Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі туралы

Жаңа

Жоғары Еуразиялық экономикалық Кеңестің 2022 жылғы 9 желтоқсандағы № 19 шешімі.

      2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 12-бабы 2-тармағының 22-тармақшасына сәйкес Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес шешті:

      1. Қосалқы орган – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі құрылсын.

      2. Қоса беріліп отырған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі туралы ереже бекітілсін.

      3. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күшіне енеді.

Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз
Республикасынан

Ресей
Федерациясынан

  Жоғары Еуразиялық
экономикалық кеңестің
2022 жылғы 9 желтоқсандағы
№ 19 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің

энергетика саласындағы уәкілетті органдары

басшыларының кеңесі туралы

ереже

I. Жалпы ережелер

      1. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы уәкілетті органдары басшыларының кеңесі (бұдан әрі – тиісінше мүше мемлекеттер, уәкілетті органдар, Басшылар кеңесі) 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі – Шарт) сәйкес мүше мемлекеттердің үйлестірілген энергетикалық саясатты іске асыруы үшін қосалқы орган ретінде құрылады.

      Уәкілетті органдар деп мүше мемлекет уәкілеттік берген энергетика саласындағы мемлекеттік органдар түсініледі.

      2. Басшылар кеңесі өз қызметінде Шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың (бұдан әрі – Одақ) құқығын құрайтын басқа да халықаралық шарттар мен актілерді, Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссия жұмысының регламентін, сондай-ақ осы Ережені басшылыққа алады.

II. Басшылар кеңесінің негізгі міндеттері, функциялары мен өкілеттіктері

      3. Басшылар кеңесінің негізгі міндеттері мыналар болып табылады:

      а) мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастығын қамтамасыз ету;

      б) үйлестірілген энергетикалық саясатты іске асыруға жәрдемдесу;

      в) Одақтың энергетикалық ресурстарының ортақ нарықтарын кезең-кезеңімен қалыптастыруға жәрдемдесу;

      г) мүше мемлекеттердің уағдаластықтарын ескере отырып, энергетика саласындағы интеграцияны дамыту бағыттары мен перспективаларын айқындайтын тәсілдерді әзірлеу;

      д) мүше мемлекеттердің жиынтық энергетикалық әлеуетін тиімді пайдалануға жәрдемдесу;

      е) мүше мемлекеттердің энергия тиімділігі және энергия үнемдеу саласындағы өзара іс-қимылына жәрдемдесу.

      4. Басшылар кеңесі өзіне жүктелген міндеттерді іске асыру үшін мынадай функцияларды жүзеге асырады:

      а) келіспеушіліктер орын алған Одақ органдары актілерінің жобалары бойынша мүше мемлекеттердің келісілген ұстанымдарын әзірлеуге мына мәселелер бөлігінде жәрдемдеседі:

      үйлестірілген энергетикалық саясатты іске асырудың тиімді тетіктері мен құралдарын қалыптастыру;

      Одақтың энергетикалық ресурстарының ортақ нарықтарының жұмыс істеуіне әсер ететін кедергілерді (тосқауылдарды, шектеулерді, алып қоюды) жою;

      мүше мемлекеттердің энергетика саласындағы кадрлық әлеуетін тарту және пайдалану;

      уәкілетті органдардың өзара іс-қимылын (оның ішінде ақпараттық) жетілдіру;

      Басшылар кеңесінің міндеттерін шешу үшін қажетті өзге де мәселелер;

      б) Электр энергетикасы жөніндегі консультативтік комитеттің және (немесе) Мұнай және газ жөніндегі консультативтік комитеттің шеңберінде реттелмеген, оның ішінде Одақтың энергетикалық ресурстарының жалпы нарықтарын реттейтін Одақ органдары актілерінің жобаларын әзірлеуге байланысты мәселелер бойынша келісілген ұсыныстар әзірлейді;

      в) энергетикалық саясатқа байланысты салааралық мәселелер бойынша келісілген шешімдерді әзірлеуге қатысады;

      г) мемлекеттік билік органдары мен мүше мемлекеттердің ұйымдарынан энергетика саласындағы қажетті ақпаратты сұратады;

      д) мүше мемлекеттердің энергетика мәселелері бойынша Одақ құқығын іске асыру шеңберінде өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      5. Басшылар кеңесі Шарттың XX бөлімінің ережелерін іске асыруды қамтамасыз етуге бағытталған шешімдер қабылдайды, Одақ органдары үшін ұсыныстар мен ұсынымдар дайындайды.

III. Басшылар кеңесінің құрамы

      6. Басшылар кеңесінің құрамы уәкілетті органдардың басшыларынан қалыптастырылады. Басшылар кеңесінің құрамына құзыретіне энергетика мәселелері жататын Еуразиялық экономикалық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) Алқасының мүшесі енгізіледі.

      7. Құзыретіне энергетика мәселелері жататын Комиссия Алқасының мүшесі Басшылар кеңесінің төрағасы болып табылады.

      8. Басшылар кеңесінің төрағасы:

      а) Басшылар кеңесінің қызметін ұйымдастыруды қамтамасыз етеді:

      Одақ органдарының тапсырмаларын және (немесе) Басшылар кеңесі мүшелерінің ұсыныстарын ескере отырып, Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібін қалыптастырады, келіседі және бекітеді, оның өткізілетін күнін, уақыты мен орнын айқындайды;

      мүше мемлекеттердің мемлекеттік билік органдарымен, ғылыми және білім беру мекемелерімен, қоғамдық ұйымдармен, мүше мемлекеттердің бизнес-қауымдастықтарымен, халықаралық ұйымдармен және тәуелсіз сарапшылармен өзара іс-қимыл жасайды;

      б) Басшылар кеңесінің отырыстарын жүргізеді;

      в) Басшылар кеңесі отырыстарының хаттамаларына қол қояды.

      9. Басшылар кеңесінің отырысына Басшылар кеңесінің отырысында қаралатын мәселелер құзыретіне жататын Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлері, уәкілетті және өзге де мемлекеттік органдардың, ғылыми және білім беру мекемелерінің, қоғамдық ұйымдардың, мүше мемлекеттердің бизнес-қоғамдастықтарының, халықаралық ұйымдардың өкілдері және тәуелсіз сарапшылар (бұдан әрі – отырысқа қатысушылар) қатыса алады.

      10. Уәкілетті органдар Басшылар кеңесінің төрағасын олардың басшыларының құрамындағы өзгерістер туралы уақтылы хабардар етеді.

IV. Басшылар кеңесінің жұмыс тәртібі

      11. Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің отырыстарына өздері немесе өздерінің уәкілетті өкілдері арқылы қатысады. Басшылар кеңесінің отырысына уәкілетті өкіл қатысқан жағдайда, Басшылар кеңесінің мүшесі бұл туралы Басшылар кеңесінің төрағасына жазбаша нысанда хабарлайды.

      Басшылар кеңесінің отырысы оған отырыстың күн тәртібіндегі мәселелерге сәйкес әрбір мүше мемлекеттен Басшылар кеңесінің мүшелері немесе олардың уәкілетті өкілдері қатысқан жағдайда заңды болып есептеледі.

      12. Басшылар кеңесінің отырыстары қажеттілігіне қарай, әдетте, Комиссия үй-жайларында өткізіледі.

      Басшылар кеңесінің отырысы Басшылар кеңесінің барлық мүшелерінің келісімі бойынша мүше мемлекеттердің кез келгенінде де өткізілуі мүмкін. Бұл жағдайда қабылдаушы мүше мемлекет Комиссияға Басшылар кеңесінің отырысын ұйымдастыруға және өткізуге жәрдем көрсетеді.

      Басшылар кеңесі мүшелерінің ұсыныстары негізінде Басшылар кеңесінің отырысы бейнеконференция режимінде өткізілуі мүмкін.

      13. Басшылар кеңесінің отырысын өткізу туралы шешімді Басшылар кеңесінің төрағасы Басшылар кеңесінің мүшелерімен келісім бойынша қабылдайды.

      14. Басшылар Кеңесі отырысының күн тәртібіне материалдар мыналарды қамтиды:

      а) қаралатын мәселелер бойынша анықтамалар мен хаттамалық шешімдердің жобалары;

      б) қарауға ұсынылатын құжаттардың жобалары (бар болса);

      в) қажетті анықтамалық және талдамалық материалдар.

      15. Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесі отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 10 күннен кешіктірмей Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне қосымша мәселелерді енгізу немесе Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібінен (егер қосымша пысықтау қажет болса) мәселелерді алып тастау туралы ұсыныстар (тиісті негіздемелер келтіре отырып) беруге құқылы. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін келіп түскен ұсыныстар барлық мүше мемлекеттерден Басшылар кеңесі мүшелерінің (уәкілетті өкілдердің) келісімі болған кезде Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне енгізіледі.

      Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібіне енгізу үшін мәселелер ұсынған Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің төрағасына тиісті материалдар мен ақпараттарды ұсынуды қамтамасыз етеді.

      16. Басшылар кеңесінің мүшелері Басшылар кеңесінің отырысында мәселелерді талқылау кезінде тең құқықтарға ие.

      17. Басшылар кеңесі консенсуспен шешім қабылдайды.

      18. Басшылар Кеңесі отырысының нәтижелері хаттамамен ресімделеді, онда Басшылар кеңесі мүшелерінің ұстанымдары тіркеледі.

      Басшылар Кеңесі отырысының хаттамасына Басшылар кеңесі отырысы өткізілген күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей Басшылар кеңесінің төрағасы қол қояды.

      Басшылар кеңесі отырыстарының хаттамалары Комиссияның энергетика саласындағы функцияларын іске асыруды қамтамасыз ететін Комиссияның құрылымдық бөлімшесінде сақталады.

      19. Басшылар кеңесінің қызметін ұйымдастырушылық-техникалық қамтамасыз етуді Комиссияның энергетика саласындағы функцияларын іске асыруды қамтамасыз ететін Комиссияның құрылымдық бөлімшесі жүзеге асырады, ол:

      а) Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібінің жобасын және оған материалдарды дайындайды;

      б) Басшылар кеңесінің мүшелеріне және отырысқа қатысушыларға Басшылар кеңесі отырысының күн тәртібінің жобасын және оған материалдарды Басшылар кеңесінің отырысы өткізілетін күнге дейін күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей, ал ерекше жағдайларда – Басшылар кеңесі отырысы өткізілетін күнге дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді;

      в) Басшылар кеңесінің мүшелерін және отырысқа қатысушыларды Басшылар кеңесі отырысының өткізілетін күні, уақыты және орны туралы хабардар етеді;

      г) Басшылар кеңесі отырысының хаттамасын жүргізеді;

      д) Басшылар кеңесінің төрағасы қол қойған күннен бастап 3 жұмыс күнінен кешіктірмей Басшылар кеңесі отырысы хаттамасының көшірмелерін Басшылар кеңесінің мүшелеріне жібереді;

      е) Басшылар кеңесі отырысының хаттамасында көзделген іс-шаралардың іске асырылуына мониторингті жүзеге асырады және Басшылар кеңесінің мүшелерін оның нәтижелері туралы хабардар етеді.

      20. Басшылар кеңесінің қызметіне Басшылар кеңесі мүшелерінің және уәкілетті органдар өкілдерінің қатысуына байланысты шығыстарды оларды жіберетін мүше мемлекеттер көтереді.

      Мүше мемлекеттердің ғылыми және білім беру мекемелері, қоғамдық ұйымдары, бизнес-қоғамдастықтары, халықаралық ұйымдар мен тәуелсіз сарапшылар өкілдерінің Басшылар кеңесінің қызметіне қатысуына байланысты шығыстарды аталған адамдар дербес көтереді.

      Комиссия Алқасы мүшесінің, Комиссияның лауазымды адамдары мен қызметкерлерінің Басшылар кеңесінің қызметіне қатысуға байланысты шығыстарды Комиссия көтереді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады