Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде қабылданатын, COVID-19 коронавирустық инфекциясы пандемиясының даму жағдайларында экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған шаралар туралы

Жаңа

Еуразиялық Үкіметаралық Кеңестің 2020 жылғы 31 қаңтардағы № 6 Өкімі

      Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – Одақ) шеңберінде макроэкономикалық тұрақтылықты сақтау, халықтың өмірлік маңызды қажеттіліктерін қамтамасыз ету, өзара сауданы, тауарлардың еркін қозғалысын қолдау және одан арғы экономикалық өсімге жағдай жасау мақсатында Еуразиялық үкіметаралық кеңес мынадай шараларды қабылдау қажет деп есептейді.

      1. Дағдарысқа қарсы және тұрақтандырушы жедел уақытша шаралар:

      1.1. Одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі – мүше мемлекеттер) уәкілетті органдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясы таралуының алдын алу және оның салдарларын барынша азайту бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізу кезінде, оның ішінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі шеңберінде өзара іс-қимыл жасасуы;

      1.2. мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары мен экономикалық операторларының (кәсіпорындар, ұйымдар және дара кәсіпкерлер) жоғары деңгейдегі байланыс жасаушы уәкілетті лауазымды адамдарды айқындауды қоса алғанда, өндіру және тұтыну теңгерімдерін ескере отырып, өзара саудада алғашқы қажеттілік тауарларының берілімдерін жедел ұйымдастыру мақсатында өзара іс-қимыл жасасуы;

      1.3. аса маңызды тауарлардың импорты үшін "жасыл дәліз" жасау, оған қоса:

      аса маңызды тауарларға қатысты кедендік әкелу баждарының ставкаларын уақытша негізде нөлге түсіру;

      аса маңызды тауарларды ресімдеу кезінде кедендік рәсімдерді оңайлату (тауарларға арналған декларацияларды және тауарлардың шығарылымын автоматты түрде тіркеу мүмкіндігін қоса алғанда, уәкілетті экономикалық операторлар беретін оңайлатуларды кеңінен пайдалану мақсатында оларды аса маңызды тауарлар импортының процесіне тарту, аса маңызды импорт тауарларын алып өтуге маманданатын тұлғаларды тәуекелдің төмен деңгейіне жатқызу);

      Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі 81-бабының 1-тармағына сәйкес COVID-19 коронавирустық инфекциясы пандемиясының алдын алуға және оның салдарларын жоюға қажетті тауарларға қатысты кедендік операцияларды бірінші кезекті тәртіппен жасау;

      1.4. аса маңызды тауарлардың үшінші елдерге экспортына бірыңғай уақытша шектеулер енгізу;

      1.5. мүше мемлекеттердің өздеріне қатысты уақытша шектеулер енгізілетін тауарлардың тапшылығы жағдайында гуманитарлық көмек көрсету немесе атаулы берілімдер жіберу (өтеулі негізде) мәселелерін қоса алғанда, COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына ден қоюдың айрықша қажеттігіне байланысты уақытша шектеулер енгізу туралы нормативтік құқықтық актілерінің жобалары бойынша Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің мүшелері деңгейінде алдын ала консультацияларды жедел өткізу;

      1.6. COVID-19 коронавирустық инфекциясы таралуының алдын алу және оның салдарларын барынша азайту үшін қолданылатын өнімнің Одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін бағалаудың проблемалы мәселелері бойынша мүше мемлекеттердің техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органдарының консультацияларын жедел түрде өткізу және Одақ органдарының түсіндірмелерін және (немесе) актілерін дайындау;

      1.7. мүше мемлекеттерде өндірілген және тіркелген, үшінші елдердің нарықтарына арналған, таңбалануы Одақта белгіленген талаптардан ерекшеленетін, COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл жасау үшін қолданылатын дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды олардың қайталама (тұтынушылық) қаптамасына өзінің аумағында айналысқа жіберілуі жоспарланып отырған мүше мемлекеттің заңнамасы талап ететін қажетті ақпараты бар стикерлерді жапсыру шартымен мүше мемлекеттердің аумақтарында айналысқа жіберуге рұқсат беру;

      1.8. жекелеген салалардың экономикалық және әлеуметтік маңыздылығын ескере отырып, олар үшін жасақтаушылар мен материалдарға кедендік әкелу баждарын уақытша негізде төмендету немесе нөлге түсіру;

      1.9. Еуразиялық экономикалық одақ Кеден кодексінің 58-бабының 7-тармағына және 59-бабының 2-тармағына сәйкес кейінге қалдыру және бөліп-бөліп төлеу механизмдерін уақтылы пайдалану және импорттаушыларда кедендік төлемдерді төлеу үшін қаражаттың болмауы себебінен өндірістік тізбектері үшін аса маңызды тауарларды кедендік рәсімдермен орналастырудың мүмкін болмауына байланысты олардың қоймаларда жинақталып қалуына жол бермеу мақсатында тауарлар импортына байланысты ахуалдың мониторингін жүзеге асыру;

      1.10. мүше мемлекеттердің халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнамасын ескере отырып, Одақ шеңберінде де, транзит мақсатында да көлік пен жүк тасымалдарының үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету;

      1.11. вирусқа қарсы препараттар мен вакциналар жасау, сондай-ақ олардың жаппай өндірісін жолға қою бойынша бірлескен іс-шараларды іске асыру;

      1.12. Одақ құқығының өнеркәсіптік субсидиялар мен ауыл шаруашылығы субсидияларына қатысты ережелерін ескере отырып, кәсіпорындарды салықтық және бюджеттік ынталандыру мәселелері бойынша Еуразиялық экономикалық комиссияның қатысуымен мүше мемлекеттердің уәкілетті органдары арасында консультацияларды жедел өткізу;

      1.13. Одақтың ортақ нарығының жұмыс істеуі үшін мемлекеттік сатып алуға қолжетімділікті сақтау және кеңейту;

      1.14. өзара сауданы қолдау мақсатында экспорттық кредиттердің көлемін ұлғайту (оның ішінде өңірлік және ұлттық даму институттарының қаражаты есебінен) және экспорттық кредиттерді сақтандыру бойынша кепілдіктер беру.

      2. Экономиканы қалпына келтіру және одан әрі дамытуды қамтамасыз ету үшін жағдайлар жасау жөніндегі шаралар:

      2.1. сауданы цифрландыру үшін қажетті жағдайлар жасау, оған қоса:

      электрондық тауарлық-ілеспе құжаттарды енгізу және пайдалануды кеңейту, сондай-ақ логистикалық операторлардың өзара іс-қимылын цифрландыру;

      импорттық, экспорттық және транзиттік тауарлар үшін автоматты тіркеу және автоматты шығару технологияларын қолдануды кеңейту;

      өзара саудада ҚҚС-тың нөлдік ставкасын растауды автоматтандыру;

      электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану мүмкіндігін кеңейту;

      2.2. ұлттық (орталық) банктер арасында мынадай:

      макроэкономикалық орнықтылықты, баға және қаржы тұрақтылығын қамтамасыз ету;

      қызметкерлердің бір бөлігінің қашықтан жұмыс істеуіне мүмкіндік беру жағдайында қаржы секторы қызметінің үздіксіздігін қамтамасыз ету, операциялық тәуекелдерді азайту және ақпараттық қауіпсіздікті қолдау;

      қаржы секторының экономикаға ресурстарды беру бойынша, оның ішінде нақты сектор кәсіпорындарын кредиттеу шарттарын жұмсарту бөлігіндегі әлеуетін қолдау;

      қаржы секторы мен оның клиенттерінің ағымдағы жағдайларда барынша ыңғайлы бейімделуі мақсатында реттеу механизмдерін және өтімділікті ұсыну жөніндегі шараларды икемді қолдану;

      төлем жүйелері қызметінің үздіксіздігін сөзсіз сақтау жағдайында оларға түсетін әкімшілік жүктемені жеңілдету;

      жедел төлемдер жүйелерін, сондай-ақ банктік көрсетілетін қызметтерді, оның ішінде қашықтан сәйкестендіру мүмкіндіктерін пайдалана отырып қашықтан алу механизмдерін пайдалануды қоса алғанда, негізінен тауарларға (жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге) ақы төлеудің қолма-қол ақшасыз тәсілдерін пайдалануды ынталандыру мәселелері бойынша тұрақты консультациялар өткізуді ұсыну;

      2.3. үшінші елдердің валюталарына қатысты ұлттық валюталардың айырбас бағамдарының құбылмалылығына байланысты бағалардың негізсіз өсуін болдырмау бойынша мониторингті жүзеге асыру және шараларды жедел қабылдау;

      2.4. еркін сауда туралы келісімдер бойынша Одақтың үшінші елдермен сауда келіссөздерін жеделдету және оларды кейіннен имплементтеу;

      2.5. Еуразиялық тұрақтандыру және даму қорының макроэкономикалық тұрақтандыру мақсатында мүше мемлекеттерге белгіленген тәртіппен кредиттік жәрдем көрсетуі;

      2.6. Еуразиялық даму банкіне өз мандаты шеңберінде мүше мемлекеттермен бірге COVID-19 коронавирустық инфекциясының таралуымен күресу үшін жобаларды іске асыруды пысықтау ұсынылсын.

      3. Мүше мемлекеттердің үкіметтері ұлттық (орталық) банктерді (келісім бойынша) қатыстыра отырып, құзыреті шеңберінде Еуразиялық экономикалық комиссиямен өзара іс-қимыл жасап, осы Өкімде көзделген шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы Өкім Еуразиялық экономикалық одақтың ресми сайтында жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

      Еуразиялық үкіметаралық кеңес мүшелері:


Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады