Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2018 жылғы 18 сәуірдегі № 44 шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылғы 15 шілдедегі № 107 шешімі.

      Еуразиялық экономикалық одақ шеңберіндегі техникалық реттеу туралы хаттаманың (2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа № 9 қосымша) 5-тармағына және Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2014 жылғы 23 желтоқсандағы № 98 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық комиссияның Жұмыс регламентіне № 1 қосымшаның 42-тармағына сәйкес Еуразиялық үкіметаралық кеңестің 2021 жылғы 19 қарашадағы № 10 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде электрондық сауданы дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі іс-шаралардың жоспарының ("жол картасы") 4-тармағын орындау мақсатында Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесі шешті:

      1. Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің "Сәйкестікті бағалаудың үлгі схемалары туралы" 2018 жылғы 18 сәуірдегі № 44 шешіміне қосымшаға сәйкес өзгерістер енгізілсін.

      2. Осы Шешім 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің мүшелері:

Армения Республикасынан

Беларусь Республикасынан

Қазақстан Республикасынан

Қырғыз Республикасынан

Ресей Федерациясынан

М. Григорян

И. Петришенко

Б. Сұлтанов

А. Касымалиев

А. Оверчук

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Кеңесінің
2022 жылғы 15 шілдедегі
№ 107 шешіміне
ҚОСЫМША

Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2018 жылғы 18 сәуірдегі № 44 шешіміне енгізілетін ӨЗГЕРІСТЕР

      1. 1-тармақ мынадай мазмұндағы абзацтармен толықтырылсын:

      "Одаққа мүше мемлекеттерде тауарлармен сыртқы электрондық сауда саласындағы пилоттық жобаны (экспериментті) жүргізу шеңберінде электрондық сауда тауарларына қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттері талаптарының сақталуын растаудың уақытша тәртібі;

      электрондық сауда тауарының қауіпсіздігі туралы өтініш нысаны.".

      2. 31-тармақ мынадай мазмұндағы "д" – "ж" тармақшаларымен толықтырылсын:

      "д) осы шешіммен бекітілген Уақытша тәртіпті қолдану;

      е) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерде Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 7 өкімінің 1-тармағының "в" тармақшасына сәйкес тауарлармен сыртқы электрондық сауда саласындағы пилоттық жобаны (экспериментті) жүргізу шеңберінде Еуразиялық экономикалық одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттерінің талаптарын сақтау бөлігінде оларға қатысты хабарлама жасау тәртібі қолданылатын электрондық сауда тауарларының тізбелерін бекіту;

      ж) Еуразиялық экономикалық одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттерінің талаптарын сақтау бөлігінде хабарлама жасау тәртібін қолдану шеңберінде электрондық сауда тауарларының қауіпсіздігі туралы өтініштердің бар-жоғына тоқсан сайын мониторинг жүргізу.".

      3. Мынадай мазмұндағы 33-тармақпен толықтырылсын:

      "33. Осы Шешіммен бекітілген Уақытша тәртіп Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 7 өкімінің 1-тармағының "а" тармақшасына сәйкес Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің заңнамасында белгіленген тауарлармен сыртқы электрондық сауда саласындағы пилоттық жобаны (экспериментті) жүргізу кезеңінде қолданылады деп белгіленсін.".

      4. Мынадай мазмұндағы Одаққа мүше мемлекеттерде тауарлармен сыртқы электрондық сауда саласындағы пилоттық жобаны (экспериментті) жүргізу шеңберінде электрондық сауда тауарларына қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттері талаптарының сақталуын растаудың уақытша тәртібімен толықтырылсын:

  "Еуразиялық экономикалық
комиссия Кеңесінің
2018 жылғы 18 сәуірдегі
№ 44 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Одаққа мүше мемлекеттерде тауарлармен сыртқы электрондық сауда саласындағы пилоттық жобаны (экспериментті) жүргізу шеңберінде электрондық сауда тауарларына қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттері талаптарының сақталуын растаудың УАҚЫТША ТӘРТІБІ

      1. Осы Уақытша тәртіп Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің (бұдан әрі тиісінше – мүше мемлекеттер, Одақ) жеке тұлғалары "Интернет" ақпараттық-коммуникациялық желісі (бұдан әрі – Интернет желісі) арқылы электрондық сауда алаңдарында тараптарының бірі электрондық саудаға шетелдік қатысушы болып табылатын мәміле жасасу арқылы сатып алуды жүзеге асыратын, мүше мемлекеттерде тауарлармен сыртқы электрондық сауда саласындағы пилоттық жобаны (экспериментті) жүргізу шеңберінде Одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттері талаптарының сақталуы бөлігінде оларға қатысты хабарлама жасау тәртібі қолданылатын, мүше мемлекеттер Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 7 өкімінің 1-тармағының "в" тармақшасына сәйкес қалыптастыратын электрондық сауда тауарларының тізбелеріне енгізілген электрондық сауда тауарларына (бұдан әрі – электрондық сауда тауарлары) қолданылады.

      2. Осы Уақытша тәртіптің мақсаттары үшін мыналарды білдіретін ұғымдар қолданылады:

      "қауіпсіздік туралы өтініш" – электрондық саудаға шетелдік қатысушы электрондық сауда тауарларының Одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігі туралы мәлімдейтін құжат;

      "электрондық саудаға шетелдік қатысушы" – үшінші елдің Интернет желісіндегі электрондық сауда алаңдарының сайттарында электрондық сауда тауарларын сату туралы жария ұсыныс жариялаған тұлғасы.

      3. Мүше мемлекеттердің жеке тұлғаларының атына электрондық сауда тауарлары мүше мемлекеттердің жеке тұлғаларына электрондық сауда тауарларын сату туралы жария ұсынысты қамтитын Интернет желісіндегі электрондық сауда алаңдарының (бұдан әрі – электрондық сауда алаңы) сайттарында қауіпсіздік туралы өтініштерді орналастыруды көздейтін Одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттерінің талаптарын сақтау бөлігінде хабарлама жасау тәртібін қолдану шартымен әкелінеді.

      Осы тармақтың бірінші абзацының ережелері кеден қоймасының кедендік рәсімімен орналастырылатын электрондық сауда тауарларына қолданылмайды.

      Электрондық сауда тауарлары кеден қоймасының кедендік рәсіміне Одақтың (Кеден одағының) техникалық регламентінде (техникалық регламенттерінде) белгіленген сәйкестікті бағалаудың қажетті рәсімдерінен өту шартымен орналастырылады.

      4. Қауіпсіздік туралы өтінішті Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2018 жылғы 18 сәуірдегі № 44 шешімімен бекітілген нысан бойынша электрондық саудаға шетелдік қатысушы қауіпсіздік туралы өтініште көрсетілген электрондық сауда тауарының Одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкестігін куәландыратын барлық көрсеткіштер (сипаттамалар) туралы ақпаратты қамтуға тиіс дәлелдемелік материалдар негізінде электрондық түрде жасайды.

      Дәлелдемелік материалдарға оның ішінде жүргізілген сынақтардың нәтижелері, зерттеулер (сынақтар) және өлшеу хаттамалары, электрондық сауда тауарының Одақтың (Кеден одағының) техникалық регламентінің (техникалық регламенттерінің) талаптарына сәйкестігін бағалау туралы құжаттардың көшірмелері және т. б. жатады.

      Дәлелдемелік материалдардың тізбесі мүше мемлекеттердің заңнамасында айқындалуы мүмкін.

      5. Қауіпсіздік туралы өтінішті электрондық сауда алаңы мүше мемлекеттердің жеке тұлғаларына осы электрондық сауда тауарын сату туралы жария ұсынысты қамтитын Интернет желісіндегі сайтта электрондық сауда тауарының сипаттамалары туралы ақпараты бар бөлімде орналастырады.

      Қауіпсіздік туралы өтініш мүше мемлекеттің заңнамасында тиісті талаптар болған кезде аумағында тауарлармен сыртқы электрондық сауда саласында пилоттық жоба (эксперимент) жүргізілетін мүше мемлекеттің мемлекеттік тілінде (мемлекеттік тілдерінде) ресімделеді.

      Электрондық сауда алаңының сайтында қауіпсіздік туралы өтініш болмаған жағдайда мұндай электрондық сауда алаңына қатысты мүше мемлекеттердің заңнамасында көзделген жауапкершілік шаралары қолданылады.

      6. Электрондық сауда тауарын әкелуді және кедендік декларациялауды жүргізуді Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 7 өкімінің 1-тармағының "б" тармақшасына сәйкес электрондық сауда операторлары (бұдан әрі – электрондық сауда операторлары) ретінде айқындалған мүше мемлекеттердің заңды тұлғалары қамтамасыз етеді.

      Электрондық сауда операторлары электрондық сауда алаңдарын осы Уақытша тәртіптің 5-тармағына сәйкес қауіпсіздік туралы өтінішті орналастыру қажеттігі туралы хабардар етеді.

      7. Электрондық сауда операторлары электрондық сауда тауарына қатысты:

      а) мыналарды:

      қауіпсіздік туралы өтініштің болуын;

      қауіпсіздік туралы өтінішке дәлелдемелік материалдардың болуын;

      электрондық сауда тауарының адамдардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені туралы мәліметтердің болмауын (қолжетімді көздерде, оның ішінде Интернет желісінде) тексеруді;

      б) Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2021 жылғы 5 сәуірдегі № 7 өкімінің "г" тармақшасының екінші абзацында көзделген кедендік құжаттарда қауіпсіздік туралы өтініштің нөмірі мен күні туралы мәліметтердің көрсетілуін;

      в) қауіпсіздік туралы өтініштің болуы туралы мәліметтерді мүше мемлекетте қауіпсіздік туралы өтініштің болуы туралы мәліметтерге мониторинг жүргізуге жауапты ретінде айқындалған мемлекеттік билік органдарына беруді қамтамасыз етеді.

      8. Мүше мемлекеттердің үкіметтері тауарлармен сыртқы электрондық сауда саласындағы пилоттық жобаны (экспериментті) жүргізу шеңберінде электрондық сауда тауарларына қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттері талаптарының сақталуын растаудың ерекшеліктерін айқындауы мүмкін.

      Тауарлармен сыртқы электрондық сауда саласындағы пилоттық жобаны (экспериментті) жүргізу шеңберінде электрондық сауда тауарларына қатысты Еуразиялық экономикалық одақтың (Кеден одағының) техникалық регламенттері талаптарының сақталуын растаудың ерекшеліктері айқындалған жағдайда мүше мемлекеттер бұл туралы күнтізбелік 30 күн ішінде Еуразиялық экономикалық комиссияны кейіннен мүше мемлекеттерді хабардар ету үшін хабардар етеді.".

      5. Мынадай мазмұндағы электрондық сауда тауарының қауіпсіздігі туралы өтініш нысанымен толықтырылсын:

  "Еуразиялық экономикалық
комиссия Кеңесінің
2018 жылғы 18 сәуірдегі
№ 44 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Электрондық сауда тауарының қауіпсіздігі туралы өтініш НЫСАНЫ Электрондық сауда тауарының қауіпсіздігі туралы ӨТІНІШ

      №__________


Электрондық саудаға шетелдік қатысушы



(электрондық саудаға шетелдік қатысушының атауы (тегі, аты)

осы арқылы



(электрондық сауда тауарының атауы)




(Еуразиялық экономикалық одақтың (Кеден одағының) техникалық регламентінің атауы)


талаптарына сәйкес екенін мәлімдейді.
Қауіпсіздік туралы өтініш




(мәлімдеме жасауға негіз болған дәлелдемелік материалдар туралы ақпарат)

      негізінде қабылданды.

      Күні _________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады