Ресей Федерациясының Еуразиялық экономикалық одақтың ішкі нарығының жұмыс істеуі шеңберіндегі міндеттемелерін Беларусь Республикасының кәсіпорындары өндірген сүт өнімдеріне қатысты уақытша ветеринариялық-санитариялық шаралар енгізу бөлігінде орындау мониторингі нәтижелерін назарға ала отырып, Еуразиялық экономикалық комиссия туралы ереженің (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа №1 қосымша) 43-тармағының 4-тармақшасына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Ресей Федерациясына Беларусь Республикасының аумағынан Ресей Федерациясының аумағына сүт өнімдерінің жекелеген санаттарын жеткізуге уақытша шектеу енгізілген кезде 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 28-бабының 2-тармағын, 29-бабының 2-тармағын, 56-бабының 4-тармағын және Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 16 мамырдағы № 149 шешімімен бекітілген Уақытша санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шараларды енгізу кезінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының өзара іс-қимыл жасау тәртібінің 3-тармағын орындау қажеттігі жайында хабар білдірілсін.
2. Беларусь Республикасының Үкіметінен Еуразиялық экономикалық комиссияны өндірістік қуаттар мен оларда өндірілетін сүт өнімдерінің ассортименті туралы хабардар ету сұралсын.
3. Ресей Федерациясы Үкіметінен осы Шешім күшіне енген күннен бастап күнтізбелік 10 күн ішінде Еуразиялық экономикалық комиссияны қабылданған шаралар туралы хабардар ету сұралсын.
4. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
Т. Саркисян |