Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентінің 13-тармағына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің "Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды, Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, олардың интеграциялық бірлестіктерімен және халықаралық ұйымдармен жасалатын халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақ органдарының шешімдерін ресми жариялау туралы" 2014 жылғы 21 қарашадағы № 90 шешімінің 1-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:
1. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтын қалыптастыру және жүргізу тәртібі бекітілсін.
2. Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының "Еуразиялық экономикалық комиссияның Интернет желісіндегі ресми сайты туралы" 2013 жылғы 16 сәуірдегі № 83 шешімінің күші жойылды деп танылсын.
3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң күшіне енеді.
Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы Төрағасының міндетін уақытша атқарушы |
В. Назаренко |
Еуразиялық экономикалық комссия Алқасының 2020 жылғы 3 қарашадағы № 141 шешіміне ҚОСЫМША |
Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтын қалыптастыру және жүргізу ТӘРТІБІ
1. Осы Тәртіп Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентінің 130-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссияда (бұдан әрі – Комиссия) "Интернет" ақпараттық-телекоммуникациялық желісінде Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтын (бұдан әрі тиісінше – Одақтың сайты, Одақ) қалыптастыру және жүргізу жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыруға жүйелі тәсілдемені қалыптастыру, Одақ органдарының қызметі туралы ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа сәйкес Одақтың сайтында құжаттарды жариялау және ақпаратты орналастыру мақсатында әзірленді.
2. Одақтың сайтында мынадай ақпараттар орналастырылады:
а) Одақ органдарының актілері мен актілерінің жобалары;
б) Одақ (Одаққа мүше мемлекеттер туралы, Одақтың органдары туралы, Еуразиялық интеграцияның даму тарихы туралы), ақпараттық ресурстар мен сервистер туралы жалпы ақпарат;
в) Одақтың жұмыс істеуіне қатысты жаңалықтар мен өзге де ақпараттар.
3. Одақ сайтының құрамына ақпараттық ресурстар енеді (Одақ сайты доменінің үшінші деңгейлі кіші домендері (eaeunion.org)).
4. Одақ сайтының құрамына енетін ақпараттық ресурсты құру туралы шешімді Комиссия Алқасы қабылдайды.
Одақ сайтының құрамына енетін ақпараттық ресурсты қалыптастыру және жүргізу тәртібі Комиссия Алқасы Төрағасының бұйрығымен бекітіледі.
Одақ сайтының құрамына енетін ақпараттық ресурстарда арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақылық тергеп-тексерулер жүргізумен байланысты ақпаратты орналастыру тәртібін Комиссияның осындай тергеп-тексерулерді жүргізуге жауапты орган өкілеттігі берілген құрылымдық бөлімшесінің басшысы айқындайды.
5. Одақтың сайтында орналастырылған ақпарат Одақтың сайтын барлық пайдаланушыларға қолжетімді.
Пайдаланушылардың белгілі бір тобына арналған ақпаратты орналастыру мақсатында Одақтың сайтында қолжетімділігі шектеулі бөлімдер мен парақшалар құрылуы мүмкін.
6. Одақтың сайтында Одақ органдарының актілерін жариялау Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 21 қарашадағы № 90 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі халықаралық шарттарды, Еуразиялық экономикалық одақтың халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші мемлекеттермен, олардың интеграциялық бірлестіктерімен және халықаралық ұйымдармен жасалатын халықаралық шарттарын, Еуразиялық экономикалық одақ органдарының шешімдерін ресми жариялау тәртібіне сәйкес жүзеге асырылады.
Одақтың сайтында Одақтың органдары актілерінің жобаларын және Одақтың сайтында орналастыруға жататын Комиссия ақпаратын орналастыру Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне және Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2015 жылғы 5 мамырдағы № 46 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссиядағы ішкі құжат айналымы қағидаларына сәйкес жүзеге асырылады.
Пайдаланушылар Одақтың сайтында Одақтың органдары актілерінің жобалары бойынша пікірлер мен ұсыныстар орналастыруы мүмкін. Бұл үшін Одақтың сайтында тіркеу нысандарын пайдалана отырып өз бетінше тіркелу арқылы пайдаланушылардың жеке кабинеттерін құру мүмкіндігі көзделеді.
7. Одақтың сайты Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдерінде және ағылшын тілінде жүргізіледі.
Одақтың сайтына орналастырылатын ақпараттар мен навигация элементтерін орыс тілінен Одаққа мүше мемлекеттердің мемлекеттік тілдеріне аударуды ұйымдастыруды Комиссияның Протокол және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаменті жүзеге асырады.
8. Одақ сайтының жұмысын істеуін қамтамасыз етуді Комиссияның Ақпараттық технологиялар департаменті мен Комиссияның Протокол және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаменті жүзеге асырады.
9. Комиссияның Ақпараттық технологиялар департаменті мынадай жұмыстарды ұйымдастыруды және орындауды қамтамасыз етеді:
а) Одақтың сайтына ақпаратты орналастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
б) Одақ сайтының ақпараттық ресурстарын құру;
в) Одақ сайтының ақпараттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
г) Одақ сайтының үздіксіз жұмыс істеуі мақсатында оның бағдарламалық-аппараттық бөлігіне техникалық қызмет көрсету;
д) Одақ сайтының деректері мен ыңғайластырылатын параметрлерін ақпаратты сыртқы тасымалдағыштарға резервтік көшіру;
е) Одақ сайтының жұмыс істеуі кезінде тосын жағдайлардың туындау себептерін анықтау;
ж) Комиссияның лауазымды тұлғаларын, қызметкерлерін тіркеу және оларға тиісті қолжетімділік құқығын ұсыну, Комиссияның осы лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерінің тізілімін жүргізу;
з) Одақтың сайтында қолжетімділігі шектеулі бөлімдерді және парақшаларды құру;
и) Одақтың ақпараттық ресурстарын әзірлеу жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
к) Комиссияның Протокол және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаментінің сұратуы бойынша сайтты жаңғырту.
10. Комиссияның Протокол және ұйымдастырушылық қамтамасыз ету департаменті:
а) Одақтың сайтында ақпаратты орналастыру жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру;
б) Одақтың сайтын қалыптастыру және жүргізу кезінде фирмалық стильді пайдалануды бақылау;
в) Комиссияның Ақпараттық технологиялар департаментіне Одақ сайтының құрылымын, оның дизайнын, функционалдық және интерактивті сервистерін жетілдіру бойынша, Комиссияның құрылымдық бөлімшелерінің, сондай-ақ Одаққа мүше мемлекеттердің Комиссиямен өзара іс-қимыл жасауға уәкілетті мемлекеттік органдарының ұсыныстары негізінде ақпараттық ресурстар құру бойынша ұсыныстар енгізу;
г) Комиссияның құрылымдық бөлімшелерінің ұсыныстары негізінде Одақтың сайтында өзекті ақпаратты орналастыруға өтінімдер дайындау және Комиссияның Ақпараттық технологиялар департаментіне жіберу бөлігінде Одақ сайтының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді.