөмірі және (немесе) атауы;

      дәрілік препаратты ветеринариялық қолдану үшін әкелген жағдайда – осы препараттың тіркеу куәлігінен алынған мәліметтер (сауда атауы, тіркеу куәлігінің нөмірі, мемлекеттік тіркелген күні, тіркеу куәлігінің қолданылу мерзімі, өндірушінің атауы және мекенжайы);

      жануарларға арналған жемшөп қоспаны әкелген жағдайда – осы қоспаны мемлекеттік тіркеу туралы куәліктен алынған мәліметтер (жемшөп қоспаның атауы, есептік сериясы, тіркеу нөмірі, куәліктің тіркелген күні, қолданылу мерзімі, өндірушінің атауы және мекенжайы);

      гендік-инженерлік модификацияланған организмдерден алынған жемшөпті әкелген жағдайда – осы жемшөпті мемлекеттік тіркеу туралы куәліктен алынған мәліметтер (жемшөптің атауы, есептік сериясы, тіркеу нөмірі, куәліктің тіркелген күні, қолданылу мерзімі, өндірушінің атауы және мекенжайы);

      контейнерлердің сәйкестендіру нөмірлері (бар болса);

      е) алдын ала ақпарат Одақтың кедендік шекарасында мүше мемлекеттің өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті орган қабылдауды талап ететін кедендік операцияларды жасау үшін ұсынылған жағдайда:

      алдын ала ақпаратты ұсынған тұлға туралы мәліметтер (заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауы не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), мекенжайы);

      тауарларды жіберуші және алушы туралы мәліметтер (көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес атауы және мекенжайы);

      көлік (тасымалдау) құжатының нөмірі мен жасалған күні;

      тауарлардың Одақтың кедендік аумағына келу орнының кеден органының коды;

      көлік құралдарының тіркеу нөмірлері (бар болса);

      фитосанитариялық қаупі жоғары карантинге жататын өнім әкелінген жағдайда – өсімдіктер карантині жөніндегі экспорттаушы (кері экспорттаушы) елдің уәкілетті органы берген экспорттық (кері экспорттық) фитосанитариялық сертификаттың нөмірі, берілген күні және елі;

      карантиндік объектілер ғылыми-зерттеу мақсаттарында әкелінген жағдайда – мүше мемлекеттің рұқсатты берген өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті органының атауы;

      тауарлардың атауы;

      ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарлардың кемінде алғашқы 4 белгі деңгейіндегі кодтары;

      тауарлардың нетто (брутто) салмағы (килограмм);

      тауарлар шығарылған ел мен орын;

      тауарлар тиелген орын және күн;

      тауарларды маркалау туралы мәліметтер;

      межелі кеден органының коды (бар болса);

      тауарларды залалсыздандыру туралы мәліметтер;

      контейнерлердің сәйкестендіру нөмірлері (бар болса);

      ж) алдын ала ақпарат Одақтың кедендік шекарасында мүше мемлекеттің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқаты саласындағы уәкілетті органы санитариялық-эпидемиологиялық қадағалауға (бақылауға) жататын тауарларға қатысты шешімдер қабылдауды талап ететін кедендік операцияларды жасау үшін ұсынылған жағдайда:

      алдын ала ақпаратты ұсынған тұлға туралы мәліметтер (заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауы не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), мекенжайы);

      тауарларды жіберуші және алушы туралы мәліметтер (көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес атауы және мекенжайы);

      көлік (тасымалдау) құжатының нөмірі және жасалған күні;

      тауарлардың Одақтың кедендік аумағына келу орны (Одақтың кедендік шекарасына өткізу пунктінің коды);

      көлік құралының тіркеу нөмірлері (бар болса);

      тауарлардың шыққан елі, жіберілген елі және тағайындалған елі (бар болса);

      ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарлардың кемінде алғашқы 6 белгі деңгейіндегі кодтары;

      өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік бланкісінің нөмірі, берілген күні және типографиялық нөмірі (мемлекеттік тіркеуге жататын өнімге қатысты);

      тауардың шығу тегі туралы сертификаттың және (немесе) өнім (тауарлар) соған сәйкес дайындалған құжаттардың талаптарына жауап беретінін растайтын құжаттың (сапа сертификатының немесе қауіпсіздік (сапа) паспортының немесе сапа туралы куәліктің немесе еркін сауда сертификатының) нөмірі және берілген күні;

      тауарлардың тағайындалуы және қолданылу саласы туралы мәліметтер (болған кезде);

      тауарларды дайындаушының атауы мен мекенжайы;

      контейнерлердің сәйкестендіру нөмірлері (бар болса).

      8. Осы Тәртіптің 7-тармағында көзделген тауарлар туралы мәліметтерді қамтитын және осы Тәртіптің 5-тармағында көрсетілген мәліметтерді қамтымайтын алдын ала ақпарат мынадай сәйкестендіргіштердің кемінде біреуін қамтуға тиіс:

      а) осы Тәртіптің 5-тармағына сәйкес осындай тауарларға қатысты ұсынылған алдын ала ақпараттың тіркеу нөмірі;

      б) көлік құралының тіркеу нөмірі, көлік (тасымалдау) құжатының нөмірі мен жасалған күні, сондай-ақ тауарлар тасымалданатын контейнердің нөмірі (контейнермен тасымалдау жүзеге асырылған жағдайда).

      9. Егер аумағында тауарлардың Одақтың кедендік аумағына келетін орны орналасқан мүше мемлекеттің кеден органы кедендік декларацияны Кодекстің 114-бабында айқындалған кедендік декларациялау ерекшеліктеріне сәйкес берілген электрондық құжат түрінде тіркесе, алдын ала ақпарат осындай декларацияның тіркеу нөмірін осы Тәртіптің 5-тармағында және (немесе) 7-тармағында көзделген мәліметтерді (олар кедендік декларацияда болмаған жағдайда) қамтиды.

      Алдын ала кедендік декларацияда көрсетілген мәліметтер алдын ала ақпаратты қалыптастырған кезде қайтадан ұсынылмайды.

      10. Алдын ала ақпаратты бір тұлға ұсынған жағдайда, осы Тәртіптің 5-тармағына және 7-тармағының бір немесе бірнеше тармақшаларына сәйкес мәліметтер қайталанбайды.

      11. Халықаралық тасымалдау көлік құралы тауарларсыз әкелінген жағдайда алдын ала ақпарат ұсынылмайды.

      12. Егер алдын ала ақпаратты тіркегеннен кейін мұндай ақпаратты ұсынған тұлға ондағы мәліметтер мен көлік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттарда көрсетілген мәліметтер арасындағы сәйкессіздікті анықтаса, мұндай тұлға алдын ала ақпаратты тауарлар Одақтың кедендік аумағына келгенге дейін (алдын ала ақпараттың бұрын алынған тіркеу нөмірі туралы мәліметтерді көрсетіп) қайтадан ұсынуға міндетті.

      13. Алдын ала ақпарат әрбір көлік (тасымалдау) құжатына жеке-жеке ұсынылады.

      Тасымалдаушы не оның тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлға осы Тәртіптің 5-тармағында көзделген мәліметтерді және осы Тәртіптің 7-тармағында көрсетілген мәліметтерді бір хабармен ұсынады.

      Тауарлар 1975 жылғы 14 қарашадағы Жүктерді ХЖТ кітапшасын қолданып халықаралық тасымалдау туралы кеден конвенциясына сәйкес әкелінген кезде алдын ала ақпарат ХЖТ кітапшасында көрсетілген барлық тауарларға қатысты бір хабармен ұсынылады (осы Тәртіптің 7-тармағының "г" тармақшасында көзделген мәліметтерді қоспағанда).

      Экспресс-жүктерге қатысты алдын ала ақпарат 1956 жылғы 19 мамырдағы Жүктердің халықаралық жол тасымалының шарты туралы конвенцияда көзделген бір автомобиль жүкқұжатына сәйкес бір хабармен ұсынылады.

      14. Осы Тәртіптің 2 және 3-тармақтарында көрсетілген тұлғалардың қалауы бойынша алдын ала ақпарат электрондық құжат түрінде ұсынылуы мүмкін.

      15. Электрондық құжат түріндегі алдын ала ақпарат кеден органына ұсынылған мүше мемлекеттің ақпаратты электрондық түрде құжаттандыру инфрақұрылымының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      16. Мүше мемлекеттің кеден органы ұсынылған алдын ала ақпаратты тіркейді немесе Кодекстің 11-бабының 8-тармағына сәйкес айқындалатын тәртіппен және мерзімдерде оны тіркеуден бас тартады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады