Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа №14 қосымша) 3-тармағының 5-тармақшасына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қосымшаға сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 23 қаңтардағы "Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер экономикалық дамудың орнықтылығын анықтайтын макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерінен асып кеткен жағдайда экономикалық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған ұсынымдар мен бірлескен іс-шараларды әзірлеу және қабылдау тәртібі туралы" № 9 шешіміне өзгерістер енгізілсін.
2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының Төрағасы |
М. Мясникович |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2020 жылғы 18 ақпандағы № 27 шешіміне ҚОСЫМША |
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2018 жылғы 23 қаңтардағы № 9 шешіміне енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР
1. Кіріспесі "5-тармақшасына" деген сөздерден кейін ", 4-тармағы 2-тармақшасының төртінші абзацына және 3-тармақшасының екінші абзацына" деген сөздермен толықтырылсын.
2. Көрсетілген Шешіммен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер экономикалық дамудың орнықтылығын анықтайтын макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерінен асып кеткен жағдайда экономикалық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған ұсынымдар мен бірлескен іс-шараларды әзірлеу және қабылдау тәртібі мынадай редакцияда жазылсын:
"Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасыны 2018 жылғы 23 қаңтардағы № 9 шешімімен БЕКІТІЛГЕН (Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2020 жылғы 18 ақпандағы № 27 шешімінің редакциясында) |
Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер экономикалық дамудың орнықтылығын анықтайтын макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерінен асып кеткен жағдайда экономикалық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған ұсынымдар мен бірлескен іс-шараларды әзірлеу және қабылдау ТӘРТІБІ
1. Осы Тәртіп Келісілген макроэкономикалық саясатты жүргізу туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 14 қосымша) 3-тармағының 5-тармақшасына, 4-тармағы 2-тармақшасының төртінші абзацына және 3-тармақшасының екінші абзацына сәйкес әзірленген және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер экономикалық дамудың орнықтылығын анықтайтын макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерінен асып кеткен жағдайда экономикалық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған ұсынымдар мен бірлескен іс-шараларды әзірлеу және қабылдау (бұдан әрі – тиісінше ұсынымдар, бірлескен шаралар) мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссияның (бұдан әрі - Комиссия) және ұлттық (орталық) банктерді қоса алғанда, экономика, қаржы саласындағы мемлекеттік саясатты қалыптастыру және құқықтық реттеу функцияларын жүзеге асыратын Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер органдарының (бұдан әрі – тиісінше Одақ, мүше мемлекеттер, уәкілетті органдар) іс-қимылының дәйектілігін айқындайды.
2. Егер Комиссияның Одақтың ресми сайтында жарияланатын жыл қорытындысы бойынша ресми статистикалық ақпараты (бұдан әрі – статистикалық ақпарат) негізіндегі макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндеріне жүргізген мониторинг нәтижелері бойынша (алдын ала - мемлекеттік басқару секторының шоғырландырылған бюджетінің тапшылығы және мемлекеттік басқару секторының қарызы үшін) экономикалық дамудың тұрақтылығын айқындайтын макроэкономикалық көрсеткіштерінің сандық мәндерінің алдыңғы жылдың қорытындысы бойынша асып кетуі анықталған болса, Комиссия статистикалық ақпарат жарияланған айдан кейінгі айдың 10-нан кешіктірмей осы мүше мемлекетке макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерінің асып кеткендігі туралы хабарлама жібереді.
3. Макроэкономикалық көрсеткіштері сандық мәндерінен асып кеткен мүше мемлекет макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерінің асып кеткендігі туралы хабарламаны алғаннан кейін Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентінің 99-тармағында белгіленген тәртіппен мүше мемлекеттің экономикалық жағдайды тұрақтандыруға және макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндеріне сәйкестігін қамтамасыз етуге бағытталған қабылдаған және жоспарлаған ұлттық шаралары туралы Комиссияға ақпарат ұсынады.
4. Комиссия осы Тәртіптің 3-тармағында көрсетілген ақпаратты алғаннан кейін күнтізбелік 30 күн ішінде экономикалық ахуалды тұрақтандыруға бағытталған шараларды қабылдау жөніндегі ұсыныстарымен қоса ұсынымның жобасын әзірлейді.
5. Комиссия макроэкономикалық көрсеткіштерінің сандық мәндері асып кеткен мүше мемлекетке келісу үшін ұсынымның жобасын жібереді және мүше мемлекетке ұсыныс жіберілген күннен бастап күнтізбелік 20 күннен аспайтын мерзімде осы мүше мемлекеттің уәкілетті органдарымен консультациялар жүргізеді.
6. Макроэкономикалық көрсеткіштерінің сандық мәндері асып кеткен мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен консультация жүргізудің нәтижелері бойынша пысықталған ұсынымның жобасы Комиссия Алқасының қарауына ұсынылады. Ұсыным қорытынды бойынша асып кету анықталған жылдан кейінгі күнтізбелік жыл ішінде қабылданады.
7. Осы Тәртіптің 2-тармағына сәйкес жүргізілген мониторинг нәтижелері бойынша мүше мемлекеттің сол бір макроэкономикалық көрсеткіштің сандық мәнінен 3 жыл қатарынан асып кеткендігі анықталған жағдайда бірлескен шаралар әзірленеді.
Комиссия статистикалық ақпаратты жариялаған айдан кейінгі айдың 10-нан кешіктірмей (алдын ала - мемлекеттік басқару секторының шоғырландырылған бюджетінің тапшылығы және мемлекеттік басқару секторының қарызы үшін) жыл қорытындысы бойынша:
макроэкономикалық көрсеткіштің сандық мәнінен асып кеткен мүше мемлекетке - сол бір макроэкономикалық көрсеткіштің сандық мәнінен 3 жыл қатарынан асып кеткендігі және бірлескен шараларды әзірлеу қажеттігі туралы хабарлама;
басқа мүше мемлекеттерге – бірлескен шараларды (макроэкономикалық көрсеткіштің сандық мәнінен асып кеткен мүше мемлекетке хабарламаның көшірмесімен қоса) әзірлеу қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
8. Егер Комиссияға макроэкономикалық көрсеткіштердің сандық мәндерінен асып кеткен мүше мемлекеттерден бірлескен шараларды әзірлеу туралы сұрау салу келіп түссе, Комиссия басқа мүше мемлекеттерге бірлескен шараларды әзірлеу қажеттігі туралы хабарлама жібереді.
9. Осы Тәртіптің тиісінше 7-тармағында немесе 8-тармағында көзделген хабарламаны алғаннан кейін мүше мемлекеттер Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентінің 99-тармағында белгіленген тәртіппен бірлескен шаралар туралы ұсыныстар жібереді.
10. Комиссия мүше мемлекеттерден бірлескен шаралар туралы ұсыныстарды алғаннан кейін мүше мемлекеттерден соңғы ұсынысты алған күннен бастап күнтізбелік 90 күннен аспайтын мерзімде аталған жобаны мүше мемлекеттерге келісуге жібереді және бірлескен шаралар жобасын жіберген күннен бастап күнтізбелік 30 күннен аспайтын мерзімде мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен консультациялар жүргізеді.
11. Мүше мемлекеттердің уәкілетті органдарымен консультациялардың нәтижелері бойынша пысықталған бірлескен шаралар жобасы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің қарауына ұсынылады.
12. Мүше мемлекет осы макроэкономикалық көрсеткіштің сандық мәнінен асыруды жалғастырған жағдайда бірлескен шаралар 3 жылда кем дегенде 1 рет әзірленеді ".