Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асыру механизмдері туралы

Жаңа

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2019 жылғы 1 ақпандағы № 1 шешімі.

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің "Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттары туралы" 2017 жылғы 11 қазандағы № 12 шешімін орындау үшін Еуразиялық үкіметаралық кеңес шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асыру механизмдері бекітілсін.

      2. Еуразиялық экономикалық комиссия:

      2 ай мерзімде Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде іске асырылатын жоба паспортының нысанын және Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2017 жылғы 25 қазандағы № 4 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде Бастамаларды пысықтау тәртібінің 22-тармағына сәйкес жоба бастамасына арналған құжаттар пакетіне қойылатын талаптарды бекітсін;

      Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде екі жобаны іске асыру қорытындысы бойынша Еуразиялық экономикалық одақ органдарының жобаларды іске асыру мәселелері бойынша актілерін құрамы мен қатысушылардың рөлдерін, сондай-ақ жоба құжаттамасын анықтау бөлігінде түзету туралы ұсыныстарды Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің қарауына ұсынсын;

      Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асыру бизнес-процесінің моделін әзірлесін;

      Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде іске асырылатын жобаның техникалық тапсырмасын консенсуспен бекіту мәселесі бойынша шешімдер қабылдауын қамтамасыз етсін;

      Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асыру мақсатында жүргізілетін конкурстық рәсімдерге Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары ұсынған сарапшылардың қатысуын қамтамасыз етсін.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Т. Саркисян

  Еуразиялық үкіметаралық кеңестің
  2019 жылғы 1 ақпандағы
№ 1 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асыру
МЕХАНИЗМДЕРІ
I. Жалпы ережелер

      1. Осы құжат Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2017 жылғы 11 қазандағы № 12 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың 2025 жылға дейінгі цифрлық күн тәртібін іске асырудың негізгі бағыттарына сәйкес әзірленді, Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды дайындау, іске асыру және іске асыру мониторингінің (бұдан әрі тиісінше – мониторинг, Одақ) уақытша тәртібін, сондай-ақ Одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асырудың функционалдық құрылымын белгілейді және Одақтың цифрлық күн тәртібі шеңберінде жобаларды іске асырудың тұрақты қолданыстағы тәртібі бекітілгенге дейін қолданылады.

      2. Осы құжатта пайдаланылатын ұғымдар мыналарды білдіреді:

      "консорциум" – консорциум туралы келісім негізінде жобаны іске асыру мақсатында қызметті жүзеге асыратын Одаққа мүше мемлекеттер ұйымдарының заңды тұлға құрмай бірігуі;

      "ұлттық тапсырыс берушілер" – жобаны әзірлеуге, іске асыруға және жоба шеңберінде Одаққа мүше мемлекеттің аумағында іс-шаралардың және (немесе) жұмыстардың атқарылуы барысын бақылауға қатысатын Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдары;

      "ұлттық тапсырыс беруші-үйлестіруші" – жобаны әзірлеу және іске асыру кезінде Одаққа мүше мемлекеттен басқа ұлттық тапсырыс берушілердің қызметін үйлестіретін ұлттық тапсырыс берушілердің бірі;

      "жоба" – уақытша және ресурстық шектеулер жағдайында бірегей нәтижелерді құруға арналған өзара байланысты іс-шаралар кешені;

      "жобалау қызметі" – жобаны дайындаумен, іске асырумен және аяқтаумен байланысты қызмет.

      3. Жобаның қатысушылары Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) мемлекеттік билік органдары мен ұйымдары, консорциумдар, мүше мемлекеттердің құзырет орталықтары, Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия), орындаушылар (бірге орындаушылар), мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес өзге де субъектілер.

      4. Жобаны іске асыру оны барлық мүше мемлекеттер мақұлдаған кезде жүзеге асырылады. Бұл ретте жоба оған кемінде 3 мүше мемлекет қатысуы шартымен іске асырылады.

      5. Жобаны іске асыруды үйлестіруді құрамына бастамаларды басқару кеңсесінің, Комиссия департаменттерінің, мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарының және (немесе) ұйымдарының өкілдері енетін жобаны үйлестіру жөніндегі жұмыс тобы (бұдан әрі – үйлестіруші топ) жүзеге асырады.

ІІ. Жобалау қызметі

      6. Бастамаларды басқару кеңсесі дайындаған Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2017 жылғы 25 қазандағы № 4 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру шеңберінде бастамаларды пысықтау тәртібіне сәйкес әзірленген жобаны бастамашылық етуге арналған құжаттар пакетін және жобаның паспортын Комиссия Одақ органдарының қарауына ұсынады.

      7. Жобаны іске асыру үшін шешімдер қабылдаудың мынадай механизмі пайдаланылады:

      а) Комиссия Кеңесі:

      жобаны іске асыру туралы шешім қабылдайды не мәселені Одақтың жоғары тұрған органдарына қарау үшін жібереді;

      жобаны бастамашылық етуге арналған құжаттар негізінде қаржыландыруға қатысушыларды, көлемін, мерзімдерін және көздерін, меншік құқығы мәселелерін көрсете отырып, жобаның паспортын бекітеді;

      жоғары деңгейлі іс-шаралар жоспарын бекітеді;

      үйлестіруші топтың құрамы мен оның басшысын бекітеді;

      Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне сәйкес жобаларды іске асыру мәселелері бойынша өзге де шешімдер қабылдайды;

      б) Комиссия Алқасы Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне сәйкес Комиссия Кеңесінің (Одақтың өзге органының) жобаны іске асыру туралы шешімі негізінде жобаны іске асыру барысы мәселелері бойынша шешім қабылдайды, жобаның техникалық тапсырмасын (жобаның мақсатына жетуге ықпал ететін, бірақ іс-шараларды Одақтық бюджеттің қаражаты немесе мүше мемлекеттердің бюджеттері есебінен іске асыруды көздемейтін талаптарды қоса алғанда) және жобаны іске асыру үшін қажеті басқа да құжаттарды бекітеді;

      в) мүше мемлекеттер ұлттық деңгейде жобаны іске асыруға және (немесе) жобалау қызметі шеңберінде іс-шаралардың орындалуына жауапты уәкілетті органдарды және (немесе) ұйымдарды, сондай-ақ үйлестіруші топ мүшелерінің кандидатурасын белгілейді және бұл туралы Комиссияға ресми хат жөнелту арқылы хабарлайды.

      8. Мүше мемлекеттер мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жобаны қаржыландыруға қатысқан жағдайда жобаны іске асыру туралы шешім мен жоба паспортын Еуразиялық үкіметаралық кеңес қабылдайды. Мүше мемлекет көрсетілген жағдайда ұлттық тапсырыс берушілер мен ұлттық тапсырыс беруші-үйлестірушіні белгілейді және бұл туралы Комиссияға ресми хат жөнелту арқылы хабарлайды.

      9. Үйлестіруші топ:

      а) жобаны басқару әдіснамасын белгілейді;

      б) жобалау қызметін үйлестіруді жүзеге асырады;

      в) мониторингті жүзеге асырады;

      г) жобаны іске асыру барысы туралы есепті дайындайды;

      д) қажет болған жағдайда жоба құжатына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстар дайындайды;

      е) жобаға қатысушылар арасындағы проблемалық мәселелерді және келіспеушіліктерді қарайды;

      ж) жобаны қабылдау-тапсыру сынағын ұйымдастырады;

      з) Комиссия Кеңесінің тапсырмасы бойынша, жобалау қызметін үйлестірумен байланысты өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      10. Жобаны іске асыру кезінде жобалау қызметін әдістемелік және сарапшылық қолдауды жобаның қатысушылары болып табылатын құзыреттер орталығы іске асыруы мүмкін.

      11. Жоба Комиссия, мүше мемлекеттер және (немесе) консорциум іске асыратын іс-шараларды қамтуы мүмкін.

      12. Комиссия іске асыратын іс-шаралардың бөлігінде жобаның тиісті іс-шараларының орындаушысын белгілеу Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2012 жылғы 25 қаңтардағы № 5 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның қажеттілігіне арналған тауарларды жеткізу, жұмыстарды орындау және қызметтер көрсетуге тапсырыстар орналастыру және шарттар жасау туралы ережеге сәйкес жүзеге асырылады.

      13. Жалғыз жеткізушіден (орындаушыдан) сатып алуды ұйымдастырған жағдайда алдын ала іріктеу тәртібін Комиссия Алқасы белгілейді.

      14. Орындаушы міндетті тәртіпте жобаны іске асыруға қатысатын барлық мүше мемлекеттердің, сондай-ақ қызығушылық танытқан жағдайда Одаққа мүше басқа да мемлекеттердің ұйымдарын бірлесіп орындаушы ретінде тартады. Орындаушы бірлесіп орындаушымен Комиссияға ұсынылатын консорциум туралы келісім жасайды.

      15. Комиссия Кеңесі үйлестіруші топ ұсынған жобаны іске асыру туралы қорытынды есептің негізінде жобаны жабу туралы шешім қабылдайды.

      Мүше мемлекеттер мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде жобаны қаржыландыруға қатысқан жағдайда жобаны жабу туралы шешім Еуразиялық үкіметаралық кеңестің қарауына ұсынылады.

ІІІ. Мониторинг


      16. Мониторинг жүргізу бойынша қызметті үйлестіруші топ орындаушымен өзара іс-қимылда жүзеге асырады.

      17. Мониторинг барысында үйлестіруші топ мерзімділігі мен ұсыну мерзімдері жобаның паспортында көрсетілетін есепті (қорытынды есепті қоса алғанда) дайындайды, соның ішінде есепті Комиссия Кеңесіне қарау үшін жылына 2 реттен кем емес міндетті ұсыну көзделген.

      18. Мониторингтің айқындығы мен тәуелсіздігін қамтамасыз ету үшін Одақтың ресми сайтында жобаның паспорты, жобаны іске асыру барысы туралы есептер, орындаушы, консорциум туралы ақпарат, таратылуы шектеулі мәліметтерді немесе коммерциялық құпияны қамтитын материалдардан басқа өзге де мәліметтер жарияланады.

      19. Жобаны іске асыру мониторингі және нәтижелерді талдау жоба паспортында, жоғары деңгейлі іс-шаралар жоспарында көрсетілген мақсатты көрсеткіштер ескеріле отырып жүзеге асырылады. Мақсатты көрсеткіштерден ауытқулар болған жағдайда үйлестіруші топ жоба құжаттарына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстарды дайындайды және үйлестіру іс-шараларын жүргізеді.

ІV. Жобаларды қаржыландыру механизмі

      20. Жобаларды іске асыруды қаржылық қамтамасыз ету:

      а) Одақтың цифрлық күн тәртібін іске асыру бөлігінде Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесін құруға, жұмыс істеуін қамтамасыз етуге және дамытуға Комиссия көздеген Одақтық бюджеттің қаражаты есебінен – Одақ органдарының жобаларды іске асыру туралы шешімдері негізінде;

      б) мүше мемлекеттер бюджеттерінің қаражаты есебінен – мүше мемлекеттердің өз заңнамасына сәйкес жобалардың жекелеген іс-шараларын, сондай-ақ Одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесінің ұлттық сегменттерін дамыту бойынша іс-шараларды мемлекеттік бағдарламалар құрамында жүзеге асыруы арқылы;

      в) консорциумға қатысушылардың қаражаты, гранттар және мүше мемлекеттердің заңнамасы тыйым салмаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.

V. Қорытынды ережелер

      21. Жобаны іске асыру шеңберінде алынған нәтижелерге меншік құқығына, авторлық құқықтарға қатысты мәселелер Одақтың құқығына және мүше мемлекеттердің заңнамасына сәйкес жоба паспортында белгіленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады