Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына теміржол көлігімен әкелу болжанатын тауарлар туралы алдын ала ақпарат беру тәртібін бекіту туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 17 сәуірдегі № 57 шешімі

      Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 11-бабы 15-тармағының 9-тармақшасына, 17 және 18-тармақтарына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына теміржол көлігімен әкелу болжанатын тауарлар туралы алдын ала ақпарат беру тәртібі бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2013 жылғы 17 қыркүйектегі "Кеден одағының бірыңғай кедендік аумағына теміржол көлігімен әкелінетін тауарлар туралы міндетті алдын ала ақпарат беруді енгізу туралы" № 196 шешімінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы Шешім 2018 жылғы 1 қазаннан бастап күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2018 жылғы 17 сәуірдегі
№ 57 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына теміржол көлігімен әкелу болжанатын тауарлар туралы алдын ала ақпарат беру
ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына теміржол көлігімен әкелу болжанатын тауарлар туралы алдын ала ақпараттың (бұдан әрі тиісінше – алдын ала ақпарат, Одақ) құрамын, осындай ақпаратты беруге міндетті немесе құқылы тұлғаларды, оны ұсыну мерзімдерін, сондай-ақ алдын ала ақпарат берілмеуі мүмкін жағдайларды айқындайды.

      2. Кейіннен тасымалдау үшін Одақтың кедендік шекарасына тауарлар қабылдауды жүзеге асыратын тасымалдаушы алдын ала ақпаратты осы Тәртіптің 5-тармағында көзделген мәліметтер көлемінде беруге міндетті. Тасымалдаушы атынан алдын ала ақпаратты оның тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлға береді.

      3. Осы Тәртіптің 6-тармағының "а" және "е" тармақшаларында көзделген мәліметтер көлемінде алдын ала ақпаратты тасымалдаушы немесе оның тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлға беруге құқылы.

      Осы Тәртіптің 6-тармағының "ж" және "л" тармақшаларында көзделген мәліметтер көлемінде алдын ала ақпаратты Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 82-бабының 4-тармағында және 83-бабында көрсетілген тұлғалар беруге құқылы.

      Кодекстің 11-бабы 3-тармағының екінші абзацына сәйкес кеден органдары осы тармақтың бірінші және екінші абзацтарында көрсетілген тұлғалардан осы Тәртіптің 6-тармағында айқындалған құрамда алдын ала ақпарат беруді талап етуге құқылы емес.

      4. Алдын ала ақпарат Одақтың кедендік аумағына тауарлар әкелінгенге дейін кемінде 2 сағат бұрын беріледі.

      Егер теміржолмен іргелес теміржол станциясынан теміржол составы кеткен кезден бастап Одақтың кедендік аумағына әкелінгенге дейінгі тауарларды теміржол көлігімен тасымалдау уақыты 2 сағаттан аз болса, алдын ала ақпарат осындай станциядан теміржол составы іс жүзінде кеткенге дейін беріледі.

      5. Кодекстің 11-бабы 2-тармағының 1-тармақшасында көзделген мақсаттарда берілетін алдын ала ақпарат мынадай мәліметтерді қамтиды:

      а) алдын ала ақпарат берген тұлға туралы мәліметтер (мұндай ақпаратты тасымалдаушының тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлға берген жағдайда) (заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауы не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), мекенжайы);

      б) кеден өкілдерінің тізіліміне заңды тұлғаның енгізілгенін растайтын құжаттың нөмірі (алдын ала ақпаратты кеден өкілі берген жағдайда);

      в) тауарларды тасымалдаушылар туралы мәліметтер (заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауы не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), мекенжайы);

      г) тауарлардың Одақтың кедендік аумағына келу орны (Одақтың кедендік аумағындағы өткізу пунктінің коды);

      д) көлік (тасымалдау) құжаттарына (әрбір құжат бойынша) сәйкес тауарлар туралы мәліметтер:

      көлік (тасымалдау) құжатының жасалған нөмірі мен күні;

      халықаралық тасымал көлік құралының (вагонның немесе контейнердің) сәйкестендіру нөмірі;

      тауарлардың атауы;

      тауарларды жөнелтуші мен алушы туралы мәліметтер (атауы және мекенжайы);

      кемінде алғашқы 6 белгі деңгейінде Дүниежүзілік кеден ұйымының Тауарларды сипаттау және кодтаудың үндестірілген жүйесіне немесе Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметінің бірыңғай тауар номенклатурасына (бұдан әрі – ЕАЭО СЭҚ ТН) сәйкес тауарлардың кодтары (Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы үшін);

      тауарлардың брутто салмағы (килограмм);

      жүк орындарының саны;

      тауарлар қаптамасының түрлері (Беларусь Республикасы, Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы және Ресей Федерациясы);

      тауарларды таңбалау (болған жағдайда);

      тауарларды жөнелту станциясының және тауарлардың межелі станциясының атауы және (немесе) кодтары.

      6. Кодекстің 11-бабы 2-тармағының 2-тармақшасында көзделген мақсаттарда берілетін алдын ала ақпаратта жасалуын жеделдету үшін осындай ақпарат берілетін кедендік операциялар туралы мәліметтер, сондай-ақ мынадай мәліметтер қамтылады:

      а) Армения Республикасы үшін Кодекстің 88-бабына сәйкес Одақтың кедендік аумағына тауарлардың келуі туралы хабардар етумен байланысты кедендік операцияларды жасау үшін алдын ала ақпарат берген жағдайда:

      кемінде алғашқы 6 белгі деңгейінде ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарлардың кодтары;

      тауарлар қаптамаларының түрлері;

      б) Кодекстің 278-бабына сәйкес алдына ала ақпарат халықаралық тасымалдың көлік құралына арналған декларация ретінде берілген жағдайда:

      халықаралық тасымалдың көлік құралын әкелу мақсаты;

      халықаралық тасымалдың көлік құралын жөндеу және (немесе) пайдалану үшін өткізілетін қосалқы бөлшектердің және (немесе) жабдықтардың атауы;

      в) алдын ала ақпарат ветеринариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру бөлігінде Кодекстің 7-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растау үшін берілген жағдайда:

      тауарларды әкелуге немесе транзиттеуге арналған рұқсаттың нөмірі мен берілген күні (егер мұндай шешім Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 317 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасында және Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында ветеринариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асырудың бірыңғай тәртібі туралы ережеге (бұдан әрі – Ереже) сәйкес талап етілсе);

      Одаққа мүше мемлекеттің (бұдан әрі – мүше мемлекет) тауарларды әкелуге немесе транзиттеуге арналған рұқсатты берген ветеринария саласындағы уәкілетті органының атауы;

      ветеринариялық сертификаттың нөмірі мен берілген күні (егер мұндай сертификат Ережеге сәйкес талап етілсе);

      экспорттаушы елдің ветеринариялық сертификат берген құзыретті органының атауы (мәліметтер болған жағдайда);

      г) алдын ала ақпарат фитосанитариялық тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған өнімге қатысты карантиндік фитосанитариялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру бөлігінде Кодекстің 7-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растау үшін берілген жағдайда:

      экспорттаушы (кері экспорттаушы) елдің өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті органы берген экспорттық (кері экспорттық) фитосанитариялық сертификаттың нөмірі және берілген күні;

      экспорттық (кері экспорттық) фитосанитариялық сертификат берген елдің атауы (мәліметтер болған жағдайда);

      д) алдын ала ақпарат Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағына әкелудің және (немесе) Еуразиялық экономикалық одақтың әкетудің рұқсат беру тәртібі белгіленген тауарлардың тізбесіне енгізілген тауарларға қатысты Кодекстің 7-бабына сәйкес тарифтік емес реттеу шараларының сақталуын растау үшін берілген жағдайда:

      лицензияның немесе қорытындының (рұқсат беру құжатының) нөмірі және берілген күні, қолданылу мерзімі (қолданылуы басталатын және аяқталатын күндер көрсетіле отырып);

      құжат берген органның атауы (мәліметтер болған жағдайда);

      ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарлардың кодтары;

      е) алдын ала ақпарат санитариялық-эпидемиологиялық бақылауды (қадағалауды) жүзеге асыру бөлігінде Кодекстің 7-бабына сәйкес тыйым салулар мен шектеулердің сақталуын растау үшін берілген жағдайда:

      өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік бланкісінің нөмірі, берілген күні және типографиялық нөмірі (мемлекеттік тіркелуге жататын өнімге қатысты);

      тауардың шығарылған жері туралы сертификаттың және (немесе) өнімнің (тауарлардың) оларға сәйкес дайындалған құжаттардың талаптарына сай келетінін растайтын құжаттың нөмірі және күні (сапа сертификаты немесе қауіпсіздік (сапа) паспорты немесе сапа туралы куәлік немесе еркін сауда сертификаты (болған жағдайда);

      ж) алдын ала ақпарат тауарларды кедендік транзиттің кедендік рәсіміне орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасау үшін, соның ішінде транзиттік декларация ретінде пайдалану үшін берілген жағдайда – Кодекстің 107-бабында көзделген мәліметтер (Кеден одағы Комиссиясының 2010 жылғы 18 маусымдағы № 289 шешімімен бекітілген Транзиттік декларацияны толтыру тәртібі туралы нұсқаулықтың ережелері ескеріле отырып);

      з) алдын ала ақпарат Кодекстің 100-бабына сәйкес тауарларды уақытша сақтауға орналастыруға байланысты кедендік операцияларды жасау үшін берілген жағдайда:

      алдын ала ақпарат берген тұлға туралы мәліметтер (заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауы не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), мекенжайы);

      тауарларды уақытша сақтаудың жоспарланатын орны (заңды тұлғаның уақытша сақтау қоймалары иелерінің тізіліміне енгізілгенін немесе өзге орында уақытша сақтауға рұқсаттың берілгенін растайтын құжаттың атауы, нөмірі және берілген күні);

      тауарларды уақытша сақтауға орналастыру жоспарланған күн;

      тауарды жөнелтуші және алушы туралы мәліметтер (заңды тұлғалардың, заңды тұлғалар болып табылмайтын ұйымдардың толық немесе қысқаша (қысқартылған) атаулары не жеке тұлғалардың тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), мекенжайы);

      тауарларды жөнелту елі және олардың межелі елі;

      көлік (тасымалдау) және (немесе) коммерциялық құжаттардың нөмірі мен жасалған (берілген) күні (болған жағдайда);

      жүк орындарының саны;

      көлік (тасымалдау) және (немесе) коммерциялық құжаттарға сәйкес тауарлардың атауы;

      брутто салмағы (килограмм) не тауарлардың көлемі (текше метр);

      қосымша өлшем бірліктерінде тауарлар саны (болған жағдайда);

      контейнерлердің сәйкестендіру нөмірлері (болған жағдайда);

      кемінде алғашқы 6 белгі деңгейінде ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарлардың кодтары (болған жағдайда);

      көлік (тасымалдау) және (немесе) коммерциялық құжаттарға сәйкес тауарлардың құны (болған жағдайда);

      тауарларды уақытша сақтаудың айрықша шарттарын қамтамасыз ету қажеттігі (қажеттіктің болмауы);

      и) алдын ала ақпарат Одақтың кедендік шекарасында мүше мемлекеттің ветеринария саласындағы уәкілетті органының ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жатқызылған тауарларға қатысты шешім қабылдауын талап ететін кедендік операцияларды жасау үшін берілген жағдайда:

      алдын ала ақпарат берген тұлға туралы мәліметтер (заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауы не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), мекенжайы);

      тауарлардың Одақтың кедендік аумағына келу орны (Одақтың кедендік аумағындағы өткізу пунктінің коды) (болған жағдайда);

      көлік (тасымалдау) құжатының нөмірі мен жасалған күні;

      кемінде алғашқы 6 белгі деңгейінде ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарлардың кодтары;

      тауарларды әкелуге немесе транзиттеуге арналған рұқсаттың нөмірі мен берілген күні, мүше мемлекеттің рұқсат берген ветеринария саласындағы уәкілетті органының атауы (егер мұндай рұқсат Ережеге сәйкес талап етілсе);

      ветеринариялық сертификаттың нөмірі мен берілген күні, экспорттаушы елдің сертификат берген құзыретті органының атауы (егер мұндай сертификат Ережеге сәйкес талап етілсе);

      тауарларды маркалау туралы мәліметтер;

      ветеринариялық бақылауға (қадағалауға) жататын тауарларды айналымға шығарған кәсіпорынның нөмірі және (немесе) атауы;

      ветеринариялық қолдануға арналған дәрілік препарат әкелінген жағдайда – осы препараттың тіркеу куәлігінен мәліметтер (сауда атауы, тіркеу куәлігінің нөмірі, мемлекеттік тіркелген күні, тіркеу куәлігі қолданысының мерзімі, өндірушінің атауы және мекенжайы);

      жануарларға арналған жемшөп қоспасы әкелінген жағдайда – осы қоспаның мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктен мәліметтер (жемшөп қоспасының атауы, есептік сериясы, тіркеу нөмірі, куәліктің қолданыс мерзімі, өндірушінің атауы және мекенжайы);

      гендік-инженерлік модификацияланған ағзалардан алынған жемшөп әкелінген жағдайда – осы жемшөптің мемлекеттік тіркелгені туралы куәліктен мәліметтер (жемшөптің атауы, есептік сериясы, тіркеу нөмірі, куәліктің қолданыс мерзімі, өндірушінің атауы және мекенжайы);

      контейнерлердің сәйкестендіру нөмірлері (болған жағдайда);

      к) алдын ала ақпарат Одақтың кедендік шекарасында мүше мемлекеттің өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті органының карантинге жатқызылған өнімдерге қатысты шешім қабылдауын талап ететін кедендік операцияларды жасау үшін берілген жағдайда:

      алдын ала ақпарат берген тұлға туралы мәліметтер (заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауы не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), мекенжайы);

      тауарды жөнелтуші және алушы туралы мәліметтер (көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес атауы және мекенжайы);

      көлік (тасымалдау) құжатының нөмірі мен жасалған күні;

      Одақтың кедендік аумағына тауарлар келетін жердегі кеден органының коды;

      фитосанитариялық тәуекелі жоғары карантинге жатқызылған өнім әкелінген жағдайда – экспорттаушы (кері экспорттаушы) елдің өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті органы берген экспорттық (кері экспорттық) фитосанитариялық сертификаттың нөмірі, күні және оны берген ел;

      ғылыми-зерттеу мақсатында карантиндік объектілер әкелінген жағдайда – карантиндік объектілерге арналған рұқсаттың нөмірі мен берілген күні, мүше мемлекеттің рұқсат берген өсімдіктер карантині жөніндегі уәкілетті органының атауы;

      тауарлардың атауы;

      кемінде алғашқы 4 белгі деңгейінде ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарлардың кодтары;

      тауарлардың нетто (брутто) салмағы (килограмм);

      тауарлардың шығарылған елі және орны;

      тауарлар тиелген күн;

      тауарларды маркалау туралы мәліметтер;

      межелі кеден органының коды (болған жағдайда);

      тауарларды зарарсыздандыру туралы мәліметтер;

      контейнерлердің сәйкестендіру нөмірлері (болған жағдайда);

      л) алдын ала ақпарат Одақтың кедендік аумағында мүше мемлекеттің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органының халықаралық тасымалдың көлік құралдары мен адамдарға санитариялық-эпидемиологиялық қадағалау (бақылау) жүргізуге қатысты бөлігінде шешім қабылдауын талап ететін кедендік операцияларды жасау үшін берілген жағдайда:

      алдын ала ақпарат берген тұлға туралы мәліметтер (заңды тұлғаның, заңды тұлға болып табылмайтын ұйымның толық немесе қысқаша (қысқартылған) атауы не жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), мекенжайы);

      тауарды жөнелтуші және алушы туралы мәліметтер (көлік (тасымалдау) құжаттарына сәйкес атауы және мекенжайы);

      тауарлардың Одақтың кедендік аумағына келу орны (болған жағдайда);

      көлік (тасымалдау) құжатының нөмірі мен жасалған күні;

      тауарлар шығарылған ел, оларды жөнелту елі және олардың межелі елі болған жағдайда);

      кемінде алғашқы 6 белгі деңгейінде ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауарлардың кодтары;

      өнімді мемлекеттік тіркеу туралы куәлік бланкісінің нөмірі, берілген күні және типографиялық нөмірі (мемлекеттік тіркеуге жататын өнімге қатысты);

      тауардың шығарылған жері туралы сертификаттың және (немесе) өнімнің (тауарлардың) оларға сәйкес дайындалған құжаттардың талаптарына сай келетінін растайтын құжаттың нөмірі және күні (сапа сертификаты немесе қауіпсіздік (сапа) паспорты немесе сапа туралы куәлік немесе еркін сауда сертификаты (болған жағдайда);

      тауарлардың қолданылу мақсаты мен саласы туралы мәліметтер (болған жағдайда);

      тауарларды дайындаушының атауы мен мекенжайы;

      контейнерлердің сәйкестендіру нөмірлері (болған жағдайда).

      7. Осы Тәртіптің 6-тармағында көзделген тауарлар туралы мәліметтерді қамтитын және осы Тәртіптің 5-тармағында көрсетілген мәліметтерді қамтымайтын алдын ала ақпарат мынадай сәйкестендіргіштердің кемінде біреуін қамтуға тиіс:

      а) осы Тәртіптің 5-тармағына сәйкес осындай тауарларға қатысты ұсынылған алдын ала ақпараттың тіркеу нөмірі;

      б) көлік (тасымалдау) құжатының нөмірі мен жасалған күні, тауарлар орналастырылатын контейнердің нөмірі (контейнермен тасымалдау жүзеге асырылған жағдайда).

      8. Егер мүше мемлекеттің кеден органы Одақтың кедендік аумағында тауарлардың келу орны орналасқан аумақта Кодекстің 114-бабына сәйкес айқындалған кедендік декларациялау ерекшеліктеріне сәйкес берілген электрондық құжат түрінде кедендік декларацияны тіркесе, алдын ала ақпарат осындай декларацияның тіркеу нөмірін және осы Тәртіптің 5-тармағында және (немесе) 6-тармағында көзделген мәліметтерді (егер олар кедендік декларацияда болмаған жағдайда) қамтиды.

      Алдын ала кедендік декларацияда көрсетілген мәліметтер алдын ала ақпаратты қалыптастыру кезінде қайтадан ұсынылмайды.

      9. Сол бір тұлға осы Тәртіптің 5-тармағына және 6-тармағының бір немесе бірнеше тармақшаларына сәйкес алдын ала ақпарат берген жағдайда мәліметтер қайталанбайды.

      10. Алдын ала ақпарат мынадай жағдайларда:

      а) іргелес теміржол тауарларды одан әрі тасымалдауға қабылдаудан бас тартуына байланысты Одақтың кедендік аумағына тауарлар қайтарылғанда;

      б) оқ-дәрілер әкелінгенде;

      в) халықаралық тасымалдың бос көлік құралдары әкелінгенде, берілмеуі мүмкін.

      11. Егер алдын ала ақпарат тіркелгеннен кейін осындай ақпаратты берген тұлға ондағы мәліметтер мен көлік (тасымалдау), коммерциялық және (немесе) өзге де құжаттарда көрсетілген мәліметтер арасында сәйкессіздікті анықтаған жағдайда мұндай тұлға Одақтың кедендік аумағына тауарлар келгенге дейін алдын ала ақпаратты (алдын ала алынған ақпараттың бұрын алынған тіркеу нөмірі туралы мәліметтерді көрсете отырып) қайтадан беруге міндетті.

      12. Одақтың кедендік аумағына тауарлардың келу орнында қайта тиеу (ауыстырып тиеу) жүзеге асырылған кезде алдын ала ақпарат ұсынған тұлға вагондардың сәйкестендіру нөмірлері туралы мәліметтер бөлігінде алдын ала ақпаратты түзетеді. Мұндай ақпарат алдын ала ақпараттың бұрын берілген тіркеу нөмірі туралы мәліметтер көрсетіле отырып беріледі және қайтадан тіркелмейді.

      13. Алдын ала ақпарат әрбір көлік (тасымал) құжаты бойынша бөлек беріледі.

      Тасымалдаушы не оның тапсырмасы бойынша әрекет ететін тұлға осы Тәртіптің 5-тармағында көзделген мәліметтерді және осы Тәртіптің 6-тармағында көрсетілген мәліметтерді бір хабармен ұсынады.

      14. Осы Тәртіптің 2 және 3-тармақтарында көрсетілген тұлғалардың қалауы бойынша алдын ала ақпарат электрондық құжат түрінде берілуі мүмкін.

      15. Электрондық құжат түріндегі алдын ала ақпарат кеден органына ақпарат берілетін мүше мемлекеттің электрондық түрде ақпаратты құжаттау инфрақұрылымының талаптарына сәйкес келуге тиіс.

      16. Мүше мемлекеттің кеден органы берілген алдын ала ақпаратты Кодекстің 11-бабының 8-тармағына сәйкес айқындалатын тәртіппен және мерзімдерде тіркейді немесе оны тіркеуден бас тартады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады