Өнеркәсіптік тауарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бірлесіп өндірген деп тану тәртібі туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 11 маусымдағы № 93 шешімі

      2017 жылғы 26 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссиямен ерікті келісу және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты талқылауларды Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізу тәртібі туралы келісімнің 11-бабы 1-тармағының 15) тармақшасын іске асыру мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Өнеркәсіптік тауарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бірлесіп өндірген деп тану тәртібі (бұдан әрі – Тәртіп) бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің Үкіметтерінен осы Шешім күшіне енген күннен бастап 3 ай мерзімде Тәртіптің 4 және 7-тармақтарында көрсетілген қорытындыларды беруге жауапты уәкілетті органды (ұйымды) анықтау және бұл туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар ету сұралсын.

      3. Тәртіптің 3-тармағы бірінші абзацының ережелері осы Шешім күшіне енген күннен бастап 1 жыл ішінде қолданылады деп белгіленсін. Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттермен бірлесе отырып, осы кезең аяқталғанға дейін күнтізбелік 180 күннен кешіктірмей мұндай ережелерді қолданыстағы не өзгертілген түрінде қолдануды жалғастыру қажеттілігін айқындайды. Егер оларды өзгертілген түрінде қолдануды жалғастыру қажеттілігі айқындалмаған болса, көрсетілген кезең аяқталғаннан кейін Тәртіптің 3-тармағының бірінші абзацының ережелері қолданыстағы түрінде қолданылады.

      4. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2019 жылғы 11 маусымдағы
№ 93 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Өнеркәсіптік тауарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бірлесіп өндірген деп тану ТӘРТІБІ

      1. Осы Тәртіп 2017 жылғы 26 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өнеркәсіптік тауарларға қатысты өзіндік ерекшелікті субсидияларды Еуразиялық экономикалық комиссиямен ерікті келісу және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің өзіндік ерекшелікті субсидияларды беруіне байланысты талқылауларды Еуразиялық экономикалық комиссияның жүргізу тәртібі туралы келісімнің (бұдан әрі – Келісім) 11-бабы 1-тармағының 15-тармақшасын іске асыру мақсатында әзірленді.

      2. Осы Тәртіпті қолдану мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар пайдаланылады:

      "негізгі өндіруші" – тауарды өндіру бойынша технологиялық операцияларды жүзеге асыратын және тауарды өндіру үшін қажетті көлемде конструкторлық және технологиялық құжаттамаға құқығы бар, субсидиялаушы Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттегі заңды тұлға немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлға;

      "өндірушілер" – негізгі өндіруші және бірлесіп өндіруші;

      "бірлесіп өндіруші" – тауарды немесе оның құрамдас бөліктерін (компоненттерін) өндіру бойынша технологиялық операциялардың бір бөлігін орындайтын, осындай технологиялық операцияларды жүзеге асыру үшін және (немесе) тауарды өндіруде пайдаланылатын құрамдас бөліктерді (компоненттерді) әзірлеуді және өндіруді жүзеге асыру үшін қажетті көлемде конструкторлық және технологиялық құжаттамаға құқығы бар негізгі өндірушінің мүше мемлекеті болып табылмайтын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің заңды тұлғасы немесе жеке кәсіпкер ретінде тіркелген жеке тұлғасы.

      3. Егер оны өндіруге 2 және одан артық Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттің (бұдан әрі – мүше мемлекет) мынадай талаптарға жауап беретін өндірушілері қатысқан жағдайда өнеркәсіптік тауар бірлесіп өндірілген тауар деп танылады:

      а) тиісті мүше мемлекеттердің салық резиденттері болып табылады және осы мүше мемлекеттердің аумақтарында тауарды және (немесе) оның құрамдас бөліктерін (компоненттерін) өндіру бойынша технологиялық операцияларды жүзеге асыруы;

      б) тауарды өндіру бойынша дәл сондай технологиялық операцияларды жүзеге асырмауы;

      в) егер субсидиялайтын мүше мемлекеттің заңнамасында субсидиялауы мүше мемлекеттің аумағында тауарды өндіру бойынша технологиялық операцияларды орындау туралы субсидия алушыларға қойылатын талаптар белгіленген жағдайда субсидиялаушы мүше мемлекеттің аумағында қажетті технологиялық операцияларды негізгі өндірушінің жүзеге асыруы;

      г) бірлесіп өндірушілер субсидиялайтын мүше мемлекеттің заңнамасында көзделген жағдайларда осы тармақтың "в" тармақшасында көзделген тауарды өндіру бойынша технологиялық операцияларды жүзеге асыра алуы;

      д) бірлесіп өндірушілер орындаған тауарды өндіру бойынша операциялар құнының немесе бірлесіп өндірушілер өндірген тауардың құрамдас бөліктері (компонеттері) құнының тауарды негізгі өндірушінің өткізу бағасындағы жиынтық пайыздық үлесі Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің Келісімнің 11-бабы 1-тармағының 15-тармақшасында көсетілген критерийді қолдану шарты ретінде белгілейтін мәнге тең немесе артық болуы.

      4. Субсидиялаушы мүше мемлекеттің уәкілетті органының (ұйымының) тиісті қорытынысы өнеркәсіптік тауарды бірлесіп өндірілген деп тануды растау болып табылады. Көрсетілген қорытынды осы Тәртіптің 3-тармағында көрсетілген барлық талаптар сақталған кезде беріледі және олардың сақталуын құжаттамалық растауды қамтуы тиіс.

      5. Осы Тәртіптің 4-тармағында аталған қорытындыны беру тәртібін, егер субсидиялайтын мүше мемлекеттің заңнамасында өзгеше белгіленбеген болса, субсидиялайтын мүше мемлекеттің уәкілетті органы (ұйымы) айқындайды.

      Осы Тәртіптің 3-тармағында көрсетілген шарттардың орындалуын бағалауды субсидиялайтын мүше мемлекеттің уәкілетті органы (ұйымы) жүзеге асырады.

      6. Осы Тәртіптің 3-тармағында көрсетілген шарттардың орындалуын бағалау кезінде субсидиялайтын мүше мемлекеттің уәкілетті органы (ұйымы):

      а) осы Тәртіптің 7-тармағында көрсетілген қорытындыны пайдаланады;

      б) қосымша мәліметер және (немесе) түсіндірулер алу қажет болған жағдайда уәкілетті органдарға (ұйымдарға) сауалдар жібереді. Басқа мүше мемлекеттердің сарапшылық және ғылыми ұйымдарына сауалдар жіберу тиісті мүше мемлекеттің уәкілетті органы (ұйымы) арқылы жүзеге асырылады;

      в) қажет болған жағдайда құрамына бірлесіп өндірушінің мүше мемлекетінің уәкілетті органының (ұйымының) келісімі бойынша өндірушілері тауарды өндіруге қатысатын мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының, сондай-ақ осы мүше мемлекеттердің сарапшы және ғылыми ұйымдарының өкілдері енетін сарапшы комиссия құруы мүмкін.

      7. Егер бірлесіп өндірушінің мүше мемлекетінің заңнамасында өзгеше белгіленбеген болса, осындай уәкілетті орган (ұйым) белгілеген тәртіпте бірлесіп өндірушінің мүше мемлекетінің уәкілетті органы (ұйымы) берген және олардың сақталуын құжаттамалық растауды қамтитын қорытынды бірлесіп өндірушінің осы Тәртіптің 3-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкестігін растау болып табылады.

      8. Өндірушілердің мүше мемлекеттерінің уәкілетті органдары (ұйымдары) осы Тәртіптің 3-тармағының "а" тармақшасында көрсетілген талаптардың орындалуын бағалауды жүргізген кезде қосымшаға сәйкес тізбе бойынша орындалуы өнеркәсіптік тауарды бірлесіп өндірілген деп тану үшін жеткіліксіз операциялар ескерілмейді.

      9. Осы Тәртіптің 4 және 7-тармақтарында көзделген қорытындыларды беруге жауапты уәкілетті органдар (ұйымдар) туралы ақпарат Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында орналастырылады.

  Өнеркәсіптік тауарды
Еуразиялық экономикалық
одаққа мүше мемлекеттер
бірлесіп өндірген деп тану
тәртібіне
ҚОСЫМША

Орындалуы өнеркәсіптік тауарды Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер бірлесіп өндірген деп тану үшін жеткіліксіз операциялардың ТІЗБЕСІ

      1. Минералды және көмірсутекті шикізатты өндіру, тасымалдау және байыту жөніндегі операциялар.

      2. Шикізаттың, материалдардың және соңғы тауардың сқталуын қамтамасыз ету жөніндегі операциялар.

      3. Жуу, тазалау, шаңды алып тастау, тотықпен, маймен және басқа да заттармен қаптау.

      4. Тоқыманы үтіктеу немесе нығыздау (талшықтар мен иірімжіптердің кез келген түрлері, талшықтар мен иірімжіптердің кез келген түрлерінен тоқыма материалдары мен олардан жасалған бұйымдар).

      5. Тауарды сатуға және тасымалдауға дайындау жөніндегі операциялар (лекті бөлу, жөнелтуді қалыптастыру, сұрыптау, қайта орау), ораманы бөлшектеу және құрастыру жөніндегі операциялар.

      6. Қарапайым құрастыру операциялары және тауарларды бөліктерге бөлшектеу жөніндегі операциялар.

      7. Алынған өнімнің бастапқы құрамдас бөліктерден елеулі айырмашылықтарға әкеп соқпайтын шикізат пен материалдарды араластыру.

      8. Алынған компоненттердің бастапқы өнімнен елеулі айырмашылығына әкеп соқпайтын өнімді компоненттерге бөлу.

      9. Бояу немесе жылтырату бойынша операциялар.

      10. Алынған материалдардың бастапқылардан елеулі айырмашылықтарға әкеп соқпайтын қайрау, тарту және қарапайым кесу.

      11. Банкаларға, сауыттарға, қаптарға, жәшіктерге, қорабтарға құю, мөлшерлеу және орамалау жөніндегі қарапайым операциялар.

      12. Осы тізбеде көрсетілген операциялардың 2 немесе одан көп комбинациясын ұсынатын операция.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады