Жеке тұлғалар сатып алған электрондық сауда тауарларын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге кеден органының рұқсатын алуға және ресімдеуге байланысты кедендік операциялар жасау тәртібі туралы

Жаңа

Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2024 жылғы 4 қыркүйектегі № 105 шешімі

      Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексінің 3093-бабының 5-тармағына сәйкес Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасы шешті:

      1. Қоса беріліп отырған Жеке тұлғалар сатып алған электрондық сауда тауарларын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге кеден органының рұқсатын алуға және ресімдеуге байланысты кедендік операциялар жасау тәртібі бекітілсін.

      2. Осы Шешім ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік 30 күн өткен соң, бірақ ерте дегенде 2023 жылғы 25 желтоқсанда қол қойылған 2017 жылғы 11 сәуірдегі Еуразиялық экономикалық одақтың Кеден кодексі туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама күшіне енген күннен бастап күшіне енеді.

      Еуразиялық экономикалық комиссия
Алқасының Төрағасы
Б. Сағынтаев

  Еуразиялық экономикалық
комиссия Алқасының
2024 жылғы 4 қыркүйектегі
№ 105 шешімімен
БЕКІТІЛГЕН

Жеке тұлғалар сатып алған электрондық сауда тауарларын Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан әкетуге кеден органының рұқсатын алуға және ресімдеуге байланысты кедендік операциялар жасау ТӘРТІБІ

      1. Жеке тұлғалар сатып алған уақытша сақтау мерзімі өткенге дейін кедендік декларациялау жүзеге асырылмаған электрондық сауда тауарларын (бұдан әрі – электрондық сауда тауарлары) Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағынан (бұдан әрі – кедендік аумақ) әкетуге байланысты кедендік операциялар және өзге де кедендік операциялар қызметі өңірінде осындай тауарларды уақытша сақтау жүзеге асырылатын кеден органының рұқсатымен (бұдан әрі - рұқсат) жасалады.

      2. Рұқсат электрондық құжат түрінде берілген электрондық сауда операторының өтініші негізінде кеден органының ақпараттық жүйесі пайдаланыла отырып ресімделеді.

      Мұндай өтінішті кеден органының ақпараттық жүйесі арқылы электрондық құжат түрінде қабылдау мүмкін болмаған жағдайда қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде өтініш беруге жол беріледі.

      3. Өтініш мынадай мәліметтерді қамтуға тиіс:

      а) электрондық сауда операторының қысқаша (қысқартылған) немесе толық атауы, адамның электрондық сауда операторларының тізіліміне енгізілгені туралы куәландыратын құжаттың нөмірі немесе адамның электрондық сауда операторларының тізіліміндегі тіркеу нөмірі;

      б) жеке жүкқұжат немесе Дүниежүзілік пошта одағының актісінде айқындалған оны тасымалдау кезінде халықаралық почта жөнелтілімін сүйемелдейтін құжат (бұдан әрі – ДПО құжаты) бойынша электрондық сауда тауарларының атауы, брутто массасы (кг);

      в) уақытша сақтау мерзімінің аяқталу күні;

      г) электрондық сауда тауарларын уақытша сақтауға орналастыру үшін ұсынылған құжаттарды тіркеу туралы мәліметтер;

      д) электрондық сауда тауарлары кедендік аумаққа ол бойынша әкелінген жеке жүкқұжаттың немесе ДПО құжатының нөмірі;

      е) электрондық сауда тауарларын олар бойынша кедендік аумақтан әкету болжанатын жеке жүкқұжатының немесе ДПО құжатының нөмірі;

      ж) электрондық сауда тауарларының уақытша сақтау орнынан әкетілу себебі;

      з) электрондық сауда тауарларын алушы жеке тұлғаның олардан бас тарту туралы өтінішінің болуы (болмауы).

      4. Өтініш келіп түскен кеден органының лауазымды адамы:

      а) өтініш келіп түскен сәттен бастап кеден органының жұмыс уақытының 1 сағатынан кешіктірмей оны төмендегідей түрде қалыптастырылатын тіркеу нөмірін беру арқылы, кеден органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып (ал осы Тәртіптің 2-тармағында көрсетілген жағдайда және кеден органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, оны тіркеу мүмкіндігі болмағанда қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде өтініш беру кезінде - мұндай ақпараттық жүйені пайдаланбай) тіркейді:



      мұнда:

      1-элемент – Еуразиялық экономикалық комиссия Алқасының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі № 145 шешімімен бекітілген Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің кеден органдарының сыныптауышына сәйкес қызметі аймағында электрондық сауда тауарларын уақытша сақтау жүзеге асырылатын кеден органының коды;

      2-элемент – өтінішті кк .аа. жж (күн, ай, күнтізбелік жылдың соңғы 2 саны) форматында тіркеу күні;

      3-элемент – реттік нөмір, мұнда бірінші таңба ретінде "З" бас әрпі қойылады;

      б) өтініш тіркелген сәттен бастап 4 сағат ішінде, ал шешім қабылдау мерзімі ұзартылған жағдайда – өтініш тіркелген күннен кейінгі күннен бастап 10 жұмыс күнінен кешіктірмей рұқсат беру немесе беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Шешім қабылдау мерзімі кеден органы басшысының (бастығының), ол уәкілеттік берген кеден органы басшысы орынбасарының (бастығының орынбасарының) не оларды алмастыратын адамдардың рұқсатымен басталған кедендік бақылауды жүргізу немесе аяқтау үшін қажетті уақытқа ұзартылуы мүмкін. Шешім қабылдау мерзімін ұзарту туралы өтініш келіп түскен кеден органының лауазымды адамы кеден органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып немесе осы Тәртіптің 2-тармағында көрсетілген жағдайда қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде хабарлама жіберу арқылы электрондық сауда операторын хабардар етеді.

      5. Мыналар өтініш келіп түскен кеден органының рұқсат беруден бас тартуы үшін негіз болып табылады:

      а) өтініш беру қызметі өңірінде электрондық сауда тауарларын уақытша сақтау жүзеге асырылмайтын кеден органына жүргізілді;

      б) өтініш беруді электрондық сауда тауарларын уақытша сақтауға орналастырған электрондық сауда операторы болып табылмайтын тұлға жүзеге асырады;

      в) өтініште осы Тәртіптің 3-тармағының "а" - "ж" тармақшаларында көрсетілген мәліметтердің болмауы.

      6. Өтініш келіп түскен кеден органының лауазымды адамы осы Тәртіптің 4-тармағының "б" тармақшасында белгіленген мерзімде қабылданған шешім туралы мәліметтерді (белгілерді) өтініштің тиісті жеріне күнін, уақытын, ал рұқсат беруден бас тарту туралы шешім қабылданған жағдайда - бас тарту себептерін көрсете отырып енгізеді және оны кеден органының ақпараттық жүйесін пайдалана отырып немесе осы Тәртіптің 2-тармағында көрсетілген жағдайда қағаз жеткізгіштегі құжат түрінде электрондық сауда операторына жолдайды.

      7. Рұқсат беруден бас тартуға негіз болған себептер жойылған кезде электрондық сауда операторының электрондық сауда тауарларын уақытша сақтау мерзімі аяқталғанға дейін жаңа өтініш беруге құқығы бар.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады